Жазушы парасаты
Есбол Нұрахмет
Бұндай әсердің болуын, өз ойымша, бір-екі себептермен түсінем. Кез келген шебер жазушы оқырманға да шығармашылық жол қалдырып отырады. Мысалы, біз керемет туындыны оқығанда, көп жағдайда оның астарына үңілгенді ұнатамыз және оқиға желісімен қиял кешеміз, яғни сол кітаптың кейіпкеріне айналамыз. Бұл деген сөз біз сол кітаптағы өмірді сүреміз деген сөз. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді қазақ мақалы. Онда қарттық жаспен өлшенбейді, көрген-білген, түйгенмен өлшенеді. Сол себепті, кітап оқу да өзінше өмір сүру, өзінше көру, түю. Жазушы қаншалық шебер болған сайын біз сол кітаптағы өмірге қызыға кірісеміз. Осы себептен шығарманы оқып бітіргенде, артта қалған ғажап күндер секілді әсер береді де, бұдан керемет жазушы жоқтай санаймыз. Келесі оқығаныңда, әрине, өмір тосындығымен қызық қой, бұл шығарма бізге жаңалық болмай қалады. Ал әр оқыған сайын өзінің жаңалығын ашып отыратын авторларды Абайша айтқанда, «заманды билеген» данышпан деп ұққан абзал шығар. Егер бір оқығанда түсініп, тамсанып, биікке көтерген шығармаңыз болса, онда оны қайтара оқудың керегі жоқ. Ол шығарма қайталай сіздің үмітті ақтамайды.
Біз айтып отырған «заманын билеген», яғни озған автор ешқашан бірінші оқығанда сыр бере қоюы екіталай. Оның бірнеше себебі бар. Әуелі сол авторды оқуға сіздің дайындықтың болуы. Бұл – парасат дайындығы. Бала кезде мүлдем тіс батпаған шығарманы енді оқып тамсанатының бар. Кейде бұл түсінбестік жеке адамның ғана емес, бүкіл бір заманның басында болады. Абай жасаған дәуірдегі жұрттың Абайды қай деңгейде қабылдағанын толық білмейміз. Көбінше қоғамда болып жатқан үрдіске, мінезге тура диагноз қоюшы ретінде қараған болуы мүмкін. Ал жалпы көпшілік бәрі-бір тани алған жоқ. Кеңес заманына келер болсақ, Абайды, байды, феодализмді, зорлықшыл үстем тапты айыптаушы деп ұқты. Қазір күн өткен сайын біздің Абай турасындағы түсінігіміз де тереңдей түсті. Бұрындары мән берілмеген тұстарда қаншама мағына жатқанын аңғардық. Қоғамдық үрдіс солай болды деп қарапайым жеткізуге де болмас бұл түсінікті. Кеңес кезінде алдыңғы қатарлы әдебиет сыншылары мен абайтанушылардың өздері ойлап көрмеген жаңалықтар ашылуда. Мұның сыры менше мынада, Кеңес дәуірінде өзгеше ойлауға жол берілмеді, тек социалистік реализм бағытымен ғана талданды дейміз. Дегенмен, кез келген адамның өзгеше ойлауына, іштей болса да өзгеше талдауына болар еді ғой, бірақ оқырман қанша көп болғанымен өзгеше түсіне алатындар негізінен жоқ болды. Тәуелсіздіктен кейін басқасы болмаса да еркін ойлау кеңістігі ашылды, сол кезде барып саналы оқырман ұғына бастады. Оның себебі, Кеңес кезінде сондай бір ойдың уақыт кеңістігінде болмауы, ал тәуелсіздіктен кейін уақыт кеңістігінде пайда болған жаңа ойдың себебінен біз біраз нәрсенің сырын, мәнін автоматты түрде түсіне бастадық. Көз алдыңызға келтіріңізші, қызыл жалауын іліп, «коммунизм ісі үшін!» деп ұрандатып жүрген және соған шын ниетімен, ынты-шынтысымен беріліп жүрген сол тұстағы адамды сіз түсіне аласыз ба? Оның ойына өз мұратының жалғандығы ешқашан да келген емес. Міне, осы секілді, тіпті ешқандай ақпарат көздеріне тәуелсіз, әрбір өлкенің, әрбір уақыттың кеңістігінде өзіндік өзгеше ой болады. Жақсы шығарма сізді сол оймен қабыстырады. Кейбір шығарма өз уақытының кеңістігіндегі ғана ойды қармай алады, сіз ол шығарманы екінші оқығанда ұнатпай қаласыз. Ал екінші уақыттан, өлкеден озып кеткен парасатты автор өзінен әлдеқайда алыста жатқан ойлар кеңістігіне сапар жасай алады, біздер де сол кеңістікке таяған сайын сол авторды, сол шығарманы жақсы түсіне береміз. Біз әр жолы сол авторды оқыған сайын ол бізді сол ойға қарай жақындата түседі де, әр жолы әр түрлі жаңалық көріп отырамыз.