Шал ақынның шығармаларын шатастырмайық
02.10.2022
1563
0

Шал ақын Құлекеұлының шығармаларындағы авторлықты анықтау мәселесі бүгінгі әдебиеттану ғылымында өзекті. Атрибуцияда кері процесс те болуы мүмкін, яғни туындының авторлығын сол шығарманы жазбаған адамға тиесілі ету әрекеті. Ал шығарманың аталған авторға тиесілі еместігін қарастыру мәселесі атетезалық (лат. athetesis-бас тарту) жолмен реттеледі.

Авторлықты анықтауды алғашқылардың бірі болып көтерген тілші ғалым Қ.Өмірәлиев «XV-XIX ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі» (1976) еңбегінде Шал ақынға арнайы тоқталып, тоғыз мәселеге назар аудартады. Мұның соңғы түйінінде «Шал ақынның өлеңдері» деп жүрген өлеңдер Шоқан айтқан XVIII ғасырда жасаған Шал ақынның өлеңдері емес, XIX ғасырдың орта тұсы мен XIX ғасырдың екінші жартысында жасаған өзге бір Шал аттас ақынның өлеңі. Бұл Шал ақын сол дәуірде жасаған бір жағы Мұрат, Әубәкір, Нұржан, бір жағы Ақан сері, Біржан деңгейіне жетпеген, оларша қоғамдық мәселе көтермеген, тек кәрілік, отбасы, кәрі күйттейтін тамақ, байбайшыл қарттың келінге бөжілі тақырыбы болған, бірақ пайымдағанын шебер тілмен айта алатын ақын.
Міне, осы ақын тілін XVIII ғасырға апарып, Бұқар жырау поэзиясымен қатар алып талдауға болар ма еді? Әрине, болмас еді» (108-б.) деп нақты тұжырым жасаған. Шынында да ғалымның төртінші, бесінші, алтыншы сауалдарындағы өзі мысалға келтірген Шал ақын өлеңдеріне байыптап қарағанда осы шығарылған қорытындысының орынды екеніне көз жеткізуге болады. Енді осы түйткіл мәселелердің біріне тоқталып өтейік.
Ғалым зерттеуінде «Дала уәләяты» газетінде (1889, №45) мынандай өлең бар: «Қазаққа пайда мынау: малын бақсын…» деп жалғасып кетеді. Шығарушысы айтылмаған осы өлең Шалға телініп жүр. Ал бұл жолдарға тән идея, көзқарас Бұхар жырау заманына лайық па? (107-б.) деген сауал қойылып, одан әрі «Міне, алды я тұстасы Бұқарды, арты Махамбет, Дулатта жоқ үлгіде – өлең формасында XVIII ғасырда сөз тудыру, онда да таптық көзқарасы өте айқын ақындық тұрғыдан (қазақты топқа, таптық топқа бөліп, «жалшыны бай малының жайын білмес», «екі көзі жоқ соқыр адам» деп, байды өз малын өзі бақпай «көп мал беріп кедейді жалдайды» деп, «өзі оңбаған кедей кімді оңдырсын» деп өте күрделі түсінікке көтерілген ақындық тұрғыдан) табылу шындыққа келе ме?» (108-б.) деген сияқты сауалдарымен шегелене түседі.
Негізінен «Қазаққа пайда мынау: малын бақсын» деп басталатын өлеңнің авторы мүлдем басқа ақын болатын. Бұл өлең «Бес ғасыр жырлайдыдағы» (1984) түсінікте «Қазаққа пайда мынау: малын бақсын»… – Темірғали Ысмайлов пен Фатима Ғабитовадан» (253 б.) деген мәлімет берілген. Шал Құлекеұлының атымен тұңғыш рет шығарылған жинақта да (1999) осы өлең беріліп, жинақтың ІІ, ІІІ бөліміндегі кейбір зерттеу еңбектерде бұл өлең Шал ақынның шығармасы ретінде қарастырылады. Сондай-ақ «Қазақ әдебиетінің тарихы» (2004) кітабының 234-235 беттерінде де осы авторлықпен өлеңге бірсыпыра талдау жасалған.
Ал шындығында бұл өлеңнің иесі кім? «Қазаққа пайда мынау: малын бақсын» деп басталатын өлең алғаш «Дала уалаяты» газетінде авторы көрсетілмей «Әңгіме» (1889, №45) деген тақырыппен жарияланады. Ал осы уақытқа дейін барлық басылымдарда Шал ақынға таңылып жүрген бұл өлең ХХ ғасыр басындағы әдебиет өкілі Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің туындысы болатын. Мұны сол «Дала уалаяты» газетінде қағытпа сынға құрылған бірнеше өлеңнің мазмұнынан аңғаруға болады.
Газетте «Әңгіме» (1889, №45) өлеңі басылып шыққаннан кейін осы туындының идеясын сынаған Мәтен Ботпаевтың «Қазаққа мынау пайда: егін салсын» (1890, №8), «Әңгіме» (1890, №31) және Сәрсекей Артықбаевтың «Павлодар оязынан» (1890, №26) атты өлеңдері жарық көрді. М.Ботпаевтың «Қазаққа мынау пайда: егін салсын» (1890, №8) өлеңі жастарды еңбек етуге, құр босқа жатпай егіншілік кәсіппен айналысуға үгіттей отырып, «Әңгіме» (1889, №45) өлеңі авторының көзқарасына келіспеушілік танытқан. Осыдан кейін Көпеев өз атынан «Баянауылдан» және «8 нөмірдегі өлеңге» деген туындысын газетте (1890, №23) жариялап, «Баянауылдан» атты өлеңінде өз ойын былай толықтырады:
Біреуі оң, жазған сөздің бірі теріс,
Бір жерден табыла ма ылғи келіс.
Оятсам ұйқысынан меймандары
Қызғандай ыңғайы бар ұрыс-керіс.
Мінеки, осы шығармаларды негізге алсақ та «Әңгіме» өлеңінің иесі М.Көпеев екенін аңғару қиынға соқпайды. Сонымен қатар М.Ботпаевтың «Газетте біліп едім оқып, көріп» деген сөзі 1889 жылдың 45-санындағы өлеңді меңзеуі еді. Өйткені сондағы «Байлар малын бақса екен өзі жүріп, Кедей де өлмес еді күнін көріп…» деген өлең жолдарына М.Ботпаев былайша жауап қайтарады:
Байы бар малдары көп талай елдің,
Жалшылыққа кедейді алма дедің.
Жалғыз атын шығынға беріп қойды,
Қайткенде көреді енді кедей күнін?
Сонымен қатар ол:
Арық малың семірер астық берсең,
Тамам халық сүйтеді мұны білсең.
Япырмау, көрмедің бе жүрген жерде,
Жер үстінде сен өзің жиһан кезсең? –
деп аяқтау арқылы авторы берілмеген өлеңнің иесін көрсетіп, оған сауал тастайды. Ал Көпеев «8-нөмірдегі өлеңге» деген туындысында:
…Біздің қыр күнелтеді арпа жемей,
Ұн керек болса, базар жақын Семей.
Бір көш жерде әлде қандай мұң болатын,
Емеспіз сіздің жақтай тегіс кедей, –
деп әзіл-шыны аралас жауап қата отырып, 1889 жылдың 45-санындағы өлеңнің мәнін ашып береді. Сонда «Әңгіме» өлеңіндегі «…Ұлда бір көз, жалшыда екі көз жоқ Соқыр кісі мал жайын қайдан тапсын. Байлар өзі бақса екен малын жүріп, Кедей де өлмес еді күнін көріп. Өз малын өзі бақпай, босқа қаңғып Жалдайды бір кедейді көп мал беріп» деген жолдарына ол:

…Малшы көзсіз, жарты көз бала дедім.
Өзің көрмей бәрі де шала дедім.
Бір кедейді салдым деп
жатып алмай,
Бір жағынан өзің де қара дедім.
Қайыр деген байда ма,
малда ма деп,
Қай жерде айттым
кедейді жалдама деп.
Өз малын өзі бақпай
бос жүргенді
Аз ғана қылып едім әңгіме қып.
…Малыңды бақ қаңғымай деген сөзді
Шам қылып айыптадың оның несін, –
деп қайтадан түсіндіріп, жауап қайтарады. Әрі «Әркімге әңгімеден үлес берген Баласы мен Көпейдің Мәшһүр Жүсіп» деп екі өлеңнің де авторы өзі екенін ашық айтады. Сөйтіп, «Әңгіме» (1889, №45) өлеңінің иесі ХVIII ғасырдың өкілі Шал ақын Құлекеұлы емес, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген Мәшһүр Жүсіп Көпеев деп білгеніміз орынды. Осы өлеңнің авторлығы дер кезінде мұқият зерделенгенде, М.Мағауиннің «Шал қазақ өлеңін тақырыптық жағынан да байытты. Оған дейін ешкім де:
«Қазаққа пайда мынау: малын бақсын,
Отқа жайып, суарып, бағып-қақсын», –
деген сияқты шаруашылыққа, тұрмысқа бай­ла­нысты жайларды өлеңге қоспаған бола­тын… Алайда, дәл осы артықшылығы – Шал творчествосының кемістігі де. Поэзия тым қарабайырланып кетті, не болса сол өлеңге қосылып, баяғы Шалкиіз, Бұқарлар тұсындағы көркемдікке, ойлылыққа құрылған жырлардың ауылы алыстады» (Шал ақын Құлекеұлы. Шығармалары. 1999, 174-б.) деген пікірі де айтылмас еді.
Сонымен, сол уақыттағы ел ішіндегі жалқау­ларға түрткі боларлық тағлымы мол М.Көпеев пен М.Ботпаевтың газетте жарияланған бірнеше өлеңдері «Әңгіме» (1889, №45) өлеңінің кімдікі екенін анықтап алуға үлкен себепші болды. Шал Құлеке мұраларының ішінде өзге ақын шығармаларының осылайша кездесуі де Қ.Өмірәлиев күдігін растай түседі. Бәлкім, газетте авторы көрсетілмей басылған бұл өлең «бір шал ақын айтқан шығар» деген болжаммен ел арасына кеңінен таралып, Т.Ысмайлов пен Ф.Ғабитова сынды жинаушылардың қолына авторы Шал ақын болып түскен де болар. Осындай жаңсақтықпен жиналып, Шал Құлекеұлына телініп жүрген өлеңдер аз емес.
Шал ақынның «Он бес деген жасым-ай» өлеңінің авторлығына да көпшілік ойлана қарайды, (1929 жылы «Жаңа әдебиет» журналында (№5) ақын атымен алғаш басылып, танылған толғауы болса да). Бұқар жыраудың жас туралы өлеңімен ұқсастық тапқандықтан көңілдеріне күдік ұялатуы да орынды. Рас, зерттеушілер тарапынан «…бұл нақылды Бұқарға басыбайлы неге бермейміз» деген ұсыныс, тілектер де айтылып жүр. Е.Дүйсенбайдың «Бабалар мұрасын байыптасақ» деген мақаласында «Егер ақындық болмыс-бітім, жырлау ерекшелігі, ой жүйесі іспетті қасиеттеріне тереңірек бойлай байыптасақ, Шалға телініп жүрген осы өлеңнен Бұқар рухы менмұндалап тұр-ау. Көп өзгешелік те көрінбейді» («Ай, Абылай, Абылай!», 1993. 6-б.) деген пікірі де орынсыз емес. Осылайша, авторлық мәселені «реттеу текстологияның міндеті болмақ» деген зерттеушілер ұсынысы да назар аудартады.
Енді осы өлеңді алдымен салыстырып қарайық.
Сонымен қатар бұл өлеңнің алғашқы қатарлары Дулат Бабатайұлының «Он бес деген жас қайда?» өлеңімен де ұқсастық табады: «Он бес деген жас қайда? Жарға ойнаған лақтай. Қайда кеттің, жиырма жас, Тастан шыққан бұлақтай? Жиырма бес бар ма маңайда, Жайқалған жасыл құрақтай?». Мінеки, үш бірдей мәтінде осылайша жыр жолдарының қайталануы кездейсоқтық деп қарауға да болмайтын шығар.
Осы арада он бес жастың ерекшелігін танытқан Дулат ақын ба, әлде Шал ақын ба? Осы мәселе төңірегінде алдымен сөз қозғайық. Шал ақынның бұл өлеңі «Бес ғасыр жырлайды» жинағында Қыздар Қазыбеков нұсқасы бойынша алынған. Бір ғажабы, ақынның адам жасы туралы толғамдарын жинап тапсырушы да осы бір адам, яғни Қ.Қазыбеков. Оның ұсынған «Бір жаста, екі жаста бесіктемін», «Он бесте тартып міндім аттың жалын», «Жиырма бес – кәмелетке келген жасым», «Біз дағы келіп қаппыз елулерге», «Елу – ердің жасы екен», т.б. өлеңдеріне зер салғанда, біршама түйткілді мәселелерді аңғаруға болады.
«Бір жаста, екі жаста бесіктемін» деп басталатын туындыдағы «Он бесте жарға ойнаған лақтаймын» деп қайталанған өлең жолына қарап жоғарыдағы аталмыш өлеңнің иесі Шал ақын екеніне күмән келтірмеуге де болар еді. Алайда, осы шығармадағы «Тоқсан жасқа келгенде көр болғаным, Отқа салған мұңайып, бор болғаным. Тоқтыға асылғанда әлім келмей, Баланың баласына қор болғаным» деген жолдар «Елу – ердің жасы екен» деп басталатын өлеңінде де осыған ұқсас беріліп, айтпақ ойдың желісі қайталанады. Ең бастысы, автордың сендіре жырлаған «Тоқтыға асылғанда әлім келмей, Баланың баласына қор болғаным» деген өлең жолдарында өзінің 90 жастағы халі бедерленеді. Ал сол жинақ шығарушылар, зерттеушілердің көрсетуінше, Шал ақын 71 жас қана (1760-1831; 1748-1819 жж.) жасаған ғой. Сонда мұны зерттеу­ші ғалымдар қалайша байқамаған. Демек, «Бір жаста, екі жаста бесіктемін» деп басталатын өлең де Шал ақын мұрасына жанаспайтын тәрізді.
«Он бесте тартып міндім аттың жалын» деген ақынның басқа туындыларында да он бес жастың қарқыны мүлдем басқаша. Әрі сол өлеңдерінде берілген автордың бағамдаулары бір-бірімен сәйкес келеді. Он бес жаста-ақ айтқан сөздері от пен жалын болған Шал ақынға «жарға ойнаған лақтай» дегеннен гөрі «тасқа түскен бүркіттей» баламасы жарасатын тәрізді.
Сонымен, он бес жастың ерекшелігін «жарға ойнаған лақтай» деп сипаттаған Дулат ақын деп қарастырсақ та, Бұқар жырау қолданысын да жоққа шығара алмаймыз. Бір жағы ауыздан-ауызға жеткен мұраларда осылайша бір жол өлеңнің қайталануы, жеткізушілер тарапынан өз жанынан қосып, түзету енгізулері де қалыпты жағдай.
Енді Шал ақынның аталмыш өлеңін тұтастай «Бұқарға басыбайлы неге бермейміз?» деген мәселеге қайта оралайық. Екі ақынға да телінген өлең мәтіндерін салыстыра қарағанда, алпыс пен тоқсан арасында өзгешеліктер бар. Алдыңғы 60 жасқа дейінгі өлең жолдарындағы ұқсастықпен қоса, мұндағы «Қараңғы тұман түн екен» деген өлең жолының екі нұсқада да бірдей ұшырасуы екі туындының да авторы бір адам екенін айғақтай түседі. Бұқарда бұл теңеу сексен жасқа, ал Шалда жетпіс жасқа беріліп, сексен мен тоқсан жас бірдей көрге баланып тұр. Тіпті алпыс пен тоқсан жас аралығы әртүрлі мазмұнда молынан сипатталған Шал ақынның басқа өлеңдерінде осы жетпіс пен сексен «жетпісте жер таянбай тұра алмайсың… сексенде тұяғыңды серіппейсің», «жетпіс жаста илеген терідеймін, жетпістен сексен жасқа келген шақта, Артымнан кейін кеттім кері деймін» немесе «Жетпіс келді төтелеп, Кәрілікті жетелеп, Сексен келді бүйірден, Қалдырып кетті үйірден» деген сияқты жолдармен өрнек тауып, жеткілікті дәрежеде жырланған тәрізді. Осыларды назарға алсақ та бұл аталмыш өлеңнің авторлығын тұтастай Шал ақынға дейін өмір сүрген Бұқар жырауға теліген орынды деп есептеймін.
Жалпы, алдағы уақытта Шал Құлекеұлы мұра­сын зерттеуші ғалымдар мен жинақ шығарушылар жоғарыдағы ақын шығармала­рының авторлығына қатысты шығарылған қорытындылармен де санасып, қайта ұқыптылықпен қарайды деп үміттенеміз.

Күнімжан Әбдіқалық,
Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық
университетінің профессоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір