Жидебайда айтқан экспромт өлеңдер
01.08.2025
138
0

 Хакім Абай Жидебайда табан астында айтқан бір-бір шумақ өлеңдер баршылық. Олардың сақталғаны – Абай сөзін қадір тұтқан ортаның арқасы. Жылы белгісіз «Қиясбайға», «Бәкизатқа», «Смағұлға» сияқты өлеңдер Жидебайда туылған. Олай болатыны,  аталған кісілер осы аумақтың  тұрғындары.   Экспромт шумақтың қай-қайсы да Абай ой еңбегінен демалған кезінде, көңілі мамыражай, хош сәтінде туылғаны аңдалады.

«Әйелің – Медетқызы, аты – Ырым»

       Абай замандасы Қайранбай дейтін жігітке шығарған бір ауыз өлең:
Әйелің – Медетқызы, аты – Ырым,
Айында бір жумайды беттің кірін.
Ер кезек ер жігітке үшке дейін,
Бір боқты тағы бас та және сүрін.
        Алғаш рет 1945 жылғы жинаққа енген. Ондағы түсінік: «Ел аузынан жазылып алынған. Әрхам мен Қайымның айтуынша, Абайдың замандасы Қайранбай дейтін жігіт алған әйеліне көңілі толмай, «тағы әйел аламын» дегеніне қарата айтқан екен». Өлеңде Абай «Айына бір жумайтын беттің кірін» салақ әйелді сынаған және жар таңдай білмейтін жігітті «Бір боқты тағы бас та және сүрін» деп әжуалаған. Абайға тән турашылдық танылады. Кейіпкерлері Жидебай аумағының тұрғындары, сол себептен бұл өлеңді де 1894 жылғы болар деп болжамдап отырмыз.

Бәкизатқа

        Бәкизат Ақылбайқызы (1885–1924) – Абайдың немересі. Ағасы Әубәкір екеуі Оспан мен Еркежанның қолында тәрбиеленген. Оспан өлген соң, Абай Еркежанға үйленген кезден Бәкизат ата тәрбиесін көп көреді. Абайды көк өрім қыздың білімге құмарлығы тәнті еткен. Алғаш рет 1961 жылғы жинақта жарияланған бір ауыз өлең мынау:
Бәкизатым, шұбарсың,
Оқуға өзің құмарсың.
Жазайын мен бәйітті,
Танитұғын шығарсың!
       Осы төрт жол өлеңді редакцияға әкеп тапсырған Әрхам Кәкітайұлының айтуынша, Бәкизат оқуға зерек болған, Абай оған жазған өлеңдерін оқытып, қызықтап отырады екен. Мына өлеңді он жасар қыздың солай бір өлең оқыған кезінде айтқан. Атаның көңілі хош сәтіндегі немереге деген мейірімге толы ыстық ықыласын аңғартады. Арабтың «бәйіт» сөзі «өлең» дегенді білдіреді.  Өлеңді 1895 жылғы десек, жаңсақтыққа ұрына қоймаспыз.
«Смағұлға» Абай өкпешіл інісіне ағалық назын айтқан өлең:
Тау жебелеп жортады көк бөрілер,
О дағы ат артына бөктерілер.
Қиыр жайлап, шет қонған ағайының,
Талай жанның көзіне жек көрінер.
        Өлең 1945 жылы Ермұса Елібаев деген қарттың аузынан жазып алынып, алғаш рет 1961 жылғы жинаққа енгізілген. Смағұл – Құнанбайдың Айғыз деген кіші әйелінен туған баласы. Ол мінезі тіктеу, палуан тұлғалы, біртоға адам екен. Жидебайдан қоныс тимегеніне өкпелеп, біраз уақыт елден жырақ, қиыр жайлап кеткен. Абай өкпешіл інісін сабырға шақырып, басу айтқан. Өлең жанашыр ағаның: «Сен түгілі тау жебелеп жортқан көк бөрі де бір күн атқа бөктеріледі, жат жерде жақсы атана алмайсың» деген ескертпесі. Бұл өлең де «Абай Жидебайға орныққан тұста айтылған» деп тұр, яғни 1895 жылға сұранып тұр деген ойдамын.

«Қиясбайға»

        Абай Жидебайға жақын жерде тұратын жетім бала Қиясбайды (Қодардың ұрпағы) жақын тартып, оның жанашыры болып жүреді екен. Бір жолы:
Үстіңдегі киімің,
Киім емес қызыл шу.
Жүрген жерің күнде ду,
Уайым жоқ, қайғы жоқ,
Атадан тусаң, сендей ту –
деп, аяғын өзің айтып жіберші дегенде, Қиясбай:
Тамағым тоқ, уайымсыз,
Жаным-ау, менің өзім неткен қу?
Әгөй-ай, әгәгөй… – депті.
         Қиясбайдың сыбызғы тартып, күлдіргі өлеңдер айтатын өнері де болған. Көріп отырмыз, мына өлеңде оның диуана мінезі, үстіне киім кимей, екі иығына ендей мата орап жүретін қылығы суреттелген. Өлең «кейіннен табылған» делініп келеді. Әзіл өлеңді Абай Жидебайда жаңа үйді салуды аяқтаған 1896 жылы айтқан болар деп топшыласақ, жалғандық бола қоймас деген ойдамын.

Асан Омаров,
абайтанушы 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір