Жаңа үлгідегі кескіндеме
22.05.2019
889
0

12 сәуір – Халықаралық ғарышкерлер күні. 1961 жылы 12 сәуірде «Восток–1» ғарыш кемесімен алғаш рет Ю.А.Гагарин ғарышқа ұшқан болатын. Содан бері алдымен Кеңес Одағы, одан кейін посткеңестік кеңістіктегі елдер осы күнді адамзаттың үлкен жетістігі ретінде ерекше атап өтетін. Ал, Қазақстанда осынау тарихи оқиғаның жүзеге асуына себепкер болған дүниежүзіндегі ең ірі ғарыш айлағы Байқоңыр орналасқан. Ғарышкерлер күні – адамның жер кеңістігінен шексіз ғарыш кеңістігіне алғаш ұшып шығуы ғана емес, бұл адамзат ойлап тапқан ғылым мен техника дамуының жаңа дәуірі. Сондықтан бұл күн елімізде елеусіз қалған емес. Қылқалам шеберлері де атаулы күнді өткізуге ат салысып, қарыштап дамыған жаһандық даму үдерісіне тамшыдай болса да өз үлестерін қосып келеді. Солардың бірі – елімізге белгілі қылқалам шебері Болат Сырлашұлы Тұрғынбай Алматы қаласындағы К.Бәйсейітова көшесінде орналасқан «Aurora space» атты көркемсурет галереясында өз шығармашылығындағы жаңа бастаманың тұсауын кесіп, «Байқоңыр» атты көрме-тұсаукесерін сәтті өткізді.

Суретшілер арасында көрме-тұсаукесер өткізу тәжірибесін бастаған кескіндемеші барлық жағынан шығармашылық ортаға тың ой, жаңа серпін әкелгендей болды. Екі сағатқа созылған көрме Болат Сырлашұлының «сана-арт» немесе «космо-арт» деп аталатын терминдер аясына жинақталған топтамалық жұмыстарымен және осы бағыттағы киім жобаларымен жұртшылық назарын аударды. Көрмеден алған әсерімізді қазақтың домбыра, қобыз секілді аспаптарының қоңыр үнімен сүйемелденген баяу әуен одан бетер арттыра түсті.
Көрме залының қарапайым әрі сауатты ұйымдастырылған интерьерімен үйлесім тапқан суретші кенептері ашық-жарқын түстерімен келушілерге көтеріңкі көңіл сыйлады. Әрбіріміз көрмені тамашалау барысында бір сәтке қиялымыздың ғарышына саяхат жасап қайттық. Кескіндемешінің шығармашылығына тән өзіндік декоративті мәнері қанық түстер мен сопақша келген пішіндердің ойынына ұласып, жақтаулармен тұйықталса да санамызда шексіздіктің әсерін беретін кеңістікке еркін серуенге шыққандай болдық. Шығармашылығының алдыңғы кезеңдерінде көрермен көріп, қабылдап үйренген жұмсақ әрі домалақ пішіндерін енді үшкір, сопақша пішіндегі денелерге, ал кең даланы еркін жайлаған көшпелі ойшыл дәруіштерін ғарыш кеңістігінде жеңіл қалықтаған абстрактілі нысандарға алмастыра бастады. Кескіндемеші бояуды кенепке жағу мәнеріндегі өзіне тән пастозды, гобелен секілді түрлі-түсті жіптерден тоқып шыққандай әсер қалдыратын ерекшелігін сақтайды. Майлы бояуға қанық түстегі акрил бояуын араластыра жағып, жаңа мәнердегі топтамаларында эксперимент жасағанымен, біз бұл туындыларға бір қарағаннан-ақ «тұрғынбаевтық» қолтаңбаны таныдық.
Бұл ойларымыздың барлығын автордың өзі ұсынған «сана-арт» және «космо-арт» деп атап отырған терминдері айғақтайды. «Сана» сөзі біздің тілімізде айтылуы бір болғанымен, екі мағына береді. Біреуінде зат есім ретінде ақыл-парасатты білдірсе, екіншісінде етістік ретінде қолданылып, рет бойынша сандық санауды білдіреді. Суретші осы ойы арқылы көрерменіне бүгінгі ғаламды, жаһанды билейтін адам және әу баста мінсіз жаратылған сананың иесі екенін кескіндеменің тілімен жеткізгісі келгендей. Ал, бүгін адамзат өз қолымен жасап дамытып, жетілдіріп жатқан технологиялардың барлығы осы сандарға бағындырылған. Сондықтан да сандар комбинациясынан тұратын бүгінгі және келешек қоғам біз үшін таныс әрі беймәлім. Алайда суретші өзінің ашық түстегі туындылары арқылы бізді оның растығына сендіргісі келеді…

Зухра Ыдырыс,
Т.Жүргенов атындағы
Қазақ Ұлттық өнер академиясы
«Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы»
кафедрасының аға оқытушысы, өнертану магистрі

(Толық нұсқасын газеттің №20 (3654) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір