Ағат айтқан жалғыз ауыз сөз үшін
24.10.2015
1205
0

pero-poeta-na-fone-zakata-solncaАйып НҮСІПОҚАСҰЛЫ

 

ТАҒЫ ДА БІР КҮН БАТТЫ

Тағы да бір таң атты,

Тағы да бір,

Тіршілікке қағылды тағы дабыл.

Біреу тауып қызығын бұл өмірден,

Біреу тартты қайғыны тағы да ауыр…

 

Тағы да бір күн шықты,

Тағы да бір,

Бар тіршілік аңсаған сағына бір.

Тауып біреу өмірден өз бақытын,

Тағы біреу құлатты тағын ауыр.

 

Тағы да бір түс болды,

Тағы да бір,

Кетті қызып тіршілік абыр-сабыр.

Біреу шексіз қуанса перзентті боп,

Қазды біреу біреуге тағы қабір.

Тағы да бір күн батты,

Тағы да бір,

Су сепкендей басылды абыр-сабыр.

Тірі жанға таң атар тағы да бір,

Тіршілікке қағылар тағы дабыл…

 

ТҰЛПАР ЗАРДАП ШЕККЕНДЕ

Қуат кетсе күркілдеп,

Жетпес үнің қойға да.

Бақыт қонса бір күнде

Бас боласың ойға олақ.

 

Тәлім алар барша ұлан,

Жөні бөлек биіктердің.

Кейде адамның дауысынан

Даусы өктем иттердің…

 

Қарттық рас жеткенде,

Бетті әжім айғыздар.

Бұлбұл қалғып кеткенде

Сұңқылдайды сұқсырлар.

 

Мамыр шуақ төккенде,

Көтерілер тасқындар.

Адам қалғып кеткенде,

Анталайды қасқырлар.

 

Мораль кеміп кеткенде,

Бел алады өсектер.

Тұлпар зардап шеккенде,

Бәйге алады есектер.

 

БІР-БІРІНЕ ТЫНЫШТЫҚ БЕРМЕЙДІ АДАМ

Болмаса да бес берес,

Алты аласы,

Шықпаса да майданға балталасып.

Бір-біріне тыныштық бермейді адам,

Жағаласып,

Жармасып,

Жанталасып.

 

Өмір – күрес,

Қантөгіссіз, соғыссыз,

Түсінбейміз сырын кейде толық біз.

Түкке алғысыз бір нәрсе үшін кей сәтте,

Айтысымыз кеңірдекті созып біз.

Күндеп біреу,

Біреулерді «пыш-пыш» деп,

Қайрап салып

Бірін-бірі  «күш-күш» деп.

Алысады бір-бірімен адамдар,

Жеті атасын жездей қақтап, істіктеп.

 

Ор қазамыз кейде елге көре алмай,

Алшақтаймыз адамдықтан сене алмай.

Тыныш жүрген біреулерге соқтығып,

Жатып келіп жамандаймыз, ой, Алла-ай!

 

Боқтаймыз кеп

Біреулерді нақақтан,

Итереміз біреулерді шатаққа.

Болардай-ақ бұл әлемнің тұтқасы,

Пәле іздейміз, дау іздейміз тықақтап.

 

Қулық сауып кейбіреулер –

Кейбіреуден ассам деп,

Билік алып кейбіреуді бассам деп;

Былықтырат, әне, сөйтіп өмірді

Ағып жатқан жай-жадыра дастан боп.

 

Жүрсе-дағы көріп күнде пайдасын,

Жасырулы кейбіреудің қайласы.

Ағат айтқан жалғыз ауыз сөз үшін,

Жатады кеп шырылдасып, шайнасып.

 

Кейбіреулер баукеспе ұры сынды,

Тиіспесең де кетірер тынышыңды.

Жабысар балағыңа жанап өтсең,

Қураған қу шоңайна бүрі сынды.

 

Тұратын нұрға бөлеп таңды тамыз,

Өмір деген қызықты –

Дәмді сағыз.

Бірімізді-біріміз аяқтан ап,

Кең дүниені өзіміз тарылтамыз.

 

Болмаса да бес берес,

Алты аласы,

Шықпаса да майданға балталасып.

Бір-біріне тыныштық бермейді адам,

Жағаласып,

Жармасып,

Жанталасып!

ПІКІР ҚОСУ