ҰЙҒЫР ӘДЕБИЕТІНДЕГІ «АРМАН БҰЛАҚТАРЫ»: ОЛ – ЖАСТАР ДАУЫСЫ, ОЛ – ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ
02.05.2019
1076
0

Өткен жылы ұйғыр әдебиеті қандай жетістіктерге жеткені жөнінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Рахметжан Юсупов баяндама жасады.

Баяндамашы өз сөзін 2018 жылы ұйғыр әдебиетінің поэзия жанры бойынша бір­неше кітап жарық көріп, БАҚ беттерінде поэ­зиялық шығармалар жиі жариялан­ғанымен бастады. Әсіресе, жастар ара­сындағы талпыныс пен ізденіс қуантады. Әдебиеттанушы-ғалым әріқарай жас авторларға жеке-жеке тоқталды. Вильям Молотов «Жұлдыздарда армандар» деп аталатын екінші кітабымен ұйғыр поэзия­сының сырларын, ерекшелік­терін танумен бірге, бала тілін, түйсігін жетік мең­гер­гендігін балаларға арналған шы­ғар­­маларымен дәлелдеді. Ал Зухра Иси­дул­лаеваның «Құштарлық және ғашықтық» атты тұңғыш өлеңдер жинағына енген туындылары бүгінгі қоғамға көзқарас, адамдар арасындағы қарым-қатынас, достық, махаббат, шыншылдық, адалдық сынды ерекше құндылықтар турасында терең лирикалық рухта жырланған. Баяндамашының айтуынша, өзіндік көзқарасымен, тақырып таң­дауы­мен ерекшеленетін жас ақын Абдулжан Азнибақиевтің бүгінгі қоғам­ның өзекті мәсе­лелерін арқау еткен поэзиялық туындылары «Жастық лирикалары» атты өлеңдер жинағына топтастырылыпты. Баяндамашы әріқарай сөзін былай сабақтады: «Өзіндік стилі қалып­тасқан ақынның бірі – Альбина Аметова. Оның өткен жылы басылып шыққан «Мә­жнүн тал» атты тұңғыш өлеңдер жинағына енген 150-ге тарта өлеңдерін Отан, ауыл, туған жер, достық, ана тілі, табиғат, ұлт тағдыры сынды бірнеше тақырыпқа бөлу­ге негіз бар».
2018 жылы «Мир» баспа үйінен ұйғыр ақын жастарының «Арман бұлақтары» өлең­дер жинағы жарық көрді. Р.Юсупов бұл орайда пікірін былайша білдірді: «Өлең­дері осы жинаққа енген 22 ақынның туындылары ұйғыр әдебиетіндегі жастар дауысын, аға буынның дәстүрін жалғас­тырушылардың бар екендігін көрсетті. Жоғарыда таныстырып өткен авторлардан басқа Шаирәм Баратова, Молутжан Тохтахунов, Гүлназ Сәйдул­лаева, Сабирәм Әнвәрова, Гүлчеһрә Розиева, Гөзәл Азни­бақиева, Зульфия Абдуллаева, тағы басқа қалам иелері өзіндік стильдік ерек­шелі­гі­мен ұлттық поэзияның көркем­дік-эстети­калық жағынан өскендігін көр­сетті».
Ұйғыр әдебиетінің көрнекті өкілдері – аға буын ақын-жазушылар тоқтаусыз даму мен іздену, үйрену мен үйрету жолында таланттарын әлі де ұштап жүр. Әдебиеттанушы-ғалымның сөзімен айтсақ, «Әкрәм Садиров, Хуршидә Илахунова, Абдуғопур Қутлуқов, Илахун Һошуров, Илахун Жәлилов, Жәм­шит Розахунов, Патигүл Мәхсәтова, Тельман Нурахунов, Ахметжан Исрапилов сынды авторлар поэзия мен проза салаларын дамытуға өз үлестерін қосуда»…

(Толық нұсқасын газеттің №17 (3651) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір