Ұбықтан қалған бір боздАқ
24.04.2019
1397
0

Б.Шинкуба атты абхаздық жазушының «Ұбықтан қалған бір жалғыз» атты кітабынан түгел бір халықтың жер бетінен қалай жойылып кеткенін оқыдым. Автор Кавказды мекендейтін, мыңдаған жылдарға созылған тарихы бар ұбық деген халықтың соңғы өкілінен сұхбат алып отыр.
Ресейдің қанды қылышына ілініп, аяусыз күрескен ұбықтар түгел дерлік қырылады. Кемпір-шалдар мен азғантай тобы Осман сұлтанының жарылқауына сеніп, Анадолының құмында азапталып, үйсіз-күйсіз тентірейді. Өз Отандары – қайсар Кавказды тастап, Түркияға келген ұбықтарды ешкім басынан сипамады. Аштыққа шыдамағандары сол жерде жантәсілім етеді. Заурхан Золак сондай қырғыннан өз халқының қалай жойылғанын көзімен көрген, жер бетіндегі соңғы ұбық.

«Отаның сені жоғалтып алуы мүмкін,
бірақ сен ешқашан Отаныңды жүрегіңнен жоғалтпа».

Аман қалған азғантай бөлігі түрік пен орыс­тың арасына сіңіп жоғалды. Енді жер бетінде ұбық» деген халық жоқ. Сіз ол халықты енді көрмейсіз. Тек кітаптан ғана оқисыз. Әбден қартайып қалжыраған қарттың журналистке берген сұхбатынан үзінді келтірейін. Қалай десек те жойылған ұлттың соңғы тұяқ серпуі ғой.
«…тілдің жайдан-жай жойылып кетуі мүмкін емес, себебі ол адамның ішкі жан-дүниесінде емес-ау, судың, жердің, тастың ішкі дүниесінде де өмір сүреді. Қазір де сол ұбықтар елінде бұтақ пен бұтақ, тас пен тас, бұлақ пен бұлақ әлі де сол тілде, яғни менің тілімде сөйлесіп жатқанына кәміл сенемін.
… мен абхаз тілін естігім келеді. Отаның­нан алыста жүргенде ана тіліңнен басқа ештеңе ем бола алмайды екен.
Өзен – теңізге, темір – магнитке, адам – туған жеріне ұмтылады.
Мен – Заурхан Золак – осы кемеліне жетпеген дүниедегі соңғы ұбықпын!»
Кітап жаныңды ауыртатын осындай сөздермен аяқталады.
Қазір әлемде 6500-ден астам тіл бар. Ға­­­лым­дардың зерттеуі бойынша әр 15 күн сайын бір тіл жойылады екен. 15 күн сайын бір тіл жоғалады. Себебі, сол тілде сөйлейтін халық жойылып немесе өзге халықтың құра­мына сіңіп, «өз тілінен тірідей айырылып» жатыр. Біздің солтүстігімізде орыс тілінің ық­палынан 47 тілдің тек 6-ы ғана аман қалған екен.
Араларыңызда 1995 жылы 5 қараша күні дүниеге келгендер бар ма?
Дәл осы күні «касаба» атты тіл ресми түр­де жойылды деп жарияланды. Себебі, 4-ші қараша күні Камерун елінде осы тілде сөйлейтін Богон есімді соңғы адам қайтыс болды.

Рысбек РАМАЗАНҰЛЫ

(Толық нұсқасын газеттің №16 (3650) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір