ЖАСТАР ШЕТЕЛГЕ НЕГЕ ҚҰМАР?
05.06.2019
767
0

Иә, бұл – бүгінгінің ең өзекті тақырыбы. Талқылай кетсек, «Олардың көкейін тесіп бара жатқан көлденең жатқан көк ақша…» дейтіндер де көп. Ақша кімді алаңдатпайды, айтыңыз­даршы?! Жекеменшік мешіт ашып, орталық мешіттегі бас имамға «Бізге кел, айына 350 мың теңге берем…» десең ойланбастан келісетініне еш күмәнім жоқ. Өйткені, шүкір деп үстіңе шүберек киіп жүре беретін заман емес, қазір. Бірақ, мұхит асып жүрген жастарды ақша алаңдатпайды екен… Оны өзім Америкада, ай тұрып көрдім, сұрадым, білдім. Енді, рұқсат берсеңіздер, айтайын.

Жастар шетелге неге құмар екенін шын мәнісінде білгілеріңіз келсе, алдымен, «Біздің аға буын ол жақтан неге қайтқысы келмейді?» деген сұрақтың жауабын анықтап алайық, жарай ма?! Абыз ақсақалымыз Мұхтар Мағауиннен бастайық. Ол ұлтсызданып бара жатқан қоғамнан, шетінен жарамсақ, сатымсақ, сұрамсақ, бойкүйез, марғау, тартыншақ адамдардан шаршады. Ал осылардың бәрін жою үшін ол ереуіл жасап көшеге шықпады. Өйткені ол – жазушы. Ұпай жинайтын саясаткер емес. Өзінің майдан алаңы – ала қағаздың бетінде айқас өткізді. «Ұлтсыздану ұранын» зарлап жазды. Оны ешкім көрмеді, көргендері «Жұлдыз» журналынан шеттетті. Болды, сөз бітті! Ұлт үшiн оқтан да, оттан да қаймықпайтын, от ауызды, орақ тілді ұлы Мағауинді сақтай да, қорғай да алмадық. Неткен бейшарамыз, бейшара!

Кезінде елінен безген тағы бір таланттың бірегейі – Ерік Құрманғалиев. Дүниежүзіндегі санаулы контртенор, опера әншісі болған тұңғыш қазақ баласы. Ақыры Ресейде қалды, өмір сүрді, сол жақтан мәңгілік мекеніне қайтты. Бірақ біздің билік күл болған денесін еліне алып келіп мұсылманша арулап қайта жерлеп, басына бір ескерткіш орната алмады. Ұят!

Иә, өз елін сүйіп тұрып жиіркенетін адамдар көп. Бәрі «Мен ол жақта уақытша жүрміннің…» кейпінде. Математикадан әлемді таңдай қақтырып, рекордтар кітабына енген Қуат Есенов, режиссер Тимур Бекмамбетов, актриса Линда Нығматуллина және т.б. Қазір тек танымал тұлғаларды ғана тізіп шықсам, адам аттарынан кө­зіңіз сүрініп, оқу­дан жалығып кетесіз. Іштеріңіз сезіп, біліп отырсыздар, олар еліне аяқ басқысы келмейді. Оның себебін де білесіз. «Жә» дедік, кеткен адам кетті. Бірақ жастардың шет жаққа ағылуы неге тоқтамай жатыр? Оған үш-ақ себеп бар, үш-ақ себеп:
Біздікілер, бірінші себеп ақша дейді. Жоқ, ақша емес. Себеп болып отырған нәрсе – елдегі бейресми жүйенің күшейіп, күннен-күнге от алып жатқандығы. Мысалы, сіз мектепте еден жуушы болып жүріп, өзіңізді 10 жылдан кейін бір алып компанияның басшысы ретінде елестете аласыз ба? Күлкілі, иә?! Шетелде болсаңыз, оның ішінде Америкада тұрсаңыз, елестетпек түгілі, сеніммен жар саласыз. Өйткені, Америка, Еуропа – мүмкіндіктердің ордасы. Бізде қалай? Мысалы, ақындардың мүшәйрасы өтіп жатыр. Бас бәйге – 5 млн. теңге. Оны 21 жастағы Түгенше Пәленшеев дейтін жас ақын алу керек еді. Бірақ елге сыйлы, құрметті ақын, Жазушылар одағының мүшесі Пәленше Түгеншеұлы бас жүлдені сатып алды да, кетіп қалды. Кейін қазылар алқасы жас ақынға барып, «…сен әлі жассың ғой, өсесің, өнесің. Әлі талай жарыстар күтіп тұр. Сенің жүлдеңді «ұят болмасын» деп ағаңа бердік енді… Ренжіме, иә?!» – дейді де, ертесі күні сол адамдар «Жастар – біздің болашағымыз. Біз оларды әрқашан демеп жүруіміз керек…» деп бөседі кеп. Өздері кеше керемет бір жас ақынның тауын шаққанын білмейді. Дәл осындай сасық жүйе мектепішілік, аудандық, республикалық олимпиадаларда кеңінен орын алып жатыр. Міне, біз осылай жастарды «қолдаймыз» да, шетелге кетеді деп зарлаймыз. Ау, бір адамды көп уақыт алдауға болады. Ал көпшілікті алдау мүмкін емес қой.

Тәуірбек Бозкен

(Толық нұсқасын газеттің №21 (3655) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ