Жүректерге от берген…
11.09.2024
491
0

Адамзат қоғамын бұқаралық ақпарат құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Бірақ ол кімнің қолындағы, қалай сөйлейтін баспасөз екеніне мән беруіміз керек. Гәп осында. Баспасөздің құдіреті сонша, ақты қара, қараны ақ деп дәлелдеп, елдің санасын атала қылып та жібереді. Біз – сондай идеологияны басымыздан кешірген ұрпақпыз.

Ресейдің Қап тауындағы қандастарымыз бен діндестерімізді қалай жау­лап алғанын, атаман Ермактың Орал тауынан бері асып, империяның жерін қалай кеңейткенін, тағы басқа толып жатқан басқыншылықтарын құмарта оқып, айызымыз қанып тұрып айтып беруші едік бір-бірімізге. Ойпырмай деймін-ау, солай кете берсе біз кім болар едік қазір? Ойласаң, жаның шошиды. Дегенмен ақты қара, қараны ақ дегізген фашизм мен коммунизм үстемдік құра берсе, адамзат­тың қандай күйге түсетінін сурет­теген мен білетін бір шығарма бар. Ол – ағылшын жазушысы Джордж Оруэллдің атағын әлемге кең жайған «1984» деген романы. Екінші дүниежүзілік соғыстан ке­йін 1949 жылы жазылған жеке басқа табынған билік үстемдік құрған жағдайда әлем халықтары 1984 жылы қандай күйге душар боларын баяндап береді. Жай баяндамайды, әрбір тұлғаға физикалық және идеологиялық әсер етудің тәсілдерін егжей-тегжейлі тәптіштеп, оның санасындағы қараны ақ дегізген психологиялық процестерді керемет көркемдікпен сурет­тейді. Бұл сурет­терге қарағанда, фашизм мен сталинизм әлі жетіле түспек екен. Олар миллиондаған адамдарды саяси көзқарастарын түбегейлі өзгерте алмаған күйде ат­тандырыпты о дүниеге. Ал Джордж Оруэлл сурет­теп отырған шарт­ты Океания мемлекеті бұны жеңіс деп есептемейді. Нағыз жеңіс ол адамдардың саяси көзқарастарын тірі кезінде түбегейлі өзгерткенде ғана келеді екен. Ең сорақысы, бұл адамдар өзін осынша қинап санасыздандырған озбыр қоғамға соңында тек ризалық сезімін ғана білдіреді. Ол өзін мәңгүрт­тендім демейді, рухани жаңғырдым, түледім деп есептейді. Ал диктатор билеген Океания елінде билікке қарсы әрекет еткен адамдарды ғана емес, билікке қиғаш ойлай бастағандарды да пиғылын әрекет етпей жатып айқындап, осылай «тәрбиелейді». Ол үшін арнайы «бұзық ой» полициясы жұмыс істейді. Ол полицияның міндеті – Океания мемлекетіндегі кез келген адамның ой-ниетін билікке қажет­ті күйге түсіру. Ол күй – абзалы адамның ештеңе ойламағаны. Біз пенделігімізден арылып, адамдық деңгейге көтерілуді армандасақ, жазушы сурет­тейтін шарт­ты Океания еліндегі «ағылшын социализмі» дұрыс адам – ойламайтын, ойлауды мүлдем қажет етпейтін адам деп есептейді. Сонда дұрыс адам мүлде санасыз адам болып шығады.
Міне, жеке басқа табынған диктаторлық жүйе идеологиясы жеңісінің ең биік шыңы – осы! Құдайға шүкір, ізгілік күштері фашизмді де, шовинистік коммунизмді де сол биікке шығуына жол бермей жолдан тоқтат­ты. Соның арқасында бізді Құдай сақтап, мүлде ойсыз күйге түспеппіз. Десек те, біраз жерге бардық. Атап айтсақ, тарихымызды терістедік, жауымызды жарылқау­шымыз дедік, коммунизм орнағанда өзге ұлт­тармен кірігіп, тіліміздің жойы­латынын (яғни орыстанатынымызды) теориялық түрде мойындап, іс жүзінде өзіміз жүзеге асыра бастадық. Міне, осындай «тәрбиеден» өтіп жүрген кезімізде, мүлде мәңгүрт­теніп кетуімізге жол бермей, шөлдалада таңдайымызға тамызған тамшы судай санамызға әсер еткен бұқаралық ақпарат құралдары болды. Олар шовинистік-коммунистік идеологияның құралы бола тұра ебін тауып, ара-тұра ұлт­тық ындынымызды қандырарлық мақалалар жариялайтын. Әсіресе «Қазақ әдебиеті» газеті. Содан да кеңестік-коммунистік кезеңде жұрт «Литературная газета» мен «Қазақ әдебиетін» сыртқа леп шығарып, сырт­тан сәл де болса самал әкелетін «форточка» деп атайтын еді. Бұл мақаламда биыл шыға бастағанына 90 жыл толып отырған «Қазақ әдебиетінің», шын мәнінде, қапас қоғамның леп шығарары болғанын дәлелдейтін үш материалына тоқталмақпын.
Өткен ғасырдың алпыс екінші жылы болуы керек «Қазақ әдебиеті» газетінде сол кез­де жаңадан жарқырап шыққан жас ақын Олжас Сүлейменовтің орта ғасырдағы орыс әдебиетіндегі түркизм туралы мақалалары жарияланды. Бұл, сірә, ке­йін «АзиЯ» деген атпен жарық көрген кітабының үзінділері еді. Мен ол кез­де ҚазҰУ-дің филология факультетінің екінші курс студенті болатынмын. Соның алдында ғана орыс әдебиетінен «Ежелгі жылдар шежіресі», «Игорь полкі туралы сөз» деген шығармаларды өткен болатынбыз. Сабақ берген апайымыз, бұл шығармалардың орыс әдебиетінің баға жетпес нағыз құнды мұралары екенін асқан махаббатпен айтып берген еді. Ол сол лекцияларында орыс халқының ұлылығын шәкірт­терінің, яғни қазақ бөлімінде оқитын елу қарадомалақтың да санасына сіңірген-ді. Ал Олжас болса, бүгінгі орыстар табынып отырған «Игорь полкі туралы сөздің» таза орыстікі екеніне күмән келтіреді. Күмән келтіріп қана қоймайды, поэмадағы көптеген жолдардың түркі-қыпшақ тілінде жазылғанын дәлелдеп береді. Басқаша айт­қанда, поэманың орыстар оқи алмаған жолдарының мағынасын қазақша түсіндіреді. Бұдан әрі бұл поэманы орыс жазды ма, жоқ түркі-қыпшақ жырлады ма деген сұрақ туады.
Не керек, Олжекеңнің бұл мақаласы қазақтар кеңес үкіметі кезінде ғана сауат­танып, адам болған деген ұғымымызды селкеулеп, санамызды тұмшалаған перденің шетін ысырып, сәуле түсірді. Сол сәуле одан әрі түртінектеп ізденуімізге жол ашты. Құдай-ау біз, «жарылқаушыларымыз» бойымызға сіңіргендей надан тайпалардың емес, әлемдік өркениетке өзіндік үлес қосқан керемет халықтың ұрпағы екенбіз ғой. Тұран даласында тербелген сопылық ілімді еуропалық Герман Гессе («Игра в бисер», «Путешествие к земле востока», т.б.) екінші дүниежүзілік соғыстан ке­йін іздесе, ал Джордж Оруэлл фашизмнің үстемдігінің ақырына сол кез­де ғана «сәуегейлік» жасаса, Жүсіп Баласағұн ізгілікпен суарылған елдің билеушілерінің қара қылды қақ жаратын әділ, біреудің ала жібін ат­тамайтын адал болатынын олардан он ғасыр бұрын жырлапты.
Біздің жас санамызға әсер етіп, көкейімізде күні бүгінге де­йін қалып қойған мақаланың бірі Әнуар Әлімжановтікі болды. Ол кісі Еуропада орналасып алып, біздің «мызғымас» Отанымыз КСРО-ға қарсы дұшпандық идеологияға қызмет еткен қазақтар, өзбектер, басқа да түркітектес ұлт­тардың өкілдері туралы жазды. Мақтаған жоқ, сірә, жоғарының тапсырысымен дат­тады. Бірақ сол дат­тап отырып, Еуропа елдерінде қазақ, өзбек, басқа да халықтардың орыс отарлығынан азат болуын тілейтін және сол үшін күресіп жүрген Мұстафа Шоқай бастаған көптеген қандастарымыз бар екенін біз секілді мәңгүрт­терге хабардар ет­ті. Бұл кез­де профессор Темірғали Нұртазиннің Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев және басқа алашордашылар туралы оқу бағдарламасынан ауытқып оқыған лекцияларынан көкірегімізге кірген қыбыр-жыбырды Әнекеңнің Мұстафа Шоқайшылар туралы әңгімесі одан әрі күшейт­ті.
«Қазақ әдебиетінен» оқып, санамызға қат­ты әсер еткен материалдың бірі – белгілі абайтанушы қайраткер-ғалым Мекемтас Мырзахметұлының «Қазақ қалай орыстандырылды?» деген мақаласы еді. Тоқсаныншы жылдардың басында әлі егемендігімізді алып болмай жатып жарияланған бұл мақала «көзімізді шырақтай ашты». Сол кез­де барып, ойпырмай осы уақытқа де­йін бал татып жүрміз десек, у ішіп жүріппіз. Қазақ даласына білім әкелді делінетін ағартушылар Ильминский, Алекторов, Остроумовтар отарлық және шоқындыру саясатына білімді дәмдеуіш ретінде ғана пайдаланыпты. Еліміздің елді мекендеріне есімдері берілгендердің көбісі жерімізді жаулап, халқымызды қырған нағыз қанішерлер екен.
Ке­йінірек Мекең Тараз қаласына жұмысқа келіп, көп сұхбат құрудың сәті түсті. Сонда білдік, ғалым архивтерде отырғанда өзінің әдебиетіне қатысты деректерді ғана емес, қазақ халқының отарлануына қатысты құжат­тарды да қарап, түртіп алып жүруді өзінің азамат­тық борышы санапты. Өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдарынан бастап жинаған бұл деректері бойынша ол кісі бүтін бір монография жазып шығады. Бірақ КСРО әлі ыдырамағандықтан, ешқандай басылым ең болмаса үзінділерін жарияламайды. Сөйтіп, салы суға кетіп жүргенінде, «Қазақ әдебиеті» газетіне шығармаларында кеңестік-коммунистік жүйеге қиғаш ойларын қиялап жеткізіп жүрген жазушы Төлен Әбдіков бас редактор болып келеді. Ол ғалымды жылы қабылдап, ертең кел, бүрсігіні кел деп шығарып салмай, материалды көз алдында оқып шығады. Оқып шығады да газет­тің бөлім меңгерушісі, тағы бір белгілі жазушы Дидахмет Әшімханұлын шақырады өзіне. Сөйтіп, мына материалды «жымқырып басыңдар» деп тапсырма береді. «Жымқырып басу» деген немене деп сұрайды Мекемтас Мырзахметұлы Дидахаңнан бас редактордың кабинетінен шыққан соң. «Газет­тің бірінші бетіне биліктің көке­йіне дөп келетін мақаланы айқайлатып жариялап, ал «Қазақ қалай орыстандырылды?» сияқты материалды ішкі бет­тердің біріне елеусіз қылып тастай салуды айтады», – деп жауап береді ұлтжанды журналист. – Бірақ бұндай материал бәрібір оқылады», – деп қосып қояды содан соң қулана жымиып. Шынында да, солай болып шықты. Мекеңнің бұл мақаласының оқырманы өте көп болғанын әрі бойкүйез жандардың өзінің көкірегін оятқанын көріп, біліп жүрдік.
Солай, Төлеген Айбергеновше айт­қанда, «жанам деген жүректерге от берген» басылым болды ғой, бұл – «Қазақ әдебиеті». Солай болып келеді де.

Елен Әлімжан,
жазушы, драматург

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір