БІР-ЕКІ АУЫЗ ӨЛЕҢ ОҚЫП БЕРСЕМ ДЕП…
23.07.2023
408
0

Айжарық АБЫЛҚАСЫМ

Жәнібек – ғұмыр

Уай,өмір уайым -көңілге кірсіз ұғынған
Кім өтті дейсің айналып сенің сыныңнан.
Қапшағай жақтан қайта алмай қалған Жәкем-ай,
Нағылған тағдыр нақақсыз келіп ұрынған?!

Шайқалып шаңырақ, теңселіп кетті кереге
Қош,күндер қайтып қол бұлғап
кеткен келе ме.
Ән жүрек тербеп қыран ең ұшқан әуеде,
Жолықтың қайдан жердегі жазмыш пәлеге!

Жәнібек – ғұмыр қырықтан ұзап аспаған
Әу, деген үнің үзілмейді аға, бастаған.
Кемпірбайға айтқан
Әсеттің ғажап бақұлын,
Өзіңдей айтар өрен болмас-ау деп жасқанам.

Иірімің қандай икемге келмей тұр көктеп,
Бұралып қалған бал жұтып бұлбұл тіл
де ептеп.
Тау менен Дала талықсып кеткен
шақтар -ай
Үніңмен сенің үлбіреп тұрған дірдектеп.

Қайырмаң қандай қайырып соққан
дауылдай,
Сәл босап алып, иіс бүркіп тұрған жауындай.
Қанша күн салған әніңмен көшіп сары сағым,
Әлі де жүрміз әсерден ғажап арылмай…

Іздерің жатыр іргеде ғана тозбаған
Көрінбей жүрген күндерің шығар аздаған.
Жәнібек әннің өлуі мүмкін емес қой,
Жүректі жұмсақ әу, дегені ғана қозғаған.

Армысың, Жәке, жетпіске жеткен қаз үнім,
Қарашы, қырсық жолыққан өмір жазымын.
Осы күн болсаң ойпырай, әннің әсемін
Еститін едік айналып темірқазығын.

Иншалла, дейін иір боп батты тамырың,
Әніңмен әсем көшеді бізде әрі күн.
Жәнібек аға, жүресің жүрек кеудеде,
Ақ нұрға толсын,азамат әнші қабірің!

Өлең туралы

Бірдеңені білмей жүрміз осы біз
Мүмкін, содан – әралуан ғой есіміз.
Ақыл, сезім, көңілде де өлшем бар
Ал осыған ой қуатын қосыңыз.

Бір кеуденің тасқыны бар мөлшерлі
Көтеретін шығар аздап еңсеңді.
Басымырақ мүмкін онда ақыл бар,
Салқынырақ бәлкім ойың теңселді.

Кете берер кеңге тартып ар жағы
Мүмкін оның көңілде тұр салмағы.
Үйренуден болуы да бек ләзім,
Сәтті күні ілген балық қармағы.

Ойы жатыр ырық беріп әріге
Біреулер жүр әуре болып бәріне.
Өлең – бірақ ғылым емес дәлелді
Ұқсамайды ол қолданатын дәріге.

Ал, еліктеу – басы ғана тұманың…
Тағдырыңды естімейді құлағың.
Түсінбеуі мүмкін оны зор ғалым
Өлең – биік, өмірден сәл, шырағым.

Пішінінде емес оның қадірі
Ырғақтармен ырғалатын тамыры.
Қара сөздің қасиеті бар өлеңде…
Жүрегіңнен арна салған ағыны.

Өлең – өмір, тектіліктің күшінде
Қадірін тек қолданыста түсірме!
Ол – Құдірет, басталатын сапары
Аналардың бүлк-бүлк етіп ішінде.

Сен туғанда дүние тұрып, ән салды
Туған топырақ өлеңімен қарсы алды.
Қалғып кетіп ана әніне қара түн
Тал бесікке талай тағдыр тамсанды!

Уақыт тәтті уайымды лақтырды
Әке қаны шүмегіңнен шаптырды.
Туған топырақ қиялыңды от қылып,
Дидарыңды жүйрік желмен қақтырды.

Құдіретті киелі оймен көсеймін
Ал, астыңа алашасын төсеймін.
Ала қашып, уақыт ұмыт кеткенмен
Ол да, сен де, мен де өлеңмен есейдім!

Ал, енді біз атқа міндік бүгінгі
Сапарларда сансыз тағдыр ілінді.
Күле алмадық адамға тән пішінде
Жасың жумай жүректегі кіріңді.

Сендірмедің, ойсыз қалды көз неге
Сене алмадың жеңіл сөзді өзгеге.
Айта алмадық ең тамаша өлеңді,
Ғашық болып қалған алғаш кезде де.

Сен сақтап ал, есіңе сол тегінде,
Тек қуаныш болмайды өмір белінде.
Қадірін тек білсе екен-ау тірлікте
Өлең айтып тұратындар өлімде…

Ал, енді айтшы үйренетін өнер ме,
Ұлғайды екен қанша көзбен көлемге?!
Жоқ, жоқ, бала, сөз айтарда байқа сен –
Оның орыны жұмбақ жүрек – тереңде!

Емес тағы кесіп айтар ол баға
Алла берген құны оның – Ар ғана!
Табиғаттың таласы жоқ сыйы ол,
Құнды өнерді қулығыңмен қорлама!

Өлең білсең, кіші сөзі Құранның
Болмас бәлкім саған оны ұғар күн.
Тым болмаса, тыңда өлеңін даланың,
Қарсы келер қояр дейсің бұған кім.
Қуан, жыла, сағын – соның бәрі өлең
Қайғы, өлім ғұмырыңды бөгеген!
Таусылады басталатын нәрселер
Төгіп өтсе уақыт қалың төбеден.

Өлең тәтті тыныштықты ілдірген
Түн маужырап, аулақ тұрған үргіннен.
Бір-екі ауыз өлең оқып берсем деп,
Шай басынан ұзап шығып жүрмін мен…

Үш тарау

Заңдылықтан тұрар өмір нетүрлі
Өрнектейді уақыт уыз бетіңді.
Бесігіңнен басталатын сапарың
Үш тараудан құралатын секілді:

Көре алатын құбылысты кез-келген
О,Құдірет маңдайға екі көз берген.
Осы көзде –жылдамдық пен салмақ бар
Шарасы тек оқиғадан өзгерген.

Шексіз оның құмарлығы тесілген
Ғаламаттар ғашықтықпен шешілген.
Күйкі тірлік кереметі бірақ та
Көзің жеткен жерде ғана кесілген.

Енді, ой бар ары бастап ағатын
Малып алып көз нұрына қанатын.
Ой тереңі батырады әрнеге
Көз қуаты таусылса ары баратын.

Сансыз ағыс өз кеудеңде арна сап
Еркін ұшар егер ойсыз қалмасақ.
Оның да тек пайдасы мен соры бар,
Буырқанған шағын егер барласақ.

Ол қажыса, көңілің бар келетін
Көкжиегі құшақ жая беретін.
Құдірет бұл –сезімдерден тұратын
Қыбыр еткен құбылыстар бөлетін.

Айхой,көңіл ала қашқан асаудай
Сусындайсың сұлулықтан бас алмай.
Амал бар ма, жасып кейде жатасың
Болмашы бір нәрселерден аса алмай.

Бола бермес бақыттың көп жеңісі
Жанға батар жалғыздықта терісі.
Көздің, ойдың –жетер күші болғанмен,
Ақ көңілге байланысты көбісі…

Үш тараудан жол ұсынар жүрегің
Өмір өтер іздеумен тек бір емін.
Алға қарай аттау үшін адам боп,
Тек махаббат керек соған білемін!

Әрқайсына өз кеудеңнен орын бар
Ақыл басы, ошағында қабылдар.
Сүю үшін мынау жарық әлемді –
Үшеуімен ғана жақын болыңдар…

Пайым

Байқап көрші, ойыңды көзіңе сап
Әр кеудеде маздайды сезім ошақ.
Өрістен қайтқан малдар адаспайды,
Иттің де ақылы бар өзіне шақ.

Уақыт онсыз алға ұмтылар ма
Жұмыртқаларда қанат бар, мүмкін ол да.
Киесі иесімен тағдырласқан
Мінез бар далаға тән жылқыларда.

Таулардың дәуір көрем арқасынан
Көл жатыр көп сыр бүгіп шалқасынан
Өмірін ұрпағының ұзартады
Қарбалас құмырсқалар дән тасыған.

Жаз бен күздің үзілмей аралары
Қыстың да қызық тіпті борағаны.
Көтеріп көзге жылы көкжиегін,
Көктемдер кезегінде оралады.

Айналып заңдылықтар дөңгелегі
Алдыңғылар артқыға жол береді.
Ұмтылған ұлы өмірдің шақалағы
Тәңірі бесіктерде тербеледі.

Бірінен-бірі ойнақтап озар жылға
Бауырын аптап шөлдер созар құмда.
Махаббаттар оянып өз кеудеңнен
Көңіл ұзап кетеді көз алдыңда.

Жанардың қырда тоқтап жарқылдары
Жетеді жаңа шақтар нар тұлғалы.
Сенен көрі салқындау дидарлармен
Қуаттырақ келеді артыңдағы.

Жүргенде жақсы күнде жауын кешіп
Біреуді жау, бірісін бауыр десіп,
Тұрғанда тәтті өмірдің құшағында
Өз кеудеңнен өтеді дәуір көшіп.

Терезеңнен өзгелеу түн кіреді
Тыныштығын қалғыған кім біледі.
Оянған сайын өмір сенен озып
Егделеп қалғаныңды білдіреді…

Өзен бар кеудемде әлі жайылмаған
Жақын жүрші, бір минут сайын маған.
Бұл менің ғашық көзім дүниеге –
Перзенттік құштарлықпен пайымдаған.

Перзент сыры

Заңдылық шығар өмірге заңғар келгенім;
Тірлікті бірақ күн,түн -деп екі бөлмедім.
Бір ұғым болды көзіммен соны көргенім,
Көңілмен көлдей көкірегім қазір шөл менің.

Боран бар менің ішімде тынбай бораған,
Алдына шығып арманның талай ораған.
Сондықтан мынау ар жағы көктем өмірдің,
Жылғасы ыстық бойыма қуып тараған.

Құдайы шыным; құстың да ұғам бір тілін –
Бүйірім сезіп бой созған гүлдің бүртігін.
Қыбыры жақын жаныма тіпті құмырсқаның,
Қаққанда уақыт қалғымай тұрам кірпігін.

Қас жауым емес, қабырғамнан
өткен қиын күн,
Құйындай күнді қуалап бері үйірдім.
Адамның бәрі аруларға ғашық емес пе,
Сондықтан сансыз сұлулықтарға
жаным, үйірмін!

Қанатым бар ма, деп қалам талмай ұшып ем,
Көңілді салып көктемнің қимас тұсымен.
Ол сенің – о, байтақ құдіретің ғана екен ғой
Ақжарқын өмір, анам деп сені түсінем!

Сондықтан маған дүниенің елең құлағы,
Аспани жұлдыз көзімде жайнап шырағы.
Өрекпіп тұрған дүниенің мынау барлығы –
Сондықтан менің жаныма жақын тұрады!

Келемін сосын, сеніммен сәби боп бала,
Шақырып алға көңілімде шеті жоқ дала.
Уайымы да құт перизат жерім, перзентің ем,
Салдыра гөр, сәтін өлеңімде ұзақ тек қана!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір