ЕНДІГІ ТРЕНД – ЭТНОТУРИЗМ
19.07.2024
131
0

Мемлекет туризмді дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл жерде тұмса табиғат аясындағы демалыс орындарына ықылас ауғаны жасырын емес. Енді осы бағыттағы жұмыстардың негізі көзі ретінде ауыл тұруға тиіс. Мысалға, Алматы облысында бірнеше ұлттық парк бар. Олар өңірдегі экотуризмді дамытудың негізгі қозғаушы күші саналады. Дерекке қарасақ, кейінгі 4-5 жылда Алматы кластерінің аумағына кіретін үш ұлттық паркке келуші туристер саны күрт өскен.

Бүгінде әлемдік трендке айналған агротуризмді дамытудың алғы­шарттары жасалса, өңірлер үшін жаңа табыс көзі айқындалар еді. Өйткені ауылшаруа­шылығына арқа сүйеген, әрі халқының қақ жартысы ауылда тіршілік етіп отырған Қазақстанда ел ішінен келетін және сырттан ағы­латын туристердің назарына ұсынатын дүние жеткілікті. Және бұл экологияны қорғау мен табиғатты тану­ға деген көз­қарас қалыптастыруға да жол ашпақ. Деректерге қарасақ, туризм саласындағы тасқын табыстың қомақты бөлігі осы агро­туризм бағы­тында жатқан көрінеді. Жалпы, әлемде 1970 жылдардан бас­тап адамзат ауыл­дық өңірлерді тануға бетбұрыс жасай бастапты.
– Қазіргі әлемде адамдарды ауылдар, ондағы табиғат пен ауылшаруашылығы кәсіпкерлігі қатты қызықтырады. Туристердің ынтасы мен сұранысы жоғары. Осыған байланысты ауыл кәсіпкерлерінің тиісті жағдай мен қызмет көрсетуді енгізуі маңызды. Табыс көзін табуға болады. Басқа елдердің тәжірибесіне сүйену керек. Мысалға, Батыс елдерінде агротуризм өткен ғасырдың 70 жылдарында пайда болды. Статистика бойынша Францияда әрбір үшінші турист – ауылшаруашылығы турисі, Ұлыбританияда бұл көрсеткіш 10 пайызды құрайды. Ал Германияда ауылшаруашылығы туризмінің үлесі 4-5 пайыз шамасында. Еліміздің барлық өңірлерінде агротуризмді дамытуға болады. Әрбір облыстың табиғаты өзгеше және ауылшаруашылығы қызметі де ерекше. Кейінгі уақытта туристер сиыр сауу, шөп шабу, картоп егу сынды демалыстың белсенді түрлерін таңдайтыны байқалуда. Сонымен бірге оларға ауылшаруа­шылығы өнімдерін шығару процесі және оған қатысу үрдісі қызық, – дейді агротуризм саласының маманы, Туризм және ақпараттық қызметтер орталығының кеңесшісі Вера Ежикова.
Алматы облысында осы агротуризмге деген қызығушылық жоғары. Кейінгі екі жыл ішінде ауыл туризміне маманданған агротуристік маршруттар ашылып, жеке туристік компаниялар үлкен сұранысқа ие бола бастаған. Соның бір мысалындай, Еңбекшіқазақ ауданының Көктөбе ауылында «Apple house» туристік кешені ашылған болатын. Отбасылық бизнес ретінде басталған жоба қазір табыстың көзіне айналып отыр.
– Агротуризмге деген сұраныс артып келеді. Әсіресе пандемия кезеңіндегі шектеулерден кейін ауыл өмірін тануға, демалысын агронысандарда өткізуді қалайтындар көбейді. Бізге де қала қарбаласынан шаршаған қонақтар келіп, табиғаттың таза ауасымен тыныстауға ынталы. Туристік ке­шенде таза ет, сірне, құрт, қымыз, шұбат сияқты қазақтың ұлттық тағамдары мен табиғи алма, алмұрт секілді таудың өнімдерінен дәм татады. Демалысты көңілді өткізіп, мәдени шараларға қатысып, қазақтың әнін тыңдап, биін билейді, – дейді «Apple house» туристік кешені жобасының серіктесі Азамат Берікболұлы.
Агротуризмді дамытуға Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі де үлес қосып отыр. Бұл аумақта бірнеше туристік нысан орналасқан. Солардың бірі – «Тау-Жаңашар» қонақүйі базасында құрылған балалар демалыс орталығы. Балалар лагері 250 орынға лайықталған. Маусым сайын 7-16 жас аралығындағы оқушылар келіп, демалады. Осы ұлттық парк еншісіне кіретін «Түрген саяжайы» аумағындағы тағы бір қонақүй табиғат аясындағы отбасылық демалыс ұйымдастыруды жолға қойыпты. Бұл жақты таңдаған туристер әйгілі Түрген, Шарын шатқалы мен Есік көліне демалуға жиі келеді. Әуесқойлар таза ауамен тыныстап, жақын маңдағы сарқырамаларды тамашалайды.
Агротуризм аясында экологиялық таза өнім өсіретін жылыжайлардың жұмысын да жолға қоюға болады. Мысалға, туристер ауылдарға саяхат кезінде көкөністердің өніп, өсіп, дайын жеміске айналатынын көзбен көргілері келеді екен. Мұндай тәжірибені Талғар ауданындағы «Green Eco» кешені бес жыл бұрын қолға алған көрінеді. Жылыжай Дания, Израиль, Нидерланд технологияларын пайдаланып, салын­ған. Кешенде 150-ге жуық адам жұмыс істейді, ал дайын өнім еліміздің 12 қала­сына тікелей таралады.
Ауыл өміріне қызығушылардың аңсары ауатын тағы бір орын – осы Талғар ауданындағы «Ғұн» этноауылы. Айтпақшы, осы этноауыл әлі күнге дейін елдегі жалғыз этно­турис­тік жоба болып отыр. 2007 жылы ашыл­ған этноауылда туристер негізі­нен қазақтың киіз үйінде қонып, тір­ші­лік етуді қалайды. Мұнан бөлек қонақ­үйлер мен коттедждер де бар. Этноауыл демалыс маусымында күн сайын 600 адамды қабылдауға қауқарлы.
– Шынымен, адамдардың этномәдениетке қызығушылығын тиімді пайдаланып, табысты бизнеске айналдыруға болады екен. Оның жолын тәпіштеп айтып отыру уақытты алады, тек мысал келтірейін, былтыр Черногорияға барған сапарымда бір деталь байқадым. Біз жүрген жағажайда «Будва бишісі» деген скульптура тұрды. Кәдімгі биші қыздың мүсіні. Өнер туындысы, сөзсіз. Ең қызығы, ескерткіш ел аузындағы аңызға негізделіп салынған екен. Жергілікті тұрғындар екі түрлі уақиғаны жыр қылып айтады. Бірі, бұл биші мүсіні ғашығына қосыла алмай, теңіз толқынына жұтылған қыздың арманы мен махаббатқа адалдығына қойылған ескерткіш десе, екіншісі, алыс сапарға кеткен теңізші жарын сарыла күтіп, сағынышын би тіліне көшірген жас келіншектің жиынтық бейнесі дейді. Тіпті, сондай елес жағалауды әлі де кезіп жүреді-мыс. Ел арасындағы аңыздың әсері күшті болғаны сондай, туристер сол жерді іздеп арнайы келе бастапты. Тек осы аңызға арқау болған жағалауды көру үшін ғана! 1965 жылы Градмир Алексич деген сәулетші аңызға жан бітіріп, биші бейнесіндегі скульптура қойған екен. Сол Будва риверасында жүрген менің есіме сол сәтте елдегі Қозы Көрпеш — Баян сұлу кесенесі түскен еді. Елімізде этнотуризм көзіне сұранып тұрған нысан көп қой. Бұл арқылы ұлттың тұтас тарихи даму кезеңдерін бейнелейтін шежіре жасап, қолөнер, өнертабыс, аспаздық, басқа да үлгілерін жандандыруға болар еді. Осындай үлгіні Қырғыз еліндегі «Супара» кешенінен үйренсек болады. Бауырлас ағайынның этностильдегі туризмді қалай дамытып отырғанын көзбен көру керек. Бішкектегі «Супара» этнокешені бізді несімен қызықтырды? Әуелі, атауының өзі көне заманға шақырып тұр. Қырғыздар теріден жасалған жұқа төсенішті супара деп атайды екен. Қазіргіше айтқанда, кәдімгі дастарқанға жаятын скатерть. Көшпелі өркениетте теріден жасалған киім мен бұйымның бағасы жоғары болған. Мұның қадірін қазақ пен қырғыз біледі. Осы этнокешенде қырғыз халқының бүкіл тарихи болмысы анық сезіледі екен, – дейді белгілі кәсіпкер, «Адал Ас» компаниясының құрылтайшысы Ермек Мезібаев.
Жалпы, дүние жүзіндегі қазіргі туризм индустриясының беталысы өзгеріп, этностиль жаңа трендке айналып келеді екен. Әлем халықтарының көне дәстүріне, мәдениетіне, ұлттық тағам өндірісіне, қолөнеріне, тарихына деген қызығушылық артып, осы бағытта сұраныс көбейген, яғни, саяхаттау­шылар өз қаржысын тек тынығу мен ішіп,жеуге ғана емес, елтануға қарай бұрып, жұмсай бастаған. Туризмнің жаңа бағытқа бұрылуы тұмса табиғат пен этномәдениеті жұмбақтау болып келген елдерге үлкен мүмкіндік есігін ашады. Бұл дегеніңіз, еліңіздің бай мұрасын паш етіп, сол арқылы ұлт мәдениетін дәріптей отырып, табыс табудың көзі деген сөз ғой.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір