ҚАЗАҚ СОВЕТ ӘДЕБИЕТІНІҢ КӘЗІРГІ ЖАЙЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ ТУРАЛЫ
18.06.2019
1399
1

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының председателі Ғ.МҮСІРЕПОВ жолдастың
Республика жазушыларының ІV съезінде жасаған баяндамасы

Әдебиет – өткен күндердің шежіресі, бүгініміздің бет-бейнесі деп жатамыз. Шындығында да, сөз өнері кез келген қоғами жағдайларда да халықтың да, жоғары билік иелерінің де назарынан тыс қалмаған. Қылышынан қан сорғалаған Кеңестік империя «совет әдебиетін өзінің идеологиялық жұмыстағы еңбекшілерге коммунистік тәрбие беріп, жаңа адамды қалыптастыру, коммунистік моральдың жоғары принциптерін насихаттау ісіндегі, совет халықтарының ұлттық мазмұнды социалистік мәдениеттерін дамыту ісіндегі айнымас досы және сенімді көмекшісі» ретінде өзінің идеологиялық қолшоқпарына айналдырған еді.

1959 жылы Қазақстан жазушы­ла­рының ІV съезінде республика Жазу­шылар одағы Басқармасының төрағасы Ғабит Мүсірепов «Қазақ совет әдебиетінің кәзіргі жайы мен міндеттері туралы» баяндама жасаған. Баяндамада таяу күндері Мәскеуде өткен Қазақ көркемөнері мен әдебиетінің екін­ші онкүндігінде қазақ совет әдебиетінің аса жоғары баға­ланғанын шабыттана тілге тиек етеді. «Мәселен, Мұхтар Әуе­зов­тің Абай туралы эпопеясын әдебиет пен көркемөнердің ең әділ де қатал сыншыларының өзі рухани мәдениеттің дүниежүзілік қа­зынасына қосылған үлкен үл­ес деп таныса», сол тұстағы бас­қа ақын-жазушылардың шығармаларын совет әдебиетін байытқан үлкен олжа деп бағалағанын мақтана сөз етеді. Үздік атанған қаламгерді, олардың шығармаларын атай отырып, көтер­ген тақырыптарына тоқталады. Талдау жасау үстінде Мәскеу сыншылары озық ба­ға­­ла­ған туындыларды өзі де ри­за­шылықпен мадақтайды. Ал, Қа­зақстан Коммунистік Партия­сы Орталық Комитеті берген нұс­­қауларға келгенде мүдіреді. Өйт­­кені олар қазақстандық жазу­­шылар шығармаларына ес­кілікті өмірді арқау етуден ас­пай­ды. Қазіргі заманның партия қызметкерлерінің, коммунизм құруға атсалысып жатқан еңбекшілер мен жұмысшылардың жасампаз еңбегін көрсететін тың туын­дылар әлі жазылған жоқ дейді. Осыған жауап беру барысында баяндамашы партиялық нұсқауларға ырық беріп, со­­л­ар­дың иіне ыңғайлана сөз са­бақ­тайды. Баяндаманың соңы­на қарай «ескілікті жазушылар» М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов бастаған та­ғы басқалар екенін айтады. Жа­ңа тақырыпты шығармаларына өзек еткенімен, көркемдік биікке көтеріле алмай жүрген тұрғылас және ізбасар қаламгерлерді аяусыз сынға алады. Сын жанрының өз міндетін атқара алмай жатқанын қатал ескертеді. Көркем әдебиеттің партия нұсқауларына орай туындайтын алдағы міндеттеріне тоқ­та­лады. «Қазақ әдебиеті» газетінің 1959 жыл­ғы 10 марттағы №11 (219) саны­нан алынған баяндама әдебиет мәселелерін қамтыған тұс­тарына ыңғайластырыла ық­шам­далды.
Оқу үстінде түйсінер жайлар көп.
…Біз Қазақстан жазушыла­ры, әдебиетіміздің таяу уақыттарда твор­­чес­тволық жолмен ше­ше­тін барлық мәселелерін пар­тия­мыздың ХХІ съезі­нің тұрғысынан ұғынуымыз керек.
Н.С.Хрущев жолдас партияның ХХІ съезінде жасаған баяндамасында: «Біздің көркемөнеріміздің алдында тұрған – коммунизм орнатушы халықтың қаһармандық ерлігін көрсету міндетінен абзал, одан артық міндет жоқ», – деді. Ендеше, коммунизм орнатушы халықтың қаһармандық ерлігін көрсету жөніндегі әдебиетіміздің, әрбір жазушының ең абзал міндетін біз өз съезімізде де келелі кеңеске салуға тиістіміз. Тағы да айтамын, біздің еліміз социализмнің классикалық еліне айналды, бізден жұрт үлгі алады, экономика мен мәдениетті социалистік жолмен қайта өзгертуде, жаңа қоғамның жоғары сапалы мүшелерін тәр­бие­­леуде қолымыз жеткен игі, ізгі істеріміздің бәрінен олар үй­ренеді. Ендеше, социалистік реализмнің классикалық әдебиеті туралы мәселені, шығармаларға қойылатын ең жоғары идеялық-көркемдік талаптар туралы мә­се­лені күн тәртібіне біздер, совет жазушылары қоймағанда, кім қояды немесе ондай әдебиет бізде кәзірдің өзінде бар десек, ол талаптарды кеңінен біз талқыламағанда, кім талқылайды? Меніңше, Қа­зақс­­тан жазушылары көпұлтты сов­ет әдебиетінің күшті бөлігі бол­ғандықтан, бұл мәселелерді өздерінің осы съезінде жан-жақты көтере алады ғой деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіз, Отанымыздың астанасы Москвада болған қазақ көркемөнері мен әдебиетінің екінші онкүндігі Совет Одағының көпұлтты мәдениетінің әсерлі де салтанатты мейрамындай, жоғары дәрежеде өтті.
Биылғы 22 февральда біздің республикалық партия газеттеріміз, – «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» онкүн­діктің қорытындыларына орынды да әділ баға берді. Олар бір ауыздан творчество адамдарына қанат беретін мынадай тамаша сөздер жазды:
«Халықтың жаппай сауат­ты­лығына, өзінің ұлттық операсы­на драмалық көркем өнеріне, сим­фо­­ния­лық музыкасына, ки­не­ма­тогра­фиясына, бейнелеу өне­ріне, скульптурасына, көп жанрлы көр­кем әдебиетіне негізделген мә­дениетіміздің кәзіргі кезеңдегі даму дәрежесі көзге орасан зор көрінеді».
Қазақ әдебиеті онкүндікте өзі­нің, жас та болса, күшті, есейген, көп жанрлы және көп планды әде­­­биет екенін көрсетті, ол партия мен халқымыз қойған биік та­­лап­­тарға лайықты жауап беруге қабілеті жететін әдебиет екенін та­нытты. Москваның белгілі жазушылары: ақындар, прозаиктер мен сыншылар – әдебиетіміздің дау­сыз ақауларын сынай отырып, қазақ әдебиетінің материалдары негізінде, бүкіл совет әдебиетінің көкейтесті мәселелерін талқылауға болатынын бір ауыздан мойындады. Шынында да, Москвадағы онкүндік кезінде әдебиетіміздің басты-басты шығармаларын тал­қы­лау, қай ұлт әдебиетіне болса да, мақтануға тұрарлық дәрежеде өтті. Біз үшін әсіресе қымбатты жағдай сол – он­күндіктің салтанат­ты қызу кезі нағыз принциптік сын­ның өрістеуіне ешқандай бөгет жасай алған жоқ, сондықтан да біз Қазақстан жазушылары, Мос­квадан өз республикамызға көп ой, зор жігер алып, жаңа, батыл мақсаттарға рухтанып қайттық.
Мәселен, Мұхтар Әуезовтің Абай туралы эпопеясын әдебиет пен көркемөнердің ең әділ де қа­­тал сыншыларының өзі рухани мәдениеттің дүниежүзілік қазы­насына қосылған үлкен үлес деп таныса, бұған мақтанбау мүмкін емес: сол сыншылар Сәбит Мұ­қа­новтың, Иван Шуховтың, Ғабиден Мұстафиннің, Николай Ановтың романдарымен қа­тар, Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Тахауи Ахтанов сияқты жас прозаиктеріміздің романдарын, Әбділдә Тәжібаевтың, Ғали Ор­ма­новтың, Әбу Сәрсенбаевтың, Жұ­мағали Саинның, Сырбай Мәу­леновтің лирикасын, Дихан Әбі­лев поэмасының үзіндісін, Қа­зақстан жазушыларының бас­қа да шығармаларын совет әдебиетіне қосылған лайықты үл­ес деп бағаласа, бұған да қуанбасқа болмайды. Поэзияның, драматургияның, балалар әдебие­ті­нің және сынның ең жақсы шы­­ғар­малары да осы дәрежеде бағаланды. Бір айта кететін нәрсе, бұл ауыр жанрлардың кейбіреуі әлі қырық жасқа толып үлгірмеген еді. Әйтсе де, Москвадағы талқылау ке­зін­де біздің әдебиетіміздің өмі­рі­мен тығыз байланысы, оның та­қы­рыбының алуан түрлілігі, ашық ұлт­тық нақышы және шеберлігінің жоғары дәрежесі талай-талай сөз болды.
Тақырыбының байлығы үшін, ха­лық өміріне қызу да белсенді ара­­ласуы үшін, біздің кәзіргі поэ­зия­мыздың – халық эпосына, Абай мен Жамбылға, Торайғыров пен Сейфуллинге, Майлин мен Жансүгіровке, реалистік және революциялық орыс поэзиясына негізделген поэзиямыздың – жо­ғары баға алғанын мен осы арада, әсіре­се атап өткім келеді.
Қазақ поэзиясын талқылау ке­зінде Н.С.Тихонов: «Біздің Қа­зақстаннан келген бауырларымыз өздерінің ұлан-байтақ өл­кесінің шеңберінде ұлттық отряд болып қана қалмай, жалпы поэзиямыздың күшті отряды болып отырғанын сезіну, олардың өмірде болып жатқан өзгерістерді суреттеп, халқымыздың санасын кеңейтіп, бір мақсатқа бастап келе жатқанын сезіну қандай жақсы», – деген еді.
Меніңше, еліміздің ең ірі ақы­­ны, көпұлтты поэзиямыздың мақ­­танышы Н.С.Тихоновтың ауы­зынан шыққан бұл жоғары бағаға өз жанымыздан сөз қоссақ, тым асыра мақтанып кеткендік бо­лар еді. Менің айтқым келгені: аз уақыттың ішінде – бас-аяғы қы­­рық жылда – бұған дейін талай ғасыр надандық бұғауында келген ха­лықтың әдебиеті осынша­ма шарықтап өскенін бұрынғы заман мәдениетінің тарихы ешқа­шан білген емес. Мұндай ға­жайып өз­геріс адам баласының жаңа дәуі­рін ашқан, мазмұны социа­листік материалдық және рухани прогресс дәуірін ашқан Октябрь революциясының жеңістері нәтижесінде ғана мүмкін болып отыр. Қазақ әдебиетінің жоғары идеялық-көркемдік дәрежесіне айғақ бола алатын тағы бір маңыз­ды факт: Ленин сыйлығын беру жөніндегі соңғы турға өткен төрт шығарманың екеуі – қазақ жазушылары Мұхтар Әуезов пен Сә­бит Мұқановтікі. Совет Одағы халықтары әдебиетінің ашық та әділ жарысында екі жазушы­мыз төрт жүйріктің ішінде соң­ғы мәреге жетіп отырғаны бізді шексіз қуандырады. Бұл – көңіл аударарлық жәй және үлкен мәртебе. Бұл шығармалар социалистік реализм әдебиеті мен көркемөнерін қадірлей білетін қатал да әділ, тәжірибелі де тал­ғам­паз билердің сынынан өтті.
Қазақ әдебиетінің осындай жоғары дәрежесіне қазақ про­засының халықаралық сахнаға шығуының өзі де айғақ. Бұл көпке мәлім жағдай болғандықтан, мен бұған тоқталып жатпаймын. Тек ескерте кететін бір жәйт: біздің аса дарынды жазушымыз Мұхтар Әуезовтің роман-эпопеясы басқа әдебиеттерге, оның ішінде шетел әдебиеттеріне әсер тигізе алатын, кәзіргі заманның аса көрнекті шығармасы деген биік дәрежеге ие болды.
Жоғарыда айтқандарға әдебие­тіміздің үздіксіз өсіп келе жатқанын мей­лінше қосқым келеді. Егер біз Москвадағы онкүндікке поэзия­ның 86 кітабын апарсақ, кәзір Жазушылар одағының творчестволық секцияларында және оның баспа­сөз органдарының редакцияларында қазақ тілінде он бір жаңа ро­ман мен повесть, орыс тілінде 5 ро­ман мен повесть, 5 жаңа дра­матур­гиялық шығарма, жиырмадан астам өлеңдер жинағы жатыр.
Осының бәрі біздің әдебиеті­міздің буыны бекіп, бұғанасы қа­тып, есейгеніне, енді бүкіл совет әде­биетінің алдында тұрған ірі де салмақты мәселелерді қайыспай көтере алатынына айғақ. Осы дә­ре­жеде барып біз астанамыз Мос­квада болған ұлы сыннан өт­тік, осы дәрежемен коммунистік қоғамның есігін ашып, босағасын аттағалы отырмыз.
Қазақстан жазушыларының екі съезі арасындағы кезең (1954-1959 ж.ж.) партиямыздың ХХ съезінің тамаша қарарлары әсерін тигізген кезең, әсіресе жемісті бол­ды. Меніңше, бұл кезеңнің бір ерекшелігі – әдебиетіміздің даму жолында проза мен поэзия, ғылыми-зерттеу еңбектері мен сын саласында ірі шығарма жазуға қарай бет бұрғанымыз байқалды. Бұл сапар әдебиеттің ұсақ түрлеріне кейбір сәттерде қолайлы да соқпаған болар, бірақ, оның есесіне, біз адымды кең аш­ып, құшақты кең жайып, зор ол­жаға баттық деп айта аламыз. Мұхтар Әуезовтің Абай туралы көп жылдан бері жазып келе жат­қан кесек те ірі еңбегінің, Сә­бит Мұ­қа­новтың «Менің мек­те­бім» атты автобиографиялық екі том­дық романының сәтті аяқ­талуы бір қуаныш болса, үміт артқан жас жазушыларымыздың бірсыпырасы тұңғыш жазған кө­лемді шығармаларын ортаға салды. Басым көпшілігі прозамен жазылған осы шығармалар, ешкімнен сауға сұрамай, екі тілде бірдей жарияланып, Москваның сыншылары мен жазушыларының алдынан мүдірмей өтті. Бір топ талантты жастар жазған шы­ғар­ма­лардың идеялық-көркемдік құны – авторларының әдебиетке теорияны жақсы біліп, дайындалып келіп, ер заманымыздың өр­кезеңдерін молынан қам­тып, ірі шығармалар жазып тас­­­тағандарында ғана емес, өз замандастарының ерек­ше­лік­терін, мінез-құлқын, ой-өрісін бұрынғылардан гөрі те­реңі­рек қозғап, нәзігірек сезін­гендіктерінде.
Прозамызға әскери жанр сияқ­ты үлкен де жаңа бір тарау қосылса, ол тарау, өз заманымыздың тақы­рыбындағы темір қазықтай, ортадан ойып орын алса – бұл да осы жаста­ры­мыздың екі съезд арасында әдебиетімізге салған үл­кен олжасы-ау деймін. Совет жауынгерлерінің жан сүйсін­ді­рерлік тұтас тұлғалары мен олар­дың патриоттық ерлігін кемеліне келтіре сипаттау арқылы кешегі дүниені күңіренткен, Ұлы Отан со­ғы­сының тамаша суреттері қазақ әдебиетінен бекем де берік орын алды деп айта алар едім.
Бұл ретте менің Әбдіжәміл Нұр­пейісовтің мазмұны терең, өрісі кең «Күткен күндер» атты романын атағым келеді. Өңделіп, түзеліп, қайта басылғаннан кейін бұл шығарма қазақ әдебиетінің құнды қазынасының қатарына қосылды. Жас жазушының бұл романы Совет Одағындағы ха­лық­тар тілінде де, шетел тілде­рін­де де өтімді болатынына кү­мән болмасқа керек. Совет жауын­гер­ле­рінің Ұлы Отан соғысы майдандарында көрсеткен ерліктерін сипаттайтын Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романын да москвалық достар осы дәрежеде ба­ғалады. Ахтановтың романы онкүндік қарсаңында қазақша, орысша басылып шығып еді, енді Москвадағы «Советский пи­сатель» баспасында да, Германияда неміс тілінде де басылғалы отыр. Жас таланттың тұңғыш романының шетел оқушыларына қарай алғашқы басқан қадамы осы болмақ.

(Жалғасы бар)

ПІКІРЛЕР1
Қажы мұқамбет қаракедей 10.07.2019 | 09:03

Жол болсынға

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір