Ендігі менің демімді жырларыма бере гөр!
26.06.2019
398
0

Серік СЕЙІТМАҒАМБЕТОВ
(1942-1990)

Cерік ақынның 1959-1962 жылдары Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеп жүрген кезінде «Лениншіл жас» газетінде жарқырап, бір бет болып өлеңдері жарық көрді. Найзағай отындай жарқ ете қалды. Бәріміз таңырқай қарастық. «Ақын деген осындай болу керек» деп ұқтық. Әсіресе, Сыр елінің жырсүйер қауымын елең еткізген еді… Серік ақын Зейнолла Шүкіров сынды қайталанбас тұлғаға арнап «Зейнолла Шүкіровтің соңғы монологы» атты өлең жазды. Бұл ақынға құлыптас ретінде қойылған ұлы ескерткіш болды. Серіктің нағыз ақын екендігі осы өлеңінен-ақ көрінеді. Ол тума талант еді. Кең құлашын жаза алмады…

Шөмішбай САРИЕВ,
ақын


Расын айтсам, шаршадым,
Сыр берді-ау әл-дәрменім.
Атар таң, сені аңсадым,
Айтарым саған бар менің.
Қуантып дәйім елімді,
Ақ сәулеңді төге бер.
Ендігі менің демімді
Жырларыма бере гөр!

Зейнолла Шүкіровтің соңғы монологы

Таусылмақ дем. Бітпек өмір-өзенім,
Менің-дағы жетті кетер кезегім.
Оны көптен тарқамаған шаншу мен
Жүрегімнің мұң-көзінен сеземін.

Өлемін деп күйзелмен де күйремен,
Тағдыр баста-ақ найзасымен түйреген.
Өз әлімше арман-көлде жүзіппін,
Қанатынан жараланған үйрек ем.

Ғұмыр кештім кісімсімей, кішірмей,
Дос-қонақсыз тамағым бір ішілмей.
Жайсаң аға, жайсаң іні қаншама,
Жүрген мені қолдарынан түсірмей.

Өлер кезде айтып кету борышым,
Берді бәрі қиналғанда қол ұшын.
Мен қуансам, олар-дағы жайнады,
Рақмет барлығына сол үшін.

Алшаң басып жүре алмадым ортаңда,
Әр дәрі ішіп, әрең жеттім әр таңға.
Енші ала алмай емханадан, қайтейін,
Палатада жазып бердім қолтаңба.

Жүрегіме нұр-заманнан от алғам,
Жылап жазған жан жырларым –
көк орман.
Қош, жамағат! Жарық дүние, кеш мені,
Көз жұмармын, кең кеудемде көп арман.

Халық мені балағанмен алтынға,
Жарым да жоқ, балам да жоқ артымда.
Дүниеге періште боп келген ем,
Мен өлемін сол періште қалпымда.

Таусылмақ дем. Бітпек өмір-өзенім,
Менің-дағы жетті кетер кезегім.
Оны көптен тарқамаған шаншу мен
Жүрегімнің мұң-көзінен сеземін.

Сергей Есенинге

Жаулап алды бойды ақындық дерт деген,
Мен де өзіңдей түн ұйқымды төрт бөлем.
Мен де өзіңдей нашар өлең жазғанды
Ит етінен жек көрем.

Ақ арманды қонақтатқам кеудеме,
Мен де өзіңдей жағынбаймын пендеге.
Өзің құсап тартып қоям шараптан,
Қызбалық бар менде де.

Сапардамын, қара тер боп келем мен,
Дәл өзіңдей бақыт күтем өлеңнен.
Мұрттан сүйреп бейбақтарды оты жоқ,
Жыр жолында өлем мен.

Жылқы жылы келгенде

(ақын жырымен қуана қарсы алған
Жылқы жылының алғашқы айын да
аяқтай алмай дүниеден озды)
Бір сәт атша тулады,
Жүрек шіркін бұлқынып.
Болмағанда жыл аты,
Болғандай ма жылқы ұмыт?!

Жетті ап-анық алыстан,
Кісінеген дауысы.
Сәуле ойнап, қар ұшқан,
Жаңғырықты тау іші.

Ағып келе жатқандай,
Тасырлатып Құлагер.
Далам үшін бақ қандай,
Елең етті құба бел.

Тұра қашты қыңсылай,
Мазаны алған бөрі ұлып.
Ал бұрқасын тыншымай,
Соқса, мейлі, еліріп!

Арғымаққа бәрібір,
Ақпаның мен аптабың.
Қасиетті жаны – нұр,
Қайран жылқы – мақтаным.

Қамшылар кез келіпті, ал,
Әр күн – жарыс, ерге сын.
Менде де бір желік бар,
Желі бар жыл келгесін.

Тірілгендей Құлагер,
Ақын жүрек толғайды, ә.
Жылқы жылы туған ер,
Самғар жылың болғай да!

Мені іздеген ақын қызға

Жанымды тербеп майда леп,
Мерейім қалды-ау өсіп тым.
«Сол ақын жігіт қайда?» – деп,
Іздегеніңді есіттім.

Кәдуілгі шаншу тарқамай,
Бара алмай, әттең, қалған ем.
Атымды атап, қалқам-ай,
Сұрапсың мені залдан кең.

Аралдың мұңын шертуге,
Жиналған екен бар ақын.
Су сепкен қайғы-өртіме,
Қарлығаш сынды қарағым.

Шыным – бұл, айып етпеңіз,
Ұяла қолым ұсынам –
Жоғалғанына көк теңіз,
Кінәлі мендей қысылам.

Жататын шалқып, шуылдап,
Теңізге, мейлі, қашан бар.
Жанады бетім дуылдап,
Ал, бүгін жамандасаңдар.

Көңілді торлап қаяу, мұң,
Маңдайдан терім бұрқ етер.
Аралым – арым, аяулым,
Аралды қиып кім кетер?

Толар-ау теңіз тегінде,
Күдерді ешбір үзбегін.
Жадыратайын дедің бе,
Ақын қыз, неге іздедің?

Құстай ұшып-ақ жетіп ем,
Көре алмай қалдым, өкінем.
Ағаң боп сүйіп бетіңнен,
Төбеме көтеретін ем.

Нұрлыбекке

Жинағым, рас, жүр шықпай,
Жырларым, бірақ, тұншықпай.
Білесің бе, бұл досың
Бейне жіпсіз ұршықтай.

Әрбір сөзің жебедей,
Мен не дейін «е» демей.
Көз алдыңда күн кешкем,
Құрлықтағы кемедей.

Ақыныңмын ант атқан,
Жырмен шерін тарқатқан.
Мен болармын нарқоспақ,
Кемдік көрген жантақтан.

Рас, өлең аманда,
Баспасы көп заманда,
Шығара алмай бір жинақ,
Ақынмын деуім жаман да…

Сойғаныңды көтерем,
Мен байғұсың көтерем.
Мықтымын деп жүргенде,
Мытып кетсем, не етер ең?!

Асыққанмен мұратқа,
Мінгендеймін құр атқа.
Қаншама өлең жазыппын,
Бірақ, бірақ, бірақ та…

Элегия

Қамығып, қамып жүрсің бе,
Сарғайып күзгі бақтардай?
Жабығып, налып жүрсің бе,
Жиі де жиі хат бармай.

Бар балаң сені сұрайды,
«Мамалап» кеңжең жылайды.
Жүрегім атша тулайды,
Тілдеймін тағдыр-құдайды.

Өзің ең үйдің сәні де,
Жатырсың малтып дәріге.
Ауруыңнан айықсаң,
Ұмытылар-ау бәрі де.

Бұл күндер мұңлы дастан ғой,
Бекем бол тегі төзімге.
Қыздарым екібастан ғой,
Сағынып жүрмін өзім де.

Жаза алмай еркін жотамды,
Отырам дәйім елеңдеп.
Қуантқан болам ботамды,
«Ақ мамаң кіріп келер» деп.

Болмайды атып ақ таң да,
Ұйқыны көп түн қашырдым.
Біз сені сөз ғып жатқанда,
Кіріп кеп тұрсаң, па, шіркін!

Апам Күләшқа

Өмірдің шырағы Күләш,
Көңілдің жыр-бағы Күләш.
Үйі бөлек, күйі бөлек,
Менімен бір жаны, Күләш.

Өзегіңді өртеді сан,
Тірліктің мұң-зары, Күләш.
Мықты екенсің, жеңе алмады,
Қиындықтың бәрі, Күләш.

Ақ жүректі азаматтың
Саңқылдаған үні Күләш.
Кеудесінде – «Алтын жұлдыз»,
Он баланың күні Күләш.

Менен бір жас үлкенсің ғой,
Кейіп алшы, кәні, Күләш.
Тар жол, тайғақ кешулерде
Саған сенем әлі, Күләш.

Қандай жақсы бұл өмірде
Туған апам бары, Күләш.
Күндіз-түні сөнбегей де, сөнбегей де
Бақытыңның шамы, Күләш.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір