ЖАСТАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДА ЖАҢАЛЫҚ ТА БАР, ЖАЛАҢДЫҚ ТА БАР
02.05.2019
1143
0

Жастар шығармашылығы бойынша баяндама жасаған жас жазушы Алмас Нүсіп: «Қолымызға түскен 5 жинақтың арнайы тоқталуға болатыны – тек біреуі ғана деп есептеймін. Себебі, жастар деп қолымызға ұстатқан үш автордың жасы отыздан асып, елуге тақап қалған авторлар. Сондықтан сөзімізді ең жасынан бастайық», – дей келе алғашқы авторға тоқталды.

Алмас НҮСІП

…2000 жылдардың басында жастар арасында есімі жиі аталатын ақын Торғын Тұрлыбаева туралы да сөз болды.
«Бұған дейін анау айтқандай ел­ең еткізбесе де, ақын ретінде әдеби ортада танылып-ақ қалған Торғын Тұрлыбаеваны да жас­тарға қосудың жөні жоқ сияқты. Дегенмен, биылғы шыққан азған­тай жинақтың бірі болған­дықтан, аттап кете алмадық.
«Туған жердің сай-саласын, төскейін,
Жаңбырымен жаңғыртуда бұл көктем» деген деңгейдегі өлеңдері аз емес. Мұны автордың қай жасында жазғанын білмеймін, бірақ, мұндай балаңқы байқам­паздықтар авторға үңіле қарауға кедергі жасай береді. Оның сыртында, әйтеуір бір жалғызсырау, әйтеуір бір мұңда­нудан тұратын лирикалық жырлары бір сарындылығымен елең еткізер ештеңе тапқызбай қинайды. «Жүрегімнің жапырағы сыбдырсыз, қайталайды қайдағы бір сұрағын» деген сияқты бұлдыр жолдар ақынның тақырып табуда қиналатынын, өлең жазуды – шер тарқату, мұң шағу деп түсінетінін аңғартады. Өлеңге шығармашылық ретінде қарамай, ақын ештеңеге қол жеткізе алмайтынын бұл жерде тағы да айтқымыз келеді».
Жазушы Алмас Нүсіп кітабы жыл қорытындысына ұсынылмаса да, дүркіретіп өлең жазып жүрген жас ақындар жөнінде сөз арасында айта кетті.
«Осы жылдың жаңалығы болды деп айтар ақын қапелімде еске түсе қоймайды. Бұрыннан аталып жүрген Нұртас, Шерхан, Айбол, Жақсылық сияқты жігіттердің сәтті өлеңдері баспасөз бетіне шығып жатады және олар сол бұрыннан келе жатқан көшпелі жырлар. Ал, соңғы екі жылда ерекше ашылған, өте жақсы жазып қана қоймай, біраз өндіріп те жазған Аслан Тілегенді ерекше атағым келеді. Қыздардан әлеуметтік желі арқылы жарияланған және сайттардан көрініп қалатын Әсел Кәрібай мен Роза Аспанқызының өлеңдері қазірдің өзінде қатарынан озық тұрғандай көрінеді».
Баяндамашы жастар прозасының жинағы қолға түсе бермейтіндігін ескерте келіп, былай деді:
«Жас жазушылардың кітаптары қолға түсе бермейді. Сол себепті, өзіміз арнайы оқып, өзімізше тұщынған бірді-екілі әңгімелерге тоқталамыз. Арман Әділбектің «Жоғалған бөлмелер» әңгімесі соншалық бір ғажап оқиғаны суреттемесе де, екі ұштылау мәні мен тұмандау ойлары, бұлыңғырлау мағынасы­мен-ақ оқырманды баурап алады. Басты тақырыбы өлім және өліп қалған адамның дүниені қабылдауы сияқты көрінгенмен, ар жағынан оқырман өзінің қалауынша, деңгейі жеткен жерге дейін ой түйе алатындай етіп көп нәрсенің басын ашық тастап кетіп отырады. Ал, шығарма тақырыбында бәлсіну, жалаң пәлсапа соғу жоқ деуге болады».
Өткен жылдан бері әдеби басылымдарда бірнеше жақсы әңгіме жариялап, оқырманның назарын аударған жазушы Бақытгүл Сәрмекованың прозасы шынымен 2018 жылдың жастар прозасындағы қол жеткізген табысы деуге боларлықтай екені осы реткі әдеби жыл қорытынды­сында айрықша сөз болды.
«Адамдар бақытты ә, күлгісі келсе күле алады» деген сияқты тосын да ойнақы ойларымен баурап алатын Бақытгүл Сәрмекова салған жерден әңгіменің атмосферасын шебер қалыптастыра алатынымен артық. Бақытгүлдің әңгімелерін оқығанда әлдебір дүниелерге күмәнмен қарау, шығармадағы ұсақ-түйектерді түгендеу сияқты ойлар болмайды. Бірден Бақытгүл сияқты ойлайсың және соның ойнақылау, сүйкімділеу қаламы қалыптаған әлемнің бір бөлшегіне айналып кетесің. «Итгершілік» әңгімесіндегі Ақтөс деген иттің «адамдарды арсыздықпен қауып алатынына» да сенгің келеді. Иесінің өзін мақтағанына «аздап қомпаңдап қалатыны» да бір түрлі кешірімді. Өйткені, бұл жерде кейіпкер ит болғанмен, оның бүкіл ойы – адамның көзімен берілген».
Баяндамашы сөз соңында өткен жылдағы жастар әдебие­­тіндегі көзге түскен жаңа есім­дер­ді де тілге тиек етіп, олардың ізденістері мен шығарма­шылығы жөнінде тоқтала кетті...

(Толық нұсқасын газеттің №17 (3651) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір