ҚОҢЫР ОЙДЫҢ ҚҰБАТӨБЕЛ ЖАМПОЗЫ
18.06.2019
228
0

Әр ақын-жазушының тек өзіне ғана тән ой-жүйесімен сөз қолдану мәнерлері болады. Біреулерінің жазу екпіні асып-тасып жатады, енді біреулері өзінің ой-жүйелерін жеткізе алмай сасқалақтап, ал енді тағы біреулері бұл екеуіне де соқпай, өз шамасынша әрекет жасап, ақырындап алға басатындары да бар. Бұлар көбіне халық даналығына сүйене отырып, өзінің жазар шығармасының жалпы оқырманға жағымды жағын ескеріп, қоңыр ағыммен қанағат дидарында өз ізін айқын салып жатады. Бұларды біз нағыз ақын-жазушылардың бел-омыртқасындай көретініміз тағы бар. Және оларды ірі жазушылардың өзі де үлкен сүйеніш тұтатыны айдан анық.

Сондай ақын-жазушымыздың бірі Кірқабақов Абатбай Ермекбайұлының жетпістің қырқасына шығып қалғанын байқа­май қалыппыз. Алдымен бұл азамат­тың өмірбаянына көз жіберіп көрейік. Бір кездегі аласапыранда аталары Қарақал­пақстан еліне ауып кеткенмен, есіл-дерті өз елін аңсаумен өткен, жүректері бала-шағасына дейін атажұрты «Қазақстан» деп соғатын ұрпақтан еді. Содан да олардың жастық шағы Қарақалпақстанның Кегейлі ауданында өтті. Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, сол Нөкіс қаласындағы Шевченко атындағы жоғарғы оқу орнына түсіп, кейінірек Ташкент Жоғарғы партия мектебінің журналистика бөлімін бітіріп, бар өмірін жазуға арнайды. Өзінің бір естелігінде: «Мен мектеп қабырғасында жүргенімде-ақ «Қазақ әдебиеті» газетін алдыртып оқитынмын. Кейін мен «Совет Қарақалпақстан» газетінде істеп жүргенімде ұлы Мұхтар Әуезовтің «Үш күн» әңгімесін «Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын, Жер енді» дастанының бір үзіндісін және Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Шашубай» әңгімесін аударып, жаным бір марқайғандай болып, өзіме сарқылмас қуат алғандай масаттан­ғаным бар. Соның нәтижесінде, кейін молдаван жазушысы С.Вангелидің «Гуцце – корабль капитаны» атты хикаятын тәржімалап, келе-келе орыс ақындары И.А.Крылов, А.С.Пушкин, В.Маяковский, М.Исаковский, А.Дементьевтердің топтамаларын қарақалпақ тіліне, кейін қазақ тіліне аударып, әдебиетшілер ортасына еркін енгендей болдым.
Ал 1991 жылы өзімнің тарихи отаным – Қазақстаныма келіп, өз еңбегімді алдымен Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінен бастап, кейін осы Алматы қаласындағы «Денсаулық» журналында жиырма жылдан астам қызмет істеп, медицина саласындағы аттары аңызға айналған ғұламалардың еңбектерімен сусындап, бұл саладағы танымымды да байытып алдым деуге болады», – деп, бірде қысқаша жауап бергені бар.
Өз ата-бабасының туған жеріне келгеннен кейін, кім болсын қайта түлеп, жан-дүниесінің қайта жаңғырып, санасында сан қырлы ой түйіндері қанатын еркін жаяды. Содан болар, шығармашылығының бастауы болған Қарақалпақстан елінде үш-төрт жинағы шықса, мұнда аудармасы бар, сын-сықағы бар, әлемдік дәрежедегі медицина ғұламаларының әпсаналары бар, әрқайсысын өзінше шығарып, жарық көргізген жеті-сегіз жинағы оқырман қолына тиіп, олардың көкірек көздерін ашуға жәрдемші болады.
Ал өзінің Шығыс ақындарынша тол­ғанып жазған қысқа ойларын қағаз бетіне түсіруден жалықпай, бірсыпыра ұтымды да ұтырлы нұсқаларын сұрыптап, жарыққа шығаруға кәнігіленгені көрініп тұр.
Мұндай қарапайым ойлардың айтары мен аңғартары мол болатыны екібастан. Қысқасы, Абатбайдың шығармашы­лығын­дағы мұндай түйінді ойлары қаншалықты мол болса, соншалықты қызықты да қағылез ойлардың ошағындай әсер етеді. Жалпы, жыр жолдары болсын немесе қара сөздері болсын бас-аяғы ықшамдалып жазылып жатқанға не жетсін! Оның үстіне қарапайым ойдың қарағай мүйізденбай-ақ, көңілдің желбесігіндей тербеліп шы­ғатын мөлтек те мөлдір шумақтардың айтары жаныңа жақын тартатыны ақиқат. Ақынның мына бір шумақтарына назар салып көрейік:
Өз басым жақтырмайтын,
Адамнан аласым жоқ.
Еңбекпен таптырмайтын
Дүниеге таласым жоқ
Бас исем, налымаймын,
Түйсігі тереңдерге.
Дос болып жарымаймын
Көңілі «кереңдерге».
Төбемде жұлдыз қонып,
Жолдарда сабылғаймын.
Керемет өлең болып,
Жүректен табылғаймын, –
деп, ә дегеннен-ақ ағынан жарылып, өзінің өмірлік ұстанымын алдыңызға жайып салады. Ол сізден, жалпы жаратылыстан артық ештеңе де дәметіп жатқан жоқ. Бірақ осы үш шумақ жырдың көтеріп тұрған жүгі қарапайым жандардың жан-дүниесін сүйсіндіреді. Әрі қарай автордың өз көзімен көрген, көңілінен өткен ой түйіндеріне жол берелік…

Сейфолла ОСПАН,
ақын,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері

(Толық нұсқасын газеттің №24 (3658) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір