АҚЫН ЖОҚ БОЛСА – ҚАЗАҚ ТА ЖОҚ
08.05.2019
1011
0

Исраил Сапарбай

Осы мақаланы жазбауға да болар еді. Жазатын құлық та, құлшыныс та шамалы. «Е» деп елең ете қояр ел ішінің бірер елгезегі табыла қояр ма екен?..» деген күмәнсіз күдік те күнәсіз күшіктей ішімізде қыңсылауын қояр емес. Айтпасақ, сөздің атасы өледі. Атасы өлген сөзде не мән, не қауқар? Әйтсе де, көкіректі бір қыжыл тырналайды.. Қыжыл түгілі қызыл кеңірдектеніп қышқырғаныңа елең етпейтін епсіз дүние енділікте ессіз есіріктер мен тобасыз тоғышарлардың тобырына айналып бара ма, қалай? Қашаннан бері? Сауал бар да жауап жоқ. Батырдың пәрменсіз, Ақынның дәрменсіз күйі жалғыздыққа ұласса, жапагер кім болмақ сонда? Сауал сонары соқа бастың сортаң соқпағындай со-нау-ға созылып барады. «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ»…

* * *

Иә, Ақын жалғыз ғана Жарат­қаннан жасқанады, қаймығады, қорқады. Өңгесі ол үшін – бінәйі тіршілік, мінәйі пенде. Алуан-алуан пенде бар, әліне қарай ама­лы. Ал Ақын – екі дүние ел­шісі. Оның кейде пенде қата­рына түсіп, кейде періште қанатында ұшып жүретін себебі осыдан. Ақын аузынан арзан сөз шықпайды, маржан сөз шығар болмаса. «Ақынның аузына Алла сөз салады» дейтініміз ақиқи шын­дық. Алланың сол азат құсы аспаннан жерге түсіп азапты ғұмыр кешсе – қанатының қайрылғаны, талабының май­рыл­ғаны. Күндердің күнінде Ол бәрібір өзінің көгілдір әлеміне қайта ұшып кетеді! Абайдың әлемін, Мағжанның мазмұнын, Мұқағалидың мұңын, Төлегеннің төркінін түсінген, түйсінген жұрт ақынын әл-қадірінше ардақтап, абзалдап бағады. Қожа Ахмет Иассауиді Әмір Темір, Әлішер Науаиды Хұсейін Байқара, абыз Бұхарды хан Абылай осылай әспеттеген, ардақтаған, айқалаған. Кеше, я бүгін емес, кезінде!.. Ал біз…
Көктен түскен Құраныңыз да өлеңмен жазылған. Ішкі әуен-сазы, иірім-ырғағы мазалы мақаммен қырағаттап оқуды қалайды. Жаратқан ие ең әуелі Сөз жаратқан десек, Ібілістің азғыруымен күнәһарланып жұмақтан «жер аударылған» Адам ата мен Һауа ана сол Сөздің төркінін таныған алғашқы ақындар болған деседі. Бәлкім, аңыз шығар, дегенмен, аңыздың түп атасы – Ақиқат. Ақын рухының Аллаға жақын болу себебін осыдан сезінсек керек.
Иә, айтып-айтпай не керек, ақынсыз адами заттың күні қараң. Ақынсыз ғасыр – тұл ға­сыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театрында «Ғашықсыз ғасыр» атты қойылымды көргеніміз бар. Заты әсерлі болғанмен, аты әсіре. Олай дейтінім, адам барда оның сана-сезімі, ой-түйсігі бар. Сүйіспеншілік, ғашықтық іңкәрлік, ілкі ұнасымдар осылардан бастау алады. Қолайлысы – қойылымның атына зер салмайық, затына зейін қоялық. Өйткені онда бүгінгі адам пейілі мен қоғам кейпіне қарап ертеңге айтылған, дұрысы – меңзелген күдік-күмән мен үрей-қорқыныш бар. «Бүгін былай, ертең қалай?» деген сұрқы суық сұрақ мазалайды авторды. Қорықпай-ақ қойыңыз. Әр күннің өз сипаты мен сыбағасы бар. Бүгінгі өлшем ертеңге мөлшер бола алмайды. Қалыпқа сыймаған дүние қауызға қамалушы ма еді?!
Кеше біз көп едік – ақындарды айтам. Сол кешегі күні Олжас Сүлейменовтің: «Америкада ақын-жазушылар алтау-жетеу-ақ, ал бізде жеті жүз, іліп алары аз…» – деген сөзіне ерімізді бауырымызға ала тулап «Қит етсе Американы өнеге тұтатын ауруға душар болдық!» – деп өзеуреп өре түрегеліп едік. Одан бері де көп өте қойған жоқ. Уақыт бәрін өз орнына қойды. Әлгі жеті жүз қаламгердің құрығанда жүзі азуын айға білеген ақындар болатын. Солардан аз жылда ат төбеліндей-ақ ақындар қалды. Қалғаны қайда? Ерте көз жұмған еркесі мен серкесі, құдайға шүкір, ел есінен шыға қойған жоқ. Ал ет пен терінің арасындағы жел-құзды жеңсік еткен көпшілігі көзден ғайып болды. Бірі үйде, бірі түзде… Батыр қаруын тастаса – тыныштық орнағаны. Ақын қаламын тастаса – ырыс-құт орнағаны… жо-о-оқ, ұйқасты қоя тұралық, не қартайғаны, не ортайғаны дегеніміз дұрыс шығар. Әзірге сыр алдырар емес, нендей күй кешсе де іштерінде. Ал іште… ақпандағы азынаған аязды қайдам, әлгі, қызылшақа иттей қыңсылаған қыжыл бар…
Уақыт та бір – қызыл қырда сусыған құм да бір. Құм ішінен көз арбап, көкей тескен алтын жалқынын іздеп табу оңай емес. Оны кез келгеннен гөрі кеніш­тегілер жақсы біледі. Алмас кездік­тің қын түбінде жатпайтыны сияқ­ты алтынның да адым жерден табыла бермесі анық. Алтын – сонысымен алтын. «Алтындай ардақты, күмістей салмақты» десе, қазақ оның қадыр-қасиетін білгендіктен айтады. Абай талап қойған «іші алтын, сырты күміс сөз сарасы» да алдымен ақын табиғатынан табылуы тиіс қағидат. Олай болмайынша сөзден сөл, өмірден өң қашады. Адамзат баласы атам заманнан-ақ ақынына қарап елін таныған, батырына қарап ерлігіне табынған. Бізде бұл тараптан үлгі мен үрдіс жеткілікті. Сөйте тұрғанмен… әлі күнге дейін барымызды бағалай алмай, жоғымызды шамалай алмай келе жатқанымыз жасырын емес, айдан анық.
…Абай тойы әлі есте. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, ай, ай жарым бұрын Алматы көшелеріне көлденеңінен ілінген әлем-жәлем ақын өлеңдеріне көз сүрініп: «Е, ел болайын деген екенбіз», – деп ішімнен тәңірге тәубе айтқанмын. «Көз көрсе, жүз ұялады» демекші, бірде құлқы, бірде ғұрпы жетпей жүрген қазақ мынау бадырайып-бадырайып тұрған өлең жолдарын әрлі-берлі өткен сайын оқып жүрсе, ең бірінші – Абайын таныр, – одан қала берді өзін таныр» деп ойлағам. Той өтті. Дүрмек-думан басылды. Апта өтпей жатып әлгі көше бойындағы Абай өлеңдері түгелімен ұшты, күйді, жоғалды… Міне, біздің «Абайтануымыздың» айқын бір үлгісі…

(Толық нұсқасын газеттің №18 (3652) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір