Қиырдағы қаламгерлер
02.05.2019
1064
0

Алмас Ахметбекұлы,
ақын

Шетелдегі қазақ ақын-жазушыларының өткен жылғы шығармашылығы туралы баяндама жасауды міндетімізге алғаннан соң, қазақ тілінде әдебиет бар-ау деген елдерге телефон шалып, xат жазып, xабар алысып, баяндамамызға дәйек іздедік.

Хатымызға жылдам жауап қайырған Өзбек елі болды. Түстіктегі ағайындар ондағы қазақ қаламгерлері үшін өткен жыл табысты болды деп отыр. Оған себеп: 2018 жылы біздің елде «Өзбекстан жылы» болыпты. Сонымен бірге Өзбекстан президенті өз елінде Абай Құнанбайұлын оқу-насиxаттау туралы қаулы шығарған екен. Өзбекстан Жазушылар одағының қазақ әдебиеті секциясын басқаратын ондағы қазақ әдебиетінің білгірі – ау­дармашы Исламқұлов Мехмон мырза жіберген 2 мақалада өткен жылғы қазақ-өзбек әдеби байланысындағы аударманың күй-жайы және қазақ авторларының шығармашылығы туралы жыл қорытындысы жасалыпты. Өзбекстанда қазақ тілінде шығатын «Нұрлы жол» газетінің тілшілері Тұрсынәлі Ахметов пен Құттыбай Башаров жазған мақалада Өзбекстандағы біз іздеген дәйектер толық қамтылды деген оймен осы шағын еңбектерге назар аудардық.
Екі автордың мақаласында да Қазақстандағы Өзбек жылы мен президент Мирзоевтың Абайды насихаттау туралы қаулысы, сонымен бірге ғалым-аудармашы он автордың еңбектері топтастырылған қазақ-өзбек әдеби байланыстары туралы кітап ауыз толтыра айтылады. Бұдан бөлек Мирпулат Мироның ұйымдастыруымен елу қазақ ақынының өлеңдері өзбек тіліне аударылып, «Сайра, домбырам!» деген атпен; Насыр Фазыловтың ұйымдастыруымен бір топ қазақ жазушыларының шығармалары «Тірлік құшағы» деген атпен жарық көрген. Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздері де өзбек тілінде бөлек-бөлек кітап боп шыққан. «Өзбек – өз ағам» деген мақал-мәтелдер жинағы мен «Алдар көсе» деген балалар кітапшасы да өзбек тіліндегі қазақ кітаптары ретінде жарық көрген. Ол жақтағы ағайындар осының бәрін де Өзбекстандағы қазақ әдебиетінің жетістіктеріне жатқызады.
Жоғарыдағы екі мақаланың авторы да Өзбекстандағы қазақ жазушысы ретінде алдымен Қалдыбек Сайдановты атайды. 2018-ші жылы оның «Біз жырлаймыз» және «Өмір өрнектері» атты жыр жинақтары жарық көріпті. Қошқарбай Байжігітов деген ақынның да «Сүреннің бауырынан ескен леп» деп аталатын алғашқы жинағы шығыпты.
Прозада Абдулла Рүстемовтың өзбек ті­лінде шыққан «Даналық әлемі», Қалды­бек Сайдановтың «Туысқандар» деп аталатын кітаптары шыққан екен. Сөйтіп, Өзбекстанда тұрып жатқан екі миллионға жуық қазақтың өткен жылғы әдеби шығар­машылығы осындайлық күйде деген тұжырымға келдік. Бұл дегеніңіз түстіктегі ағайындардың әдеби шығармашылығын олардан саны жиырма есе аз Баян-Өлгей моңғол еліндегі қазақтармен салыстыра қарайтын деңгейде екенін аңғартады.
Алтайдың ар жағындағы ( «Алтайдың ар жағындағы» дегенде біз Моңғолия қазақтарын айтып отырмыз) жүз мыңға жуық қазақтың әдеби шығармашылығы туралы елге ерте келген арқалы ақындар Бақытбек Бәмішпен және Жүкел Қамаймен хабарласып, Баян-Өлгей жақтағы ақын-жазушылардың жөн-жайын сұраймыз ғой. Сұрағымызға жауап дайын. ХIХ ғасырда кітаптары шыға бастаған ақын-ғұлама арғы атасы Ақыт Өлімжіұлынан бастап Ақтан Баби, Қабидаш Қалиасқар, Кәкей Жаңжүнұлы деп қостап, тізбектей жөнеледі. Қазақтың сабы алтын байырғы тілінің бір қоймасы сол жақта жатқанын айтып, әрітаман көсілгенде біз де қақпайлап-қайырмақтап, керекті жауапқа жақындатамыз…

(Толық нұсқасын газеттің №17 (3651) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір