СЕН ҚҰРМЕТПЕН ҚАРА ОҒАН!
16.08.2024
52
0

Қоғамымызда ерекше қажеттіліктері бар адамдар көп екенін жасыруға болмайды. Әрине, ешбір адам өзіне жамандық тілемейді. Алайда тағдырдың жазмышымен туабіткен дертпен, жүре келе пайда болған сырқаттармен күресіп жүргендер баршылық. Олардың жан азабын тартып қана қоймай, тәнін азаптаған осы аурулармен күресуіне тура келеді. Осы ретте, ондай жандарға қамқорлық жасау әрбір саналы, мәдениетті адамның басты борышы болып саналады.
Иә, қаржылық қолдау көрсетудің нәтижесінде ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру деңгейі жақсаратыны сөзсіз. Түркістан облысында осындай адамдарға мемлекет тарапынан және қайырымдылық қорлары арқылы қаржылық көмек көрсетіледі. Бұл қаржылық қолдау олардың материалдық жағдайын жақсартып, өмір сүру сапасын арттырады.
Жүрек жылуын бөліп бере жүріп әрі қоғамдық пікірді қалыптастыру арқылы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Түркістан облысында бұл бағытта ақпараттық-насихаттық жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Осы арқылы қоғамдағы стереотиптер мен кемсітушілік көзқарастарды өзгертуге күш салып жатыр. Қоғамдық пікірді қалыптастыру арқылы ерекше санат­тағы адамдардың құқықтарын қорғау да кезек күттірмес міндеттердің бірі.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың бойында бір бұла күштің болатыны өтірік емес. Олардың қай-қайсысы да өнерге бейім. Сондықтан олардың ортасында көркемөнерпаздар үйірмесін ашып, таланттарды демеу де адамгершіліктің бір тарауына жатпақ. Зағиптарға арналған кітапханаларда, мүгедек адамдардың бірлестіктерінде түрлі шаралар ұйымдастыру нәтижесінде адамдардың бір-біріне құрметі артады. Сонымен қатар Түркістан облысында ерекше қажеттіліктері бар адамдар арасында ұлттық және рухани құндылықтар насихатталады. Бұл көпшіліктің бір-біріне деген шынайы ілтипатын арттырады. Мәдени құндылықтар арқылы ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қоғамдағы орны айқындалып, олардың тұлға ретіндегі рөлі нығаяды.
Біз сөз етіп отырған облыста әлеу­меттік желілер, интернет-ресурстар арқылы да адамгершілікке насихат­тау жұмыстары кеңінен жүргізіледі. Осы компаниялар арқылы қоғамдағы стереотиптер мен кемсітушілік көзқарастарды өзгертуге және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғауға бағытталған ақпарат таратылады.
Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, ерекше қажеттіліктері бар адамдар өнер және мәдениет саласында да үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Түркістан облысында ерекше қажеттіліктері бар адамдар түрлі өнер жобаларына қатысып, өздерінің таланттарын көрсетеді. Олардың шығармашылық жетістіктері қоғамда жоғары бағаланады. Өнер, мәдениет саласында жоғары биіктерге қол жеткізгендер қашанда құрметке ие. Олар талайларды тамсандырумен қатар, өздеріне деген құрметті де еселейді. Спорттық жарыстарда қол жеткізген шыңдары өз алдына бір төбе.
Еске сала кетер бір жәйт, ерекше қажеттіліктері бар адамдар қоғамымыздың бір бөлшегі. Олардан қорқудың қажеті жоқ. Онсыз да қоғамнан оқшауланған адамдардың психикасында түрлі ауытқушылықтар да болуы мүмкін. Бұл олармен қарым-қатынас жасауға кедергі келтірмеуі тиіс. Көптеген адамдар олармен қалай байланысу керегін білмейді. Әлденені бүлдіріп алудан қорқақтайтындар олардан алшақ жүреді. Кейбіреулері оларды ренжітіп аламын ба деп қасына жоламайды. Бірақ, сіз қателесесіз, сөйлесе, түсінісе келе олардың да жан дүние­сінде тұнып тұрған байлық бар екенін аңғарасыз. Бір қуанарлығы, бүгінде біздің қоғамда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көмектесетін және олардың құқықтарын қорғайтын ұйымдар бар. Дамуында кемістігі бар жандармен жұмыс істейтін мамандар қазір жеткілікті әрі тәжірибелері де мол.
Барлық адамға деген көзқарас тең болған дұрыс. Қоғамда бөтен адам болмауы тиіс. Мүмкіндігі шектеулі санатқа жататынына қарамастан, кез келген жан отбасын құруды, достасуды, қоғамдық көлікті пайдалануды, кафелер мен мейрамханаларға баруды және білім алуды қалайды және оған құқығы бар. Сондықтан қолжетімді кедергісіз ортаны құруды мемлекетіміз де басты назарға ұстап келеді. Қазір мүгедектердің өз бетінше жүріп-тұруына арналған инфрақұрылым (пандустар, тротуарлар мен өткелдердегі арнайы белгілер, метродағы лифттер, автобустар және т.б.) еліміздің барлық қаласы мен ауылынан табылады. Бұл Президент Жарлығымен заңдастырылған.
Іштен туабітті және өмірдегі түрлі кері әсерлерден мылқау болып қалған адамдар да баршылық. Біз олармен де түсінісіп, еркін пікір алысуымыз керек. Өйткені олардың да қоғамға айтары бар. Сондықтан сөйлей алмайтын, бірақ ым-ишара арқылы түсінісуге болатын жандарды қолдауымыз қажет. Оларға арнайы байланыс құралдарын мейлінше арзан бағамен немесе демеушілер есебінен тегін берген дұрыс деп ойлаймын.
Біз – зайырлы мемлекетпіз. Қазіргі қоғамда инклюзивтік мәдениетті дамытқан жөн. Сіз ең әуелі отбасыңыздағы балаларыңызға ерекше қажеттілігі бар адамдар жайлы түсінік беріңіз және оларды құрметтеуге үйретіңіз. Мәселен, балаңыз не қызыңыз автобуста келе жатыр делік. Салонға таяқ ұстаған зағип жан кіреді. Міне, осы кезде балаңыз орнынан ұшып тұрып әлгі адамға орын ұсынса, және сол орындыққа өзі әкеліп жайғастырса, мұның өзі үлкен тәрбиенің көрінісі. Көшеден өте алмай тұрған үлкенді не мүгедектігі бар адамды демеп жіберу де нағыз әдептің белгісі.
Құлағы естімейтін саңылру адамдармен байланысудың да өз айла-тәсілдері бар. Сіз олармен жолыққанда қатты айқайламаңыз. Ол онсыз да естімейді. Олар сіздің көңіл ауаныңызы бет-жүзіңіздің құбылуы арқылы жақсы оқи алады. Тілі жоқ мылқау адамдардың алдында қолыңызды шошаңдата беру мәдениеттілікке жатпайды. Жалпы, ерекше қабілеттілігі бар адамдармен сыпайы қарым-қатынас жасап үйренуге тиіспіз. Өйткені олар да – мемлекетіміздің толыққанды мүшесі. Ел экономикасының дамуына олардың да қосып жүрген үлесі орасан.
Сайып келгенде, сіз оны құрметтей біліңіз. Ал құрмет қашан да еселеніп қайтады!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір