Қазақ жазушыларының көпшілігі революция тақырыбын жырлай келген…
26.06.2019
826
0

(Басы өткен санда)

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының председателі Ғ.МҮСІРЕПОВ жолдастың Республика жазушыларының ІV съезінде жасаған баяндамасы

Жас прозашы Егоровтың «Бас иместен» атты повесі Қазақстан жұртшылығының да, москвалық достардың да назарын аударды. Өзіміздің «Советский Казахстан» журналында басылғаннан кейін, «Новый мир» журналында қайта басылуы – бұл повестің сәтті жазылғанының айғағы. Александр Бектің біздің әскери жазушымыз Бауыржан Момышұлымен тізерлесе отырып жазған «Волоколам тас жолы» атты кітабын да мен қазақ прозасының зор табысы дер едім. Бұл тамаша повестің жалғасын «Арқамызда Москва» деп ат қойып, Бауыржанның өзі жазып аяқтағанын еске алсақ, тап осылай бағалауымыз әбден заңды ғой деймін.
Әдебиетімізге қосылған жаңа тарауға байланысты, Дм.Снегиннің «На дальних отступах» атты көлемді еңбегін, Мәриям Хакімжанованың советтік шығыс елдері әйелдерінің ішінен тұңғыш шығып, Ұлы Отан соғысының батыры болған Мәншүк Мәметова туралы жазған «Мәншүк» поэмасын, қазақтың екінші батыр қызы Әлия Молдақұлова туралы жазылған поэманы, Хамит Ерғалиевтің «Чапаев» атты поэ­масын атап өткен артық болмас деймін.
Бір кезде Қасым Аманжолов, Әбу Сәрсенбаев, Жұмағали Саин, Дихан Әбілев, Ғали Орманов, Әбділда Тәжібаев, Леонид Кривощеков, Леонид Скалковский, тағы басқа ақындар алуан түрлі жыр еткен Ұлы Отан соғысының тақырыбы өз алдына дербес әңгіме етуге әбден татиды, бірақ бұл съезден бұрын талай рет сөз болғандықтан, енді қайталамауды мақұл көрдім. Алайда, Жұбан Молдағалиевтің татардың патриот ақыны Мұса Жәлидің ғажайып ерлігіне арналған «Жыр туралы жыр» атты поэмасы жөнінде айта кетпей болмайды. Өлгеннен кейін Ленин сыйлық берілген ардагер азамат, ақын Мұсаның өмірінен жазған Жұбан поэмасының қасиеті сол – бұл поэмада ерлік пен лирика, асқақтаған ақын ойы мен табиғи қара дүрсін шындық ұштасып отырады да, кейіпкердің айтылмай қалған, бірақ совет елінің жауынгер ақын ұлы осылай болса керек еді-ау деген жерлерін оқи отырып, өз ойыңызбен толықтырғандай боласыз.
Жуырда, онкүндік өтісімен іле-шала қазақтың жасөспірімдер театры сыпайы жас драматургтеріміз Рахматулла Райымқұлов пен Қалмұқан Исабаевтың антифа­шис­тік тақырыпқа жазған пьесасын көрсетті. Бұл спектакльді жұрт­шылық жылы шыраймен қарсы алды. Отан соғысының тақырыбына басқа авторлар да пьеса жазғаны мәлім. Сөйтіп, әлгі айтылған жаңа тарау әдебиетіміздің барлық жанрларынан орын теуіп, келешекте өзінің өрісін кеңітер, тереңдетер деген үміт туғызып отыр.
Өз заманымыздың тақырыбына бет бұру партиямыздың ХХ съезінен кейін етек жая бастағанын, бүкіл совет әдебиетінің әлі шешіліп болмаған осы бір түйінді мәселесінде біздің жас таланттарымыз әдебиетімізге үлкен үлес қосқанын айрықша атап өткім келеді.
Біздің жас ақын, жазушыларымыз совет еліндегі озық, сақа жазушылардың жақсы дәстүр­лерін дамытып, проза, поэзия саласында жазған ондаған кітап­та­рында социалистік өмірді жыр­лап, колхозшы, жұмысшы, еңбекші интеллигенттердің тамаша тұлғаларын жасай алатын дәрежеге жетіп келеді. Жастар жазған жаңа кітаптарда партия мен үкіметіміз жүргізіп отырған өте маңызды шаралар, сол шараларға авторлардың құлшына араласып, қуана жазатындары сезіліп отыратыны да әбден табиғи нәрсе.
Сафуан Шәймерденовтің, Зейнолла Қабдоловтың романдары, Темірғали Нұртазиннің, Рахматулла Райымқұловтың, Амантай Байтанаевтың, Михаил Кузьминнің, Иван Щеголихиннің повестері, Федор Черваның, Борис Петровтың, Әзілхан Нұршайықовтың әңгіме­лері мен очерктері, Мұзафар Әлімбаевтың, Ғафу Қайырбековтің, Ізтай Мәмбетовтің, Михаил Балыкиннің, Еркеш Ибраһимнің, Тұманбай Молдағалиевтің, Аманжол Шәмкеновтің, Валерий Антоновтың өлеңдері, Саттар Сейтхазиннің «Тың туралы» поэмасы, жаңа жаза бастаған Әнуарбек Дүйсенбиевтің, Азат Алтаевтың, Тілеген Шопаше­евтің, Иван Законовтың, Тұрсынхан Әбдірахманованың және басқа жас ақындардың өлеңдер жинақтары өз заманымызды жырлау жөнін­дегі олқы жерлерімізді едәуір толықтырып тастағаны даусыз.
Сафуан Шәймерденовтің біздің ІІІ съезімізден бұрын жазылып, кейін жөнделіп қайта басылған «Инеш» романында, Зейнолла Қабдоловтың «Өмір ұшқыны» повесінде жоғары оқу орындарындағы интеллигенция мен совет студенттерінің өмірі бейнеленеді.
Бұл шығармалардың қасиеті неде?
Ең алдымен, жоғары оқу орындарындағы интеллигенция өмірінен жазылған романдардың өзі – қазақ әдебиетіндегі елеулі жаңалық; екіншіден, бұл шығармалардың арқауы жас ұрпақтардың өмірімен тығыз араласуында, сол өмірден өнеге алуында, үйренуінде жатыр. Москвада болған талқылауларда бұл кітаптардың кейбір кезеңдерде қаттырақ сыналғандарына қарамастан, бұлардың қасиеттерін де қалдырмай атап кетуді өз борышым деп білемін; үшіншіден, бұл шығармалардың, меніңше, ортақ тақырыптан туған, кейде тым оғаш ұқсастықтарымен бірге, әр автордың алуан талантына айғақ жайлары да бар. Осы ұқсастықтар түп нұсқадан гөрі, орысша аударылғанда, бадырайып көрініп тұратын сияқты. Бұл – жас жазушылардың біріне-бірі еліктегеннен туған кемшілік емес, өзара жарыстың нәтижесі деп білуіміз керек. Иван Щеголихин совет студенттерінің өмірінен алып «Бір институтта» деген повесть жазды да, кейбір өрескел қателерге ұрынды, бірақ жастарымызды тәрбиелеу жөнінде едәуір ірі мәселелерді қозғай білді. Тіпті, таңырқар түгі жоқ, ғылым мен көркемөнер саласында жүрген адамдардың ерліктерін бейнелеу жөнінде әдебиетіміздің әлі күнге арыла алмай келе жатқан олқылықтарын осы жазушылардың өтеп шығуы да ықтимал нәрсе. Әрине, мұндай шығармалардың сәтті болып шығуы, ең алдымен, авторлардың ұшан-теңіз ой, өнер дүниесімен қаншалық араласа білулеріне байланысты…

(Толық нұсқасын газеттің №25 (3659) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір