Көсем әдебиеттің күміс бұлақтары
Шетелдердегі қазақ әдебиетінің 2024 жылғы барысына шолу жасарда менің санам әуелі әлемді шарлап кетті. Әлемнің орта есеппен қырыққа жуық елінде қазақтар тұрады. Олардың жалпы саны 7 миллионға жуықтайды екен. Демек әлемнің қырықтай елінде бай, бақуатты қазақ баласы өмір сүреді. Бұл – үлкен мақтаныш. Олай болса, оның көркем әдебиетінің деңгейі бізді неге толғандырмасқа?
Есімі елге белгілі түрколог ғалым Л.Н.Гумилевтің Алтай қазақтарының денесіне физикалық әсерден түскен жарақаттың тез жазылып кететініне таңғалып жазатыны бар. Бұл жергілікті халық үшін табиғи жағдай болғанымен, сырт адамына беймәлім таңғажайып нәрсе болып көрінген. Демек шетелдердегі қазақ әдебиетінің барысын, сол жергілікті мекенде тұрақты тұратын, оның күнделікті тыныс-тірлігімен қоян-қолтық араласып, бірге жасасып отырған халықтан артық ешкім де терең білмейді. Біз тек сырттай, «естіген құлақта жазық жоқ» деп қана жорта шолу жасаймыз. Сол үшін шет елдегі көркем әдебиетпен шұғылданып жүрген өзіме таныс ақын-жазушылармен тікелей байланысқа шығуға ниет еттім.

Қытайдағы қазақ әдебиеті
Қазақ әдебиетінің әр жанрында жақсы дамыған, ең үлкен, ең тынысты, кең арналы, Ертістей еңселі, Іледей ілкімді саласы – Қытайдағы қазақ әдебиеті. Бұл күнде екі еларалық әдеби байланыс та оңтайлы жалғасын тауып отырғаны ондағы көркем әдебиетіміздің барысын бағамдауға мол мүмкіндік береді. Соның айқын көрінісіндей былтырғы жылы елімізде көрнекті жазушылар Мағаз Разданұлының (1924–1998) 100 жылдық, Әкпар Мәжитұлының (16.04.1954) 70 жылдық мерейтойлары ойдағыдай аталып өтті.
Қытайдағы қазақ әдебиетінің дамуына Үрімші қаласында шығатын «Шұғыла», Алтай қаласында шығатын «Алтай аясы», Шәуешек қаласында шығатын «Тарбағатай», Іле аймақтық «Іле айдыны», Құмыл аймақтық «Құмыл алқабы» қатарлы тұрақты шығып тұрған әдеби журналдардың рөлі айрықша екенін жергілікті халық, қаламгер қауым ілтипатпен атайды.
Қазақ ақын-жазушыларының 2024 жылғы табысы да аз емес. Атап айтсақ, Нұрахмет Әуетовтің «Жұңго арманы», Барат Каданның «Ақ аяз жырлары», Нұрболат Шериязданұлы мен Мұқаматхан Бөкейдің «Өлеңдер жинағы» (жеке-жеке), Cолтікен Көкейдің «Бір биік тау», Қайныкей Әлжанның «Жыр сапарында», Көкей Қамалдың «Әңгіме, повестер», Бөлек Қалиұлының «Сүйеді жүрек», Ризабек Қасеннің «Отан иісі» (роман), Қуат Асылбектің «Мамыр бояулары» қатарлы кітаптары жарық көрген екен. Біз олардың атын естігеніміз болмаса, қолымыз жетпегенін атап өткеніміз жөн. Осы қысқа болса да нұсқа мәліметтерді алуға көмектескен әдебиет сыншысы Армиябек Сағындыққа алғыс айтамын.
Өзбекстандағы қазақ қаламгерлерінің жетістіктері
Әлемде қазақтардың көп шоғырланған бір өлкесі – Өзбекстан. Онда ресми мәлімет бойынша 821 мың қазақ тұрады. Науаи облысының, Кенимех ауданында тұратын ұстаз, белгілі ақын Наурызбай Жарбосынұлы ондағы қазақ қаламгерлерінің қол жеткізген жетістіктеріне көңілі толатынын айтады.
Қалдыбек Сейданов, Ақшагүл Төлегенова, Наурызбай Жарбосынұлы, Полат Қазбеков, Сәуірхан Ахметов, Лала Жұманова, Тұрсынәлі Ахметов, Құлназар Ибрагимов, Ақан Ташметов, Рәбия Өсерова, Абдулла Рүстемов, Анар Нәлібаева, Төребай Сәрсенбаев сынды белгілі ақын-жазушылармен қатар, жас қаламгерлерден Арухан Ақпанбетова, Жарасқан Мырзамұратов, Ербол Қыранбаев, Қайрат Ахметов, т.б. дарынды жастардың өнімді еңбек еткенін тілге тиек етеді.
Шетелдік қаламгерлердің туындыларын қазақ тіліне аударуда Абдулла Рүстемов, Сапарбек Иманбеков, Тұрсынәлі Ахметов сынды қаламгерлерді атап көрсетеді.
Қазақ жазушыларының еңбектерін насихаттауда қазақ тілінде шығатын республикалық «Нұрлы жол» атты газеттің рөлін айрықша атап өтеміз.
2024 жылы белгілі қаламгерлер Абдулла Рүстемовтің «Қайран дүние», Сәуірхан Ахметовтің «Дала әуені», Ералы Арапбаевтың «Дәптердегі жазулар» атты өлеңдер жинағы, танымдық-өнегелік дүниеге құрылған Рәбия Өсерова мен Рахия Мансұрованың «Өрлеу» атты еңбегі, ал аударма саласындағы Сапарбек Иманбековтің «Достарымыз жырлайды», жас ақын Ербол Қыранбаевтың «Нұрлы сезім» атты еңбектері кітап болып жарық көрген. Сондай-ақ өзбекстандық қазақ жазушыларының «Қызылқұм жырлары» мен «Тау елі ақындары» атты топтама жинақтары да әдебиет сүйер қауымның сүйіспеншілігін тудырған дүниелер екенін айтып өтуге болады.
Сондай-ақ 2024 жылы «Отандастар қоры» мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлесуімен «Ұлы дала» халықаралық байқауы аясында өзбекстандық қаламгерлер
Л.Жүнісқызының «Қарасу жырлары», Ж.Мырзамұратовтың «Ақиқаттың дәмі ащы» өлеңдер жинағы жарық көрді. Бұл кітаптардың қай-қайсысы да қазақ әдебиетінің көкжиегін тілдік тұрғыдан болсын, образ жасау жағынан болсын байытатын, жақсы сұрыпталып, таңдалып алынған туындылар екеніне шолу жасау барысында көзім жетті. Өзбекстандағы қазақ әдебиеті үшін де үлкен жетістік болып табылады.
Өзбекстан мен Қазақстан жазушыларының еларалық қарым-қатынасы да көңіл тұшынарлық. Өзбекстандағы қазақ қаламгерлері елімізде өтіп жататын түрлі әдеби сайыстарға белсенді қатынасып келеді. Соның бір айғағы – бүгінгі қазақ поэзиясының дарынды өкілдерінің бірі, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Наурызбай Жарбосынұлының Астана қаласында өткен «Алтын Орданың атасы – Жошы хан» атты халықаралық ақындар мүшәйрасында «Абылай хан» атындағы жүлделі сыйлықты иеленуі (осы сәтте өзбекстандық Наурызбай сынды танымал қаламгерлерді Қазақстан Жазушылар одағы мүшелігіне қабылдауда қалыс қалмаса екен деген ұсынысымды енгізе кеткім келеді).
Өзбекстандағы қазақ әдебиетінің бүгінгі бет-әлпеті айқын, ақын-жазушы, қаламгерлердің шығармашылық жұмыстары да құптарлық, қуантарлық жағдайда деп ауыз толтырып айтуға болады.
Ресейдегі қазақ әдебиеті
Астраханнан күншығыстағы Қосағашқа дейінгі аралықта еліміздің солтүстік өңірін түгелдей көмкеріп, әдіптеп, жиектеп 7591 шақырымға созылып жатқан Ресей аумағындағы миллионға жуық қазақтармен әдеби байланыс күрделі екені айтпаса да түсінікті. Солай болса да азды-көпті мәлімет алуға ниет еттік.
Ресейдегі қазақ өкілдері ұлттық мәдениетті, әдебиетті, тілі мен дінін сақтап қалуға жағдай жасау үшін жергілікті аумақтарда қырықтан астам қоғамдық бірлестіктер мен мәдени орталықтар құрған. Орынборда «Айқап», Астрахан облыстық «Ақ арна» атты қазақ газеттерін шығарады. Омбы облысында «Мөлдір», «Достар», «Аманат» ансамбльдері мен мәдени бірлестіктер шама-шарқынша қазақ мәдениеті мен әдебиетін насихаттауға өз үлесін қосып келеді. Ендігі жерде осы ұжымдармен бірлесе әдеби байланысымызды нығайта түссек, нұр үстіне-нұр болар еді.
Қазан қаласында еліміздің 36 ақынының өлеңдері енген «Қазіргі заман қазақ поэзиясының антологиясы» татар тілінде жарық көрді (оның ұйымдастырушысы Саят Қамшыгерге зор алғыс білдіремін).
Моңғолиядағы
қазақ қаламгерлерінің қазіргі күйі
Моңғолиядағы көркем әдебиеттің белді өкілі, жазушы, Өлгий радиосының аудармашы-редакторы Ербақыт Нүсіптің айтуынша, 2024 жыл ақын-жазушылар үшін ауыр жыл болған екен. Әдеби журнал «Шұғыла» шықпаған. «Қазақ қаламгерлер кеңесін» биыл қайта құру мәселесі шешіліп жатқан көрінеді. Басты жаңалық – былтырғы жылы ҚЖО мен «Отандастар қоры» бірлесіп Алматыда шығарған кітаптар көрінеді. Ол жайлы былтыр менің «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланған «Моңғолиядағы қазақ әдебиетінің күміс ғасыры» атты мақаламда егжей-тегжейлі баяндалған еді. Ал жергілікті жердегі бір-екі жылдық кідіріс Баян-Өлгей қазақтары ақын-жазушыларының шығармашылығына үлкен әсер етеді деп ойламаймын. Өйткені онда іргетасы берік қаланған үлкен әдебиет әрі әдеби орта бар.
Америкадағы қазақтар әдебиеті
Бұл атау тосын болуы мүмкін. Бұл тіркесті біз тұңғыш рет қолданып отырмыз. Ол бұл күнге дейін қазақ көркем әдебиеті тарихында ауызға ілікпеген жаңа әдеби тарихтың алғашқы парағы – Америкадағы қазақ (саны 100 мыңға жуықтаған https://baq.kz› aqsh-ta-qaz…) әдебиеті деген саланың ХХI ғасырдың алғашқы ширегінде дүниеге келуі. Ал оның бастауында өмірінің соңғы көп жылдарын сонда өткізіп, сонда мәңгілік тұрақтанған Мұхтар Мағауин деп есептеймін. Өйткені оның шығармаларының 70 пайызы, яғни 26 томның 17-сі шетелде, соның ішінде Америкада жазылған екен. Оның ең соңғы танымдық тауарихы «Алтын Орда» Америкада жазылып, осында кітап болып басылды. Америкада мұндай көлемді еңбек жазған қазақ әзірге жоқ. Әрбір адамның ұлты қайда тұрғанымен емес, қай ұлтқа қызмет еткенімен айқындалатын болса керек. Демек М. Мағауин Америкадағы қазақтар әдебиетінің негізін қалаушысы әрі көшбасшысы болды. Осы үрдіс жалғасын тауып, ілгергі болашақта Америкадағы қазақтар арасынан қазақ әдебиетінің өкілдері шығатынына сенім зор.

Бақытбек БӘМІШҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
филология ғылымдарының кандидаты,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері