Алаша хан кесенесінің құпиясы
13.06.2019
206
0

Оңғар Нақыпұлы

Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларын артта қалдырып, Жезқазғаннан түн ортасы ауа шыққанбыз. Сәтбаев қаласы арқылы Ұлытауға жеткенімізде тамыз айының таңы алаулап атып келе жатты. Жетісайдан бері қарай тура бір тәулік жол жүріппіз. Ауылдың біз тоқтаған орталық алаңының маңындағы үйлер әлі ұйқыда. Діттеген жерімізге жеткізер жол сұрайтын адам кезіктіре алмай, біраз тұрып қалдық.

– Анау үйде музей меңгерушісі тұрады, сол біледі, – деді есік алдына шыққан орта жастағы әйел, кіреберісі біз жаққа қараған үйді нұсқап.
Үй алдына бірге шыққан ерлі-зайыпты жұп бізді қазақы, жайдары мінезбен қарсы алды. Жөн сұрасып, таныстық. Музей меңгерушісі Райымова Нұрсұлу мен Талғат Алаша хан кесенесіне бара жатқанымызды білген соң:
– Әлі біраз жүресіздер. 60 шақырымдай қара жол ғой, – деді Нұрсұлу. Оның үні мен көзқарасынан біздің шаршаулы түрімізді аңғарғаны байқалды.
Жолдың ұзақтығын былай қойғанда, Қы­зылорда мен Жезқазған арасындағы 400 шақырымдық шұбырынды сілікпемізді шығарғаны рас. Ұйқысыздық тағы бар.
– Негізінен, Алаша хан кесенесіне бірен-сараң тарихшылар болмаса, жалпы көпшілік қызыға қоймаушы еді. Сіздер бірталай кісі көрінесіздер, – деді Нұрсұлу әудем жердегі ақ түсті «Спринт» шағын автобусы жанында тұрған тобымызға көз салып.
– Ел бұл кесенеде кімнің жатқанын біл­месе, қайдан қызықсын. Жаңа айттыңыз ғой, тарихшылар келіп тұрады деп. Олардың бұл жұмбақты нақты шеше алмай келе жат­қанына таң қалам, – дедім.
– Сіз қалай ойлайсыз? – Нұрсұлудың төтесінен қойған сауалынан оны да бұл мәселе ойландыратынын ұқтым.
– Алаша хан деп жүргеніміз Шыңғыс хан ғой, – дедім. Оның жүзінен бұл жаңалыққа таңыр­қаудың ізін байқай алмадым. Нұр­сұлу­дың сөзімді кәдуілгі әңгімедей қа­былдағаны қайта мені таңырқатты. Әлденені есіне түсіргісі келгендей, ойланып тұрды да:
– Бұл жаңалықты Ұлытау атырабындағы тарихи нысандарды біраз жыл бойы зерттеген ғалым Қуаныш Ахметов айта алмай кетіп еді. Бірақ, білем дейтін.
– Айтпағаны бекер болған. Неден тартынды екен? – деп, Нұрсұлудан жауап күт­тім.
– «Мойындатар дәлелдерім әлі де жет­кіліксіз», – дейтін. Омбыдағы мұрағатқа ба­рып, Шыңғыс ханға қатысты материалдар сұраса, олар бермепті. Соған қатты қапа­ла­натын.
– Түсінікті. Солтүстіктегі көршіміздің ұлы бабамызға қатысы бар деректерді тығып тастауында үлкен саясат жатыр. Олар малға да, кенге де бай қазақ даласына ежелден көз тіккен. Бытыраған тайпалардың басын құ­рап, Алаш елін, Алтын Орда хандығын құр­ған Шыңғыс ханнан айыру – елді рухынан айыру. Рухсыз ел тез сынады, тез бағы­нады. Олар бұны жақсы білген.
Шыңғыс ханның жолын қуған, Еуропа мануфактурасы мен Қытай жібегін жалғай­тын Ұлы Жібек жолын құруды жүзеге асыр­ған Бату – Русь елін 1242 жылы толық тізе бүктіргенін олар қалай ұмытсын. Ұлы Жібек жолы тарихта үлкен алға басушылыққа алып келді ғой. Сол дәуірде көптеген қалалар бой көтерді емес пе? Сыр бойындағы қалаларда, Шаш пен Таразда сауда-саттық дамыды. Қазақтар малдарын пұлдап, керек-жарағын алу мүмкіндігіне ие болды. Мәдениет өсті. Бұны ешкім теріс дей алмайды. Москва ірі орталыққа айналды. Атақты Арба-ат көшесі, Ординка дейтін орталық сол дәуірдің дерекшісі. Түптің түбінде бұл орыстардың (бытыраңқы княздықтардың) ел ретінде ұйысуына ықпал етті. Міне, сол елдің патшасы ІІ Екатеринаның: «Қазақтар өзінің қайдан шыққанын білсе, жер жүзін жаулап алар еді», – деген сөзінің астарында тарихты бұрмалау қажеттігін меңзеу жатқанын анық. Шыңғыс ханға қатысты тарихи деректердің бұрмалануында осындай саясат жатыр. Бұрмаланған деректерді бастан-аяқ айтып шығу біраз уақытты алады, – деп, көмейге келіп қалған ой ағынын әзер тоқтаттым.
Нұрсұлудың ден қоя тыңдап тұрғанын байқап, жауап күтіп едім, қарындас құпта­ғанын білдіріп, бас изеді де қойды. Бірақ сәл кідіріп барып:
– Бұндай іргелі, тәуекелді тақырыпқа баруыңыздың өзі мақтауға тұрарлық. Қиын, бірақ қолдау тапса, руханиятымызда бір сілкініс болар еді, – деп, ақырын ғана өз ойын білдірді.
Жаңа таныстарымыз жөн сілтеген бағыт­пен жүріп кеттік. Көкжиектен көтерілген күннің алқызыл сәулесі Ұлытау ауылын қой­­нына алған шың басындағы қара тастар­ға алдымен нұрын төкті. Сымбатты тәнін тал-ағаштармен жасырмаған, әйтсе де сыры ашыла қоймаған жұмбақ әлем бар болмысын көз алдымызға тосты. «Қазақ жерінің тап ортасынадағы осы тауды аталарымыз неге «Ұлы тау» деп құрмет тұтты? Қазақтың ұлы­лары – Шыңғыс хан, Жошы хан, Тоқтамыс хан не үшін өздерін осында жерлеуді қалады?» Кедір-бұдыр жолда селкілдеген автобус ішінде мені осы ойлар мазалай берді.
Қытай елі ежелден атырабындағы тайпаларды назардан тыс қалдырмай, елші, саудагер, тым болмаса қашқын ретінде тыңшыларын жіберіп, зерттеп отырған. Патшалары осы деректер арқылы көр­шіле­рі­нің мықты, осал тұстарын анықтап, мүм­кін­дігінше әрекет еткен. Сондай жазбалар­дың бірі ойыма оралды. Онда былай делінеді: «Дужин тауынан (Тарбағатай тауы болса керек) батысқа қарай 500 ли жерде биік басында не ағаш өспейтін, не өсімдік шықпай­тын бір асқар тау бар. Оны «Бодын-инли» деп атайды. Бұл орталық аймақтағылардың тілін­де «Жер Тәңірісі» деген мағынаны білдіреді».
Қағанат ордасы Алтайдың түстігіндегі Қалқа өңірінде тігілгені мәлім. Оған қарасты Тарбағатайдың батыс жағындағы 500 ли деген жер осы өңірге сәйкес келеді. Қашық­тық шамамен мөлшерленген. Осы қытай дерегіндегі «Жер Тәңірісі» деген сөз – Тәңір тауы, Ұлытаудың ежелгі аты деп тануға негіз болатындай.
Ұлытауды Ақсақ Темір жорығынан жан алып, жан беріп қорғаған Тоқтамыс ханның әрекетінен қасиетті жерді дұшпандарға таптатпау амалын көреміз. Исламның жасыл туын көтеріп, басқыншылық жүргізген Әмір стратегиялық мәні бар биікті алған соң: «Мен енді Тұран елінің патшасымын», – деген мағынадағы сөздерін қара тасқа қашап жаздырыпты. Тәңір тауы – Ұлытаудың ежел­ден қасиетті мекен деп танылуы осы оқи­ғалар желісінен де байқалады.
Өз ойыммен алаңсыз отырған мені Төленнің:
– Әне, кесене! – деген дауысы селт ет­кізді. – Көлденең көлбеп жатқан анау қырдың басына, тұп-тура күннің астына қараңыздар. Күкірттің қорабындай қызыл нысанды көрдіңіздер ме? Әне, сол – Алаша хан кесенесі.
Ұлы сәскелікке көтерілген күннің астына қарай тартқан жол жақындаған сайын үлкейе келе ғажайып ғимаратқа айналған ке­сенеге алып келді. Темір шарбақпен қор­шал­ған кесененің салыну уақыты ХІ-ХІІ ғасыр деп көрсетіліпті. Басқа дерек жоқ. Ғимараттың алдымен көзге түскен ерек­шелігі – оның Орта Азия сәулет өнерінің бағытына жататыны. Бүйір қабырғаларының алаша өрнегіндей етіп қиюластыра өрілуі – хас шеберліктің тамаша үлгісіндей. Ғимараттың іргесінен ұшар басына дейін күйдірілген қызыл қышпен қаланып, желден, жауын-шашыннан, ылғалдан қорғау үшін арнайы материалдар қолданылма­ғанына қарамай, сан ғасырлар бойы мұрты бұзылмай сақталуы құрылысқа сол дәуірдің ең шебер сәулеткерлері мен қыш күйдіру­ші­лер­інің жиналғанынан дерек береді. Қала­лардан алыс жатқан тауда атасы Шыңғыс ханның атақ-даңқына сай кесене салдыру, сол арқылы әкесі Жошы хан мен атасы Шыңғыс қағанның артында өшпес із қал­дыру – Алтын Орданың жас билеушісі үшін абырой ісіне айналғаны анық. Бату хан Алтын Ордасының қонағы болған Италия саяхатшысы әрі тарихшысы Плано Карпини: «Бұл халықтың дүниеден өткен ата-бабаларына құрметпен қарауы таң қалдырады», – деп, Шыңғыс хан мен Жошы хан кесенеле­рін көрген соң жазғаны шүбәсіз.
Кесененің артқы жағындағы еңісте бір шоғыр, бір көріністі ескі мазарлар – өткен дәуірдің тағы бір ескерткішіндей. Бұл – Ұлы­таудың қорғаушысы – Тоқтамыс хан үзеңгілестерінің бейіттері болар деген ой келді. Таста жазу, басқа да бір деректер болмаған соң кесіп айту қиын…

(Толық нұсқасын газеттің №23 (3657) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір