І Республикалық Жастар театрлары фестивалі: ІЗДЕНІСТЕР мен ІРКІЛІСТЕР
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат Министрлігінің қолдауымен, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың 1-6 қараша күндері Алматы қаласында І Республикалық жастар театрлары фестивалі өткізілді. Іріктеу комиссиясы 30-дан аса өтінім жіберген театрлардың жұмысын қарай отырып, 8 қойылымды таңдап алды. Еліміздің әр аумағынан жиналған 35 жасқа дейінгі режиссерлердің спектаклін алматылық көрермендердің назарына ұсынды.
Отандық театр өнерінің бүгінгі даму бағыты мен көркемдік ерекшелігін зерделеп, режиссерлер арасындағы шығармашылық қарым-қатынасты нығайтып, театр өнеріндегі сабақтастықты сақтауды мақсат тұтқан фестивальдің ашылу салтанаты Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының алаңында болды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын аталған министрліктің Театр өнері басқармасының басшысы Алтынгүл Нұрбекова оқып берді. Бұдан соң қатысушы театрлар мен жас режиссерлерге Мәдениет және ақпарат министрлігінің алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар фестивальдің құрметті қонақтары, сахна өнерінің майталмандары Есмұқан Обаев, Талғат Теменов, Нұрқанат Жақыпбай, Әубәкір Рахимов, Мұрат Ахманов, Гүлсина Мирғалиева, Наташа Дубс осы фестивальге қатысуға жолдама алған 8 режиссерді марапаттап, әрқайсына 1000 000 теңгенің сертификатын тапсырды.
Бұдан кейін бүкіл әлемге жақсы танылған А.П.Чехов атындағы Халықарылық театр фестиваліне биыл елімізден алғаш рет қатысқан Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Құлагер» спектаклі (реж. Ф.Молдағали) байқаудан тыс көрсетілді. Республикамыздағы үлкен өнер шаңырақтарының бірі саналатын аталмыш театр ұжымының бұл спектаклі құрылымдық жинақылығымен, ішкі динамикасының тегеурінділігімен, әрекет серпінділігімен, музыка мен хореографияның үндестігімен ерекшеленді. Спектакльге қатысқан актерлердің барлығы да, өз кейіпкерлерінің психологиялық тебіреністерін шынайы беруімен дараланып, көрермен қауымның қошеметіне бөленді.
Сонымен, өнер бәйгесіне М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры «Кассандра таңбасы» (реж. Әридаш Оспанбаева), Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Қыз Жібек» (реж. Әлібек Өмірбекұлы), С.Сейфуллин атындағы академиялық Қазақ драма театры «Қарагөз» (реж. Гүлназ Балпейісова), Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры «Ричард ІІІ» (реж. Мейрам Хабибуллин), Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры «Қобыланды» (реж. Анна Цой), Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры «Шырақ» (реж. Шыңғыс Жақыпбай), Тотальді театры «Мен бармын» (реж. Антон Зайцев), 17 жастар театры «Алғашқы ұстаз» (реж. Шағуан Үмбетқалиев) спектакльдерімен қатысты.
Ауқымды шара аясында әсем Алматының бірнеше театрының сахнасында кейінгі SHOWCASE – ең үздік спектакльдердің көрсетілімі болды. Мұны осы іс-шараға қатысуға келген барлық актерлер, режиссерлер, суретшілер, т.б. театр мамандары тамашалады. Аталған фестивльдің тағы бір ерекшелігі қатысушылардың барлығы да фестивальдің басынан соңына дейін болып, бір-бірінің жұмыстарын көріп, өзара пікір алмасты. Мұны айтып отырған себебіміз, көптеген фестивальдерде актерлер өз спектакльдерін ойнап бола салысымен, іле-шала қайтып кететін. Бұл жолғы фестиваль театр қызметкерлерінің шығармашылық ізденістеріне тың серпіліс беріп, алдағы уақытта жаңа белестерді бағындыруларына мүмкіндік жасады.
Фестиваль шымылдығы Тотальді театрының «Мен бармын» (авт. Финн «Здраствуйте, мистер Бог, это Анна» деген шығармасының негізінде қойылған) спектаклімен ашылды. Әрбір адамды өмір мен өлім туралы ойлануға жетелейтін қойылымның режиссері А.Зайцев Финн мен Анна рөлдерін өзі сомдады. Кенеттен ағаштан құлап небәрі жеті жасында дүние салған қаршадай қыздың рухымен үнсіз тілдесіп отырған Финн адам жанының мәңгі жасай беретініне көз жеткізеді. Режиссер спектакль оқиғасын шашыратпай көздеген мақсатына жеткен.
Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі үлгіден бөлек спектакльдер қою қазір басты үрдіске айналған. Аталған бағытта үйреншікті сахналық дәстүрмен қабыспайтын, өзара бірікпейтін өнер жанрлары мен түрлерінің арасындағы шекараны бұзып, соны жол іздеген жастардың кейбір ізденістерін қолдаймыз. Сонымен қоса, жанрларды мидай араластыру, драматург мәтінін өзгерту, қысқарту, өз жандарынан сөз қосу сынды жайлардың әдетке айналып бара жатқанына да куә болдық. Әсіресе ұлттық классикалық шығарма кейіпкерлерін бүгінгі заман қалыбына салудан көп ұтылып жатқандай әсер алдық. Айталық, С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театры көрсеткен «Қарагөз» спектаклі – мұның айқын дәлелі. Спектакльді қойған Гүлназ Балпейісова – Ресейдің Е.Вахтангов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының режиссері, әлемге есімі жақсы таныс режиссер Римас Туминистің шәкірті. Бір сөзбен айтқанда, Г.Балпейісованың біліктілігі мен білімділігіне, режиссура мамандығын жете меңгергеніне таласымыз жоқ. Ол классикалық шығармаларда жалпыадамзаттық мәселелер көтерілетінін, яғни оны қай заманда қойса да, өзектілігін жоймайтынын дәлелдеуге тырысқан. Бірақ спектакльді көріп отырған кезде М.Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясын емес, мүлде басқа дүниеге тап болған күй кешесің. Нақтылап айтқанда, спектакльде Сырымның жанына еріп жүретін серілер ауылдың тентектеріне, Мөржан бастаған қап-қара киім киіп алған жесір әйелдер орыстың тақуа кемпірлеріне ұқсап, Ақбала көрінгеннің қолжаулығына айналып шыға келген.
Алғашқы сахнадан бастап желпілдеген Қаракөз – Ә.Сағындықова Мөржандай бәйбішеден титтей де ықпайды. Бүгінгінің бетпақ әйелдеріндей оның бетіне тік қарап, екіленіп, ойын ашық айтады. Шығармадағы Қаракөз адуын әжеге қарсы келе алмай, ел-жұрттың сөзінен қысылып, жылап-сықтап Наршаға ұзатылатынын режиссер мүлде ескермеген. Дәлірегі – естен шығарған.
Қойылымда келін болып түскен Қаракөз Наршамен (Б.Нұрмағанбетов) неке түнін өткізіп, алып қашуға келген Сырыммен тағы да төсектес болады. Осыдан соң М.Әуезовтің Қаракөзінің кімге айналғанын айтып жатудың өзі артық. Ал аңдушылардың қолына түскен Сырымды Нарша жұдырықпен төпештеп есінен танғанша қан-жоса етіп сабайды.
Режиссерлік оқылымда Сырым – ауылдан ұзап шықпаған көп бұзақы жігіттің бірі. Ал М.Әуезов трагедиясында Сырым бастаған салдар тобы –халық өнерінің өкілдері. Қазақ халқының ұғымындағы сал-серілер – өнерлі болумен бірге, сұлу да сымбатты, отырған жерлері әзіл-қалжыңға толы ерекше жаратылған жандар. Пьесадағы кейіпкерлердің бірінің: «Ол – жаланған ер, жалындаған ақын, салтанатты сал Сырым», – деп мінездеме беруі бекер емес. Спектакльдегі Сырымда осы қасиеттердің титтей жұрнағы да жоқ.
Спектакльдің екінші бөлімінде ауылдан қуылған Сырым – А.Нұрмағамбетов нашақорға айналған. Ол қасындағы достарымен бірге кілең жеңілтек қазақ қыздарымен сайран салып жүр. Осындай моральдық тұрғыда азып-тозған жігіттің Нарша жіберген адамның соңынан еріп, Қаракөзбен соңғы рет жолығуына сену қиын.
Трагедияда айтылатын «Жар-жар» мен «Беташар» сынды тұрмыс-салт жырлары пьеса шиеленісін тереңдетіп, кейіпкерлердің жанайқайын жеткізуде үлкен рөл атқарады. Спектакльде Сырым мен Наршаның жігіттері кезектесіп айтатын жар-жар мен беташар келекеге айналған. Халқымыз қастерлейтін дәстүрлердің мән-мағынасының бұрмаланғанын қалай түсінерімізді білмедік.
Түйіндеп айтқанда, режиссер бүгінгі күннің өзекті мәселелерін сахнадан қозғағысы келсе, онда басқа драматургке пьеса жаздырып, сонымен бірлесіп жұмыс жасағаны дұрыс. Ал халқымыздың інжу-маржанына айналған санаулы ғана классикалық шығармаларымызға ойланып барған жөн. Әлемдік театр режиссурасында жаңалықтар жүріп жатыр екен деп бүгінгі жас ұрпақтың ой-санасын лайлаудың қажеті жоқ. Біз үшін халқымыздың жадындағы Қыз Жібек, Еңлік, Баян, Қаракөз, Кебек, Сырым, Қозы сынды кейіпкерлер түпнұсқадан ауытқымауға тиіс.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары қазақ театрының шығармашылық өмірінде өшпес із қалдырып, неше буын актерлер шеберлігінің өсіп қалыптасуына ықпал еткен «Еңлік-Кебек», «Абай», «Қаракөз», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» т.б. классикалық пьесаларымыздың жүндей түтіліп, мүлде басқаша көзқараста оқыла бастағаны көпшілігімізді алаңдата бастады. Өткен ХХ ғасыр сахнасында қойылған классикалық туындыларда драматург мәтініне қол тигізбей, кейіпкерлер өмір сүрген тарихи ортаның көрінісі, халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы көркем бейнеленді. Шығармадан тыс, пьесаның ерекшелігінен бөлек режиссерлік шешімдер болмайтын. Қазіргі кезде «классиканы жаңаша оқу» үрдісін дұрыс ұқпағандар пьеса мәтінін қарабайыр тілге бұрып, диалогтарды қысқартып жөн-жосықсыз қайшылаудан көп ағаттық жіберуде. Классикалық туындыларға заманауи үн береміз дегенді желеу етіп, әр режиссер пьесаны өзінше «түзеп-күзеп» драматургтің стилін бұзғаннан кейін оның көркемдік құндылығынан ештеңе қалмайтыны түсінікті. Сонда, қазақ театры шаңырақ көтерген кезден бастап сан буын режиссерлеріміз бен актерлеріміз көздің қарашығындай сақтап келген ұлттық классикамыз форма іздеу жолында «құрбандыққа» шалынып кете бере ме? Қайта қазіргі технология жетістіктерін пайдалана отырып, жас ұрпаққа классикалық пьесалардың бай мазмұнын, ішкі сырын, сөз құдіретінің қасиетін, ұлттық мінез ерекшеліктерін қаймағын бұзбай көрсету режиссерлеріміздің басты міндетіне айналуы керек.
Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Қыз Жібек» спектаклі жас режиссер Әлібек Өмірбекұлының ізденіс үстінде жүргенін көрсетіп берді. Дәл қазіргі кезде көптеген режиссерлеріміз ұлтымыздың бет-бейнесін танытатын әдеби туындылар мен классикалық шығармаларымызды бүгінгі заманға сай «өзектендіріп» қоюға тырысып жатқанын жоғарыда айттық. Егер аталған спектакльге осы тұрғыдан қарайтын болсақ, режиссердің өткенге бет бұрып, «Қыз Жібекті» басқаша жандандыруға деген талабын құптауға болады. Десе де еліміздегі бірнеше опера театрының репертуарында ұзақ жылдардан бері қойылып келе жатқан туындының басқа нұсқасын жасап, музыкалық-драма театрының сахнасына шығарудың қандай қажеттігі болғаны тағы да түсініксіз күйінде қалды.
Ә.Өмірбекұлы Жүсіпбек қожа Шайхисламұлының «Қыз Жібек» жыры мен Ғ.Мүсіреповтің либреттосы негізінде М.Әбіл мен Л.Алпысбаеваға сахналық нұсқасын жасатып спектакль жанрын драмалық опера деп айқындаған. Қойылымда Евгений Бруслиовскийдің «Қыз Жібек» операсындағы музыкалар қолданылған. Негізгі сахналық оқиғаны режиссер Төлеген төңірегіне топтастырған. Тоғыз ұлын жер қойнына беріп қапаланған Базарбайдың (Н.Өтеуіл) бесіктерді бір-бірден сахна төріне шығарып, тізіп қоюы – әдемі табылған режиссерлік шешім. Осындай қасіреттен кейін дүниеге келген Төлегенді (О.Жақыпбек) бауырына басып аялаған Базарбайдың әкелік мейірімі актерлік ойында нанымды шыққан. Дегенмен аталған кейіпкердің мінезі драматургиялық шығармада ары қарай әрекет үстінде дамымай қалғандықтан, актердің шабыттана ойнауына мүмкіндік бермеді. Режиссер спектакль кейіпкерлерінің барлығын да қарапайым тілмен сөйлеткен. Төлеген әкесімен, анасы Қамқамен (Б.Жұмағұлова) және тағы басқа кейіпкерлермен әзілдесіп, қалжыңдасып тіл қатысады. Сол сияқты екі Төлеген, екі Жібек сахнада қатар өмір сүріп, бір-бірін толықтырып тұрды.
Айтпай кетуге болмайтын дүние – бірінші орынға актерлердің вокалдық орындаушылығына мән беріліп, драмалық көңіл-күй мәселесі екінші қатарға кетіп қалған. Драмалық театр үшін кейіпкерлердің психологиялық жан тебіреністерін жеткізу маңызды. Орындаушылардың сахнадағы әрекет ету пластикасы мен сезім шарпылыстары музыканың интонациялық, ырғақтық, т.б. өзгерістеріне бағындырылмағандықтан, кейіпкерлердің жан-күйлері терең ашыла алмады.
Қойылымда Бекежан (Е.Нұрымбет) мен Төлегеннің (Б.Орман) білек күшімен немесе өткір тілмен қызға таласатын сахнасы мүлде жоқ. Төлеген желісі Жібекпен (А.Омарова) байланысты ғана өрбіген. Сондықтан да, Бекежан рөліндегі актер сахнада әрекетсіз тұрып қалады. Актердің сырт келбеті келісті, батырға лайық болғанымен де сахнада Бекежан әрекетін шарықтау шегіне жеткізетін тартыс болмағандықтан да дала батырының өр мінезін көрмедік.
Төлегеннің інісі Сансызбайдың (А.Мамыр) екі аяғын баса алмайтын сал болуы да жырмен сәйкес емес. Спектакльдің финалында денесін көтере алмайтын сол жігіттің Бекежандай батырды қылқындырып өлтіруі де ешқандай шындықпен жанаспайды. Сол тәрізді Қыз Жібекті қолынан ұстап жетелеген анасы (А.Нөгербек) Базарбайдың ауылына келіп, қызын Сансызбаймен қосуы да қазақтың дәстүрінде болмаған (Жырда Сансызбай әмеңгерлік жолымен Жібекті өзі іздеп келеді). Біздіңше, режиссер шығармаға қай тұрғыдан қараса да, бұрыннан қалыптасқан халқымыздың салт-дәстүрін бұрмалаудың реті жоқ.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында әлем жұртшылығына мәдени құндылықтарымызды таныстырудың жаңа тәсілдерін ойластыру қажеттігін тапсырғаны баршамызға мәлім. Олай болса, Қазақстанды дүниежүзінің дамыған елдерінің қатарына жетелейтін елеулі қадамдардың бірі – театр өнерімен тығыз байланысты екеніне кез-келген театр ұжымы үлкен мән беруі қажет. Әсіресе тілімізді, ділімізді, ұлттық салт-дәстүрлерімізді, халықтық келбетімізді сақтау – әр режиссердің басты міндетіне айналуға тиіс.
Бақыт НҰРПЕЙІС,
өнертану докторы,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры