Асылдың көзі — арғымақтың тұяғы
11.06.2025
110
0

Егеухан МҰҚАМӘДИҚЫЗЫ

Көкала енесінен жорға туған,
Тілерсегі бүгіліп зорға туған.
Жорғаның белгісі сол аяқтанбай,
Үш-төрт күнде орнынан әзер тұрған.

Аяқтары салалы, ұзын тұрқы,
Құлын мүше арса-арса, қиқы-жиқы.
Кең танау, саптаяқтай салпы ерін,
Сауыры қақпан белден сәл шығыңқы.

Жылқының өрісі кең сайын дала,
Тай-құлын жарысатын ойын сала.
Өрістен жылқы айдасаң қиқу салып,
Көкала жорғалайтын тайында да.

Өткен жылы ол асау тай болатын,
Тұлғалы ат болуға сай болатын.
Желілес тайларменен қасынысып,
Парымен іріктеліп жүрген жақын.

Мың тоғыз жүз елу тоғыз жылы келді,
Дүбірі дүрліктірді тамам елді.
Бірлестіктену, жеңу
Жарлық шықты,
«Бір адам бас тартпасын»
Бұйрық берді.

Қозғалыс ел көлемін дуілдетті,
Ойға, қырға, үкімет үні жетті.
Саялайтын сайғақсыз сандалып ел,
Жарлықтан жаны қысым күйреп кетті.

«Бас тартпа!» деді үкімет жолы сара,
Мал аяған жан берер байқап қара.
Құрманхан бастық ақын жазды учет;
«Отырма тау қойнында жеке дара».

Жоғарының қолында ел болашағы,
Бірлестікке біріксін ынтымағы.
Мал баққанға жетпіс бес, қартқа он алты,
Қызметкерге он бастан малдың саны.

Тамам халық түсінді өзгерісті,
Бірлестіктену жеңді көз көрісті.
Шер-шеменін шегерді шендеспеді,
Жарлық жарқын, қаһарлы бұйрық күшті.

Айдынбай айдап алды байдың мыңын,
Бірлескен соң арттырмақ адам құнын.
Халық малсыз, қауқарсыз қала берді,
Ешкім елеп-ескермей жанның мұңын.

Жоғарыдан қойылған талап қандай,
Зәрлі закон запыран таратқандай.
Бес жүз жылқы тегін ап қалдырды екен,
Өз майынан жұғынды жалатқандай.

Біз алдық сегіз ұсақ, екі жылқы,
Жылқы мал жақсы болса, жанның құны.
Бір жылқымыз көкала жорға құнан,
Айтулы ақ айғырдың жалғас ұрқы.

Көкала құнан оңды қас-қабағы,
Аласа емес аттан бой шанағы.
Текті айғырдың тұқымы тегін емес,
Бір әулеттің тарихы басталады.

Көкала көп заманның куәгері,
Әке, бала, немере өмірлері.
Ажырамас ат, адам тағдыры үндес,
Қиюласқан қилы өмір мұрагері.

Жыл еді мың тоғыз жүз отыз сегіз,
Қасіретті бір нәубет болған деңіз.
«Молда – халық жауы» деп тірі әкетті,
Айтты енем: «Жағдайды түсініңіз».

Екі жендет қаһарлы келді кіріп,
Үй іші қалтырады түгел тұрып.
Әй-шәйіңе қарамай зікір салып,
Күйеуімді апыл-ғұпыл киіндіріп.
Толғатып өмір-өлім белдескендей,
Қиналып, аспан құлап, жер көшкендей.
Жан-терім шығып, бебеулеп тұрғанымды,
Елемеді ескеріп тұр ма көрмей?

Ширығып іші-бауырым құрысқанда,
Шырқырап шыбын шіркін ышқынғанда.
Шыр етіп сәби түсті босағада,
Толғақ сыры беймәлім тылсым жанға.

Ешбір жанға бермесін қапалы есті,
Босандым, әйтеуір, тірі бала түсті.
Өлі-тірі арасында сенделектеп,
Қайран жар, бастан кешті құбылысты.
Сүлдерін сүйреп алып шығып кетті,
Қу шыбын әрең-пәрең атқа жетті.
Аңырап ана ғаріп құлап қалды,
Дәрменсіз бала-шаға шулап кетті.

Естілді ауыл-аймақ жылағаны,
Көл қылып көздің жасын бұлағаны.
Кіресі-шығасалы менің есім,
Шаңырақ шайқалып тұр, құламады.

Қайғылы, қасіретті өтті жалған,
Адамда орындалған бар ма арман?!
Халық жауы молданы әкеткен соң,
Үкімет малын, мүлкін тонап алған.

Орындық анасы асқан зерделі еді,
Тағдырдан сан тауқымет көрген еді.
Құмардың өзін алдың, малын алдың,
Ақ айғыр көшке мінем бер деген-ді.

Бұл өмірден жақсы да, жаман да өткен,
Адамзат өткен талай өткелектен.
Серікбай да сергелдең семсері еді,
Анаға ақ айғырды беріп кеткен.

Ата салт ағайынды әспеттеген,
Ағайын тату болса ат көп деген.
Ауқатты ағайыны Сары Қатыран,
Көшіріп ап көп-көрім енші берген.

Қарағым, қажыма Кәп, қапылыста,
Байтал берем айғырмен жеке ұста.
Әкеңнің айғырының тұқымын ал,
Байтал да текті жылқы, бұл бір нұсқа.

Бабасы ықыласпен берген еді,
Торы байталдан торы құлын ерген еді.
Торы құлын өзі еркек жорға екен,
Жылқы ішінде жорғалап тербеледі.

Торы құлын айғыр болды тоқпақ жалды,
Кәп ағасы Күнтуған болды қалды.
Бес байтал таңдап сатып алып келіп,
Торы айғырға қысырақ үйір салды.

Бес байталды көк байтал жоны биік,
Жібек жалы төгілген бұлаң құйрық.
Көкала жорға соның құлыны еді,
Әкеден баласына жеткен сыйлық.

Қора бос, көңіл олқы, тосын әлі,
Кәп құнанның қасында отырады.
Науадан жем жеп тұрған жорға құнан,
Артқы аяқпен құлағын қасынады.

Жалт етіп қарағанда таңғаларлық,
Тақыр шаптан тұмар қал көрді анық.
Тұмар қалды жылқы бар көр дегенде,
Іздеп таппай қойған-ды көп сандалып.

Жүгірді қалды көріп анасына,
Жасынан жанашыры панасына.
Жорға құнан шабынан қал көргенін,
Қуанып анасына айтты асыға.

Анасы да таңданып мәз боп қалды,
Ұмыттырар жорғамыз берген малды.
Тұмарлы жылқы айтқан қасиеттеп,
Құсайын бақсы сөзін есіне алды.

Құсайын құмалақшы, бақсы еді,
Көріпкел, әр нәрсеге көп-ті ебі.
Сұранып таныс үйден шай ішетін,
Қамаудағы кезі еді, түрмедегі.

Көріпкел бақсылығың емес ерсі,
Жіберсе шай ішіп тұр күнде келші.
Бес жаста жетім қалған жалғыз ұлдың,
Құмалақ сап өмірін болжап берші.
Көріпкел құмалақ сап көретін-ді,
Айтқаны айтқанындай келетін-ді.
Болашақты болжайтын боямасыз,
Көргенін анық айтып беретін-ді.

Сол қасиет түрмеге қаматқан да,
Қауіптіге бір басын санатқан да.
Қырық бір шөптің басы, ақ сары бас қой,
Құмалағы ұлтарақтың дәл астында.

Шақырып кәрі жынын лайықталды,
Құбылып нақ бақсыға ұқсап қалды.
Ананың ақ тілегін ауызға алып,
Қастерлі құмалағын жайып салды.
Келіннің сұлу екен қас-қабағы,
Аяғы ауыр келінің қыз табады.
Жылқыңда тұмар қалды бір жылқы бар,
Мінбесе оны, баянсыз болашағы.

Бәйбіше, айтқанымды түгелдей ұқ,
Тұмар қал қасиетті есіңе тұт.
Тұмарлы атқа келін бала өңгерсе,
Әулетіңе, ұлыңа қонады құт.

Тұмарды жапсырмаған тектен тегін,
Алла өзі жебемекші жетімегін.
Үш бұрыш тұмар қалда қасиет бар,
Нұсқаған өсер ұрпақ келешегін.

Бақсының айтқанын Кәп ес көреді,
Қалт жібермей әр сөзін ескереді.
Ақи мен Солтыкейді ертіп алып,
Жылқысынан тұмар қал тексереді.

Саяқ сандырақ жылқы жоқ ала бөтен,
Аңғарылмай ағаттық кетті ме екен.
Тарығып, торығумен қойған еді,
Енді білді желіде құлын екен.

Онда ол құлын еді құнан шықты,
Қайшылық қайшалысты ұғынықты.
Аңыз адам секілді алуан сырлы,
Көкала жорға жолы тым қызықты.

Көкала жорға өзі ұнамды еді,
Қызықтырып тұратын көргендерді.
Тойлатып төрт аяғы тең жорғалап,
Тұлғасы тұтас, биік, қатты белі.

Баптаса баптанатын қуаты өрлей,
Құйғытып құстай ұшып қанат сермей.
Тойшыларды тобымен тамсандырып,
Адымы ашылатын ырық бермей.

Жүрісі шапшаң аяқ алымды еді,
Тез ұтатын алысты шалымды еді.
Жорғасынан еш танбай тайпалса да,
Қанша жортса шаршамас, босап белі.

Жануар тумысынан су жорға еді,
Тақымға да толымды, көлемді өңі.
Танбайтын тар жолда да жорғасынан,
Жарыстарда теңгерген ылди – өрді.
Жорғасы тайпалғанда қызықты еді,
Кететін кей көңілді бұзып тегі.
Көз көрімнен көлбеңдеп ұмтылғанда,
Ілезде таятынды жердің шегі.

Жорғасы жол бойында тайпалатын,
Жанға жайлы, тербеліп, шайқаласың.
Жүрісінің жұмсағы-ай, майдасын-ай,
Ұйқым келіп кетті деп айта аласың.

Жүрісі білінбейді сырғиды екпін,
Есесін еңсереді елгезектің.
Ауада қалқып келе жатқандай боп,
Ұмтылғанда ұтады алдын көптің.

Жорғалап жортқан кезде сүйкімдісі-ай,
Қимылы жарасады өзіне сай.
Аптығып алқынғаны аңғарылмай,
Кең танау, тесік өкпе тынысын-ай.

Бабаның қабыл болсын ақ ниеті,
Ат үсті әулие дейді өсиеті.
Сүмбедей сымбатымды сақтап қалған,
Желіс пен жорға ат мінген қасиеті.

Көкала жорға ерекше тайпалады,
Жорғасы жосықтысы байқалады.
«Пай-пай-пай! Жүрісінің ғажабы-ай» – деп,
Көзін салып көрген жан тамсанады.

Көкала жорға жортса жол алатын,
Алысты жақындатып мал алатын.
Қатар шыққан жорғаны басып озып,
Жарыста жалғыз қара келе алатын.

Көкала жорға мәре сызығына,
Жеткеніне шаттанды ел қызығына.
Ерін ап, терін сүртіп Кәп жетелеп,
Төгіліп, бөлеп, құшып тұр шұғыла.

Өзекте – өкінішті, өшпес арман,
Тарихи талай тартылыс өтті жалған.
Әкеден айшықты бір белгі болып,
Көкала жорға осы қолда қалған.

Әкем көзі көкала жорға дейтін,
Әкемнен тірі айырылғам зорға дейтін.
Әкемнен қалған ақ көк айғыр ұрқы.
Көкала атпен жеңілер қайғы дертін.

Кәп сеніп, өмір шартын тең ақтады,
Елеулі іс жасауға қанаттанды.
Жасынан ат жалында ойнап өскен,
Жүйрік, жорға жаратып, ат баптады.

Той десе аттанамыз, бек шаттанып,
Жеке ат мініп жүйрікті жетекке алып.
Кәп тойшымен кеңесіп шешіледі,
Жорға мінген жосимыз жорға салып.

Көкала жорға айбыны тұрады асып,
Ауыздықпен алысып жағаласып.
Жорға мінген жігіттен озу үшін,
Тайпалдырам жорғаны жанталасып.

Көкала жорға маған меншіктеген,
Ұнастырып күміс ер, көпшікпенен.
Өмілдірік,
Құйысқан,
Күміс жүген,
Мінгенде масаттанып, мен сүйінем.

Бөтен жанды жанына жуытпайтын,
Бесікті иіскеп, өгірме жуықтайтын.
Бесік алып, айтысқа, тойға барам,
Көрпесі жалбыраса қымсынбайтын.

Атпенен қатар жортсақ жарысатын,
Қызығып та, қызғанып қарасатын.
Ой-хой, дәурен,
Қос жыршы, қос серігің.
Көтердің дейтін жұптық парасатын.

Өмір дастан өрнегін қарап тұрсақ,
Ақын болдық екеуміз, шабыт құрсап.
Жорға, жүйрік атбегі атандырды,
Көкаланың жолында өсті ұрпақ.

Елуде егделемей еркіндедім,
Алпыс жас албөрі шақ, серпінді едім.
Жетпісте жеңіл атқа жолай алмай,
Қойшының қой торысы игергенім.

Сексен бес ерттеулі аттан жырақтатып,
Жұп-жұмсақ креслоға тұрақтатты.
Таң атпайын десе де, күн қоймайды,
Бала жетелемесе ырғақтатты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір