Солтүстікке серпін берген көш
11.10.2024
31
0

Ақ қайыңды, астықты Қызылжар даласы көрген жанның көзін жаулап, тамсантпай қоймасы анық. Солтүстіктің шаруаға қолайлы кең шалғыны, көкжиек бойы жалғасқан орман-тоғайы, балығы тулаған өзен-көлі, түгін тартсаң майы шығатын топырағы жұмыстың ебін тапқан адамды табысқа шығарып, өрге бастайтыны анық. Алайда сырт көзге тұрмысқа жайлы, берекелі аймақ болып көрінгенмен теріскей өңірдің де шешілмей келе жатқан мәселелері аз емес. Солардың бірі – демографиялық ахуалдың күрделілігі.

Деректерге сенсек, 1989 жылдан бері облыс халқы 40 пайызға азайған. Тәуелсіздік алған тұстан бастап тұрғындар саны жыл сайын үздіксіз кеміп отырған. Ұлт­тық статистика бюросының деректеріне сай жыл сайын Қызылжардан мыңдаған адам кетеді екен. Бүгінде мұнда 530 мыңдай тұрғын тіркелген. Ал бұдан бір жыл бұрын солтүстікқазақ­стандықтар 4 мыңға көп болған. Ең өкініштісі, соңғы бір жылда ауыл тұрғындарының саны бірден 5 мыңға кеміген. Өңірден кетіп жатқандардың арасында шекара асатындары да баршылық. Қызылжарда қалуды қаламайтындардың басым бөлігі –жастар. Кәрілік индексі бойынша Солтүстік Қазақ­стан ең соңғы орындардың бірінде тұр. Елдегі орташа кәрілік индексі 28,2 болса, өңірде 56,3. Демек, 15 жасқа дейінгі әр 100 балаға 65 жастан асқан 56 зейнеткерден келеді. Қазақ­стан халқының орташа жасы 32 болса, мұнда 38,9. Тұрғындардың орташа жасы бойынша да Қызылжар соңғы орында тұр. Бүгінгі күннің өзінде мұнда жастары аз, қарт­тары көп, ертеңі бұлыңғыр елді мекендер көп. Туу көрсеткіші де осындағы демографияның алға басуына дем бере алмай отыр. Облыста дүниеге келген сәбилерден, қайтыс болғандар саны көп. Мәселен, өткен жылы 5572 нәресте дүние есігін ашса, өлгендер саны – 5898. Мұны да егде жастағылардың көп екенімен байланыстыруға болады. Бұған 3176 неке тіркеліп, 674 жұптың ажырасқанын қосыңыз. Жастар үлесі аз болғандықтан шаңырақ көтеретіндердің аз екені де белгілі.
Халық санының аздығына қарамастан, Солтүстік Қазақ­стан облысы – елді мекендер саны, жолдардың ұзындығы бойынша алдыңғы қатарға кіретін өңір. Мәселен, ауылдардың көптігі бойынша Қызылжар Түркістан облысынан кейінгі сатыда тұр. Өткен жылы облыс картасында 635 елді мекен болған. Тұрғындар санына есептегенде, әр ауылға 433 тұрғыннан келеді. Жергілікті билік өкілдері биыл ешкім тұрмайтын 7 ауылдың жабылатынын айтады. Заңға сай ауыл мәртебесі берілу үшін елді мекенде кемі елу адам тұруы керек екен. Өңірде тұрғындары елуден аз 141, тұратындар саны онға да жетпейтін 45 ауыл бар. Егер тиісті жұмыстарды жылдамдатпаса, олардың да жұрты ғана қалуы мүмкін. Ауылдарда адам азайған соң ондағы мектептің де есігіне құлып салынатыны анық. Өкініштісі, биылдың өзінде 14 білім ордасы жабылған. Бұл дегеніміз – Айыртау, Жамбыл, Шал ақын, Есіл, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы осынша ауылдың ертеңіне көлеңке түсті деген сөз. Жабылған білім ордаларының қатарында белгілі қаламгердің туған жері Сәбит аулындағы мектеп те бар. Тағы төрт орта мектеп негізгі мектепке айналған. Бұдан бөлек 4 сыныптық қана білім беретін 36 ұйым бар.
Айта берсе, теріскей тұрғындарын алаңдатып жүрген мәселе көп-ақ. Олардың көбі адами капиталдың аздығына барып тіреледі. Халық аз болған соң экономикалық белсенділік те төмен. Бұл тұрғындардың табысына да кері әсер етуде. Осындай күйді көршілес облыстардың халқы да бастан кешіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, Қызылжардың тамырына қан құйылмаса, көрсеткіштер кері кете бермек. Осы түйткілдің шешімі ретінде соңғы бірнеше жыл бойы «Қуат­ты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлт­тық жобасы аясында қоныс аудару бағдарламасы жүзеге асып келеді. Оның аясында халық саны артып келе жатқан аймақтардан Павлодар, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақ­стан, Абай және Солтүстік Қазақ­стан облыстарына отбасыларды көшіріп, бір жағынан – солтүстікке жұмыс күшін тарту, екінші жағынан – қоныс аударушылардың әлеумет­тік жағдайын түзеу көзделген. Көшемін деген отбасыларға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Оның ішінде, әр отбасы мүшесіне төленетін 70 АЕК көлемінде ақша, үйді жалға алу, коммуналдық төлемдерді субсидиялау, жұмыс берушілерге арналған субсидия, үй алуға сертификат­тар, кәсіптік оқу, жұмысқа тұру, кәсіп бастау үшін көрсетілетін қолдау құралдары бар. Оның сыртында жергілікті билік пен жекелеген кәсіпкерлер, қорлардың көрсететін жәрдемі де келушілердің жаңа қонысқа тез үйреніп кетуіне септеседі.
Солтүстік Қазақ­стан облысының даму картасына сай 2025 жылға дейін мұнда 8 мыңнан астам адам көшіп келуі керек. Қоныс аударушылар мен жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту үшін 11 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген. Соңғы 9 жылда облысқа 15 мыңнан астам адам көшіп келген. Десе де денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы салаларына 7 мың кадр керек. Қажет­тілікті өтеу үшін солтүстікке көштің қарқынын арт­тыру қажет.
– Өткен жылы қоныс аудару бағдарламасы бойынша 1,2 млрд теңге игерілді. Оның ішінде, 391 отбасына экономикалық мобильділік сертификаты берілді. Оның басты артықшылығы, сатып алынатын үй құнының 50 пайызын мемлекет өтейді. Субсидия сомасы 1165 АЕК мөлшерінен аспауы керек. Биылғы жылға 200 қандас пен оңтүстіктен келетін 2700 адамға квота бөлінген. Оларды қолдау үшін ел бюджетінен 3,5 млрд теңге қарастырылған, – дейді облыстық еңбек мобильділігі орталығының басшысы Аман Төрегелдин.
Жалпы, ел бойынша биыл 9 мыңнан астам квота қарастырылса, өңірлер арасында ең көбі Солтүстік Қазақ­станға бөлініп отыр. Аталған көрсеткіштің жыл сайын артып келе жатқанын да айта кеткен жөн.
Солтүстікке көштің осындағы қаракөздеріміздің артуына да оң ықпал етіп жатқаны анық. Бүгінде мұндағы қазақтар үлесі 30 пайыздан асады. Облыс тұрғындарының жартысына жуығы – орыстар. Мұндай жағдайда тіл мәселесінің ушығып, күн тәртібінен түспейтіні белгілі. Қоныс аударушылардың арқасында қазақ мектептерінде бала көбейіп, мемлекет­тік тілдің мәртебесі артады деген үміт бар. Ел тағдырына алаңдап, аймаққа келгендердің бірі – Бурахан Дақанов. Азамат жалғыз келмей бірден бірнеше отбасыны оңтүстіктен ерте келген. Онымен шектеліп қоймай, күнгейдегі ағайынды көшқе қосылуға белсенді үгіт­теп жүр. Белсендінің бастамасымен солтүстік облыстарға бірнеше жылдың ішінде жүздеген отбасы көшіп келген екен.
–«Оңтүстіктен-Солтүстікке!» бағдарламасының жүзеге асуына теріскейдегі демографиялық ахуал себеп болды. Осыған орай тұрғылықты халқы сиреп, жұмыс күші азайған өңірлерге күнгей жақтардан отбасыларды көшірудің алғашқы қадамдары жасала бастады. Бұл мәселе тезірек рет­телмесе, 2050 жылға қарай солтүстік өңірлердегі тұрғындардың саны 1 миллионға дейін кеміп, керісінше, оңтүстік халқы 5,2 миллионға артады деген болжамдар айтылды. Сондықтан ішкі көші-қон проблемасын шешуге айрықша мән беріліп отыр. 2022 жылдан бастап қоныс аударған отбасының әрбір мүшесіне тиесілі қаржының көлемі ұлғайтылды. Бұдан бөлек, коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын өтеу үшін бір жыл ақшалай көмек көрсетіледі. Бүгінде облысқа келген азамат­тардың басым бөлігі тұрғын үймен, жұмыспен қамтылған деуге болады. Жасыратыны жоқ, Қызылжар өңірінде жұмыс күшінің тапшылығы айқын сезіледі. Ал күнгей жақтарда екі қолға бір күрек таппай жүргендер жетіп артылады, –деді қоғам белсендісі.
Бурахан Дақанов тек мемлекет­тік бағдарламаларға ғана арқа сүйеп отырған жоқ. Ортақ іске ниет­тес жандарды тартып, келем деушілердің жұмысына өзі де араласып жүр. Жуырда ол осы іспен айналысатын «TÄUEKEL» қоғамдық бірлестігін құрған. Оның аясында белсенді келем деушілерге жасалатын барлық мүмкіндікті бір жерге топтастырып, оларды ақпарат­тандыру, әлеумет­тік қолдау, үй-жаймен қамтудың тиімді тетіктерін ойластырмақ. Нәтижесінде, оңтүстік халқы ақпарат­ты әр жерден іздемеу, мекемелердің табалдырығын тоздырмай, толғандырған сұрақтың жауабын ортақ платформа арқылы ала алады. Бурахан Дақановтың азамат­тық бастамасына қолдау білдіріп жатқандар көп. Облыстың ахуалы, шаруашылығы, табиғаты туралы түрлі ақпарат оның әлеумет­тік желідегі көпке танымал парақшаларында да жарияланып тұрады.
– Мен іргесін қалаған «TÄUEKEL» қоғамдық бірлестігі көші-қонмен айналысады. Біріншіден, теріскей аймақтарға өз қатарынан бұрын көшіп келген, енді қоныстанып жатқан болмаса қоныс аударуға ниет­тенген адамдарды бір арнаға тоғыстырып, бір-біріне өзара көмек көрсетуіне, топтасып қоныстануына мүмкіндік тудырмақпыз. Екіншіден, ұйымның өзіндік жеке қоры болады. Себебі олардың арасында көшіп келгенмен, жағдайы келмей, баспанаға қол жеткізе алмайтындар болуы мүмкін. Сондықтан қор арқылы көмектесу тетіктері қарастырылған. Көші-қон мәселесімен айналысқалы маған хабарласушылар қатары аз емес. Қазір үгіт-насихат, әртүрлі ақыл-кеңес беру жұмыстарын республикалық деңгейде жүргізіп, біраз тәжірибе жинақтап қалдық. Бұдан бөлек, күрделі проблемаларды, арыз-шағымдарды жинақтап, шешуге де атсалысамыз, – деді Бурахан Дақанов.
Қызылжар – кәсіппен айналысамын деген жандар үшін қолайлы аймақ. Бұған көшіп келушілердің сәт­ті жүзеге асып келе жатқан бизнес бастамалары дәлел. Ерінбей еңбек еткен жанға табысқа жетудің мүмкіндігі көп. Мұны 2019 жылы келген Қымбат Еркінова да растап отыр. Шымкент­тен көшіп келген ол бүгінде Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылында тұрып жатыр. Кейіпкеріміз өз таңдауына дән риза.
Мамандығы аспаз Қымбат Пірманқызы өзі тұратын ауылда дәмхана ашқан. Қызмет көрсету орнына «Шымкент» деген атау қойыпты. Бүгінде «Шымкент» дәмханасы смирновтықтар жиі келетін орынға айналған.
– Кәсіп ашқанға дейін ауылда аспаз болып жұмыс істедім. Кейін үйдегілермен ақылдаса келіп, дәмхана аштық. Әзірге бұл орын тек жазда ғана жұмыс істейді. Қыста тәт­ті тағамдарға үйден тапсырыс қабылдаймын. Ақша еңбекпен келеді. Бұл кәсіпті самса пісіріп сатудан бастадым. Кейін нан пісірдім. Жұбайым да қол қусырып отырған жоқ. Жеміс-жидек сататын дүкені бар. Қызылжарға көшіп келгенімізге еш өкінбейміз, керісінше, қуанамыз. Бұл жерде өсемін, өнемін дегендерге мүмкіндік мол. Бастысы, адал еңбек ету керек. Кәсіп ашқанда ешқандай қиындық туған жоқ. Жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетілді, – дейді Қымбат Пірманқызы.
Бағдарламада қатысушылар үшін тағы бір артықшылық, Әлеумет­тік кодекс негізінде олардың кәсіпкерлік бастамаларын грант­тық қолдау қарастырылған. Соның арқасында Қызылжарда шағын бизнес дамып келеді. Көшіп келушілер ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, жеңіл өнеркәсіп салаларында кәсіп бастап, нарық сұранысын өтеп отыр. Соңғы бір жылда жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандар саны 2,1 пайызға артқан. Биыл бизнес бастамаларды қолдау үшін 400 АЕК болатын 230 грант бөлінген екен. Осындай тетіктерді тиімді пайдалана білгендердің бірі – Тоқтарбек Алашбек. Осында тұратынына небәрі бір өткеніне қарамастан ол Николаевка ауылының өміріне белсене араласып, шаруаға кірісіп кеткен. Мемлекет берген үйге қоныстанғаннан кейін, табыс табудың жолын іздестіре бастаған. Ақыры үйінің маңынан қора салып, мал шаруашылығына бет бұрған. Бүгінде ол өз малымен қатар, сеніп тапсырған ауыл тұрғындарының қой-сиырын бағады.
–Мұндағы жағдайға көңіліміз толады. Өткен қыс қыстап шықтық. Қызылжар ауыл шаруашылығына қолайлы өлке екен. Төрт түлік жем-шөптен тарықпайды. Ауылда Қытай мен Ираннан келген оншақты қандас отбасы бар. Жергілікті билік өкілдері жағдайымызды біліп, кеңесіп тұрады. Өзім тағы бір азаматпен бірге мал қараймын. Әйелім бие, сиыр сауады. Үлкен ұлым елордада оқыса, кішісі ауыл мектебінде білім алады. Биыл кәсібімді кеңейту үшін 1,4 млн теңге көлемінде грант иелендім. Егер қолдау болса шаруаны одан әрі дөңгелетсем деген ниетім бар,–дейді Тоқтарбек Алашбек.
Грант қаржысына кәсіпкер бірнеше құлынды бие мен ірі қара сатып алған. Ауыл тұрғыны елді мекеннің 23 жылқы, 80 сиыр, 400 қойын жаздай бағып отыр. Оның ішінде, өзінде 20 сиыр, 50 қой мен 10 жылқысы бар. Істің ебін білетін жан шағын ауылды ет, сүт, құрт-май, қымызбен қамтамасыз етіп отыр. жеті биеден сауылатын қымызды іздеп келушілер көп. Табиғи таза өнім тіпті Астанаға да жөнелтіледі екен.
Бұл рет­те Тоқтарбек Алашбек тұратын ауданда істеліп жатқан жұмыстарға тоқталып өткен жөн. Есіл ауданына биыл еңбек күші көп өңірлерден 27 және төрт қандас отбасы көшіп келген. Аудан орталығында оларға арналған үйлерді орталық жылу желісіне қосу жұмыстары жүріп жатыр. Ал екі кәсіпкер арнайы әлеумет­тік топтан шыққандарға кемі 10 қойдан тауарлы несие ретінде беруді мойнына алған.
Аталған бағдарламаны жүзеге асыруда халықтың игілікті істен құлағдар болуы, ақпарат­тық жұмыстың белсенді жүргізілуі маңызды. Өкінішке қарай, келем деушілердің көбі кімге жүгінерін, қай мекемеге барарын білмей жатады. Осындайда мұның бәрін үйлестіретін арнайы орталықтың қажет­тілігі туады. Аталған түйткіл оң шешіліп, осы жазда облыс орталығында Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеумет­тік бағдарламалар басқармасының қолдауымен Қандастар мен қоныс аударушыларға арналған ақпарат­тық-түсіндіру орталығы ашылды.
– Мақсатымыз – өңірге көшіп келетін азамат­тарға барынша көмек көрсету. Ол – құжат­тарын толтыру, жұмыс табуға көмектесу, кеңес беру. Біз «Еңбек.кз» сайты бойынша да жұмыс істеп, қандай мамандықтар керек екенін, бос жұмыс орны жайында ақпарат алуға көмектесеміз. Биыл біздің облысқа 2900 квота бөлінген. Бұл өзге өңірлерден қарағанда көп. Жуырда Шымкент қаласына барып, бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне қатыстық. 40-қа жуық азамат­ты қабылдап, 14-нің құжат­тарын толтырып алып келдік. Енді солардың көші-қонымен айналысатын боламыз. Бізге Оңтүстік Қазақ­стан, Түркістан облыстарынан келем деушілер көп, – дейді ақпарат­тық-түсіндірме орталығының жетекшісі Әнуар Тоқпанов.
Әрине, келгендердің бәрі бірдей Қызылжардағы тұрмысқа бой үйретіп кетпейтіні белгілі. Мұндағы жағдайға бейімделе алмай, кері кетіп жатқан жандар да жоқ емес. Өкініштісі, мемлекет­тік қолдау есебінен қалтасын толтырып алуды көздейтіндер де бар.
Өңірге қоныс аударушылардың келуімен көшеде ойнайтын балалар да көбейген. Мәселен, биылғы жылдың 7 айында 1205 қоныс аударушы келсе, оның 592-сі балалар. Осылайша бірнеше ауыл мектебін жабу қаупі сейілген. Мысалы, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сулышоқ ауылындағы Гүлнұр Ахаева мен Асхат Нүсіповтің отбасында 17 бала тәрбиеленеді. Олар мұнда 2017 жылы Алматыдан көшіп келген екен. Ерлі-зайыптының туған балалары жетеу болса, қалғанын асырап алған. Үлкен шаңырақта қазақы тәрбие көріп жүрген орыс балалары да бар.
Бағдарламаға қатысушылар Қызылжардағы кез келген ауылға көшіп келе салмайды. Олардың жайлы тұрмысы үшін қолайлы инфрақұрылымы, тұрғын үйлері, жұмыс орындары бар елді мекендер таңдап алынады. Бүгінде бұл тізімге 191 ауыл енген.

Диас АЯҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір