Оған кінәлі уақыт емес
03.06.2019
1470
0

Арайлым Мұраталиева

Күзгі экспромт

Көңілімнің сейілтіп тас түнегін,
Ғашық болғым келіп жүр қатты менің.
Есейгеннің белгісі шығар, бәлкім,
Бұрынғыдай келмейді тəтті жегім.

Бұрынғыдай ертегі жоқ тыңдағым,
Сағынбайтын болғанмын достың бəрін.
Билегім кеп жүр менің Махаббатпен,
Қосып қойып өмірдің екпінді əнін.

Мен ешкімнен артық та, кем де емеспін,
Адамзаттың бəрімен тең боп өстім.
Шарпып өткім келеді ұнағанды,
Ұшқынымен лаулаған мендегі оттың.

Ғашықтықтың сезбеппін түйір дәмін,
Жасым болса төрінде жиырманың.
Жібереді екен ғой жалықтырып,
Көреміз деп жүру де бұйырғанын.

Боларына сенемін нəсіп сол күн,
Ғашық болғым келіп жүр, ғашық болғым…


Ұмтыл Зарыққан

Құса

Шығыстың алып
қорғаны ішінде
үйірін аңсап азынаған
жылқының дауысын естіп пе ең?
қып-қызыл тұман ішінде төгілген күлтелі жалы.
Ол енді ғұмырлық арманын адақтап
қыран құс қалықтап өте алмас
қап-қара орманның түбінде қалды.

Мен оның көсіле шапқанын түсімде көрем,
Сарыөзен бойында сағымдай ойнап.
Қорғандар үстінен құландай қарғыған онда
кіл қарамойнақ.

Көзінің жасы көкірегінде сақардай қайнап
қара тұяғы қара жер бауырын тарпығаныменен
енді оны алыс сапарлар күтпес.
Қош енді, қайран азалы жануар
маңдайға симас,
тақымға бітпес.

Үрей мен өксікке толы шатқалдан
қиянға шаншылған дауыс, –
обалың кімге?!
Түп тамырынан қақ жүрегіне дейін қан толған көзбен
күдірейіп қарайды ол бізге…


Дастан Ілияс

Қала

Міне, тұрмыз Көктөбенің басында
Алматының сұлу көркі ашылған.
Шабыт келіп тұрақтады жаныма
Басқа сәтте табылмаған қасымнан.

Күндіз-түні жарықтары сөнбеген
Бұрын соңды мұндай жерге келмеп ем.
Тек бір сәтке жарқыратып берем деп,
Ішімдегі бар жарықты
сұрап еді ол менен.

Бұл бейнесі көңілден орын алған,
Талай арман бұл жерде орындалған.
Көп сәуленің бірі болып жанар едім,
Бар жарықты мына өмір сорып алған.

Міне тұрмыз Көктөбенің басында,
Алматының сұлу көркі ашылған.
Талайлардың алаулары лаулаған,
Жарқ ете қап,
Бір сәттен соң басылған…


Бауыржан МАЙТАЙ

Жердегі жұлдыздар

Жолаушы, мына жолда күрескен іздер
Кімнен қалғанын білмейсің,
Кімдікі екенін де.
Олар бұрын асқақ таулардың да арқасын қажаған,
Қажаған да жара салған,
Жараға біздер жол деп ат қойдық.
(Жол деп атадық.)

* * *

Біздің айналамызда бірін бірі жасырған іздер,
Ауа дерсің бізді торлаған,
Сонымен тыныстап отырғандаймыз.
Аспанды жапқан,
Бізді де жасырады.

* * *

Иә, сенің анаңның да ізі қалған,
«Неге әке емес» дегеніңді де білем.
Өкініш мазағынан ол да өшкен,
Басқа бірі өшірген.
Ізді із жасырады.
Анамызды сағынамыз,
Оның бейнесі тек бақытты сәттер болып жүрегімізді жылытады.
Оның ізін жүрегімізден іздейміз.


Жұлдыз БЕЙСЕК

Мен жаңбырдың қызы болам…

Жалаңаяқ жүгіремін саз кешіп,
Жан-дүниеме жазықсыз сәт ән көшіп.
Жабырқаулы көңілімді сыздатқан
Жапырақтар жылап жатты жаз десіп.

Жуындық деп мәз болады көп белдер,
Жасын сүртіп жымияды көк шөптер.
Ағаштардың бұтағына қонып ап,
Тамшыларды санап отыр өкпек жел.

Жаңбыр жауса, қуанатын мен ғана!
О, тамшылар, жүгір барша жерді ала!
Құшақтаңдар, қалған шығар сағынып,
Бұртиып ап жатқан дара көлді ана.

Шаштарымды су-су қылып жүгірем,
Солған гүлдей суын ішкен тірілем.
Кең дүниеге көзім тоймай қараймын,
Жан рахаты үшін жасап мұны мен.

Бір ғажайып күйге енемін, қауышсақ,
О, тамшылар, кім жеңеді алыссақ?!
О, дариға, сақта мені есіңе,
Мен – жаңбырдың қызы болам, таныссақ!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір