«XX ғасырдағы қазақ әдебиеті. Алыптар тобы»
25.06.2019
478
0

«Әуезов үйіне» жолға шықтық. Ақсақал сыншымыз Серік Қирабаевтың әңгімесін тыңдауға келе жатырмыз. Межелі жерімізге жете бергенімізде, бір кісі көліктен түсті. Жалғыз. Үш аяқтап келеді. Жапа-тармағай қол берістік. Біздің кейіпкеріміз екен. Мәз емесін біліп тұрсам да көңілін ауламақ болып: «Денсаулығыңыз қалай?» – дедім. «Қартайған адамда денсаулық қайдан болсын», – деді ақсақал. Дауысы өте жіңішкеріп кетіпті. Көмейден қиналып, тұтығып шығатындай. Алаш ардақтыларының ізіндей, тіпті солардың көзіндей болған ертеңгі аңыз, бүгінгі абыз қарт сұхбат өтетін кең бөлмеге кіріп, орындығына отырды. Модератор, М.Әуезов атындағы әдебиет институтының директоры Кенжехан Матыжанов ақсақалға құрметіміздің орасан екенін білдіріп, «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті. Алыптар тобы» атты жиынды бастап жіберді. Академик сөз алып, жадында қалған естеліктерді жаңғыртып сөйлей жөнелді. Жазуы бір бөлек академиктің әңгімешілдігі мүлде дара екен. Торқалы тоқсанға жеткен алтын көмбенің кеудесінен нелер төгілмеді дейсіз. Мархабат, ізетті оқырман.

«Алыптар тобы» термині хақында үш ауыз сөз

«Алыптар» деген термин кейін шықты. Халық ішіне қарар болсақ, сан түрлі алыптар толып жатыр. Біздің әдебиетіміздің бастау бұлақтары Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынұлы секілді алыптарды біз «алып» түгілі, «Кеңес жазушысы» деп те айта алмадық. Кейіннен осы «алыптар» тіркесін шығарған Ғабит Мүсірепов. Сәкенді, Ілиясты, Бейімбетті және бұларға Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановты қосып, бесеуін «алыптар» деп атады. Ғабең өзін оған қосқан жоқ. Кейін көздері кеткен соң, Ғабиден мен Ғабитті алыптар тобына қосып жүрген – біздер. Алыптарымыздың шегарасы осылармен тоқтап тұр. Кейде Әбділда Тәжібаевты да бұл топқа қосыңқырап жүрдік. Қостық та. Алыптарды Сәкен, Ілияс, Бейімбет бастады. Бұл үшеуінің шығармалары өздеріңізге жақсы таныс. Халыққа тез сіңіп кетті. Бұлар ақталысымен-ақ шығармаларын халық жақсы қабылдады.

Сәбит Мұқанов

Мәжит деген кісі болды. Әкем Алматыда жүргенде танысып, сонда оқуға түспек болған маған сол кісінің үйінің мекен-жайын жазып берді. Дастарханы жиналмайтын қонақжай, өте көпшіл кісі болатын. Бір күні жолда келе жатқанымызда біреу көліктің терезесін қақты. Жалт қарасақ, арғы жағында Сәбит Мұқанов тұр екен. Суретін әбден жаттап алғанмын. Көзіме оттай басылды. Күн демалыс еді. «Үйім тар, орын болмаған соң, Кеңсай жақта жұмыс істеп жатырмын», – деді.
Сәбең жайлы айтар болсақ, Сәбең ең алдымен өз заманының жазушысы. Шыққан жері, тегі жазушылыққа тартты және жазушы етпей қоймады. Көп ізденгіш, оқығыш, өте білімді адам болатын. Өз заманының қилы-қилы жайттарын әңгімешілдігімен, кең ауқымымен оқырманға қызықты айта білді. Романдары табанда халыққа жайылып, жақсы пікірлер естіді. Көзі тірісінде Сәбең секілді қошеметке бөленген жазушы кем де кем дер едім.

Мұхтар Әуезов

Мұхаңның жөні бөлек. 1949 жылы «Абай» романының екі томдығы үшін Сталиндік сыйлық алды. Ол кезде мен «Пионер» журналының редакторы едім. Редакцияда басшылар жиналып, Мұхаңды құттықтағандардың ішінде болдым. Мұхаңмен алғашқы қарым-қатынасым осымен біткен еді. Кейін қудалауға түсіп, өрескел саяси қателіктері туралы қаулы шығып, әр сөзінен, жер-көктен ұлтшылдық іздей бастады. Сонда Мұхаңды бір қозғауға салып, тоқтатып қойып еді, бірақ қайта қудалауға түсті. Бұл екі ортада ұстазым, әкемдей болған Қажым Жұмалиев те Қарағандыға жер ауып кетті. Сол жақтағы Пединститутқа жіберді де, артынан «ұлтшыл» деген айып тағып, ұстады. Есмағамбет Ысмайыловты да ұстады. Ол кезде институттың директоры болатын. Бекмахановты Нарынқолға мектептің мұғалімі етіп жіберді. Бірде Бердібек Соқпақбаев қыстың ішінде Нарынқолдан суыт келді. Мән-жайын айта келе, Бекмахановты үйіне қонаққа шақырғаны үшін директоры ұрысып, сөгіс бергенін қынжыла жеткізді. Ақыры ізіне түскен соң мектепті тастап, Алматыға келген беті екен. Міне, осылайша, көптеген саңлақтарымыздың тағдыры талауға түсті. Мұхаң осылардың басында еді. Арамыздан «Абай» романын жамандап жазушылар табылды. «Казахстанская правда» газетінде неше түрлі қаралаған мақалалар шықты. Ақыры Мұхаң араша іздеп, Мәскеуге кетіп қалып, артынан аман-сау елге келді. Сол кезде екі-ақ ғылым докторы болатын. Бірі – Мұхтар Әуезов. Мұхаң қорғамай-ақ алды. Ал екінші, Мәскеуден қорғап келген Қажым Жұмалиев еді. Мен онда Мәлік Ғабдуллиннің ықпалымен кандидаттық жұмыс жазып жүргем. Осы кезде «Мұхаң Мәскеуден қайтатын болды» деген әңгіме шықты. Сосын кандидаттық жұмысымды алып, Мүсілім Базарбаевқа бардым. Мән-жайды сұрап едім: «Мұхаң келеді», – деді. Өзі қоңырау шалып көріп еді, Мұхаң ертең келетінін айтыпты. Ертеңіне келетін уақытында Мүсілімге келіп, тосып отырдым.
Біз 1952 жылдары өткір сын жазып, көзге түсіп жүрдік. Онда сыншылардың рөлі зор болатын. 1952 жылы кітапсыз-ақ Айқын Нұрқатов екеумізді Жазушылар одағына мүшелікке қабылдады. Сонда Мұхаң марқұмның сөйлегені бар: «Әр өскен әдебиеттің өзінің сыны болады. Біздің әдебиеттің де, әр жанрдың өзінің сыны болуы керек. Мынау Айқын мен Серіктің мақалаларын мен ылғи оқып жүремін, бұлар осы сынды бірыңғай ғылым есебінде пайдаланып, жұмыс істеп жүр. Маған осылар ұнайды. Екі жастың Жазушылар одағына мүшелікке өтуіне менің қарсылығым жоқ», – деді. Содан да болар, Мұхаң Мәскеуден келгенде бізді танып келді. Алдынан жарқырай көрісіп, бәріміз құшақтап қарсы алдық. Мен: «Мұха, мына жұмысымды қорғай алмай жүрмін, оппонент жоқ, сіздің келуіңізді күтіп жүрмін», – дедім. Іле Мұхаң: «Ой, пәлі, оппонент боламын, болғанда қандай, сендер сынға араласып жүрген жастарсыңдар, анау Зейнолла, Тәкеннен бастап, бәрің кандидат болуларың керек», – деп мерейімізді өсірді. Кейіннен Мәскеуге жұмысым кетіп, Мұхаңның беделінің күштілігінің арқасында 3-4 айдың ішінде жақсы қорғалып келді. Сында жүрген адамдар ғылымға келсін деп кең жүректік көрсеткені ғой. Міне, Мұхаңмен біздің қарым-қатынасымыз осылай басталған еді.

Ғабит Мүсірепов

Ғабит соғыстан кейінгі кезеңде бірқатар жақсы шығармалар жазды. «Қазақ солдаты» орысша да басылып шықты. «Қарағандысы» жарық көрді. Осы шығармалары арқылы өзінің ірі жазушы екенін танытты. Біз сыншы болып, әдеби додаға араласып жүргенде Ғабит Алматыда болған жоқ. Алматыға алғаш келген тұста, дүркіреп театрға баратынбыз. Сонда Сәбит те, Мұхаң да – бәрі көрермен болып отыратын. Бірақ Ғабит көрінбейді. Сөйтсек, Ғабит сонда Қарағанды туралы романын бастап, Қарағанды қаласына барып, жатып алыпты. Бір күні редакторымыз Қайнекей Жармағамбетов бір қалың қолжазбаны әкеліп, қолымызға ұсынды. Қарасақ, Ғабиттің «Қарағанды» деген романы екен. Онда Ғабиденнің «Қарағандысы» шығып, оқырманға танылып қалған. Бір күні Ғабең редакцияға өзі келді. «Мен бұл романды бастағанда Ғабиден де «Қарағандыны» жазатын жоспар болған жоқ еді. Енді көрелік, оқушыларға қай «Қарағанды» ұнар екен», – деді. Сонымен біз 1952 жылы журналға «Қарағанды» романын бастық. Бірақ шығарманың аяғы жоқ. «Оны қайтеміз», – деп едік: «Жалғасын дер кезінде бітіреді, Ғабит қазір өзін шегелеп, өндіріп жазуда», – деп Қайнекей үміттендіріп қойды. Ғабеңнің өзі де: «Басын баса беріңдер, аяғын бітіріп беремін» деді. Төрт нөмірден кейін романның қолжазбасы бітіп қалды. Бірақ, жалғасы жоқ. Оқушылардан хат келе бастады. «Бітпеген романды қалай басасыңдар, мұның аяғы қайда?» деген шағымдар айтылды. Расында, романның басы қызықты еді. Бір күні Ғабитке бақылау жасайық, жазу қарқынын білейік деген оймен Қайнекей Жармағамбетовпен келісіп, жазушының үйіне баратын болдық. Ғабит түске дейін ғана жұмыс істейді екен. Түстен кейін істемейді. Айқын екеуміз үйіне жиі барып жүрдік. Кітапханасын араладық. Түскі тамақ уақытында әйелі Құсни терезені екі рет қағып, кетіп қалады. Бұл тамаққа шақырғаны. Құсни деген өте ақылды, тәріпті, мәдениетті адам еді. Ешқашан жазып отырғанда жазушының үстіне келмейтін. Сонда терезе қағылған соң бізді: «Ал, бәйбіше қоңырау қақты ғой, жүріңдер, тамақ ішейік», – деп, дастарханға Ғабең ертіп баратын. Осылайша біз Ғабитпен араласа бастадық. Сол үйден бірінші рет бәліш, чак-чак жедім. Ондай тағамдарды ол кезде білмейтінмін. Рас, тәтті-дәмдіні алғаш Құснидың қолынан жедік.
Бір қызық оқиға есіме түсіп отыр. Аспирантпын. Ақша түсіп, бір костюм тіктіріп алдым. Жалғыз костюм-шалбарым сол еді. Сосын арты тозған, аздап жыртылған киімім бар-тын. Үстінен пальто киеміз. Ол кезде Жазушылар одағында отырамыз, бөлмеміз суық болатын. Бір күні жалғыз костюмымды аяп, арты жыртық ескі костюммен, сыртынан пальто киіп, жұмысқа бардым. Редакцияда Ғабиттің үйіне бару менің кезегім емес-тін. Кезегім болса, жұмысқа киініп келер едім. Келсем, Айқын ауырып қалыпты. «Айқын ауырып қалды, енді, Серік, сен барасың», – деді. Амал жоқ, Ғабиттің үйіне келдім. Қолжазбаны алып кетейін деп ішке кірдім. Ғабит үстелінің басында отыр екен. «Мынау біздің жас сыншымыз», – деп таныстырды Ғабең. Үстелде құдасы Шәкен Айманов жақтың адамдары отыр екен. Қапелімде Ғабит: «Шешін, шешін», – деді. Алдым бүтін, батылдау ішке кірдім. Тұрып кетейін десем, артым жыртық. Ақыры жазбаны алып, қисалаңдап, амалдап үйден асығып, әрең шығып кеттім…

Қасым Аманжолов

Бізге соғыс бір жағы сұмдық пайдалы болды. Қазақтар ерлікпен Мәскеуді қорғап қалды. Алғашында Сталин қазақтан ешкімді соғысқа шақырған жоқ болатын. Өйткені қазақ зиялылары Сталинге көп қарсылық көрсетіп жүрді. Тіпті, бір құжаттарды өзара келісе алмай, Ленинге барып шештірген кездері де болды. Сосын Сталин Голощекинді қолдады. Бірақ, зиялылар оған да қарсы шықты. Содан да болар, Сталин алғашында қазаққа сенбеді, әскер алдыртпаған себебі де сол болуы керек. Бірақ, кейін қазақтан үш дивизия дайындады. Біріншісі – танымал Панфилов дивизиясы, сосын атты әскер, үшінші тағы бір дивизия ұсынды. Бұларды Мәскеуді қорғауға қойды. 1942 жылдың аяғында, 1943 жылдың басына дейін Төлеген Тоқтаров, Қарсыбай Сыпатаев, Бауыржан Момышұлы, Әлия, Мәншүктердің жасаған ерліктері орасан зор еді. Бұларға 43 жылға дейін орден де бердірмеді. Кейін Сталин әбден тексертіп, көзі жеткеннен кейін барып, қазақтың батырлығын мойындады. Соғыстан кейін, 45-жылдың басында Қазақстанның 25 жылдығы аталып өтті. Сонда Қасым Аманжолов:
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін,
Бұл даланы атам қанмен суарған,
Бұл далаға жылап келіп уанғам,
Бұл даланы көрген жанда жоқ арман, –
деп жазды. Мұны ол кезде Қасымнан өзге ешкім айта алған жоқ.
Елу жылда елім бар деп айта алмай,
Кетпес естен күйінгенің ұлы Абай,
Елім бар деп айтатұғын туды күн,
Елім бар деп тербелейін мен бүгін,
Қойшы, бүгін, Қорқыт баба, сарнамай,
Асан ата, желмаяңа бер тыным,
Сен таппасаң, біздер таптық жер түгін,
Жерұйықтан кем бе екен
Қазақстан дейтұғын, –
деп осыны соғыстан кейінгі жағдайда жазды. Соғыста батырларымыз, ерлеріміз танылған соң рухымыз биіктеп, ержүрек ел екенімізді танытатын осындай отты жырлар жазылды. Қасым шығармашылығы соғыстан қайта туып келді. Жаңарып келді, толысып келді. Қасым шығармаларының тексті жөнінде талай айтып жүрмін. Көп өлеңдері цензурамен қырқылып қалған. Соларды қайта толықтыруымыз керек. Жамбылдың тойында жазған өлеңі бар. Сонда Жамбыл Алатауды жастық етіп сүйенгендей болып отыр деп бастайды да, дүниежүзі ақындарын сол тойға былайша алып келеді:
Фирдауси қолына алып «Шахнамасын»,
Иранның туы етіп мұнарасын,
Тәжікте Лаһути де сәлем айтып,
Келді Жамбыл тойына иіп басын.
Қолында Шекспирдің күміс кесе,
Жанында біздің Мұхтар тізерлесе, –
дегендей әшекейлі өлеңдері болатын. Осы өлеңде Есмағамбет Ысмайылов сынды қатарлары да болды, кейін Есмағамбет ұсталып кеткенде ол жерлердің бәрі де сызылып қалды. Қажым Жұмалиев жайлы да мынадай жерлері бар-тын:
Жанында Махамбеттің біздің Қажым,
Қолға алып қарындашын, ақ қағазын,
Жазбақшы ем сіз туралы бір роман,
Диктовать етіңізші сіз біразын.
Осы жолдар Қажым ұсталған соң алынып тасталды. Өкініштісі, әлі күнге дейін бұл өлеңдер қалпына келтірілген жоқ. Талай жазып, айтып келемін. Бір топ құрып, оған ақша бөліп, Қасым өлеңдерінің текстологиясы бойынша жұмыс жасалуы тиіс. Баяғыда Қасымның тойында бұл жайлы Ғалым Жайлыбай да айтқан. Бірақ әлі бір қолға алынбады.
Осы тұста халық ішінен елулер шамасындағы бір кісі суырылып шығып, ақсақалдың Сырбай жайлы жазған мақаласын алға тартып, әңгіме қозғады. Сырбай ақынның туысы болса керек. Жазған кітаптарын академикке ұсынып, орнына қайта отырды. Ақсақал аз ойланып, Сырбай ақын жайлы айта жөнелді.

Сырбай Мәуленов

Бірде, сол кездегі Жазушылар одағының төрағасы Әди Шәріпов Қонаевқа барып, ақын-жазушыларға үй сұрады. Қонаев «Горный гигант» жақтан кең көлемде жер берді. Содан Есенберлиннен бастап, бәрі үйлерін сала бастады. Менің бір жағымда Жұбан Молдағалиев, бір жағымда Сырбай Мәуленов, екі ақынмен көрші болдым. Жеребе осылай түскен-тін. Сонда Сырағаңмен өте етене араластым. Қаладағы үйімізде де көрші болған едік. Сырағаң шаруашылықпен ісі жоқ адам еді. Өлеңді бұрқырата жазып, басы ауырған кезде далаға шығатын, қораны айнала теңселіп, біршама жүреді. Шаруаның барлығын жеңгейіміз Күлекең жүргізетін. Тіпті, қарапайым техникалық істерді, шеге қағу сынды жұмыстарды да Күлекең өзі істейтін. Ол кісі алтын адам еді ғой. Менің де қолымда шешем бар, Сырағаңның да шешесі қолында еді. Біздің үй салғанымыз алдымен сол шешелерімізге ыңғайлы болды. Ол кісілердің стихиясы дала еді. Бір-бірімен тату аралас-құраласта болды. Сырағаңмен әзіл-қалжыңымыз жақсы жарасатын. Сабырлы, ақкөңіл, жаны жайсаң жан еді.
Сырағаң қайтыс болып кеткеннен кейін балалары үйге таласты. Ақыры Күлекең үйді сатып жіберді де, балаларына ақшасын бөліп берді. Ол жерде бүгіндері Әбдіжәміл Нұрпейісов екеумізден өзге ешкім қалған жоқ. Қалған үйлердің бәрін жеке кәсіпкерлер меншіктеп алды. Жалпы, Сырағаң – классик ақын. Мұны жазып та, айтып та жүрмін.

«Сын сөзге өкпелеу деген нәрсе болмайтын…»

Сын кеше де керек болған, бүгін де керек. Бұрын жазушы-ақындардың барлығы жиналыста бірін-бірі аяусыз сынап, жиналыстан шыққаннан кейін бір-бірін құшақтап, көбіне Сәбиттің үйіне барып, Мәриям жеңгейдің шайын ішетін. Міне, бұлар солай тарайтын. Сын сөзге өкпелеу деген нәрсе болмайтын. Қайта бірін-бірі жетектеп, жанашырлықпен, адалдықпен қарайлап жүретін. Бүгінде сынау деген қалды. Бір адам жайлы сыни пікір айтсаңыз, ол сізге өкпелеп шыға келеді. Содан да бүгін сыншылар сынауға қорқатын болып барады. Сынның өзінің мәдениеті бар. Оны түсінуіміз керек.
Әңгіме аяқталуға жақын қалғанда филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Айгүл Ісмақова ақсақалдың есте сақтау қабілетінің таң қаларлығын айтып, алғысын жеткізді. «Батырлар жырын жатқа соғасыз ғой, бұларды арнайы жаттайсыз ба?» – деді Айгүл ханым. Ақсақал маңдайы тершіп, аз-кем езу тартты да сөйлей жөнелді.

«Мені әдебиетке алып келген осы көне жырлар ғой…»

Бұрын ірі дастандарды жатқа айта беруші едік. Бүгінде аздап ұмытыңқырап қалғандаймын. Өткенде өзімді тексеріп көрдім. «Қалқаман–Мамырды» орталап қана жатқа айта алады екенмін. «Еңлік–Кебекті» де солай. Қалған көп дүниелерді ұмыта бастаппын. Мені әдебиетке алып келген осы көне жырлар ғой.
Кеш бітті. Бір сағат қана сөйлеуге мұршасы жететінін ескерткен академик бір сағат қырық минут тоқтамай, қызықты естеліктерімен жүрегімізді тербетті. Жан-дүниеміз жаңарып, ойымыз түледі. Ескі жылдарға сапар шегіп, бүгінімізді ойша реттеуге көңіл бөле бастадық. Маңына суретке түсуге жиналған қауымға қарап, ақсақал аздап жымиып, таяғын орындығының артына жасырып қойды.

Б.СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір