ҚАЗАҚ БІЛІМПАЗДАР СЪЕЗІНЕ – 95 ЖЫЛ
17.06.2019
1027
0

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақ білімпаздар съезінің 95 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы және Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Жиынға қатысқандар: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осындай аса маңызды шараларды жиі өткізу керек», – деген пікір білдірді.
«Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен тағылымды шарада баяндама жасаған белгілі алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді: «1924 жылы білімпаздардың тұңғыш съезі Орынборда өткен соң, араға екі жыл салып Бакуде бірінші түркологтар съезі ұйымдастырылды. Екеуіне ортақ тақырып – тіл мәселесі. Осы съездің күн тәртібінде қаралған мәселелердің бірі – түркі тілдері терминологиясының жүйесіне қатысты болған еді. Сол басқосуда терминология мәселесіне қатысты Қазақстан тарапынан Ахмет Байтұрсынұлы негізгі баяндама жасаған. Сондағы Ахаңның ұстанымы таңғалтпай қоймайды. «Шығыс» баспасының қазақ редакциясы «23 жоқтауды» даярлап, шығарды. Кітаптың кіріспесінде: «…құнарлы қазақ тілінің байлығын көрсету мақсатында шығарып отырмыз», – делінген. Шын мәнінде, бұл жеңіліс тапқан Алаш қозғалысына, азаттық қозғалысына арналған жоқтау болатын», – деп, Алаш зиялыларының ұлт үшін күресі тіл мәселесінен басталғанын айтады. Жиынға қатысқан өзге де ғалымдар XX ғасыр басындағы рухани жаңғыру, Алаш мұрасы, Ахмет Байтұрсынұлының ғұмырнамасы, Омбыдағы кезеңі туралы баяндамалар оқып, қазақ тіл біліміндегі инновациялық бағыттардың А.Байтұрсынұлы еңбектерімен сабақтастығы жайында сөз қозғады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір