Түнек ойдың тұманында тұншығып

Ләйлә БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ
Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
ӨҢ МЕН ТҮСТІҢ АРАСЫ
Көз іле алмадым…
Айқаспай қойды кірпігім.
Өзімді алдадым…
Таппады жаным бір тыным.
Өң менен түстің өрнегін тоқып өлермен,
Шырғалаң ойдың жамай алмадым жыртығын.
Мазасыз ойлар,
Санама сызып сырмағын.
Қияли жырлар,
Ұйқымды тағы ұрладың.
Шашырап миым бөлініп атом бөлшекке,
Қуыс кеудеде ілініп қана тұр жаным.
Ширыққан жүйке…
Жанардың жағып шақпағын.
Көтере алмадым,
Сыр беріп түннің батпанын.
Ұмтылып шығып түнектен мынау тезірек,
Ұмсынып күнге, аңсадым таңның атқанын!..
ШАБЫТ
Сен қайтесің, көңіліңді мұң басқанда,
Өз-өзіңмен оңаша сырласқанда?
Мұқағали Мақатаев
Мен қайтемін, қамығып жабыққанда?..
Түн көйлектің түймесін ағытқанда.
Зілмауыр ойдан көрпе жамылып ап,
Отырамын жанарды жағып таңға.
Көңілімнің күмбезін мұң басқанда,
Оңаша өз-өзіммен сырласқанда,
Мұңлық түннен сүйретіп сүлдерімді,
Талықсып кеп көрісем зарлық таңға.
Сансыз сұрақ миымды шырмағанда,
Түн түнегі ұйқымды ұрлағанда.
Қиялдың құшағында тербетілем,
Жалғыз өзім қалғандай бұл ғаламда.
Дәл келердей кей кезде сандырағым,
Мүжіп ойды, таңымды таңға ұрамын.
Көзге түртсе көргісіз қара түнде,
Жасырынып жүргендей аңдығаным.
Шабытымның шұғасын шыр шығармай,
Ұмтыламын жинауға тыншыға алмай.
Алақаннан үмітті ұшырамын,
Үдесінен арманның бір шыға алмай.
Желаяқ жыр жанымды жегідей жеп,
Қалың ойға тағы да жегілем деп.
Жынды адамдай біресе сақ-сақ күліп,
Мұңды адамдай біресе егілем кеп.
Шарабынан шабыттың ұрттай ішіп,
Әлемінде қиялдың құстай ұшып.
Дүниені кезіп кеп төсегіме,
Сілем қатып құлаймын мұрттай ұшып.
ДҮР ӨЛЕҢ
Ғайыптан,
От көрдім.
Жанардан жарқыл туғызған.
Көркемдігіндей көктемнің,
Санадан мұңды қуғызған.
Сел көрдім,
Көңілдің лайын жуғызған.
Жел көрдім,
Толқыннан толқын туғызған.
Дір еттім…
Бір екпін,
Шымырлап жанды баураған,
Дүлей дауылдай жаулаған.
Суырып түнектен,
Лақтырды әлемге,
Қалың өрт қаулаған.
Сұрапыл ішінен,
Рухыма жолықтым,
Өзімнен аумаған.
Есімді жиғанда зіл басқан,
Айналам тып-тыныш,
Ештеңе болмаған.
Сәт қайда сырласқан?
Меңірейіп тұрды аспан,
Жұлдыздар жаумаған.
Шыр еткен,
Дүниені дүр еткен,
Өзімнің жүрегім екен ғой,
От болып лаулаған.
Апырай!..
Бұл тұмса өнердің,
Айтшы, өлең!
Парқыңды білетін,
Төрең кім?
Жаңардым,
Көнердім!
Саралар салмағын өремнің,
Мендегі беймаза тылсым күш,
Құдіреті екен ғой өлеңнің!
ПӘК СЕЗІМ
Шарпығандай махаббаттың от демі,
Шақырғандай жастығымның көк белі.
Алып ұшты неге менің жүрегім?
Оралғандай он сегіздің көктемі.
Тұра қашып мидағы ойдан сан қилы,
Көңілімнің шағаласы шалқиды.
Көкірегіме орнап алған жұмақтан,
Қызғалдақтың жұпар иісі аңқиды.
Дала мөлдір шықтан моншақ таққандай,
Күн де шығып келе жатты ақ маңдай.
Жан дүнием әсем әнге айналып,
Бүкіл әлем бірге ән сап жатқандай.
О, махаббат, құдірет пе ең, желік пе ең,
Айырдың ба, жігерім мен еріктен?
Кешпеген ем бұрын соңды мұндай күй,
Оны жиі ойлай берем неліктен?
Күлкісі де, сөзі де оның тым тәтті,
Жанарынан көрем ылғи бір бақты.
Мезгілінен кеш жолыққан кейіпкер,
Мөлдір, тұнық махаббат боп тіл қатты.
Жанды қайтем, тазалығын сақтаған,
Арды қайтем, қалай, қайтіп ақталам?
Түнек ойдың тұманында тұншығып,
Сұрақтардың табанында тапталам.
Көзді байлап жетелейді бір тылсым,
Бақытыма ай мұңайып, күн күлсін.
Бұл жолыққан ең алғашқы пәк сезім,
Мүмкін, соңғы махаббатым кім білсін!..
ТҮЙСІК
Көктегі қыздың қылығы қандай?
Жүзіне әсем мұңды іліп.
Қарайды сұлу таңырқағандай,
Сиқыры батпан құндылық.
Шайырдың жыры шамырқанады,
Ұмсынса жетпей дым құрып.
Қояды сосын жабырқап алып,
Сұрағын бітпес мың қырық…
Біреуге, сірә, көрінер нұрлы,
Миығындағы бәңгі мұң,
Ақындар мүмкін көрінер жынды,
Іздейтін одан тағдырын.
Көктегі қызбен кезіге алатын,
Ақындық түйсік тым биік.
Жердегі жайды сезіне алатын,
Тылсымның жаны тұңғиық.
Көлегейлеген қағып бұлттарды,
Сілкінер бір күн сілкінер.
Ұғынар ол да жанын ұққанды,
Разылықпенен бір күлер.
Көктегі қыздың қылығы балдай,
Болса да түрлі шамшырақ.
Түндерде көздің шырымын алмай,
Тұрады нұры тамшылып.
Қылдырықтай боп қиылып қана,
Көрінер еді сәмбі бел.
Толықсып, толқып, толық шыққанда,
Толғатқан ойға жан кірер.
Мүжіліп, бәлкім, ойлардан сосын,
Ішінен тынып жоғалар.
Күндерде бір күн шыр етіп тосын,
Жарқ етіп ару оралар.
ЖАНСЕБІЛ
Сен мұңайғанда…
Нәп-нәзік еріндеріңнен қыр гүлдері төгіліп күбір еткендей,
Балауса, балғын реңің дір етіп сағым көшкіні жүріп өткендей.
Беймаза күйде сүп-сүйрік саусақтарыңды ақша маңдайға тіреп,
Бейсана мұңның мұнары кең байтақ дүниені күңіренткендей.
Сен мұңайғанда…
Жаныңның сығып бақ-сорын қан тамып
тұрар-ау қаламыңнан,
Қасиет пен қасіреттің тұнық тамшысы
төгіліп кетердей жанарыңнан.
Есіл дертіңе еліткен, беймәлім құдірет
құзырын жүргізіп,
Ізгіліктің нұры төгілер қиямға бастап
апарар қадамыңнан.
Сен мұңайғанда…
Гүл қауызына өлердей ғашық көбелектей-ақ
ес түссіз сүйіп,
Ебіл де дебіл жылайсың нұр дегенің шоқ болып қанатың күйіп.
Жалаңаш тәннің жарасы дақ қалмай жазылар, жазылар бір күн,
Жалаңаш жанның дауасын іздейсің
жаныңды шүберекке түйіп.
Сен мұңайғанда…
Буаз аспанның омырауынан бұлттардың көз жасы толассыз құйып,
Ағыл да тегіл жылайсың ғұмырыңның кейбір кездерін кете алмай қиып.
Иілген басың, ұмсынған қолың ғарыштан хабар алардай,
Солық етер жүрек, жансебіл рухың қайта оралып, есіңді жиып.
Сен мұңайғанда…
Мен мұңайғанда…
КҮЗ КЕЛГЕЛІ
Күз келгелі, өлең болды ермегім,
Жыртық жырдың тоқудамын өрмегін.
Шырмауық мұң шылауыма жабысқан,
Жұмыр басты пендемін.
Күз келгелі, өксігендей өлеңім,
Қалың ойға жиі бата беремін.
Күздің салқын жаңбырының астында,
Селді кешіп келемін.
Күз келгелі, күреңітті маңайым,
Айқара ашып көңілімнің сарайын,
Толайым күз, толғандыра бермеші,
Бір сілкініп алайын…
Беймаза ой тағат таппай жер-көктен,
Жылауық жыр, жанарымды селдеткен.
Уақыт-ай, кейде сыйлап қуаныш,
Кейде адамды мұңды еткен.
Сен кеткен күз, суық еді тым-ақ, тым…
Кірпігімнен мұңлы тамшы құлаттым.
Қалың тұман арасында ғайып боп,
Елес болып мұнарттың.
Сен кеткен күз, ызғарлы еді ашулы,
Тауға соғып, тасқа да ұрып басымды.
Іздесем де көре алмадым бейнеңді,
Қою тұман елесіңді жасырды.
Солай, солай күндер өтті бірталай,
Өзің жайлы жазылады жыр талай.
Күрең мұңның иығымды көтертпей,
Еңсемді езіп тұрғаны-ай.
Бітпей-тұғын, сірә, неткен төзім бұл?..
Жанды жеген беймаза ой, сезім-жыр.
Қиқар шабыт жігерімді жанымай,
Жасытсаң да өзің біл…
АҚЫН ЖАНЫ
Ақынның нұр ойнаған әлпетіне,
Зер салдым, әлдекімді салды есіме.
Бірде аңғал баладай сәби кейіп,
Бірде абыз, оранған сәлдесіне.
Бірде асау теңіздей ақтарылып,
Толқындай жарқабақты жатқан ұрып.
Қиялдың сара бағын аралайды,
Қос қанатты арғымақ атқа мініп.
Бірде күздің жаңбыры төпелеген,
Бірде жаз, кемпірқосақ жетелеген.
Алақұйын мінезді ақындарды,
Өмірде шын бақытты етеді өлең!
Ол – көктем, жыр төгілген бүршігінен,
Ол– найзағай, жасқайтын күркірімен.
Ол – қоңыр күз, жанарын бұлтқа шылап,
Аспанның тамшылайтын кірпігінен.
Жырынан шетсіз-шексіз сыр ұқтырып,
Мұңая да алатын күліп тұрып.
Ол – ақын, ар алдында тайсалмастан,
Ақиқатын айтатын тіліп тұрып.
Бақыт деген – ақынның ғұмырында,
Ол бақытты, толса да жыры мұңға.
Өлең-ғұмыр, өлең-кие ақын үшін,
Қағидасыз сиятын бір ұғымға.
Ақындардың қара да көзіне сен,
Жанын оқы тап-таза, сөзіне сен!
Артық айтқан болмаспын егер де мен,
Ақын деген – Өмірдің өзі десем..!
ПІКІРЛЕР1