Жоғалған бөлмелер
03.06.2019
324
0

Арман ӘДІЛБЕК

Ол таңертең ояна сала өзінің өліп қалғанын сезді. Өйткені кірпіктерін аша алмады. Қыбыр етер әл жоқ. Саусақтары әлденеше тонналық әлденеге айналып кеткен сияқты. Десе де, жаны әлі тәнінен ажырай қоймағандай. Түйсігі ояу, санасы тірі қалпы, терезе алдында жапырағы желпініп тұрған дарақтың жүгенсіз кеткен бұтақтарының арасында құлшына, құмарлана сайраған торғайлар үнін естіп жатыр. Тыныштығын бұзған осынау қаптаған қалың аспанның құрттарына жақтырмай көз салып, тыжырынғысы келіп еді, онысы бос әуре болды. Мойын бұрып қараудың өзі мұнан былай бос әурешілік екенін анық ұғынды.

Бұл жолы шынында өлген ек­ен. Шынында деп қосуымыздың өз себебі бар. Дегенмен бұл арада оның өз тәжірибесі түкке тұрғысыз екені де айқын еді. Өлу турасын­да ойлауға болатын шығар, қа­лай­­да өлуге үйрену қиындау сияқ­ты. Кімді, нені қимайтыны белгісіз, әйтеуір, өзегіне ащы бірдеңе тығылды. Жоқ, ештеңе тығылмапты, ештеңе сезбеді. Кеудесінде, тәнінде шайқалып жата­тын күйге қош айтқаны рас болды. Ояу сана үйренген дағдысымен тәнге соқтығып далбасалағанымен, оның да тез арада жетекке үйренген асаудай шапшуын тоқтатарында гәп жоқ. Иә, сонымен өліп қалған соң кісі дегеніңіз артында қалған мынау дүниемен ісі жоқ екенін, жұмысы болмауы керектігін ұғынуы керек емес пе? Әрине, ауыр, мұндай күйді ешкіммен бөлісе алмайсың, тірлігіңде де бөліскенің шамалы, енді бәрі кеш. Ол аздап бұл жайында ұққандай болды да, тез арада тыныштала бастады. Сәлден соң адамдардың күбір-сыбырына құлақ түрді.
– Ол өліп қалған ба? Бұл – әкесінің дауысы.
– Иә, өліп қалғанында гәп жоқ. Бұл – анасы, әрине, анасынан артық баланы кім түсінер, жат­қан жатысына бір қарап-ақ ұлының өлі-тірісін ажырата алады. Көрмейсің бе, әкесі өз сөзі­не күмәнді. Әкесі тағы да сенімсіздігін сездірді:
– Біз әбден анықтап алайық, егер ол тірі болса, ренжіп қалуы мүм­кін ғой? – деді де, оған жақын­дап келгендей болды. Осы кезде ол:
– Әкем сөзсіз тамырымның соғуын немесе тынысымның бар-жоғын тексереді. Өлгеннен соң денеме басқалардың қолы тигені қалай сезілер екен, ә? Әсіре­се, әкемнің жып-жылы салалы сау­сақ­тары…– деп ойлап үлгірді, бірақ, анасының сөзі шырық бұза шықты.
Оның есіне анасының ағалары өлгенде де міз бақпаған сабырлы қалпы түсті.
– Болды, маған сенбегенде, сен нені біле қоярсың? Онан да барып шәйімізді іше отырып жедел жәрдем шақырайық. Бәрібір олар келсе, қарбаластықтан ти­тық­таймыз, ұлымыз өлген күні бізде қайбір тыныштық болсын? Қайбір жөнді демалыс бұйыра­ды дейсің? Анасының үнінен кейігендігі байқалды, ол да өзі­нің, шындығында, беймезгіл уа­қыт­та өлгеніне қынжылды. Десе де, өлім айтып келмейді ғой, бұл оларды соңғы рет әурелеуі, ендігәрі бұлай болмайтынына нық сенді. Бұл сөздерді ой елегінен өткізіп жатып, ептеп көңіл күйі орныққандай болды. Оның үстіне, әке-шешесінің қайратты жандар екенін біледі.
Өлім деген – адамға аса бейта­ныс дүние емес секілді. Өлмей тұр­ғандағы үрейі – тірі жанның жүрегі қабылдамас сұмдық. Ал, өліммен құшақ айқастырған соң-ақ бәрі өз жөнін табатын сыңайлы. Жаңағы үрейдің, қимастықтың, сірә да, болған-болмағанын білудің өзі қиын. Иә, үрей, өлімге деген үрей адамға қай есікті қақтырмады?! Қай жолға бастамады?! Соның барлығы: өлімнің бізбен қойын­дасып өзі де өмір сүріп жатқанын мойындай алмаудан шығар. Ал, өлім өзі қашан өлерін кім білсін? Мүмкін… үрей мен еркіндіктің кү­ресі біткенде бір жауабы табылар. Қазір ол шынында үрейден кешкен, бірақ, оны үрей үңгірінен суырып алып шыққан өлім емес екенінде гәп жоқ.
Әке-шешесі бөлменің есігін жауып шығып кете салып, терезе тү­біндегі әлгі атың өшкір дараққа бір топ қарға қонды. Қарғаның атауы ойында қалайша сақталып қалғанына аздап таңданғанымен, сол қарғалары қарқ-қарқ етіп шулай бастасымен-ақ, оның зықы шыға бастады. Тіпті, біреуінің дауысы тым жақыннан естіледі, шамасы, бұтақты місе тұтпай, терезенің жақтауына қонып алып, жайлана қарқылдап отырса керек. Барынша өзін сабырға жеңдіріп, ертерек, қайда болса да жайлы сезім­мен аттануды тілеп, ішінен дұға ма, әлде басқа ма, өзіне де түсініксіз бір ұзын-сонарлау сөздерді міңгірлеп жатып, құлағы өз бөлмесіне жа­қын­даған аяқ дыбысын шалып қалды. Іле-шала есік тарс етіп қат­ты ашылды да, анасының ғазапты сөздері естілді:
– Тұқымың құрғырлар-ай, қайдан келе қалдыңдар бірде­ңелерің өлгендей шулап! Тыныш бір шәй де іше алмадық-қой. Әттең, ұлым тірі болса, мені сандалтпай, сендерді өзі-ақ үркіте қуып жіберер еді…

(Толық нұсқасын газеттің №21 (3655) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір