«Бекзат» романы – жасөспірімдер әдебиетіндегі жаңа тыныс
09.09.2025
238
0
Қазіргі қазақ прозасында шынайы кейіпкердің тағдырын көркемдікпен бейнелеп, ұлттық рух пен адамгершілік мұраттарын үндестіре суреттеген жаңа шығармалар сирек кездеседі. Осы тұрғыдан алғанда, жазушы Бейбіт Сарыбайдың «Бекзат» атты романы – әдебиетіміздегі елеулі жаңалық. 
Кітап ХХІ ғасырдың басында күллі қазақ жұртының мақтанышына айналған Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың балалық, жастық және кәсіби өсу жолдарын көркем прозаның заңдылықтары арқылы баяндайды. Бұл туынды тек спорт тақырыбы ғана емес, азаматтық, отбасылық, рухани құндылықтарды көтеруімен де маңызды. Романның өзегі – қаһармандық пен адамдықтың үйлесімі. Шығармада автор спорттық жеңістерге жетудің сыртқы салтанатын емес, сол жетістікке апарар рухани, әлеуметтік және психологиялық факторларды суреттейді. Бекзаттың тұлғасы арқылы жас ұрпаққа ерік-жігер, ар-намыс, адалдық, ұлттық рух секілді құндылықтар үлгі етіледі. Бұл – қазіргі қазақ қоғамы үшін өте өзекті тақырып.
Романның басында екі эпиграф беріледі: біріншісі – Бердібек Соқпақбаевтың «Бәрі кітаптағыдай болу үшін оқиғаларды тарау-тарауға бөлемін де, әр тарауға ат қоямын. Өтірік ештеңе қоспаймын» деген сөзі мен Абайдың «Жастықтың оты жалындап…» атты өлеңінен үзінді алынған. Бұл эпиграфтар шығарманың бағыт-бағдарын, мазмұнын алдын ала айқындап тұр. Соқпақбаев сөзі – автордың шығарманы дерекке, шындыққа сүйеніп жазғанын, ал әр тараудың шынайы эпизодқа құрылғанын меңзейді. Ал Абай өлеңі – Бекзат бо­йындағы жалын мен арманның, талап пен қайраттың көркем сипаттамасы іспетті. Осылайша, екі эпиграф та романның көркемдік табиғатын ашып, оқырманды рухани бағытқа бағдарлайды.
Роман құрылымы басты кейіпкер Бекзат Саттархановтың өмір жолын кезең-кезеңмен баяндайтын шағын тараулардан топтасқан. Барлығы 72 тарау бар. Әр тарау өзіндік атауға ие және оқырманды балалықтан азаматтыққа дейінгі дамудың бір сатысына жетелейді. Бұл құрылым романның эпизодтық-композициялық моделін көрсетеді, алайда тарау­лар өзара тығыз байланыста, ке­йіпкердің ішкі эволюциясын біртұтас желі ретінде өрбітеді. Автор әр тарауды нақты оқиға мен көркем детальдарға сүйеніп құраған, бұл шығарма құрылымына динамика мен әсерлілік дарытады.
Шығарма хронологиялық жүйемен берілген. Әр тарау – жеке көркем новелла іспетті, әрі біртұтас сюжеттік желіні үзбей, Бекзаттың өсу жолын кезең-кезеңімен бейнелейді:
Балалық шақ – мейірім мен тәрбиеге толы, арманы таудай бала.
Жасөспірімдік шақ – мектеп, тәрбие, алғашқы махаббат, мінездің қалыптасуы.
Кәсіби қалыптасу – бокс әлеміне қадам, ішкі тартыс, мақсатына жету жолындағы ізденіс.
Шарықтау мен трагедия – жеңіс пен өмірдің әділетсіз үзілуі.
Шығармадағы негізгі идея – рухани ерлік, ұлттық абырой мен азаматтық жауапкершілік. Бекзат тек спортшы емес, рухани тұлға, адамгершіліктің айнасы ретінде бейнеленеді. Жазушы оның күллі қырын – спорттан тыс өмірдегі ақындығы, мейірімі, адалдығы, отбасына деген махаббаты арқылы ашады.
Романның көркем прозалық поэтикасына тоқталатын болсақ. Автор шынайы деректерге сүйене отырып, оқиғалар желісін эпикалық тыныспен, лирикалық нәзіктікпен өрбітеді. Пролог іспетті «Құрсақтағы арыстан» бөлімінен бастап-ақ туынды символизм мен 
фоль­к­­­лорлық танымға негізделген көркемдікпен баяндалады. Арыстан, жүйрік құлын бейнелері болашақ чемпионның таңғажайып тектілігін меңзейді. 
Шығармада ұлттық дүниетаным мен фольклорлық символдар жиі кездеседі: жас сәбидің кіндігін жүйрік аттың жалына байлау, түс көру мотивтері, ырымдар арқылы кейіпкердің болмысын ұлттық таныммен өрнектейді.
Сырлыкүл анасының ішкі ой арпалыстары, перзентіне деген алаңдаушылығы, өмір мен өлімнің шекарасында тұрған аналық махаббаты нәзік психологиялық детальдармен өрілген. Бұл – реализмнің ең терең қабаттарын меңгерген жазушы шеберлігінің айғағы.
Автор қазақтың қарапайым сөз саптауы, мақал-мәтелдер, теңеулер арқылы кейіпкерлердің болмысын даралайды. «Қыз – қонақ», «Шашасына шаң жұқпас», «Құрсақтағы арыстан» секілді ұғымдар шығарманың рухын ұлттық сипатқа толтырады. Автордың шығармада халықтық тіл мен бейнелі суреттеуді көркем пайдалана білгендігін көруімізге болады. Мысалы, мәтінде кездесетін 27 мақал-мәтелден бөлек, ұлы адамдардың сөздерін де шебер кіріктіргенін байқауымызға болады:
1. «Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың аты арындап,
Әр қиынға салған шақ» (Абай).
2. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» (2) (Абай).
3. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» (Абай).
4. Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүректен  (Абай).
5. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзат­тың қас жауы» (Әл-Фараби).
«Үміт еткен көзімнің нұры балам» (Ыбырай).
Романда диалог пен ішкі монологтің үйлесімді қолданылуы да кейіпкерлер бейнесін тереңдетіп, олардың психологиясын ашуға үлкен мүмкіндік береді. Әсіресе анасы Сырлыкүл мен Бекзаттың ішкі күйзелісі, толғанысы, қуанышы көбінесе ішкі монолог арқылы берілген. Бұл тәсіл оқырманды кейіпкердің ішкі әлеміне етене жақындатып, олардың жан дүниесін сезінуге мүмкіндік береді. Ал диалогтер арқылы автор кейіпкерлердің мінезін, қарым-қатынасын, әлеуметтік ортасын шынайы көрсетеді. Мысалы, ана мен әке арасындағы, ұстаз бен оқушы арасындағы диалогтерде ұлттық тәрбие мен рухани биіктік айқын көрінеді. Осылайша, ішкі монолог пен диалог романда бірін-бірі толықтырып, көркемдік тұтастық пен әсерлілік тудырады.
Шығармадан автордың өзіндік қолтаңбасын да көруімізге болады.   Бейбіт Сарыбайдың шынайылықты жеңіл әзіл, астарлы ирония мен ойын арқылы жеткізетін өзіне тән қолтаңбасы бар. Оны жеңіл, еркін, күнделікті тілмен өрілген мына бір репликалардан да көруімізге болады:
– Ғашық болған күшті шығар, иә?
– Кейде қиын.
– Білмеймін, әйтеуір, саған қарасам, күшті сияқты ғой.
– Маған да біреуге ғашық болып көру керек еді.
– Көрсеңші.
– Сол, кімге ғашық боларымды білмей жүрмін.
 Диалог сырттай қарапайым, бейкүнә әңгіме тәрізді көрінгенімен, оның түбінде жалғыздық, ізденіс, өмірлік бос кеңістік жатыр. Авторға тән мысқыл мен ирония мұнда да бар, әсіресе «Маған да біреуге ғашық болып көру керек еді» деген жол шынайы сезім мен әлеуметтік рөлдің арасындағы ішкі тартысты астарлы түрде жеткізеді. 
Шығарма жас оқырман үшін қазіргі тілмен айтқанда, мотивациялық құрал, рух пен қайраттың, намыс пен ұлттық руханияттың көркем шежіресі бола алады. Ол адам бойындағы ізгілік, күрескерлік, отансүйгіштік сезімдерін оятады. Осы тұрғыда роман тек әдеби емес, педагогикалық, патриоттық, этнопсихологиялық мәнге де ие. Жасөспірімдерге, балаларға арналған шығармалардың басты талаптарының бірі – тәрбиелік маңызының болу керектігіне сүйенсек, романның жасөспірімдерге арналғандығының тағы бір дәлелін осы жерден байқай аламыз. Бекзаттың қарапайым ауыл баласынан әлем чемпионына дейінгі жолы – еңбек пен тәртіп, ата-ана тәрбиесі, ұстаз ықпалы сияқты факторлар арқылы жүзеге асады. Сол себепті де роман ұлттық тәрбиенің көркем моделі десек артық емес.
Жалпы бұл шығарма роман ба деген сұраққа тоқталсақ. Әдебиет теориясында роман жанрына тән негізгі ерекшеліктер мен критерийлердің барын білеміз. Сол критерийлерге «Бекзат» романын салып көрсек. 
Бірінші талап – шығарманың ауқымды көлемі, күрделі композициясының болуы: «Бекзат» романы 224 беттен тұрады, 70-тен астам тарауы бар. Дәлел, роман мазмұны балалық шақтан бастап чемпиондық пен өмірден өтуге дейінгі бір адам өмірінің толық хикаясын қамтиды.
Екінші, уақыт пен кеңістік ауқымының кеңдігі: уақыты – Бекзаттың туғанынан өмірден өткенге дейінгі 20 жыл, кеңістігі – Түркістан, Шымкент, Алматы, Сидней, Отырар. Бұл – романға тән кең хронология мен география бар екенін білдіреді.
Үшінші, кейіпкер психологиясының терең суреттелуі: Бекзаттың, анасы Сырлыкүлдің, әкесі Сейілханның, ұстазы Әсия апайдың ішкі жан дүниесі, арман-мұраты, қайғысы терең бейнеленген. Мысалы, анасының түсінде көрген жирен құлын – психологиялық символизм арқылы берілген ішкі үміт.
Төртінші, қоғамдық-әлеуметтік мәселелердің көтерілуі: қазіргі медицина жүйесіндегі қиындықтар, әйел даналығы, ұстаз бен оқушы қатынасы, елдегі спортқа көзқарас, әділетсіз төрешілер. Мысалы, Серік Қонақбаевтың жеңілісін көрген анасының эмоциясы – қоғамдық сана мен идеологияға деген көзқарастың көрінісі.
Бесінші, бір ғана оқиғаны емес, тұтас өмірді қамту: Бұл шығармада баланың дүниеге келуі, балабақша, мектеп, алғашқы махаббат, досы, ұстазы, қарсыласы, чемпиондығы, өлімі – тұтас адам ғұмыры суреттеледі. Бұл – романның негізгі критерийінің бірі.
Алтыншы, жанрлық синкретизм (хранологиялық, эпистолярлық, лирикалық, публицистикалық тәсілдердің қосарлануы): Шығармада диалогтермен қатар лирикалық шегіністер, хаттар (мысалы, «Хат», «Жауап хат» тараулары), авторлық толғаныс, мақал-мәтелдер, поэзия да кездеседі. Бұл – биографиялық роман стиліне жақын.
Жетінші, тақырыптық және идеялық тереңдік: ұлттық рух, ерлік, махаббат, Отанға адалдық, адамгершілік, фәнилік – шығарманың тірегі. Шығармада тек спорт емес, тұлғалық дамудың күрделі табиғаты суреттеледі.
Әдебиеттанушы ғалым Зәки Ахметовтің «Көркем әдебиет тілі» еңбегінде берілген роман жанрының анықтамасына сүйенсек: «Роман — белгілі бір тарихи немесе психологиялық шындықты терең зерттеп, тұтас бір адамның немесе бір буынның өмірін, тағдырын жан-жақты көрсететін, күрделі көркем жанр», – дейді. 
Қорыта айтқанда, Бейбіт Сарыбайдың «Бекзат» романы – көркем проза мен деректі өмірдің шебер тоғысқан, ұлттық рух пен адамгершілік құндылықтарды астарлы тілмен жеткізген заманауи био­графиялық туынды. Роман құрылымы эпизодтық әрі тұтастыққа негізделген, әр тарауы кейіпкердің рухани және физикалық өсу сатысын бейнелейді. Шығармада шынайы диалог пен терең ішкі монолог үйлесім тауып, кейіпкер психологиясын аша түседі. Жалпы алғанда, «Бекзат» – көркемдік, тәрбиелік, тарихи маңызы бар, қазіргі қазақ әдебие­тіндегі жасөспірімдерге арналған роман жанрының жаңаша дамуын танытатын сәтті шығарма.
Жаңагүл Саметова,
PhD доктор, 
«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, 
Калифорния университеті, Девис, АҚШ
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір