Жантану жампозы
Ұлт тарихында уақыт елегімен, замана желімен көмескіленген тұлғалар бар. Бірлі-жарым көзкөргендер мен шәкірттері болмаса, біздің қоғам дәріптеуге енжарлық танытып келе жатқан тұғырлы тұлғалардың бірі – қазақтан шыққан тұңғыш психологтердің қатарындағы
Сәлкен Балаубаев.
Жаңаарқа жазирасында өмірге келіп, ХХ ғасырдың басындағы дүрбелең жылдарда қазақ зиялыларының қатарында ғылымға түрен салып, әдебиет әлеміне дүбір қосқан биік парасат, терең білім иесінің есімі ұмытылуға тиіс емес еді. Тіршіліктегі тағдыры талайлы болып, жантану (психология) ғылымының жампозы атанған ғұламаның мәңгілік ғұмырының да өз деңгейінде дәріптелмеуін біз соңында жоқтаушысының болмағанынан деп білеміз.
Алайда ғалым, аудармашы, алаштанушы Сәлкен Балаубаевтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында оның ғылым жолындағы өлшеусіз еңбегі мен ғибратты ғұмыры жайлы естелік жинақ шығаруға ұмтылыс жасап, ұлы мұратқа ой жұмылдырған ат төбеліндей жерлестерінің еңбегіне шексіз сүйіспеншілікпен қарадық.
Біздің елде, Жаңаарқа атырабында «Атағы жоқ академик, кітабы жоқ жазушы» атанған ұлағатты ұстаз, шежіреші Жақсыбай Сүлейменов деген абыз ақсақал бар еді. Былтыр (2024) сексеннен асқан шағында өмірден озды. Жақаң ағайдың зердесіне таңғалатынбыз. Тарихшы десең – тарихшы, әдебиетші десең – әдебиетші. Қазақтың шерлі шежіресін тамырынан тарқатып, Арқа мен Қаратау арасындағы жер атаулары мен әр төбенің басынан орын тепкен ескі қорым, жалқы күмбез туралы ақиқатқа жақын аңыздарды абыздай толғайтын еді.
Осы Жақаң марқұм Сәлкен Балаубаевтың жанында жүріп, шарапатын көрген, тәлімін сіңірген төл шәкірті болатын. Ел жаққа жолым түссе, Жақаңның әңгімесін тыңдауға аңсарым ауып тұратын да, ол кісі де Арқаның ақ самалындай аңқылдап, менімен жолығуға құштар еді, жарықтық. Сондай сәттерде, Жақсыбай ағадан Сәлкен атамыз туралы көп әңгіме естігенмін.
Сәлкен Балаубаев – тағдырлы тұлға. Қазақ үшін қанқұйлы дәуір болған ХХ ғасырдың алғашқы жылында дүниеге келген болашақ ғалымның бозбала шағы Қазан төңкерісі жылдарымен тұспа-тұс келіп, сұңқар ақын Сәкенмен дос-жарлығы бар қара танитын қазақтың қара баласы бірден Кеңес өкіметі жағына өтіп, жаңа биліктің жарғысын қабылдайды. Қарағанды іргесіндегі Спасск зауытында жас жұмыскерлердің «Жас жүрек» ұйымын құрып, жаңа Үкіметтің мәдени-ағарту жұмыстарына белсене қатысқанын да көзкөргендер естелігі нақтылайды.
Ал өз басым әлемнің бірнеше тіліне аударылып, Халықаралық сыйлық алып үлгерген «Қара орамал» атты поэмамды жазарда отызыншы жылдардың ойраны туралы көп ізденіп, ақтаңдақ жылдар ақиқатын ашатын құжаттарға көп үңілдім. Қарағандыдағы ҚарЛАГ мұражайы мен архивінде көп отырдым. Белгілі ғалым, мемлекеттік деңгейдегі қайраткер, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің бүгінгі ректоры, Алаш зиялыларының мұрасын жаңғыртып жүрген академик Нұрлан Дулатбеков бауырымның қолдауымен де көптеген құпия құжаттарға қол жеткіздім. Сол ізденіс үстінде Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлының төл шәкірті болып, Жүсіпбек Аймауытовқа психология ғылымы бойынша ізбасары атанған, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлиндермен мүдделес болған, қазақтың классик қаламгерлері Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановтармен айнымас достықта болған Сәлкен атамыз туралы көптеген деректерді кездестірдім.
Сол деректер арасында Спасск зауытында Сәлкен Балаубаевтың жетекшілігімен құрылған «Жас жүрек» мәдени-әдеби клубы құрамындағы жас жұмыскерлер Сәкен Сейфуллиннің «Бақыт жолында» пьесасын алғаш сахналағаны туралы айтылады. Әлі ешқайда жарияланбаған драмалық шығарманы Ақмолаға барып, Сәкен Сейфуллиннің «Жаңа өкімет әбден орныққан соң қайта қарап шығамын. Әлі шикілеу дүние еді» деген қарсылығына қарамай, аттай қалап алғаны, оны алып келіп өңкей шала сауатты жұмыскерлерге кейіпкерлер сөзін жаттатқаны туралы енді ғана жазылып жүр.
Психология ғылымдарының кандидаты, доцент атағын 1932 жылы сол уақыттағы Қазақ АССР Оқу-ағарту наркомының төрағасы Сейітқали Меңдешовтің өз қолынан алған психолог-ғалым қалай «Халық жауы» атанды? Аты аңызға айналған ғұламаның Ташкенттегі Орталық Азия мемлекеттік университетін 1929 жылы үздік бітіргені туралы ресми дерек барлық ақпарат көздерінде жарияланып жүр. Университеттен кейін Алматы педагогикалық институтында (қазіргі Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет) оқытушы болып, одан кейін Орал пединститутын алғаш ұйымдастырушылардың бірі ретінде сол оқу орнындағы психология кафедрасын басқарғаны, Қарағанды мұғалімдер институтында оқытушы, доцент болғаны туралы да жақсы білеміз. Сол кездері ол лекциясын «Менің пірім – Ахмет Байтұрсынов!» – деп бастайды екен.
Ал 1937 жыл Ахаң «Алашорданың көсемі» ретінде «Халық жауы» атанып, ұлт зиялылары бірінен кейін бірі ұсталып, ұлы тұлғалар тағдыры оққа байланып жатқан кезең болатын. Соған қарамай, қызыл империяның қаһарынан қаймықпай, Ахаңды пір санаған лекторды қанқұйлы жүйе жақтыра қойсын ба?! Сәлкен Балаубаевқа да бір күнде «Алашорда доценті» деген жала жабылып, тағдыры таразыға тартылады. Алла қолдап, ғайыптан-тайып, НКВД-да тергеуші болып жүрген екі шәкіртіне «Балаубаев ісін» қарау жүктеледі. Абақты азабынан есеңгіреп қалған ғалым аз күнде өз шәкірттерін танымайтындай халге де түскен. Шәкірттерінің бірі танып қалып, жанындағы серіктесіне «Бұл кісіге қалай көмектессек екен?» деп емеурін танытады да, істі көпке созбай, жазалау актісін жеңілдетіп, ұстаздарын «ату жазасынан» алып қалады. Үштіктің үкімімен 20 жылға сотталған Балаубаев 1953 жылға дейін айдауда азапты өмір кешеді. Барлық ғылыми атағынан айырылып, еңбектері өртелген ғалым елге келгеннен кейін де аңду-тіміскілеуден арыла алмай, ойран болған отбасын да таба алмай, Қарағандыға тұрақтаған екен.
…Біз жас болдық. Тағдыр жолы ғұлама ғалыммен кездесуді жазбады. Ол кісі өмірден озған 1974 жылы мен енді ғана мектеп бітіргелі жатқан бозбала едім. Сонда да, сергек сана, туған ел мен туған жерге деген сүйіспеншілік, біздің өңірден шыққан ұлы тұлғалар өміріне деген қызығушылық мені Сәлкен Балаубаев тағдырынан алыстата алмады.
Кейін Қазақстан Жазушылар одағында басшылық қызметте жүргенімде де аға буын қаламгерлерден Сәлкен Балаубаев туралы, оның қазақ әдебиетінің классигі Ғабиден Мұстафинмен адал достығы жайында жылы-жылы естеліктер естідім. Ол кісі тек қана Ғабиден Мұстафинмен ғана емес, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әди Шәріпов секілді қалам қайраткерлерімен достық қарым-қатынаста болып, қазақ әдебиетінің, оның ішінде, аударманың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқаны туралы жиі айтылып, жүйелі жазылып жүр. Балаубаевтың аударма жанрындағы жарқын еңбегі ретінде түпнұсқаны түрлендіре аударған Э.Распенің «Мюнхаузеннің басынан кешкендері», К.Треневтің «Таңдамалы әңгімелері» мен М.Салтыков-Шедриннің ертегілер жинағын атауға болар еді. Бұдан басқа да педагогика, психология тақырыбындағы әлем ғалымдарының еңбектерін қазақ тілінде сөйлетіп, өзі де бірнеше оқулық жазды. Осы еңбектері арқылы «Қазақ психология ғылымының атасы» атанған ғалымның есімі неге көмескіленуі керек?
18 жыл бойы азап шегіп, айдауда болған қажырлы ғалымның елге орылғаннан
кейінгі үш жылы абақты азабынан да өткен ауыр жағдайда болыпты. Қолында ешқандай құжат жоқ. Ғылым кандидаты, доцент атақтарын растайтын құжаттары өртелген. Осылайша, ешқандай құжаты жоқ адамды қай жерге жұмысқа қабылдай қойсын?! Қалтасында ақшасы, жанында жанашыры жоқ. Бірінші әйелінен қалған Күләнда есімді қызын Теміртау қаласынан тауып алады да, тұрмысы сәл де болса түзеле бастайды. Оның сыртында, Күләнданың күйеуі Әбдіқадыр Омаров Теміртау қаласында сот, прокурор болған беделді азамат болады да, қайын атасының қайтадан ақталуына көп септігін тигізеді. Соның өзінде Сәлкен атамыз күйеубаласына: «Өзің органда қызмет атқарасың, менің кесірім тиіп кетпесін», – деп, өзі қиналып жүрсе де, қызының үйіне сирек келеді екен.
Жақсыбай ақсақал 60-жылдары Сәлкен ұстазының жанында көп болғанын, талай шаруасына қолғабыс еткенін жиі айтатын-ды. Жақаңның айтуынша, Сәлкен Балаубаевтың жазықсыз жаладан толық ақталуына академик Ебіней Бөкетов пен Ғабиден Мұстафиннің септігі көп тиген екен. Отызыншы жылдары қорғалып, қазақ ғылымында құбылыс болып мойындалған ғылыми еңбектерінің қолжазбасы сақталған екен. Солардың қайта басылып, Қазақ КСР Ұлттық ғылым академиясы жанындағы жоғары аттестациялық комиссияға (ВАК) қайта жолдануына Жақсыбай марқұмның өзі де көп еңбек сіңірген екен. Ол кезде хатшы-машинист мамандар қат. Институт хатшыларының ректорат құжаттарын басудан қолдары босай бермейді. Ал Ебіней Бөкетов ВАК-тан Балаубаев еңбектерін басып, қайтадан түптеп шығаруға үш айға ғана мұрсат алған. Сол кезде Жақсыбай Сүлейменов Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Әбсаттар Бөлтекбаевтан көмек сұрайды. Әбекең де ұлтжанды азамат екен, бірден сауатты басатын Кабира есімді машинистканы жұмыстан кейінгі уақытта Балаубаев еңбектерін теріп беруге өтініш жасап, қолақысын өз қалтасынан төлеп береді. Сөйтіп, екі айда қайтадан жинақталған ғылыми еңбектері ВАК тарапынан жоғары бағаланып, Сәлкен атамыздың психология ғылымдарының кандидаты, доцент атақтары араға 20 жыл салып қайтарылады. Тіпті министрлік «Балаубаевтың кандидаттық дәрежесі қайта қорғауды қажет етпейді. Бірден докторлық қорғауға рұқсат етілсін» деген ұйғарымының өзін Сәлкен Балаубаев: «Менің осы отырысымның өзі докторлық емес пе?! Қайтқан малда қайыр бар» – деп, аса қарапайымдылықпен қабылдаған екен.
Қазақтан шыққан тұңғыш психолог-ғалым, отандық ғылымның дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген Сәлкен Балаубаевтың «Халық жауы» ретінде айыпталуына «Совет студент-жастары арасында «Алашорда» көсемі Ахмет Байтұрсыновтың, халық жаулары Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытовтың еңбектерін ашық насихаттады. Олардың шығармашылығы туралы мақалалар жариялады» деген мазмұндағы қорытынды негіз болса керек. Шәкірті Жақсыбай Сүлейменов: «Ұстазым Сәлкен Балаубаев үнемі: «Алаш көсемдерін насихаттап, олардың шығармашылығы туралы қадау-қадау еңбек жазғаным рас еді. Маған тағылған айып – лайықты, орынды айып. Бірақ Ахмет, Сәкен, Мағжан, Жүсіпбек, Ілияс, Бейімбетсіз қазақ әдебиетін қалай елестетуге болады?» – деп отыратын» дегенді айтты бір әңгімесінде. Шынымен-ақ, ойланарлық оқшау пікір!
НКВД-ның айыптау актісіндегі негіздемеге сүйенсек, Сәлкен Балаубаев – қазақтан шыққан тұңғыш психолог қана емес, алғашқы алаштанушы.
Естелік түйінінде жалпы алаштанушыларға, психология саласы бойынша ізденушілерге айтар бір ауыз пікірім, танытар емеурінім бар. Тұғырлы тұлға, қажырлы қайраткер, ғұлама ғалым Сәлкен Балаубаев туралы деректер ресми ақпарат көздерінде алуан түрлі болып жазылып жүр. Бір дерек көзінде «1900 жылы Жаңаарқа ауданында туған» делінсе, екінші бір деректе «1901 жылы Ақмола уезіне қарасты, Ерейментау маңындағы Ма-Балық көлінде туды» деп жазылып жүр. Ақталған жылдары туралы, отбасы, ұрпақтары мен бауырлары туралы да түрлі деректер келтіріледі. Сонымен қатар ресми басылымдарда жарияланған кейбір мақалаларда «Балаубаев – академик» деп жазылса, енді бірінде «ғылым кандидаты, доцент» деп қана келтіріледі. Осының барлығын бір ізге салып, Балаубаев тағдырына қызығушылық танытушыларға нақты дерек ұсыну үшін «балаубаевтану мектебін» қалыптастыру керек. Бұл мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар да нәтижесіз емес. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің бүгінгі ректоры Нұрлан Дулатбеков досымның қолдауымен университет қабырғасына мемориалдық тақта орнатылып, ғалым атындағы дәрісхана ашылды. Бибісара Әмірова замандасымыз «балаубаевтану мектебінің» негізін қалыптастырып, іргелі ізденіс танытып жүр. Дегенмен тұлғаны лайықты дәрежесінде дәріптеу үшін оның өмірі мен ғылыми еңбегі туралы зерттеулерді бір арнаға тоғыстырып, бір жүйеге келтіру керек деп ойлаймын.
Ғалым Жайлыбай,
ақын, Абай атындағы
мемлекеттік сыйлықтың лауреаты