ҚАЗАҚ БОКСЫНЫҢ АЛҒАДАЙЫ
26.06.2019
1325
0

Геннадий Рожков және Шоқыр Бөлтекұлы

Қазақ халқының тарихи тамыры тереңде жатқаны талассыз ақиқат. Жаужүрек бабаларымыздың тұлпарының тұяғы Еуропаға дейін жетіп, жазылмаған дала заңдылықтарымен неше ғасыр ұлттың іргесін сөкпей сақтай білді. Кешегі қылышынан қан тамған Советтік кезеңде де майталман Алаш ұлдары елдің еңсесін түсірмей, рухын биік ұстады. Бірі қан майданның шебін бұзса, бірі қаламын қылыш етіп, ұлттың зарын, мұңын жазды. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» бола білді. «Елім» деп еміренген боздақтардың жан күйзелісіне жамау болды. Адам жанының терең шұңғымасына бойлап, жерұйық мекеннің атырабын бейбітшілік таңына бөледі.

Қазақ елі дарынды, батыр ұлдарға кенде емес. Солардың бірі, бірегейі, қазақ бокс өнерінің негізін қалаушы – Шоқыр Бөлтекұлы. Есімі қазақ спортында ерекше маңызға ие. Оның қарапайым, өзінің танымалдығын пайдаланғысы келмейтін ақеділ, табынушыларымен суретке түсуді сүймейтін ерекше мінезін замандас-достары жазып, риза болысып жатады. Тау тұлғаның қарапайымдылығының бір дәлелі – 1974 жылы Алматыда өткен КСРО мен АҚШ арасындағы кездесуде құрметті орыны сайланып қойса да, өзіне көрермендер арасына билет алуы еді. Бұл қадамдар бәзбіреулер үшін кішкене ғана әдет секілді көрінгенімен, шын мәнінде, бұл нағыз ірі тұлғаға тән мінез.
Шоқыр 1916 жылы 29 қазанда Маңғыстау облысы, Маңғышлақ алқабындағы Жармыш мекенінде туған. Оның тағдыры туған жер тарихымен біте қайнасқаны белгілі. 1939-1941 жылдары Совет әскерінің Сібір бөлімінде әскери міндетін өтейді. Әскери шені болғандықтан, Екінші дүниежүзілік соғысқа шақырылып, Мәскеуді қорғайды. 1943 жылы жараланып, Қазақстанға қайта оралады.
Шоқыр Бөлтекұлы, жан-жақты білім иесі. Форт-Шевченкода орта мектепті бітірген соң, Алматы техникалық университетінің физикалық бөлімін (1939), Киевтегі Суретшілер академиясын және Киев институтының дене шынықтыру бөлімін тәмамдайды. Дарын өзін-өзі шынықтырып, табиғи қабілетімен үлкен жетістіктерге жетті, боксқа қызығушылығы оянғаны соншалық, оған онсыз өмір жоқтай көрінді. Ақыры өз таңдауын жасады.
Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарының басында «Медик» (Алматы қаласы) спорттық қоғамында Шоқыр Бөлтекұлы бокс секциясын ұйымдастырды. Барлық күш-жігерін жаттығуға жұмсады, еңбекқорлық пен тұрақтылық көп ұзамай өз нәтижесін берді. Оның ықпалымен 1937 жылы ең алғаш Алматы қаласында 50 былғары қолғап шеберінің қатысуымен топтық сайыс өтті. Соғыстан кейінгі жылдары Густаф Кирштейн және Дәулеткерей Муллаев сынды бапкерлерді жанына тартты. Былғары қолғап шеберінің өрісі кең болды. Шоқыр Бөлтекұлын «ойнамалы бапкер» деп айтатын. Ол тек баптаушы ғана емес еді. Өзі де ара-тұра былғары қолғапты киіп тұратын. Соғыстан кейінгі жылдары Қазақстан және КСРО-дағы ең мықты былғары қолғап шеберлерінің бірі болды. Кейінірек бұл спорт түрінің бірегей үздігі атанды. 1947 жылы ол «Динамоның» финалисті, ҚАЗССР-дің үш дүркін чемпионы атанды. Қазақ бапкерлеріне Советтік аренада ең алғашқы жеңіс 1947 жылы бұйырды, Махмұт Омаров КСРО чемпионатында 3 орын алса, Асқар Үсенов 4 орынды иеленді. Ал, қазақта ең алғаш болып Шоқыр Бөлтекұлы 1947 жылы «КСРО-ның спорт шебері» деген атаққа ие болды.

Шоқыр Бөлтекұлы сол жақтан санағанда үшінші

Үлкен спорттан кеткен соң ол Қазақстанның құрама командасының аға бапкері ретінде Қазақстан мен КСРО арасындағы атақты спортшылар мен бапкерлерге айналған Ескендір Хасанов, Асқар Үсенов, Николай Титов, ағайынды Махмұт және Махсұт Омаровтарға, Серік Әбдуналиевтерге көмек көрсетіп отырды. Шоқыр Бөлтекұлының шәкірттерінің қатарында Наил Шаяхметов, Ошақбай Респеков, Марат Исмаилов және Қазақ ССР-нің Еңбек сіңірген әртісі атанған Айтжан Айдарбеков бар. Ол сондай-ақ жеткіншектер мен жастар арасындағы КСРО чемпионатында 3 орын алған Қазақ ССР-ының чемпионы, кейінірек ҚР қайраткеріне айналған Асқар Құлыбаевты тәрбиеледі. Спорттағы жеткен жетістігі үшін Шоқыр Бөлтекұлы «Қазақ ССР-ының Еңбек сіңірген бапкері» атағын алды. «Еңбек Орталық Кеңесінің» аға бапкері ретінде Шоқыр Бөлтекұлы әртүрлі қалаларда Республикалық сайыстар ұйымдастырып отырды. Шоқыр Бөлтекұлының ұсынысымен жарыстар Арқалықта, Теміртауда, Рудныйда, Теккила, Жезқазғанда өтіп отырды. Оны барлық жерде халық аса құрметпен қарсы алатын.
Бұл Шоқыр Бөлтекұлының өмірінің бір ғана қыры болатын. Ал екінші қырында ол Одақтың өзге былғары қолғап шеберлері мен сан түрлі бапкерлермен достық қарым-қатынас орнатты. 1957 жылы Шоқыр Бөлтекұлының бастамасымен Алматыда бапкерлер семинариясы ұйымдастырылды. Ол семинарға соғысқа дейінгі және кейінгі уақыттардағы спортшылардың бірегейі, аңызға айналған Совет бапкер Николай Королев шақырылды. Королев қазақ боксерлеріне Франция, Польша, Бельгия және Чехославакиядағы өзінің жеңісі жайлы айтты. Шоқыр Бөлтекұлы секілді ол да Екінші Дүниежүзілік соғыстың ардагері, содан да екеуінің майдандағы естеліктері өзара байланыстыратын. 1961 жылы Бөлтекұлының бастамасымен Алматыға 1926 жылы КСРО чемпионы атанған Константин Градополовты шақырады. Өз кезінде ол 17 Халықаралық жекпе-жекке қатысып, он бесінде жеңіске жеткен. Бір қызығы, К.Градополов та, Шоқыр Бөлтекұлы да шығармашыл тұлға, талантты әртіс болатын. Кинематография тарихында Градополов 13 кинода басты рөл сомдап, өз атын кино тарихында мәңгі қалдырды. К.Градополов КСРО-ның бокстан алғашқы чемпиондары В.Изеров, Я.Браун, А.Павлов, Ф.Брест және Николай Королевтарды баптаған.
Шоқыр Бөлтекұлының спорттағы кумирі КСРО-ның он дүркін чемпионы, атақты боксер Сергей Шербаков болатын. Тау тұлғаның басты арманы қазақ боксерлерінің олимпиада ойындарына қатыстыру еді. Ол асқақ арманы бүгіндері артығымен орындалды деуге болады.
Қазақ боксерлері әлемдік аренада абыроймен өнер көрсетіп, олимпиада ойындарында бес мәрте чемпион атанды. Шоқыр Бөлтекұлы отбасын жанындай жақсы көретін. Жары Нұрсұлу Топалова – Қазақ ССР-ының Еңбек сіңірген әртісі. Сұлу және талантты жұбайы опера театрының сахнасында шоқтай жайнап тұратын, қазақтың ұлттық билерін нақышына келтіре билейтін. Боксшы Алматы қаласындағы Жамбыл мен Масанчи көшелерінің қиылысында тұрды. Бұл үйде жазушы Б.Майлин, суретші Құлахмет Қожықов, Қазақ ССР-ының Халық әртісі Мүлік Сүртібаев, әнші Суат Әбусейітов сынды танымал тұлғаларда тұрды.
Шоқыр Бөлтекұлы жүріп өткен жол – еліктеуге, үлгі тұтуға лайық жол. Ол сансыз атақ, мақтау-марапаттардың барлығына көзі тірісінде ие болған тұлға. Көптеген спортшылар мен боксерлер Шоқыр сынды ұстазымен, жол көрсетушісімен мақтанады. Ол жазушы, жалпыхалықтық батыр Бауыржан Момышұлының жанында Кеңсайда жатыр. Қазақстандағы спорттық қоғам еліміздегі бокстың негізін қалаушы ретінде Маңғыстаудағы спорт сарайына Шоқыр Бөлтекұлының атын беру керек деп санайды. Мен Ақтау қаласынан бір көшенің атын Шоқыр Бөлтекұлының атына берсе деп ойлаймын. Және үміттенемін! Өйткені Шоқыр Бөлтекұлының тұлғасы бізге және ұрпаққа баға жетпес үлгі, ол – отандық спорттағы мойындалған тұңғыш бокс шебері.

Қасым МӘУЛЕНОВ,
заң ғылымдарының докторы,
профессор, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір