«Сұлубайдың әні» төрт тілде
23.04.2019
995
0

Жуырда белгілі ақын Ғалым Жайлыбайдың «Сұлубайдың әні» атты поэмасы төрт тілде жарық көрген еді. Ақынның қуанышын бөлісіп, әңгімеге тарттық.

– «Сұлубайдың әні» поэмаңыз қазақ әдебиеті үшін айтулы оқиға болып отыр. Осы поэманың жазылу тарихын айта кетсеңіз?
– Бүгінгі Қытайдағы қандастарымыз, кіші ұлттар жайлы көптеген әңгімелер болып жатыр. Мұның алдында «Өр Алтай мен Тәңіртаудың арасы» деген үлкен топтама жазған болатынмын. Осында Сұлубай деген ақын өткен. Бұл ақын Оспан бас­таған ұлт-азат­тық көтеріліске қаты­сушылардың бірі. Өзі ақын, өзі қол бас­таған батыр. Со­ның басында:
«Басында мәуесі
жоқ қу қайыңның,
Жігітке пайдасы жоқ уайымның.
Сан жердің дәмін татып, суын іштім,
Білмеймін қайда аларын Құдайымның.
Қайқайа шапқан қарагер,
Қайрылар ме екен қайран ел?!» – деп отыз жеті жасында опат болып кеткен. Осы өлең менің ойымнан шықпай қойды. Олардың сағынышы, туған елге деген махаббаты, Өр Алтай мен Тәңіртаудың арасындағы елдің жай-күйі, осының бәрі айналып келген кезде «Сұлубайдың әні» атты поэмамның тууына себеп болды. Бұл аса бір көлемді поэма емес. Бірақ бұл жерде біраз дүние айтсам деген ниетім болды. Поэма жазылып біткесін «Ер Жәнібек» қорының басшысы, үлкен азаматымыз Жеңіс Түркиямен кездесіп едім, «Біз Оспан батырдың 120 жылдығының аясында осы поэмаңызды кітап етіп шығарайық» деп ұсыныс айтты. Содан осы дүние төрт тілде сапалы болып шықты. Аудармашылар жақсы жұмыс істегені көрініп тұр, өте сауатты аударылды. Орыс тілінде жолма жол аудармасын Ләйлә Асқар мен Қазақстанда тұратын орыс ақыны Надежда Чернова жасады. Түрік тіліндегі нұсқасын Наргиз Бегей деген түріктің белгілі ақыны аударды. Ал қазақ тілінен жолма-жол аудармасын Балжан Мәді деген Анкарада тұратын аудармашы қарындасымыз жасап шықты. Ағылшын тіліне ағылшынның танымал қаламгері Питек Жессика аударды. Кітап «Темірқазық», «Кілт», «Сұлубайдың әні», «Сұлубай шоқысы», «Жиырмасыншы ғасыр. Шеруші Қылаң батырдың ақтық күйі», «Жиырма бірінші ғасыр. Уақ Жармұханбет жыраудың Жайырды жоқтауы» атты бөлімдерден тұрады. Тұсаукесері сәуірдің 22-сі күні 15:00-де Ұлттық кітапханада өтеді. Кешті ақын Жүрсін Ерман жүргізеді. Кеш «Ер Жәнібек» қорының ұйымдастыруымен, Қазақстан Жазушылар Одағының қолдауымен өтіп жатыр. Біраз зиялы қауым өкілдері қатысады. Қарағандыдан қазақтың үлкен ақыны Серік Ақсұңқарұлы келіп баяндама жасайды.
– Мұның алдында «Қара орамал» атты туындыңыз шықты. Ішінде көптеген тың деректер бар. Бір байқағаным, жазатын тақырыбыңызды біршама уақыт зерттеп, зерделейсіз. Бұл шығарманы жазуға қанша уақыт жұмсадыңыз?
– Көп уақыт кетті деп айта алмаймын, бірақ өзің айтып отырғандай бұл күйге кіруге біраз мерзім кеткені рас. Поэманың ішінде «Ескірмеген екі аңыз» деген бөлім бар. Сонда Қытай қазақтарында бір жақсылық боларында алтын сирақ, гауһар тұмсық бір Алтай деген құс елес береді екен. Сол жылы жылқы біткен Теріскейге жайылып, сұңқардың қанатынан жақұт саулайды деген аңыз бар. Моңғол қазақтарында ел көп біле бермейтін бір аңыз тараған. Онда елдің бүйірі қысылған кезде Алтайдан ақбоз ат шығып кісінейді екен деген аңыздар бар. Ер Жәнібектің тұсында бір ақбоз ат көрініпті. Бір рет Оспан батырдың тұсында көрініпті деген деректер бар. Бірақ бұл аңыз болғанмен, жұрттың арманынан, қиялынан туындайтын дүние. Бұл шығарманы жазу үшін, шыны керек, көп іздендім. Бұл бір ғана Сұлубай жайлы емес, бүкіл шетте жүрген қазақтардың жай-күйіне құрылған. Сұлубайдың әнін тыңдасаңыз, бойыңыз шымырлайды. Бүгін айтып тұрған секілді. Бар дүниені өлеңге көшіру мүмкін емес. Бастысы, рухын беру маңызды. Оспан батыр туралы да, Ер Жәнібек туралы да аз жазылмаған. Бүгінгі күрделі жағдайдағы алғашқы шығармалардың бірі осы шығар деп ойлаймын.
– Шынайы әңгімеңізге рақмет, аға!

Әңгімелескен
Батырхан Сәрсенхан

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір