ҚУАНЫШТЫ ҚОС ЖАҢАЛЫҚ
22.07.2022
237
0

Биыл, қазан айының төрті күні, Австралияның Мельбурн қаласында «Бөрте – әлем ханшасы» спектаклінің тұсауы кесілмек. Шығармада әлемді жаулаған Шыңғыс ханның жары – Бөрте туралы, әйгілі қағанға жар болудың қиындығы, ұлы дала қызының қайсар мінезі баяндалады. Автордың өзі: «Күллі дүниені уысында ұстаған Шыңғыс ханның жүрегін, мейірімін, әйелге деген махаббаты мен өмірге деген көзқарасын өзгерткен Бөрте еді», – дейді.
Өткен жұмада Жамбыл атындағы Алматы қалалық жасөспірімдер кітапханасында болған баспасөз жиынында бұл туралы кеңінен айтылды.
Аса көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабеков осынау пьесаны бір жылдай зерттеп-зерделеп, екі жарым айда жазыпты. «Тілін лексиконын, менталитетін, қазақтың, монғолдың мінез-құлқын әбден зерттедім. Солардың арасынан Бөртеге байланысты оқиғаларды әр гүлге қонған ара сияқты іздеп жүріп таптым және менің негізгі арқасүйерім «Монғолдың құпия шежіресі» мен «Алтын топшы» болды», – деді автор. Бұған қоса, Еуропалық драматургтер өз шығармаларында ондаған жылдар бойы тек ер адамдарды бас кейіпкер етуді әдетке айналдырғанын, әйел образы жоқтың қасы деуге болатынын; олар үшін «Бөрте» – сенсация, тың жаңалық екенін, сондықтан олар пьесаны жай ғана «Бөрте» емес, «Бөрте – әлем ханшасы» деп атағанын тілге тиек етті. Әрине, жазушы мұны қуана қабылдапты. «Өйткені – дейді қаламгер, – Батыс жұрты Шыңғыс ханды жақсы біледі. Ал Бөрте жайында білетіні аз ғана. Тек оның қазақ екенін көрсетуге тиіс екендерін айттым».
Бұл жиында Дулат Исабековтың жақында швед тіліне аударылған шығармалар жинағы да көпшілікке таныстырылды. Кітапқа қаламгердің 5 повесті («Гаухар тас», «Дермене», «Үндемес», «Біз соғысты көрген жоқпыз», «Өкпек жолаушы») мен 3 әңгімесі («Қабылан», «Ескерткіш», «Социализм зәулімі») енген. Оны швед академиясының мүшесі, Нобель сыйлығының лауреаты Бенгт Самуэльсон тәржімалаған.
Шведтің он шақты үлкен жазушысына кітап тегін таратылыпты. Олар енді көлемді мақалалар дайындап жатыр екен. Кеше ғана авторға «бұл кітап швед оқырмандарына қатты әсер етіп жатыр» деген хат та келіп үлгеріпті.
Осы секілді шведтің Hertfordshire Press баспасы тағы екі кітап шығаруды қарастырып жатыр. Оның ішінде «Қарғын» романы да бар.
Даңқты қаламгердің қуанышына біз де ортақпыз. Себебі, бұл – Исабековтың ғана емес, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің мерейі!

Ө.ӘРІПБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір