АҚМОЛАДАН – НҰР-СҰЛТАНҒА ДЕЙІН
05.07.2019
3925
0

Б.д.д. ІІІ мыңжылдықтарда Ұлы дала өркениетін қалыптас­ты­руға үлес қосқан ғұн тайпалары жаңа қаланың іргетасын қалады. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген шетел саяхатшыларының еңбектерінде айтылатын мұндай дерекке негіз болған тарихи ескерткіш, көне жәдігер – қаладан 15 шақырым жердегі Тайтөбе жотасындағы ескі қорған. Сарыарқаның дәл жүрегіне – Есіл мен Нұра өзендерінің аралығына ғұн көсемдері қорған тұрғызады. Қаланың Ақмола дейтін алғашқы атауы ғұндар тілінен аударғанда «ақ» – батыс, «мола» – қамал деген мағынаны білдіреді екен. Яғни, Ақмола – «Батыстағы қамал» деген сөз.

Әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан «Көне жырлар мен аңыздар» атты кітабында былай деп жазады: «Есіл мен Нұра өзендерінің аралығындағы жазық дала – түрлі ағын көлдерімен ноғайлы-қазақтарының белсенді көшіп-қонып жүретін аймағы. Сонау ғұн патшалығы негізін салып беріп кеткен қамалдар мен қорғандар көптеген ғасырлар бойы Дешті Қыпшақ даласының киелі мұрасы болады».
Ескі аңызда былай делінеді: көне түркілер шақырайған күннің астында нәр татпай, бірнеше күн бойы жауларымен шайқасыпты. Жауды қуған соң біраз күн сусыз жүрген көшпелілер мәңгі көк аспан – Тәңірге жалбарынып, жаңбыр жауғызуын сұрайды. Ұлы Тәңірі көшпелілердің тілегін қабыл етіп, күннің шұғыласын төгеді. Аспаннан саулаған алтын Нұр жермен (Ұмай) табысып-қауышып, өзенге айналады. Түркілер аспан шұғыласынан пайда болған өзенге «Нұра» деп ат қойып, Тәңірінің қасиетті рухына бағыштап, Нұра жағасынан сәулетті аппақ мазар тұрғызады. Жергілікті халық оны «Тәңірдің ақ моласы» деп атап кеткен. Ел арасында «Кімде-кім бейіт басында тізесін бүгіп, тағзым етсе, ұлы тілек тілесе, Тәңірі жарылқайды, жолы ашылады» деген наным-сенім бар. Кей деректер Ақмола атауының шығу тарихына «мола», «сүт», «қорған», «қамал», «батыс» ұғымдарының еш қатысы жоқ дейді. Бұл адамның ныспысымен байланысты. Кезінде Қарабалуанның Ақмалай атанған ұлының шын аты Ақмолла екен. Анасы – Төле бидің жиені Жасқана. Кейін келіндері ат тергеп, Жақсыана атандырған. Ақмолла дүниеге келген күні Қарабалуанның үйіне татардың Ақмолла атты белгілі бір кісісі келіп қонады. Балаға ат қою жолы құтты һәм құрметті қонаққа тиіп, ол: «Бу малайға (татарша бала деген сөз) өз есімімді берейін, өскенде бек оқымысты молла болсын», – деп азан шақырып, есімін Ақмолла қояды.
Ерте заманда, жазу-сызудың жетілмеген кезінде Арқа өңіріне бір молла адам дәріс жүргізуге келіпті. Ел оны ауылдан-ауылға алып кетіп, балаларын оқытқызыпты. Білгірлігімен, сауаттылығымен көпшілікке жаққан жаңағы молланы жұрт құрметтеп, өз атымен атамай, «Ақмолла» деп атап кетеді. Өзі де атына сай аққұба кісі болса керек. Күндердің бір күнінде Ақмолла балаларды ел аралап оқытқаннан гөрі бір жерге жинап, дәріс бергенді жөн көреді де, мешіт салғызады. Сол мешіт орнаған мекенді халық «Ақмолла мешіті», кейін «Ақмола» деп атап кетеді.
Баяғы заманда бір молла адам бала оқытумен Арқа өңіріндегі ел-жұртқа танылады. Ол жай молла ғана емес, көріпкелдігі де бар екен. Осындай қасиеті бар әулие адамды ел сыйлап, жоқ жоғалтса, басқа да жағдайлары болып қалса, сол кісіге барып жүгінеді екен. Бірде бір адамдардың жылқысы жоғалып, оны жаңағы молланың айтуымен көрші ауылдың бай адамынан барып тауып алады. Бірақ өшіккен бай молланың соңына түседі. Жақсы адамдардың айтуымен елден қашып шыққан молла өзі сырқаттанып жүрген болса керек, жапан түзде қайтыс болады. Өлерінің алдында жанындағы серіктеріне: «Мені алысқа апарып әуре болмаңдар, осы маңға жерлеп, басыма бейіт соғарда саз балшықты ешкінің майы мен сүтіне араластырып қалаңдар», – деп өсиет қалдырады. Аманатты айтқанындай етіп орындаған халық мазарды тұрғызып болғаннан кейін назар аударып қараса, ақ түсті болып шығыпты. Содан көпшілік осы өңірді «Ақмола» деп атап кетеді.

Ерте заманда Сарыарқада тай­па­аралық араздықтар етек алады. Бірде қасиетті Мекке, Медине жерінен екі қария мен арыстан терісін жамылған әу­лие келді. Халық оны Арыстанбаб деп атайды. Пайғамбардың елшілері жөнсіздіктерді тыйды, көшпелілерді ізгілікке, кісілікке шақырды, адамшылыққа жат қылықтардан арылып тазаруға, жақсы істерге үндеді. Көшпелі халық бұлардан құран аяттарын үйренді, тағылым алды. Кейінірек Арыстанбаб Түркістанға кетті, ал екі қария Мұхаммед ілімін насихаттау үшін тұрақтап қалды. Әулие абыздар дүниеден озған соң халық Нұра өзенінің биіктеу қабағына жерлеп, екі аппақ кесене тұрғызды. Олар жерленген қос оба Ақмола атауына ие болды, әрі көшпелі тайпалар үшін киелі орынға айналды.

Көрнекті ғалым Петр Николаевич Савицкий 1957 жылдың 1 қаңтарында Лев Николаевич Гумилевке жазған хатында Сарыарқаны «көне өркениеттің бесігі және жер патшасы» деп сипаттаған.

Аңыз бойынша, бір күні барша түркілердің арғы атасы Ата Түрік түсінде батыс жаққа бағытталған алтын садақ пен үш күміс жебе көреді. Ұлы баба түсін былайша жориды: «Алтын садақ – нақ өзі, ал үш жебе – күнбатысқа кеткен үш ұлы». Жоғарғы жебе – оңтүстікті, ортаншысы – шығысты (Бозоқ), төменгісі батысты (Ұшоқ) меңзейді. Ата Түріктің ортаншы ұлы Бозоқ Ұлы Даланың орталық бөлігі саналатын Сарыарқаға ордасын тікті.

Осы өңір­ден қы­пшақ-мадиярлар ұбақ-шұбақ көшімен Еуропаға ұмтылған еді.
1816 жылы Бозоқ қаласының қиран­дыларын, қалдықтарын И.П.Шангин көрді. 1927 жылы көне қалашықта Ақмола тарихи-өлкетану музейінің директоры Л.Ф.Семенов қазба жұмыс­тарын жүргізді. Музей коллекциясы Тәңір мүсіні, құс және ат бейнелері түсірілген алтынмен, мыспен көмкерілген әшекейлі заттармен, тас балталармен, темір дулығалармен, сауыт, кіреукелермен толықты. (1946 жылы музейдің жиі орын ауыстыруы салдарынан Бозоқ қалашығының қоры із-түзсіз жоғалған).
Академик Кемел Ақышевтің Астана­ның батыс жағынан 5 шақырым жерде, Бозоқ көлінің шығыс жағалауында жүргізген үш жыл бойғы археологиялық жұмыстарының түйінді тұжырымдамалары бойынша Бозоқ қалашығы – Қазақстанның бас қаласы – Нұр-Сұлтанның түпқазығы.
Тұрмыстық заттар мен қару-жарақтар түрлеріне орай және арабтың күміс теңгелері мен қытайдың мыс айналарының табылуына байланысты археологтар: «Бозоқ қаласы X-XІ ғасырларда тұрғызылған және Дешті Қыпшақтың көшпелі тайпаларынан шыққан әміршінің тұрағы, ордасы болған», – дейді. Бозоқ қалашығында үш кесене мен биік қарауыл мұнара орналасқан. Қалашық гүлкүлте түріндегі үш кварталға бөлінген, сыртынан бөрене ағашпен және қорғанмен қоршалған. Бозоқ қаласы рухани және дәстүрлі мәдениеттің орталығы, аруаққа тағзым жасаушылардың құтты мекені болған.
1790 жылы орыс ғалымы, әскери инженер Иван Григорьевич Андреев (1744-1824) қазақ халқының шығу тек-төркіні жөнінде «Ресей өлкесіндегі Колыван және Тобыл губернияларының шекарасына іргелес Орта жүздегі қырғыз-қайсақтардың сипаттамасы» атты тарихи-этнографиялық зерттеуін жазады. Ғалым әсіресе қазақтардың ұлт болып қалыптасуы мен қазақ тайпаларының үш жүзге таралу тарихында Есіл өзенінің рөлін айрықша атап айтқан. И.Г.Андреев жазып алған ескі аңызда былай делінеді: «Бағзы заманда Түркістан қаласының ханы қала тұрғындарының арасында дүрдараздық тудырып, қантөгіске апарған. Оның аяғы бет-бетімен ыдырауға ұласқан. Он мың халық Түркістаннан қашып, жан-жаққа тарыдай шашылып, батыста жатқан Құбан, Тана, Түркия жерлеріне бет алды. Түркістан шаһарынан шошынып безген халық ұлан даланы кесіп өтіп, Есіл өзеніне жетеді. Сөйтіп, құланша жөңкіп жүргенде бір үйір жылқы жоғалтады. Жылқыларды іздестіруге сайдың тасындай отыз үш жігітті қалдырады. Халық ілгері кетеді, жаңағы жігіттер алдыңғыларды қуып жете алмайды да, шетсіз-шексіз байтақ далада қалып қояды, қоныс құрады. Сөйтсе, бұл мекен – Есіл бойы екен. Негізінде, бұлар үш ағайынды кісі екен: Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз. Кейін үшеуі көбейіп, «Ұлы», «Орта», «Кіші» орда атанып, тұқымдары жан-жаққа тараған».
1862 жылы 7 мамырда Ресей империясының шешімімен Ақмола станицасына ресми түрде қала мәртебесі беріледі.
1914 жылы Ақмола қаласында 3 кірпіш, 4 май өңдеу, 2 тері илеу, 2 сабын қайнату, 2 тон тігу, 1 сыра қайнату зауыттары, қасапхана, 20 шеберхана жұмыс істеді. Мәдени-ағарту орындарынан 3 жалпы білім беретін училище, мектеп, медресе, 2 кітапхана болды. Қала тұрғындарының саны 15 мыңға жетті. 1928-1930 жылдары Ақмола округтің, 1930-1939 жылдары ауданның, ал 1939 жылдың 14 қазанында Ақмола облысының әкімшілігі болды. 1929 жылдың қарашасында қалаға алғашқы пойыз келді. Бурабай-Ақмола (1929), Ақмола-Қарталы (1940), Ақмола-Павлодар (1952) темір жолдарының іске қосылуы Ақмоланы еліміздің солтүстік және орталық өңіріндегі ірі транспорт торабына айналдырды. Қалада ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеудің дәстүрлі тәсілдері жетілдіріліп, жеңіл өнеркәсіп орындарының саны ұлғайды. 1940 жылы «Тігінші» артелі өнім бере бастады. 1941 жылы құрыл­ған «Металшы» артелі кейіннен газ тетіктерін шығаратын ірі өндіріске айналды. Соғыс жылдарында Ресейден көшіріп әкелінген «Мелитополь» станок жасау зауытының негізінде республикадағы ауылшаруашылық машиналарын жасау өнеркәсібінің негізін салған «Қазақауылмаш» кәсіпорны іске қосылды. Өнеркәсіптің басқа да жаңа салалары пайда болды. Қалада сәулетті құрылыстар салына бастады. 1941-1945 жылдарда Ақмола қаласы мен облысында өндірілген өнімнің көлемі орташа көрсеткіштен екі есеге жуық артық болды. Соғыстан кейін алғашқы жылдары шаруашылықтың жаңа түрлері игеріліп, «Қазақауылмаштың» қуаты арттырылды. Вагон жасау зауыты пайдалануға берілді.
Еліміздегі тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Ақмола облысымен бірге қаласы да елеулі өзгерістерге ұшырады. 1960 жылдың 26 желтоқсанында Тың өлкесі құрылып, Ақмола оның орталығы болды. Қала атауы Целиноград болып өзгертілді.

Өз заманында Н.С.Хрущев Тың өлкесін РКФСР-дың заңдық құзырына беруге ұсыныс жасаған. Бірақ ойы жүзеге аспай, Тың өлкесі Қазақ КСР құрамында қалды және кейін тың игеру науқаны аяқталған соң, күні өткен аумақтық құрылым ретінде жойылған.

1958 жылы қалада алғашқы жоғарғы оқу орны – Ауыл шаруашылық институты ашылса, 1962 жылы педагогикалық, медициналық және инженерлік құрылыс институттары алғаш рет талапкерлерді қабылдады. 1960-1980 жылдары қалада 30 жобалау және ғылыми-зерттеу институттары ашылды. 1965 жылы Тың өлкесі таратылып, қала қайта құрылған Целиноград облысының орталығы болды. 1960-1990 жылдары қалада машина жасау, металл өңдеу, энергетика, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, сауда құрылыс салалары өркен жайды. Топырақ қорғау және эрозияға қарсы қолданылатын техника мен машиналар шығару жедел қарқынмен өсті. 1994 жылы 6 маусымда қалаға ежелгі атауы қайтарылды.

1996 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» тарихи қаулы қабылдады.  1997 жылы 20 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республи­касының астанасы деп жариялау туралы» жарлыққа қол қойды.

8 қарашада мемлекеттік биліктің негізгі нышандық белгілері – Рес­публиканың туы мен елтаңбасы жаңа астанаға әкелінді. Бұл айтулы тарихи оқиғаны ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былайша суреттейді: «1994 жылы 6 шілдеде Парламент сессиясының жалпы отырысында астананы Алматыдан Республиканың орталық өңірі Ақмолаға көшірудің қажеттілігін қисындық және мәнжайлық тұрғыдан негіз деп сөйлегенім әлі күнге анық жадымда… Депутаттарға жаңа астананы таңдау 32 өлшем бойынша жүргенін тәптіштеп айтып бердім… Жаңа астананы таңдаудың барлық өлшемінің негізінде тәуелсіз Қазақстанның әкімшілік және саяси орталығын Ақмола қаласына орналастыру нұсқасы мейлінше оңтайлы болып шыққанына тоқталдым… Барлық тартысты жағдайдан кейін депутаттар мемлекеттік істе даурықпаған және шеткері қалаға көшу мәселесінде жеке бастың мүддесіне орын жоқ екендігін көрсетіп, мемлекеттік қайраткерліктерін танытты…». Осылайша Жоғарғы кеңес Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына ауыстыру туралы ұсынысына келісім берді. 1997 жылы 10 желтоқсанда Ақмола қаласы күллі Қазақ­станның елордасы болып ресми жарияланды.
1998 жылы 6 мамырда Елбасы жарлы­ғымен Қазақстан Респуб­лика­сының астанасы Астана қаласы болып аталды. Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразия жүрегінде» кітабында былай жазады: «Шындығына келер болсақ,  елорданың атауын өзгерту туралы мен көп ойладым. Бір күні… түнгі сағат екіде Астана деп атасақ қалай болады деген ой  келді. Астананың аты – Астана. Қазақ тілінде әдемі естіледі. Орыс тілінде де, ағылшын тілінде де солай айтылады. Біздің ортақ көңіл-күйіміз бен елорданы көшірудегі біздің үмітімізді бейнелегендей…»
1998 жылы 10 маусымда Қазақ елінің жаңа елордасы – Астана қаласының тұсаукесер тойы өткізілді. Оған көптеген алыс-жақын шет мемлекеттердің басшылары, саяси тұлғалар келді. Астана қаласының арнайы экономикалық аймағы кеңесінің және қалалық мәслихаттың бірлескен шешімімен 10 маусым «Астана күні» болып белгіленді. 1998 жылы 10 шілдеде Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың халықаралық тұсауы кесілді. 1998 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, сая­си және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі әрі қуатты өсуге, тұрақты этникалық қаты­насты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі. Бразилияда өткі­зілген бұл конкурста Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әртүрлі елдерінің 12 қаласын басып озды. Қазақстанның бас қаласы – 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.
Н.Ә.Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінде Ақмола қаласы тарихының өрлеу кезеңдері сөз болады. Бірінші өрлеу кезеңі қазіргі Нұр-Сұлтан қаласынан бес шақырым жерде орналасқан ортағасырлық Бозоқ қаласының гүлдену кезеңімен байланыстырылады. Бозоқ – Қыпшақ хандығының астанасы болған. Осы аумақ арқылы ХVІ ғасырда Сібір – Орта Азия керуен жолы өткен. Сонымен қатар Н.Ә.Назарбаев өз еңбектерінде «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал оның соңғы мұрагері – қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы» деп келтіреді.
1963 жылы Целиноград қаласында «Тың игерушілер» сарайы тұрғызылды. Сыйымдылығы 2355 адамға жоспарланған бұл ғимарат салыстырмалы түрде алғанда Кремльдегі Съездер сарайынан кейінгі екінші орында тұрды.
Кейін Конгресс холл болып өзгеріп, қазір Астана концерт залы деп аталады.
Астананы көшіру идеясы іске асқанда көптің көкейінде қорқыныш болды. Халықаралық байқау жарияланғанда әлемге әйгілі талай сәулетші қатысты. Жеңімпаз – жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның ұсыныстарының негізінде қала дамуының 2030 жылға дейінгі Бас жоспары әзірленді. Кисе Курокавамен қатар, ағылшын сәулетшісі Норман Фостер, итальяндық шеберлер Манфреди Николетти мен Максимильян Фуксас Астана құрылысына өз қолтаңбаларын қалдырды. Астана осы жылдар ішінде адам танымастай өзгерді. Ол – Шығыс пен Батыстың архитектуралық жаңалықтарын, тарихи байланысын, заманауи жетістіктерді, философиялық мазмұнға бай мәнерді бойына сіңірген ең жас астаналардың бірі.
Бір-екі жылдың ішінде Президент аппараты, Парламент, Жоғарғы сот, Ішкі істер министрліктеріне арналған ғимараттар қайта жөнделіп, замануи әрленді. Қала орталығынан «Интерконтиненталь», Қаржы министрлігі ғимараттары бой көтерді. Есілдің сол жағалауынан жаңа қала құрылысы жедел жүргізілуі үшін миллиардтаған инвестиция тартылуы керек болды. Салықтан босатылған «Ақмола еркін экономикалық аймағы» құрылды.
Елордада архитектор Ақмырза Рүстем­бековтың жұмысы – «Бәйтерек» монументі 1997 жылы бой көтерді. Қазір қаланың ең көрікті ғимараттарының бірі. Ресми ашылуы 2002 жылы өтті. Бүгінде әлемдік көшбасшылар осы жерде жиі бас қосады.
Әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшы­ларының съезі үшін елордада Бейбітшілік және келісім сарайы салынды. Ол халық арасында «Пирамида» деп аталып, қаланың көркіне айналды. «Пирамиданың» авторы – британдық ахитектор Норман Роберт Фостер.
2017 жылы Астана қаласында «EXPO-2017» халықаралық көрмесі өтті. Небәрі үш жыл ішінде Астана көрмеге дайындалып үлгерді. Көрме өткен уақытта Астанаға 2,1 миллион адам келген. Оның 1,4 миллионы – шетелден келген туристер.
20 жылдан астам уақыт ішінде қала аумағы шамамен 500 шаршы метрге өскен.
Нұр-Сұлтан қаласының маңында «Жасыл белдеу» жобасы аясында үлкен орман бағы өсірілуде. Онда әлемнің әр елінен әкелінген ағаштар отырғызылып, астана маңын жасыл желекке бөлеу жоспарланған.

1959 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша, өңірді 2 млн. 753 мың адам мекендеді. Бұлардың 46,2 пайызы – орыстар, 14 пайызы – украиндар, 12,1 пайызы немістер болса, қазақтардың үлес салмағы небәрі 29,1 пайызды көрсетті.

Мұндай демографиялық олқылық Қазақ­станда 1926-1939 жылдары жүргізілген күштеп тәркілеу, ұжымдастыру және қуғын-сүргін, сол жылдары кең қанат жайған Ресейдің орталық облыстарынан орыстарды көптеп көшіріп әкелу саясаты салдарынан орын алды. Осы 13 жылдың көлемінде республикада қазақтардың саны 869 мың адамға, яғни 21,9 пайызға азайды.
Арқа төсіне көшіп келген жылдары Астанадағы тұрғындар саны 290 мыңдай болған. Қазіргі есеп бойынша, халық саны төрт есеге өскен. 2019 жылдың 9 қаңтарында Елорданың бұрынғы әкімі Бақыт Сұлтанов: «Астана – демографиялық әлеуеті зор, миллион халқы бар қала. 2030 жылға қарай халық саны 2 миллион адамға дейін өссе, 2050 жылға қарай 3 миллионнан асады», – деді.
Осы жылғы наурыздың 20-сы күні Қазақ­станның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс 46-сессиясында «Астана» атауын өзгерту туралы ұсынысын айтты. Ол: «Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мәңгілік ету керек. Ол үшін біздің астанамыз біздің президентіміздің атын алып, «Нұр-Сұлтан» деп аталу керек, – деді. Кезектен тыс сессияға қатысқан мәслихат депутаттары бір ауыздан қала атауын өзгертуді қолдап дауыс берді.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Бабалар сөзі».
2. Н.Ә.Назарбаев. «Еуразия жүрегінде».
3. М.Қасымбеков «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы».
4. «Астана» журналы. № 6. 2008; № 2, 2013.
Сондай-ақ, ғаламтор материалдары пай­даланылды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір