Шекспир шығармаларын сахналаудағы жаңа ізденістер
08.05.2019
1245
0

(«Дариға-ай» жастар театрының «Ричард III» спектаклі негізінде)

Әлем классикасы жауһарларының қатарынан көрінетін шығармалардың  басым бөлігі Уильям Шекспир есімімен тығыз байланысты. Драматург   пьесаларының  ғасырлар өтсе де құндылығын жоймауы – әрбір дәуірдің әлеуметтік мәселелерімен үндесе кетіп, оның салмағы және   мазмұнымен үйлесім тауып, қоғамдағы түрлі келеңсіздіктер мен ізгіліктің жойылуы, билік үшін бітпейтін күрес сынды өзектілігін жоймайтын тақырыптарға дөп түсуімен байланысты. Кейіпкерлері сан қилы мінезге ие, қайталанбайтын образдармен ерекшеленетін драматургтың «Ричард III» трагедиясы «Дариға-ай» жастар театрының Алматы қаласындағы гастрольдік сапары барысында сахналанды. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында алматылық көрерменмен алғаш рет жүздескен театр ұжымы аталмыш қойылымнан бөлек, «Шәкәрім. Жолсыз жаза», «Иттің баласы немесе адамның аласы» сынды спектакльдерді өнерсүйер қауымның назарына ұсынды.

Хамит Ерғалиевтің аудармасында Дина Құнанбайдың режиссерлік шешімімен сахналанып, бірқатар театр фестивальдерінде жүлделі орындарға ие болған аталмыш қойылым «Дариға-ай» театрының қоржынындағы шоқтығы биік туындылардың бірі. Жиырма жылдық тарихты артқа тастаған бұл театр тұңғыш рет 1999 жылдың 14 қарашасында  профессор Дариға Тұранқұлқызы мен көрнекті абайтанушы-әдебиетші Төкен Ибрагимовтың бастамасымен құрылған. Сондай-ақ, театрдың іргетасын қалауға профессор Майра Омарбаева, аға оқытушы Мейрамгүл Алепарова, театрдың режиссері әрі көркемдік жетекшісі болған Акбарәлі Айтыбаевтардың қосқан үлесі зор. Бүгінгі күні Амангелді Бахтинов басқарып отырған өнер ордасының актерлік труппасын М.Төлебаев атындағы «Саз» колледжінің актерлік бөлімін бітірген жастар құраса, театр репертуарынан  классикалық шығармалармен қатар, ұлттық драматургия мен  бүгінгі күн тақырыбын қозғайтын шығармалар орын алған. Атап айтсақ, У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта», Ш.Айтматовтың «Ақ кеме», В.Дельмардың «Өкінішті өмір», Г.Хугаевтың «Иттің баласы немесе адамның аласы»,  Д.Исабековтың «Әпке», «Есепшот, домино және күркетауық», М.Хасеновтың «Пай,пай, жас жұбайлар-ай» және т.б. Сондай-ақ балаларға арналған Р.Киплингтің «Маугли», С.Маршактың «Он екі ай», Р.Ибраеваның «Бәйтерек», Н.Мендебайыровтың «Жүрек іздеген қуыршақ» атты ертегілері сахналанып жүр.

Бүгінде зор  ізденіспен жаңа кезеңге аяқ басқан театрдың репертуарын толықтырған «Ричард III» қойылымы Дина Құнанбайдың өзіндік интерпретациясымен камералық бағытта шешілген.  Патша әулетінің әрбір мүшесі биліктен, тақтан дәметкен спектакльдің оқиғасы көрерменнің көз алдында өтіп, әрбір эпизодқа, әрбір сахнаға жиналған қауым да араласып кеткендей әсер қалдырады. Солғын түскен жарық пен алакөлеңке тартқан айнала спектакль атмосферасын қалыптастырады. Бастан аяқ топырақ пен құмның үстінде өтетін қойылымда режиссер қолдан жасалған былыққа белшесінен батқан адамдардың өмірін көрсеткен. Спектакльдің негізгі кейіпкері Ричардтан бастап, бәрінің көздегені – билік. Соған жету жолында олар ештеңеден тайынбақ емес. Бұл тұсты режиссер бір доптың артынан қуалап жүрген футбол ойыншылары ретінде актерлер арқылы көрсеткен. Сондай- ақ, бұл доп енді бірде адамның  кесілген басына айналып, оны актерлердің теуіп ойынға айналдыруы, Ричард үшін адам өмірінің көк тиындай қадірі жоқтығын көрсеткендей. Оның бұйрығымен қан толы шелектерге жазаланушылардың бастарын тығып қорлайтын көріністер, бас кейіпкердің адам жанын аласапыран күйге түсіретін зәлім екенін аңғартады. Ол жазаланушылардың  өзін әртүрлі жағдайда мерт қылады. Бірін өз қанына тұншықтырса, енді бірінің бетіне қан бүркеп, енді бірін асқан қорлықпен  трагедиялық жағдайда өлтірген. Тақ алдында қадалып тұрған қылыштар патшаның жақындары ретінде суреттелсе, кейіннен сол қылыштар олардың қабірінің басында тұрған құлпытасқа айналады. Ричард III – ақсақ, бүкір, кемтар болғанымен өзін өлердей сүйеді. Дене бітімінің кемістігінен зардап шеккен оның басқа адамдар секілді толыққанды өмір сүруге құқығы бар. Ричард – жиынтық образ. Оның бойында тек қана зұлымдық қана емес, айлакерлік те, ақыл мен әккі саясаткердің бейнесі жатыр. Бала күнінен махаббат пен сүйіспеншілікке зәру ол, қандай жолмен болса да өз есімін қалдырғысы келеді. Өзіне көңіл аудартқысы келеді. Бір сөзбен еленбей қалудан қорқады. Мұндай жандар тарихта болған және олар жасаған қастандық пен зұлымдық адамзат санасында әлі күнге сақтаулы.

Ричард бейнесінде көрініп, көрермен тарапынан шынайы  жиіркеніш сезімін  тудырған актер Еркебұлан Нұғыманов алғашқы сахналарынан-ақ көз жанары мен қимыл-қозғалыстарынан кейіпкеріне тән мінезді, болмыс-бітімді айқындап алды. Оның қосалқы рольдердегі  актерлармен партнерлік байланысы ұтымды шығып, герцогтың мінезінің ашылуына ықпал етсе,  жанындағы кейіпкерлермен өзара диалогы оқиғаның шиеленісе түсуіне, атмосфераның қоюлануына әсер еткен.  Актерлік труппа өкілдерінің актерлік ансамбльге ұласқан ойыны, біртұтас дүниенің шығуына себеп болған. Оқиғаның шарықтау шегі Ричардтың таққа отыруымен айқындалатын қойылымның финалында қарғыстан өз-өзін мүжіп болған кейіпкер, Ричмонның қолынан қаза табады.

Спектакльдің негізгі идеясы – билік үшін, жеке бастың қамы үшін адамдық қасиетті ұмытып, жақсылықтың бәрін тәрк еткен кейіпкерлерді негізге ала отырып, ел басқаруда тек қана билеушілік емес, адамгершілік қасиеттерді де ұмытпау қажеттігін  еске салып, ізгілік жойылған жерде қанды қырғындар мен бітпес шайқастардың жалғасын тауып, бір-біріне сабақтаса беретіні де сондықтан деген идеяны алға тартады.  Қойылымды музыкалық көркемдеу мен суретші Наталия Ерчихинаның жұмысы да режиссер ойымен үндесе кетіп, спектакльдің көркемдік деңгейінің өсуіне себеп болған.

XV ғасырда  Англияда орын алған тарихи тартысты суреттейтін шығармаға жаңаша түр беріп, режиссуралық форма тауып, актерлер ойынына да назар аударуды ұмытпаған Дина Құнанбайдың бұл жұмысы көркемдік шешімдер мен актерлік ансамбльдің жұмыла жұмыс жасауынан, музыкалық және сценографиялық шешімдердің бір-бірімен қабысып, үйлесім табуынан сәтті сахналанған қойылымдардың қатарын толықтырып отыр.  Драматург шығармасының бүгінгі біздің қоғамдағы өзектілігін ескерсек, «Ричард III» спектаклі сахнада өмір сүруге лайықты туынды екенін атап өткеніміз  жөн.

Классикалық туындыларды интерпретациялау, жаңа драма мен заманауи драматургияны сахналаудағы  тың шешімдер мен ізденістер көңілімізге қуаныш сыйлайды. Қандай шығарма болса да шығармашылық құрамның сөз құдіретін, сахнадағы әрбір сөздің маңыздылығын және ұлттық ерекшеліктер мен актерлік ойынның шынайылығын назарда ұстап,  режиссер мен  көркем туындының жарыққа шығуы үшін жұмыс жасайтын басқа да  шығармашылық өкілдерінің бірлескен жұмысының  нәтижелі болатынын ұмытпаса, қандай қойылым болса да көрермен тарапынан лайықты бағаланары сөзсіз.

Гүлзия Сәдуақас

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір