«ЖАЗУШЫЛЫҚ – ТӘҢІР БЕРГЕН СЫЙ ЕМЕС»

Алис МОНУРО:
Алис МОНУРО – канадалық жазушы. Ол «Көлеңкелер өлшемі» атты тырнақалды әңгімесімен-ақ бірден танылды. Ал «Көлеңкелер биі» атты туындысы Канададағы ең үлкен әдеби сыйлықты иеленген болатын. Швед академиясы оны «Заманауи әңгіме жазудың үздігі» деп бағалап, 2013 жылы Нобель әдебиет сыйлығын берді. Ол – Нобель сыйлығын иеленген тұңғыш канадалық жазушы.
Шағын әңгімелерінің өзіне бір романның идеясын сыйғызып жазатын кітаптары әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, басылып шықты. «Дауыс», «Қызыл көйлек», «Пойыз», «Құштарлық» сияқты туындылары Монуроның жазушылық шеберлігін, өзгеге ұқсамайтын стилі бар екенін аңғартады. Әдебиет сыншылары мен қаламдастары оған «Канаданың Чеховы» деген лақап ат қойған.
– Шығармаларыңызда әңгімешілдігіңіз менмұндалап тұрады, бұның жөні қалай?
– Үнемі әңгіме құрастырып, оны қағазға түсіруге дағдыланғанмын. Бала кезімде мектепке барар жол тым қашық болды, сол кезде әңгіме құрастырып, оны өзіме-өзім айтып беруші едім. Есейген сайын оңашадағы «әңгімелерім» көбейе түсті. Бірақ сол кезде құрастырған әңгімелерімді біреуге ұсынып немесе оны жариялауға ынтам болмады. Себебі, ол дүниелерді басқалардың білуін қаламадым. Ол әңгімелердің көбі сол сәтте ойыма алған құбылыстар туралы, өзім туралы, Ханс Андерсеннің «Кішкентай су перісі» туралы болып кете беретін. Сол шығармадағы кейіпкердің сұңғылалығы, тапқырлығы арқасында өзі үшін көркем өмір жаратқанына тәнті болатынмын.
– Айналаңыздағы табиғат, орта шығармашылығыңызға қандай шабыт берді?
– Мен ешқашан айналамнан шабыт іздеген жан емеспін. Бала кезімдегі секілді әңгіме құрастырумен «ауыра бердім». Сол әлем, сол орта маған барын сыйлайды деп сендім. Сол үшін де ескі дағдымды үзбей жалғастырып келемін. Осы арқылы күндердің күні үлкен аудиторияға, күллі оқырманға жүрегімде жазылған сырларды, атап айтқанда, әңгімемді жеткізе алатыным аян еді.
– Шығарма жазуда неге баса назар аударасыз?
– Бұл сұрағың өте орынды. Жаңадан жазып жүргенде туындымның сәтті аяқталуына көңіл бөлдім. Егер шығармам сәтсіз аяқталса, кейіпкерлерім әлдебір қиындыққа ұшыраса, мен оған шыдай алмаймын. Жуықта, Эмили Бронтенің «Күркіреуік таулар» атты шығармасын оқыдым, аталған автордың бар өмірінде жазған жалғыз шығармасының соңы өте трагедиялы түрде аяқталған. Осыдан кейін мен өз
ойымды түбегейлі өзгертіп, қайғылы күйге ұшырадым. Көрдіңіз бе, шығарманың сәтсіз аяқталуы оқырманға қатты әсер етеді. Бұл менің жеке көзқарасым. Бірақ бұндай пікірлер мен көзқарастарды бұдан бұрын да, менен бұрын да талай әдебиет сыншылары мен ақын-жазушылар жеріне жеткізе айтқан.
– Канаданың шағын қалашықтарының өмірін сипаттауда қандай қызықты жағдайлар бар деп ойлайсыз?
– Меніңше, әрқандай өмірдің, әрқандай ортаның өзіне тән қызықтары бар. Егер мен шағын қалашықта өмір сүрген болсам, қазіргідей батыл әрі өзгелермен бәсекелес бола алмас едім, ең маңыздысы, озық өркениеттен құр алақан қаларым даусыз еді. Бұл жағдайлармен күресуге дәрменсіздік танытар едім. Әңгіме жазудың қалай болатынын білетін жалғыз адам – менмін. Бірақ бұл туралы айқай-аттан салып, өзімді жарнамалаған емеспін. Уақыт бәріне төреші екен, аз ғана уақыттың ішінде, мен өз арманыма жеттім, өз биігіме көтерілдім.
– Өз шығармаларыңызға қанағаттанып көрдіңіз бе?
– Көп жылдар бойы қанағаттанып жүрдім. Бірақ есейген соң, көптеген қаламгерлерге кездесіп, пікірлескен соң, өз ойымның ағат екенін білдім. Осы жағдайдан кейін, шығармашылық жұмыстың мен ойлағаннан да қиын әрі күрделі екенін таныдым. Бірақ күдер үзгем жоқ. Қолымнан келгенінше жақсы жазуға тырысып келемін…
Сұхбаттасқан
Стефан АСБЕРГ,
ағылшын тілінен аударған Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН
(Толық нұсқасын газеттің №20 (3654) санынан оқи аласыздар)