Қазақ халқы әуелден-ақ ән мен күйді, жыр-термені жанының азығы, көңілінің қуанышы, сезім пернесі деп түсінген. Міне, соның дәлеліндей, 2012 жылдың 28 қаңтарында Абай атындағы Қазақтың опера және балет театрының залы толып отыр.Көрсетілген уақытта театр ложасына бүгінгі қойылымдағы операның авторы да келді, халыққа басын иіп сәлемдесіп жайғасты.Сол сәтте ән әуені шарықтай жөнелді. Ол – «Махамбет» операсы болатын. Операның авторы, бүгінгі кештің иесі Батыс Қазақстан аймағынан шыққан даңқты композиторлар: Құрманғазы, Дәулеткерей және Дина Нұрпейісовалардың жалғасы сыпатты – Қазақстанның халық артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Базарбай Жұманиязов еді.
Бұл кезең құм Нарынның қойнауында, Бөкей ордасында дүниеге келген «сазгер Базарбай Жұманиязовтың мерейлі 75 жасын туған жері, халқы қадірлеп, атап өткен мезгіл еді. Базекең кіндік қаны тамған топыраққа табан тіреп, перзенттік сезімімен ерекше рухтанып, Алматыға – ортамызға оралған болатын.
Бұл опера 1791-1836 жылдары батыр И.Тайманов басшылығымен болған халық көтерілісіндегі Исатайдың жан серігі, еркіндік сүйген жауынгер және ақын Махамбеттің поэтикалық және музыкалық мұраларына деген ыстық сезімдерге бөленген композитор Б.Жұманиязовтың көп жылғы еңбегінің жемісі. Операның либреттосын жазғандар қаратөбелік жазушы Берқайыр Аманшин мен ақын Сағи Жиенбаев.
Операның прологында Исатай қазасына жоқтау білдірген халық үні күңіренеді, ал Махамбеттің бейнесі операның өне бойында композитордың назарында болып, музыкалық даму сатысында өрлей түседі. Бұл туындысында Б.Жұманиязов кәсіби музыкалық тәсілдердің формаларын пайдалана отыра, ұлттық музыкалық жанрды үдеткен хор туындысы Махамбет поэзиясымен үндесіп жатады. Операға сән беріп, мән беріп тұрған Махамбеттің музыкаға түскен жалынды жырлары екенін байқауға болады. Бұдан авторлардың батыр бейнесінің сырын ашуда, опера драматургиясын қалыптастыру мақсатында ұтымды пайдалануға тырысқандары және сол заманда хан мен халықтың арасында күн кешкен, намысшыл Махамбет сынды ердің қасиет пен қасіретке толы трагедиялық өмірі бейнеленгені «менмұндалайды».
«Махамбет» операсының қазақы жанды бауырына тартқан, ар-намыстың, ата-бабадан келе жатқан батырлық рухтың жігерін жаныған, Алты Алашты ойландырған тамаша туынды болғаны баршаға мәлім. Ол опера туралы сол кезде бұқаралық ақпарат құралдары жария еткен болатын.
Ендігі сөз осындай туындыны дүниеге келтірген Базарбай Жұманиязов жайында болмақ.
Б.С.Жұманиязовпен менің соңғы кездесуім 2015 жылы шілденің 25 жұлдызында болды. Мен бұрын да Базекеңнен талай сұхбат алған болатынмын. Осы жолыБазекеңді: «Биыл желтоқсан айында Банумен қосылғандарыңызға 50 жыл толмақ, әрі қарай сексеннің сеңгіріне шыққалы отырсыз», – деп сөзге тартқым келді.
Құрметті оқырман, Базекеңнен бұрынғы алған және соңғы сыр-сұхбатқа назар аударыңыздар.
– Базеке, әр адамның, әр композитордың өрісі, бірінші – заманға, екінші – туып-өскен әлеуметіне, үшінші – нәсіліне, тұқымына, тегіне тікелей байланысты екені құпия емес. Сізді өнер ортасына жетелеп алып келген қасиетті құштарлықтың, өміршілдіктің, арманның – Ариадна арқауының (нить Ариадны) сырын ашсаңыз?
– Сұрағыңыз өте дұрыс. Әлеумет әсері тимейтін, әлеуметтен құрық алып шығып кететін ешбір адам болмақ емес. Олай болса, ол заманның ақын-жазушылары, композиторлары сол замандағы әлеуметтік тұрмыспен, әдет-ғұрыппен, мезгілдің рухымен, салт-санасымен суарылып, әлеуметімен біте қайнап өсіп-өнеді. Ал адам қандай әлеуметтік ортада туып, қандай ортада жүріп тәрбие алды? Қандай тұқымнан, қандай таптан жаралды? – деген сұраққа өз басым былайша жауап берер едім.
Адам деген мына жер сияқты күрделі құбылыс қой. Жерден асқан, жерден асыл, жерден қасиетті, жерден текті жаратылыс бар ма? Біз соның бір бөлшегіміз. Оның ар жағын өзің жалғастыра бергейсің.
Біздің Батыс өлкесі, Орда өңірі – ежелден елдің шетінде, желдің өтінде тұрған өлке. Сол қасиетті өлкеде найза ұшын тіреген, білек күшін білеген батырларымыз, ел басқарған көсемдеріміз, сөз бастаған шешендеріміз дүниеге келген және жерімізді жаудан, елімізді даудан сақтай білген. Сол өлке қаншама таланттарға тал бесік болып, ән мен күйге тербеп, Ақжайығына шомылдырып, Нарынына аунатып өсірді ғой. Қасиетті топырақ Құрманғазы, Махамбет, Дәулеткерей, Дина, Сейтек, Мұхит, Ғарифолла секілді біртуар тума талант иелерін дүниеге келтірді. Айта берсек, бұл тізім жалғаса түседі. Міне, менің туып-өскен ортам осы, осындай өлкенің нәрімен сусындаған жандардың өнер сүйгіш болмауы мүмкін емес қой.
Ал әкем – Сағади айтыскер-күйші болған. Ол қолынан бал тамған домбырашы болып, тыңдармандарының құлақтарының құрышын қандыратын-ды. Әкем 1934 жылы Алматыдағы өнерпаздар байқауына да қатысты. Бұл топтың ішінде әйгілі Жантілеуов және басқада домбырашылар болған, атақты күйші Сейтектің алдында күй тартып, өзін көрсете білген. Әкем менің бойымда өнерге деген құштарлықтың бар екендігін байқайтын, домбыра тартқызып, тыңдайтын еді. Кім білсін, әкемнің мені алыстағы Алматыға апарып оқытып, музыка әлеміне енгізсем деген арманы да болған шығар. Бірақ ол арманына жете алмады, соғыс басталып кетті, 1941 жылдың аяғында әскерге алынды. Оның 1943 жылғы жазған соңғы хаты біздермен қоштасуындай болды. Баласының жетістіктеріне куә болып көре алған жоқ. Бүгінде әке арманы орындалды деп есептеймін. Міне, ата-бабаларға, тұқымға тартқан деген осы болар деп ойлаймын.
Менің балалық шағым соғыс кезінде өтті. Ол бір ауыр жылдар еді ғой. Ауылда, адамдар да өте қиын тіршіліктің тауқыметіне жегілген кез болды емес пе? Соған қарамастан 1943 жылы анам маған домбыра сатып алып берді. Мұның бәрі менің өсе келе музыка өнеріне бет бұруыма бірден-бір себепкер болды. Мен 7 класты бітіргеннен кейін Орал қаласындағы педагогикалық училищенің музыка бөліміне оқуға түстім және аяқтаған соң Ордаға келіп, пионер ұйымында жетекшілік қызмет атқардым. Сөйте-сөйте балаларға домбырадан сабақ бере бастадым.
– Базеке, Сізді үлкен музыка ауылы – Алматыға жетелеген қандай күш-құдірет болды? «Досыңның кім екенін айт, сонда мен сенің қандай адам екеніңді айтайын» дегендей, қасиетті Алматы консерваториясында оқып, еңбек етіп, муза тербеп жүрген кезіңізде Композиторлар одағының иелерімен де, киелерімен де араластыңыз. Солардың ішінде өзіңізге ықыласы ауған кімдер болды?
– Балалық шақта адам арманшыл, қиялшыл болады ғой. Соның барлығы бал көңілде бұғып жатады да, бір күні жылт еткен жылы леп білінісімен бүр жарады да гүлдейді. Менің де сондай сезімдер құшағында жүрген кезім болды. Сол сезім, «Көк тудың желбірегені, бойыма қуат береді» деген ән сияқты, маған қуат берді. Иә, біз домбырадан шықтық. Бірақ домбырадан да басқа аспаптарды игерсем деген ой да мені үлкен музыканың ауылына жетеледі. Сөйтіп, мен 1956 жылы Алматы Опера және балет театры жанындағы
2 жылдық хор студиясына оқуға түстім. Сонда үміткерлерден Күләш Байсейітова емтихан қабылдады, ал Қанабек Байсейітов студияның басшысы болатын. 1957 жылы Мәскеуде өткен фестивальға, 1958 жылы Қазақстанның мәдениет және әдебиет онкүндігіне қатыстым. 1958 жылы Алматы консерваториясының композиторлық факультетіне (профессор Е.Брусиловскийдің композиция сыныбына) оқуға қабылдандым.
Консерваторияда оқып жүрген және жұмыс істеп жүрген кезімде маған жылылықпен қараған, барынша жақсылық жасаған, кезінде Римский-Корсаковтың шәкірті болған, ұстазым Е.Г.Брусиловский болды. Тіпті, мені қызмет жолымен өсіргісі келді. Студенттік кезімде фольклорлық кабинетте қосымша қызмет атқартқызды. Ал 4 курста оқып жүргенімде Евгений Брусиловский «Қазақфильмге» редакторлыққа жіберді. Осылай студент бола жүріп, қызмет те атқардым.
Мен Б.Байқадамов, Қ.Мусин, Қ.Қожамияров, Е.Рахмадиев сынды ұстаздардан тәрбие алғаныма дән ризамын және С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Құрманғалиев, Ә.Әбішев, Б.Досымжанов, Х.Бөкеевалар, Х.Ерғалиев, Ғ.Жұбановалармен достық тығыз қарым-қатынаста, сыйластықта болғанымды мақтан етемін. Шіркін, ол кісілер нағыз қазақы кең пейіл жандар еді ғой. Алып десе алыптар еді. Әрқайсысы бір-бір мектеп!
– Базеке, Сіздің музыка ауылына келген жолыңыз – бүгінгі даңғыл жолыңыздың басы деп білеміз. Өнер адамының еңбегі, әлбетте, шығармасымен өлшенеді. Тұңғыш шығарма деген бар ғой. Ол қай кезде дүниеге келді?
– Мен алғашқы күйім «Арманды» 1957 жылы шығардым. Консерватория қабырғасында жүргенде ән әуендерін жаза бастадым. Алғашқыда өзіммен қатарлас оқыған Оспанхан Әубәкіровтің сөздеріне «Көп қарадым суретіңе», «Көктем гүлі», «Кешір жаным» атты әндер жаздым. Осы кезде 20 шақты шығармам өмірге келді. Кейде ән туындайды да, оған лайықты маржандай мәтін қажет болатын кездер болады. Оған бірнеше мысалдар келтіруге болады. Бірде мен Қадыр Мырзалиевке: «Қадеке, бір әдемі ән келіп қалды, соған лайықты сөз жазсаң…» – деп қолқа салдым. Бір-екі күннің ішінде Қадыр әннің мәтінін дайындап берді. Бұл ән бір өткінші ғана сезім емес, мағынасы терең «Ардақты аға» әніне айналды. Сол әндегі Қ.Мырзалиевтың бір шумағы:
Белгілі есімің
Бауырмал ағасың,
Көңілдің есігін
Күй болып қағасың!..
Келесісі – Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған «Туған ел» әні. Бұл әндер асқақ үнді, кең тынысты, екпінді де ырғақты, әуенді деп бағаланды. Ондай шығарманың ғұмыры ұзаққа баратынын дәлелдеудің қажеті жоқ. 1965 жылы консерваторияны бітірердегі дипломдық жұмысым Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын, Жер енді!» атты поэмасына жазылған ораториям болды. Бұл шығармамды 2 жылдан кейін редакциялап, жарыққа шығарғанда, оған Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. Міне, осы шығармалар менің алғашқы туындыларым еді.
Творчествомның басында мен әндер жазсам, келе-келе шығармашылықтың үлкен түрлеріне кірісіп кеттім. Құдай берген осы ғұмырымда бірсыпыра еңбектер жазып, бүгінде осындай дәрежеге жетіп отырмын.
– Базеке, Сіз консерваторияда оқып жүріп, 1964-65 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының музыкалық редакторы, 1965-66 жылдары «Мектеп» баспасы музыка редакциясының меңгерушісі қызметтерін атқардыңыз. Оқу бітірісімен сол Алматы консерваториясында дәріс бердіңіз, профессор атағын алдыңыз. Сіздің «Жер», «Отан туралы кантата», «Мерекелік шеру», «Достық», «Кең-байтақ Отаным менің» кантаталарыңыз, «Халқым туралы поэма» сияқты вокальды-симфониялық поэмаларыңыз, «Қуаныш» симфониялық күйіңіз, симфониялық оркестрге арналған сюиталарыңыз, «Айтыс» атты вокальды-хореографиялық композицияларыңыз көптің көңілінен шықты.
Қазақстан Композиторлар одағының 4 съезі барысында Олжас Сүлейменовтің «Жер» атты өлеңіне арнаған кантатаңызды Мемлекеттік хор капелласы мен Қазақстанның мемлекеттік симфониялық оркестрі бірігіп орындағаны есімізден ешқашан кетпейді. Ал «Махамбет» операсының алар орны ерекше болып, Сіз Қазақстан Композиторлар одағының бірінші хатшысы дәрежесіне дейін көтерілдіңіз. Базеке, Сіз бүгін бүкіл ғұмыр жолыңызды жетпістің жетесінен таразылап, осы уақытқа дейінгі жиған рухани қазыналарыңызды саралап, тапқандарыңыз бен жоғалтқандарыңызды екшеп отырған сияқтысыз. Ол заңды ғой. Сонда көңіліңізде қалған өкініш, орындалмаған арман, қол жетпеген биіктер бар ма?
– Мәке, адамда арман таусылған ба? Көңіл деген көк дөнен сияқты ғой, бар болғыр ол тоя ма? Қанағат деген де адамды ойлантады ғой. Өз басым қанағатсыздық дегенді онша ұната қоймаймын. Бірақ өнердегі, шығармашылықтағы қанағатсыздық, әсіресе, творчество адамына өте қажет те шығар деген ой келеді.
Өткен жолыма қарасам, әрине, біраз дүниелер жазылыпты. Оларды жоғарыда өзіңіз айтып кеттіңіз, бағасының қаншалықты екенін жұртым біледі. Мемлекет тұрғысынан алғанда кейбір ерекше деген шығармаларыма сыйлықтарын да берді. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты болдым, «Халықтар достығы» орденімен марапатталдым. Бұйырған атақтарды да қанжығаға байладық. Жалпы алғанда, өз қатарыммен, өз ортаммен салыстырғанда көңіл толар шаруалар жасалды.
Бір қызығы, сол біткен шаруа, жазылған шығарма көп адамды қанағаттандыра бермейді. Өйткені, жазылмаған дүниелер бұрынғылардан да жақсы болатын сияқты болып тұрады. Жаңа шығармаңда бұрын ескермегеніңді айтатын сияқтанасың. Бұл да бір табиғи құбылыс шығар. Бір мысал, баяғыда Нобель сыйлығын алған кезде Р.Тагордан сұраған екен: «Қай шығармаларыңызды жақсы деп санайсыз?» –деп, сонда Тагор: «Келесі шығарма жақсы болатын шығар», – деген екен. Ұлы қаламгердің осы жауабы творчество адамдарының психологиясын толық білдіреді. Бұл өзі барлық өнер адамдарының басындағы жағдай. Тіпті, келесі музыкам, келесі шығармам бұдан жақсырақ болады деп үміт артпайтын сазгер табыла қояр ма екен?
Махамбет жайлы опера жазу жас кезімнен арманым болатын, ол орындалды деп есептеймін. Ал іште бүгіліп жатқан бір құпия-арманым – Сырым Датұлы туралы шығарма жазу еді. Бүгінде маған, басқа түскен ауыр дертпен күресудің өзі Сырым Датұлының күресінен кем емес. Мені асыл армандарыма «Махамбет» операсы және басқа да шығармаларым жеткізе ме деймін. Оны уақыт көрсетер. Уақыттан артық ұлы төреші жоқ. Уақыт өзі бәрін екшеп, орнына қоятынына сенемін.
– Базеке, Сіз 1984-1987 жылдары Қазақ опера және балет театрының директоры болдыңыз. Сіздің жүріп өткен өмір жолыңыз белгілі бір буынның өнердегі ортақ өмірбаяны іспетті болар деп ойлаймын. Сол жылдардағы Опера және балет театрының жай-жапсары туралы айтып өтсеңіз?
– Ол театрдың ең бір дәуірлеп өскен жылдары болатын. Ол уақытта қазақ ұлттық операларымен қоса батыс Европаның «Кармен», «Севиль шаштаразы», «Травиата», «Риголетто», «Аида» сияқты озық шығармалары қойылушы еді. Сол жылдарда мен Ермек Серкебаев, Байғали Досымжанов, Бибігүл Төлегенова, Кәукен Кенжетаев, Шабал Бейсекова, Ғарифолла Құрманғалиев, Роза Джаманова, Бекен Жылысбаев сынды сахна тарландарымен бірге жұмыс істегенімді мақтан тұтамын. Қазір есіме алсам, осы күнге дейін көңіліме шуақ құйылғандай болады. «Севиль шаштаразысында» Ермек Серкебаев қандай еді. Айтуға тіл, жазуға сөз жетпейді. Ермек сахнаға шыққанда бүкіл көрініс дүр сілкініп, бояулар ерекше құлпырып кеткендей сезілуші еді.
Осылардың қай-қайсысы да мен үшін қымбат. Бұлар менің ортам еді ғой, қатарымыз сиреп барады. Ескі көзден қазір бес-алтауымыз ғана қалыппыз. Шіркін, уақыт-ай, қандай жылдам едің… Көзді ашып-жұмғанша өте шыққан сияқты…
Бір қызығарлығы, ол уақытта әр республикада мәдениет пен өнер, опера күндері, әртүрлі ән байқаулары жиі өтетін. Оған қызу дайындалушы едік. Бәрімізде бір қызығушылық болатын, жатпай-тұрмай ізденетінбіз. Сол ізденудің нәтижесінде жаңа шығарма қойылатын. Осындай өнер байқауларынан кейін атақ беріліп жататын. Өнер адамдары осылай түлеп, өсіп отыратын.
– Қазіргі уақытқа көзқарасыңыз қандай?
– Осындай аласапыран уақытта адамды адамгершілік жолдан ауытқытпай ұстайтын құдірет – өнер болуы керек. Өнер адамды тәрбиелейді, тазартады. Жүрегіңізде кіршік болса, жақсы өнер шығармаларын тыңдау арқылы әлгіден арыласыз. Бірақ қазір сол өнер-білім кейінге ығыстырылып қалғандай.
Бір кезде, шіркін, арамызда Еуропаша айтатын бір әнші болса деп армандаушы едік. Қазір жақсы даусы бар әншілер келді, бірақ олар шет елдерде өнер көрсетуде. Композиторларымыз опера жазуды қойды. Сахнаны эстрада басып кетті. Мен эстрадаға қарсы емеспін, бірақ шет елдік әртүрлі қым-қуыт музыкаға сөзін түсінбесе де жер тепкілеп елігіп отырған жастарды көріп кейде түрлі ойға қаламын.
Десек те, өсу керек. Классикалық шынайы өнер әлеміне ұмтылу – көңіл өсіреді. Классикалық туындылардың, Бизенің, Вердидің, Чайковскийдің шығармаларының өміршеңдігі оның тәрбиелік мәнінде ғой.
– Бүгінде опера театры көрермендерінің азайып кетуі осыдан деп ойлайсыз ба?
– Опера және балет театрының бүгінгі жағдайын ойласақ, жүрегіміз ауырады. Қоғамымызда түрлі өзгерістер болып жатыр, дегенмен өнерді өгейсітпей, ел басшылары қолдап, қамқорлық жасап отырғаны жөн болар еді. Жаңа уақытқа сай жаңа адамдар керек шығар. Соларды тауып, режиссерлікке, дирижерлікке, балетмейстерге, концертмейстерге, театр суретшілеріне арнайы оқыту қажет болар бәлкім. Опера – классикалық музыканың шыңы ғой. Бізде шынайы опера өнері болған, әлі де бар, соны биік деңгейде ұстап отыру үшін жекелеген тұлғалар ғана жетіспейтін шығар. Ондай тұлғаларды уақыт өзі тудырады деп ойлаймын. Қолында билігі бар, өнерге қатысты азаматтар уақытқа, уақыт ағымындағы өтпелі нәрселерге ғана қызмет етпей, өнерге қызмет етсе деген тілек қой біздікі. Сонда өнеріміз де көгеріп-көктер ме еді?!
– Базеке, ендігі сауал отбасыңыз жайлы. Сіз сырқатқа ұшырап, зейнеткерлікке ерте шықтыңыз. Содан бергі жанәлеміңіздің әлдилеушісі, өмірдегі және отбасындағы серігіңіз, құдай қосқан қосағыңыз Бану және ұрпақтарыңыз жайлы айтсаңыз. Бұл сауалымды Ақұштап Бақтыгерееваның Сіздің 70-ке толған мерейтойыңызға арнаған өлең жолдарымен толықтырғым келеді.
Қалайсыз Аға, көзіңнен сезем барын мұң,
Шыдамды халден мінезін көрем Нарынның.
Алматыдайын төрінде тұрып қазақтың,
Өзіңнің, бәлкім туған жеріңді сағындың.
Жылдарды қуып жүрегі бәлкім алқынған,
Сол жалын шақтан қалды ма енді салқын қан.
Суретін көріп арманың болған Бану қыз,
Айныған жоқ па баяғы іңкәр қалпынан.
Сүйіп жүр, бәлкім, сол сұлу Сізді аңсатқан,
Ауру емес, қу тірлік шығар шаршатқан.
Айналып жатыр Ақжайық ұлдан талантты,
Кантаталар мен опера жазған саусақтан.
(Ақұштап Бақтыгерееваның бұл өлең жолдарында Базекеңнің біраз жылдар бойы сырқаттанған мұңды қал-ахуалы менен Гүлбану Майкенқызының осындай жағдайда адал жар бола білгені тұспалданып айтылғандай).
– Мен Гүлбанумен ол Қазақ Мемлекеттік Университетінде оқып жүрген кезінде таныстым. ҚазМУ мен консерватория көршілес ғимараттарда орналасқан-ды. Гүлбану Майкенқызы университетті үздік дипломмен бітіріп, қазақ тілі кафедрасында аспирантурада оқып жүрген кезі болатын. Бану туралы көп айтуға болады. Менің жеке өмірімде оның алатын орны ерекше. Ол менің тек жарым ғана емес, шығармаларымның бірінші тыңдаушысы, «сыншысы», кеңесшім. Мұның барлығы оның өнерге жақындығынан ғой. Ол қоғамға да бір кісідей еңбек етті, өмірін жасөспірімдерге білім беруге арнады, көп жылдар бойы гимназияда ұстаздық етті. Ал Банудың менің денсаулығыма байланысты жасап жүрген еңбегі шексіз…
Ұрпақтарым туралы айтарым: бәрі де жоғары музыкалық білім алған. Әселім музыка зерттеушісі. Ұлым Бейбарыс музыкалық және техникалық білім алған. Қазір жеке кәсіпкер, киноиндустрия саласында шығармашылықпен айналысады. Келінім Раушан өнер ғылымдарының кандидаты, консерваторияда сабақ береді. Балаларымның барлығы да үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) меңгерген.Немерем Гәкку – болашақ архитектор, сурет салады. Одан үлкен үміт күтемін. Тұрар немерем математикалық мектепте оқиды, ал Бекарыс немерем туралы айтуға ертерек.
– Әңгімеңізге көп-көп рахмет!