Елшінің кеңесшісі Мұстафаның моласына мән берген
24.01.2023
456
0

Дархан (Ұлы) даланың данышпандары мен даналарының, ұлылары мен асылдарының, қайраткерлері мен ұлтжандыларының есімдері тарих бетінде алтын әріппен жазылса да, кейбіріне туған жердің, атамекеннің топырағы бұйырмағаны өкінішті. Бірі тағдырынан жат жердің топырағын жастанса, бірі ұлттың басына төнген қатерден, қуғын-сүргіннен қу сүйегін сүйретіп, жан сауғаласа, енді бірі халық жауы атанып айдауға түсіп, азғындық азабынан жат жердің топырағында қалды. Ал енді кейбірінің сүйегі көмусіз, белгісіз иен далада шашылып қалғанына тарихи кезеңдер куә.

Ел Тәуелсіздік тізгініне қол жеткізген жылдардан бастап халқымыздың біртуар тарихи тұлғаларының біразының шетелдегі жатқан жерлері анықталып, зираттары қалыпқа келтірілген еді. Әр жылдары жат жердегі тұлғалар зираттарына құлпытастар қойылып, атамекеннен бір уыс топырақ та себілді. Сол елге іс-сапармен барған мемлекет басшысынан бастап, атқарушы атқамінерлер мен зиялы қауым өкілдері, түрлі іс-шараға барған қазақстандық делегация ұлылар рухына тәу етіп, құран оқытып жатады. Бұл дағды өзге мемлекеттің мекенінде жатқан қазақстандық ұлылардың артында іздеушісі – ұлты мен ұрпақтарының барының белгісі еді.
Мысалы: Әлемге танымал ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің зиарты Сирияның астанасы – Дамаск қаласында. 17 жыл Мысырды билеген Сұлтан Бейбарыс­тың зираты Дамаскідегі Баб-әл-Барид мазарында. Атақты тарихшы, әйгілі «Тарих-и-Рашиди» кітабының авторы Мұхаммед Хайдар Дулатидің зираты Үндістанның Кашмир қаласында. Қазақтың төбе биі Төле бидің мазары Өз­бекс­танның астанасы – Ташкентте. Әй­теке бидің зираты Өзбекстанның На­уаи қаласында. Алаш көсемі Әлихан Бө­кейхановтың зираты Мәскеудің Дон зира­тында. Ұлт зиялысы, күрескер Мұстафа Шоқайдың зираты Германияның астанасы – Берлин қаласында. Қазақтың даңқты спортшысы, әлем мойындаған таэквондошы Мұстафа Өзтүріктің зираты Түркияның Стамбул қаласында. Бұл аруақтарға да жоғарыда айтқандай зират басында құлпытастар қойылып, рухтарына құрмет көрсетіліп, құран оқытылды.
Тізбектелген тұлғалар тізімінің ішінде Мұстафа Кәбенұлына тоқталсақ. Мұстафа өзге тағдырластары сияқты жат жердің топырағын амалсыздан жастанған жоқ. Мұстафа Өзтүрік өзінің кіндік қаны тамған Түркияда жатыр. Ата-бабасы, ата-анасы сонау «тар жол, тайғақ кешу» жылдары қуғынға ұшырап, Түркияға қоныс тепкен қазақтар. Даңқты спортшы, таэквондодан 6 дүркін әлем чемпионы, қара белбеу, 6 дан иегері, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Кәбенұлы атамекенін аңсап елге келеді. Қазақстанда таэквондо федерациясының негізін қалады. Өкініштісі, ажалы Атамекенде орын алды. Көп деректерде қастандық жасалынған делінеді. Бірақ заң тұрғысынан анықталмаған. Міне, «Атамекенім, Қазақ­станым, қазағым – қандасым», – деп келген маңдайы жарқыраған, әлемді мойындатқан спортшымыздың өлімі қазақ халқының қабырғасын қайыс­тырды, туған-туысқандарының жанын жаралап, үлкен өкініш тудырды. Сол шақ­тағы елдің зиялылары мен кейбір мінбеде жүрген ақ жағалылар ұлттың оғыланының сүйегін атамекенінде қалдыруын өтінгенімен, туыстары көнбеді. Әрине туғандарының жүректегі өкініш пен өкпесінің жарасы жазылмады. Сонымен Мұстафа Өзтүріктің сүйегі де жат жердің топырағын торқа еткен ұлылардың тізіміне тізбектеліп, тарих парағына енді.
«Шетелдегі тарихи тұлғаларымыздың зиратына барған мемлекет басшысынан бастап, зиялы қауым өкілдері жанашырлық таныта ма?! Бүгінде өзге мемлекеттің жерінде мәңгі мекенін тапқан тұлғаларымыздың зираттары қараусыз жатқан жоқ па?! Бүгінгі күйі қандай екен?!» деген сұрақтар ұлтжанды, ұлт үшін шынайы үн қатқан әрбір қазақты мазалайтын ой екені анық.
Дегенмен өзгенің топырағын торқа ет­кен тұлғалардың зиратын тазалап, құл­пытастарының жазуы өшіңкіреп, бояуы кеткен жағдайды байқаса, қалыпқа келтіретін ұлтжанды азаматтарымыз да бар екен.
Оның бірі әрі бірегейі – Қазақстан Рес­публикасының Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі Раев Қуат Сәрсенбайұлы. Қуат Сәрсенбайұлы – Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданындағы шағын ғана Көкжыра ауылының тумасы. Бастауыш сыныпты туған ауылында оқып, жалпы орта білімді қазіргі Өскемен қаласындағы дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясында тәмамдайды. Жоғары оқу орнына түсіп, үздік аяқтады.
Қуат Раевтың 2023 жылдың 6-қаңтарындағы әлеуметтік желіде тараған видеосы көпшіліктің ақ тілегі мен алғысына бөленді. Сол видеоны көре сала бұл азамат­тың азаматтылығына, ұлтжандылығына тәнті болып «жаңаны көрмекке, жақсыны білмекке» деп байланыс телефонын тауып, бірден хабарластым. Көпшіліктің ықыласына бөленген әрі назарымды аударып, Қуатты іздеуім – ол Қуаттың қазақты қуантқан іс әрекеті. Әлеуметтік желіде Қуат Сәрсенбайұлы Түркияның Стамбул қаласының Гүнешлі ауданындағы Мұстафа Өзтүріктің зиратындағы құлпытастың жазуының өшіп қалғанын баяндай отыра, тастағы жазылған бір ауыз өлеңнің әріптерін және таста қашалған мұсылман бейітінің белгісі болған айды бояп, қалпына келтіреді. Қуатпен телефон арқылы сөйлесе отырып, шетелде үлкен қызметте жүрсе де ұлтжандылық пен ұлы тұлғалардың аруағына құрмет көрсетуді популизм тұрғысында емес, патриотизм тұрғысынан көрсете білгеніне қанық болдым. «Мұстафаның зират басындағы құлпытасының әріптерінің бояуы кеткенін қайдан білдіңіз?» деген сауалыма Қуат «Стамбул қаласына арнайы Мұстафа Өзтүрік ағамыздың зиратын іздеп келдім. Жұма күні құран оқыдым. Басындағы құлпытасқа назар аударсам, қашалған әріптердің бояуы өшіп қалған. Дұрыс оқылмай тұр. Бірден келесі келгенімде яғни, қаңтар айының 6-сы күні бояу алып, оны қалыпқа келтірдім. Видеоға түсіргенім, жалпы шетелде жүрген азаматтарымыз қазақ халқының біртуар тарихи тұлғаларының ескерткіштері мен зират басындағы құлпытастарына қамқорлық танытып, рухтарына дұға бағыштай жүрсе деген оймен әлеуметтік желіге жүктедім» –дейді елшінің кеңесшісі.
Қуат Сәрсенбайұлының бұл бірінші жасап жатқан рухани іс-әрекеті емес. Ол 2020 жылы Түркістан қаласында қызметте жүргенде әріптестерінің басын қосып, ізгілікті әрі рухани істің бастамашысы әрі ұйымдастырушысы болды. Түркістан қаласында еліміздің спортшылары әлемдік додадан бастап, олимпиада ойындарына аттанғанда қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасов зиратына барып, құран оқып, ақ жол тілеп, баба аруғына тәу етіп қайтады екен. Даңқты балуанның басына барған Қуат Раев кесененің сыртында балуан туралы ақпарат беретін тақтайшаның жоқтығына қатты қынжылады. Қажымұқан біріншіден жай ғана балуан емес, отанын сүйген нағыз патриот әрі батыр. Сонау Ұлы Отан соғысы жылдары қару алып майданға бармаса да, ел аралап, өнер көрсетіп жиған қаражатына майданға ұшақ алып береді. Міне, балуанның осы ерлігі мен батырлығы Қуаттың жүрек қылын қозғап, әріптестерімен балуанның мазарының сыртына аты-жөні жазылған тас қоюға себепші болады.
Ал 2017 жылдары Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Бас мүфтиінің кеңесшісі болып жүргенінде Астана қаласындағы Хан батыр Қабанбайдың басындағы мазарға өз қаражатымен құлпытас орнатып, құран оқытты.
2021 жылы Түркияның Алания қала­сын­­дағы қазақ халқының ақыны Абай Құ­нан­байұлы атындағы саябақ пен ес­керт­кіштің ашылу салтанатында екі ел­дің достығы мен ұлы ақынның адамгер­шілі­гін дәріптеген жүрек жарды өлеңін оқы­ды.
Жыл соңында Түркияның астанасы Анкара қаласында Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толу аясында тұңғыш ұлт ұстазының ескерткіші бой көтерді. Анадолыда қазақ халқының ұлыларының ескерткіштерінің бой көтеруі – бауырлас екі елдің болашағы мен бүгінгі ұрпақтары тарихы мен болмысын жақын білуі, бауырлас халықтың достық қарым-қатынасын нығайта түсуі деп түсінген Қуат Раев қауырт жұмыста жүрсе де, уақыт тауып, арнайы Анкарадағы ұлт ұстазының ескерткішіне баратынын сөз арасында жеткізді.
Әрине, бүгінгі қоғам ортасында мемлекеттік қызметкерлер мен жоғарғы басшылықта, елшілікте еліміздің тарихы мен тілінен, тұлғалары мен танымынан хабарсыз, ұлтжандылық пен отансүйгіш қасиеттен кем, тек қызмет пен мәнсапты ойлайтын азаматтар ғана деген пікірлердің басым екені жасырын емес. Бірақ билікте де, жауапты үлкен қызметте де ұлтжанды азаматтардың бар екенінің дәлелі Қуат Сәрсенбайұлының танымдық әрі тағылымды әрекеттерінде.

Еркебұлан ЗАҒЫПАРОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір