Қазақтың ҚҰСМІЛИЯСЫ
07.06.2019
1694
0

Құсмілия деген есімді ең алғаш студент кезімде естідім. Түсініксіз ат. «Құс» деп басталғандықтан жыл мезгілі немесе құстың бір атауы шығар деп жүрдім. Өзінен сұрайын десем, аса бір таныстық жоқ, екіншіден, адуындылау адам, бетіңді қайтарып тастай ма деп жасқанасың, маңына жолай алмайсың. Сөйтіп «Құсмілия» аты жұмбақ күйінде қала берді.

Оқу бітіріп «Қазақстан – Семей» телеарнасына жұмысқа тұрдым. Қайратты қара шашын қақ жара қайырған, қияқ мұрты едірейген, екі көзі аждаһадай от шашып Құсмілия аға жүр. Оған дейін ара-кідік шығарма­шы­лық кештерде, кітапханада, духаналарда ұшырасып қалатынбыз. Бір мекемеде қатар қызмет атқарған соң бұрынғыдан бір табан жақындағандай болдым. Әлгі түсініксіз атын сұрайтын мезгіл де келді. Сөйтіп сауалды төтесінен қойғанда, қызыл күрең шайды сораптап отырып әңгімесін бастап кетті…
Иә, «жаралғанда жабысқан» осы есімді естіген адам: «Ой, Алла-ай, осындай да ат болады екен-ау!» – деп таңданатынына сөз жоқ. Өзім де байыбына кейінірек бардым. Кейбіреулер: «Өте сирек кездесетін есім», – десе: «Мен өзім де сирек кездесетін экземплярмын», – деп қалжыңдайтыным бар.
Өз атымның қалай қойылғанын айту үшін біраз шегініс жасауға тура келеді. Әрине, атымды әкем Жырғалы қойған. Жырғалы 1898 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында туған.
Әділбектің Құсмілиясы деген адам болған. Жас мөлшері менің әкеммен қарайлас болу керек, Найман – Қаракерей – Байжігіт – Мәмбет руынан шыққан (Қабанбай батырдың тікелей ұрпағы) Үш Құлыстайға жасынан аты мәлім әнші, сол өлкедегі Әсеттен кейінгі белгілі өнерпаз тұлғалардың бірі. Әсіресе, оның даңқы «Гауhартас» әнімен шыққан. Ел арасында бұл ән «Құсмілияның «Гауhартасы» аталып кеткен. Құсмілияның орындауындағы «Гауhартас» ерекше құбылыс болып ел есінде қалған. «Ой, шіркін, Құсмілия-ай, қайран гауhартас-дәурен-ай!» деп ұзатылған талай сұлу Құсмілияның әніне тербеліп, аh ұрып аттанған екен.
«Ал, жарайды, солай-ақ болсын, бұған сіздің қатысыңыз қанша?» – дейсің ғой баяғы. Қалай десем екен?
1932 жылы қазақ елі жаппай аштан қырылып, бір бөлігі Шығыс-Түркістанға ауып жатқанда, менің әкем Жырғалы бері қарай, Советтік Қазақстанға қашып өтеді. Себебі, соның алдында Шәуешекте дүнгендер ұйымдастырған ғазауатқа қатысып, құйрығына қалжауыр байланады. Жалғыз Жырғалы емес, бес жүз үй дүнген, жүзге тарта қазақ жігіті, оның ішінде мен білетін бүгінгі жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың әкесі Құдакелді де бар, бүгінгі Бақты кеденінен бері өтеді.
Бұл – бөлек әңгіме. Қысқасы, балапан – басына, тұрымтай – тұсына. Жырғалының бұл өлкедегі өмірі бір дастан. Ал мен білетін Жырғалы – соғыстан қайтқан солдат: «Я Харьков брал, я кровь проливал». Менің шешем Шәрипа сұлу – Жырғалының бесінші әйелі. Сол бесінші әйелінен 1949 жылы мен туамын. Содан барып бәленбай әйелден туған түгенбай ұл-қыздың есімдеріне ұйқасы жоқ (кез келген қазақ өлеңші ғой) есім беріледі маған. Арада қаншама жылдар, қаншама оқиғалар өткен, дүние асты-үстіне түскен, қаншама су аққан… Арманды жастық шақтың жан аяспас жолдасы, жалаугер серігі, ән еркесі ақиық дәурені, бары-жоғы белгісіз, хабар-ошары жоқ бір сағыныш, бір үміт… Жастық шақтағы өзі ерекше ұнатқан әнші жігіт Әділбектің Құсмілиясының атын әнші болсын деп маған қояды.
Жырғалының бәленбай әйелінен туған түгенбай баласының ішіндегі әншісі – мен.
«Құсмілия» деген есім мынандай түбірлерден тұрады, олардың мағыналары мынандай деп білгішсінуден аулақпын. Тек бірінші буындағы «құс» сөзі қанаты бар ұшатын құс емес, көне араб тілінде «көркем», «сұлу» дегенді білдіретін болу керек (Құсыни хат – көркем жазу, Мүрсейіт дегдар Абай өлеңдерін осы жазумен көшірген).
Өз елім мені «Құсмілия» деп көп атамайды, көбінше «Құсан» дейді. Кейінде осы Семейге келгеннен бері ресми түрде «Құсмілия» атанып жүрмін.
Дегенмен, адамның есімі оған кездейсоқ берілмейтініне сенемін. Менің есімім өнерге, әнге, поэзияға, жалпы сұлулыққа құштарлығымның бастауы екенін білемін.
Сонымен ағамыздың есімінің тарихында да алуан дүниелер жатқанын аңғарып, ендігі кезекте жан-дүниесіне үңіліп, қандай сырлары, қандай қырлары бар екен деген ойлар мазалай бастады.
Бірінші кезекте Құсмілия кім?! Не істеді, жетпіс жыл саналы ғұмырында не бітірді деген сауал туындады. Сол сауалға жауап іздеп отырып «Қазақтың Құсмілиясы» деген тоқтамға келдім…

Мерей Қарт,
ҚЖО Семей филиалының төрағасы,
Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты

(Толық нұсқасын газеттің №22 (3656) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір