АУЫЛДАН ШЫҚҚАН АКАДЕМИК
09.04.2019
1101
0

«Біреулер сәттіліктен үміт күтеді… Дегенмен, бақытқа апарар төте жол – ізгілік пен ынта-ықылас жолы…»
Бальтасар Грасиан

Қазақтың атақты жазушысы Бейімбет Майлиннің аты аталғанда Тоқтар Бейісқұловтың есімі еске түседі. Тоқтардың айрықша еңбегі – ұлы суреткердің қазақ баспасөзін кеңестің алғашқы дәуіріндегі он бес жылда (1922-1937) үздіксіз дамытуға сіңірген еңбегін саралап, жіліктеп санап, ақиқат сөзін айтуы. Бір сөзбен айтқанда, Тоқаң өз еңбегімен қазақтың ғасырда туған ұлы перзентіне рухани ескерткіш орнатты. Жиырма екі томдық шығармашылығында бұл тақырыптағы талпыныс кімді болса да таңдандырары ақиқат.

ЕҢБЕК ЖОЛЫН МҰҒАЛІМДІКТЕН БАСТАҒАН

«Тоқаң – өз өмірінің қақ жартысын Бейім­бет үшін мұражайлар мен кітапханаларда өт­кіз­ген адам», – дейтін құрдастары. Ол өзі де бұл тірлігін мойындап: «Кеңес өкіметі кезінде ар­хив­терге барғанда, тыңшылар артымда оты­рып мені бақылайтын. Амалын тауып, көзде­рін ала беріп, керегімді жазып үлгеретінмін», – дейтін.
Тоқтар ағамыз 1932 жылы Алматы облы­сы­ның Алакөл ауданының (бұрынғы Тал­дықор­­ған облысының Үйгентас ауданы) Қарлығаш ауылында дүниеге келген. Әкесі Әб­дірах­ман соғыс басталысымен майданға кетіп, 1941 жылы майданда қаза тауып, шешесі Зылиханың қолында қалады. Қабырғасы қатпай жатып колхоздың қара жұмысына жегіледі. «Бас­тауыш мектепті бітіргеннен соң сергел­дең­ге түстім, Жыланды, Фурманов мектептеріне барсам да, оқуға жағдайым келмеді. Жетінші сыныпты бітіре алмадым. Лепсіде тұратын шешемнің туыстарын сағалап, сонда көштік. Әупіріммен күн көрдік. Аллам жар болып, көзім­нен аққан жасты көрген шығар, Бақыт Торыбеков деген педучилище директорының көмегімен Лепсі педагогикалық училищесіне түстім деп айтып отыратын», – дейді жалғыз ұлы Ермек.
Ол кезде мұғалім қат. Әкем училищені бітір­ген соң Сарқан ауданының Аманбөктер ауылындағы жеті жылдық мектепте арифмети­ка, физика, геометрия, алгебрадан орыс сы­нып­тарына қазақ тілінен дәріс берді. Бір жыл өте Алматыға жетіп, Қазақ мемлекеттік уни­вер­ситетінің филология факультетіне түсіп, үздік бітіріп, туған ауылы Фурманов мектебіне жоғары білімді мұғалім болып оралды.
Тоқаң мектепте мұғалім болып қызмет іс­тей бастағанда, екі айдан соң аудандық комсо­мол комитетінің конференциясында екінші хатшы болып сайланады. Келесі жылдың аяғында Талдықорған обкомына, бір жарым жыл өткен соң Қазақстан комсомолы Орталық комитетіне қызметке ауыстырылады. Жалын­ды жас кейін Облыстық радиода, Министрлер Кеңесі жанындағы телевизия және радио жө­нін­дегі мемлекеттік комитетте (Бас редактор, коллегия мүшесі), Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде телевизия және радио секторының меңгерушісі болып істейді. То­қаң­ның қай кезде де қолынан қаламы түспеген екен.
«Менің ойымда қалғаны – әкем күндіз де, түнде де тыным таппайтын. Жұмыстан келіп, кешкі астан кейін отбасымен біраз әңгімелесіп, бізден сабағымызды сұрап, көңілі жайланған соң, біз төсекке беттегенде, ол жазу бөлмесін табатын. Көбіне газет-журналдарға мақалалар жазатын. Демалыс күндері кітапханадан, мұрағаттардан табылатын», – дейді Ермек.
Тоқаң қызметіне де, қарапайым ісіне де жауапты жан еді. Тіпті, ұсақ-түйек тірлікке дейін көңіл бөліпті. Осындайда Тоқаңның әріптес інісі, жазушы Кәкен Қамзиннің әң­гімесі есіме түседі:
«Қызмет болған соң әртүрлі жағдайларды бас­тан кешіресің. Бірде ақ телефон безілдеп қоя берді. Ала қойдым. Бөлмедегі тұтқаға жуықпын.
– Мое ухо у ваших услуг, – деп қалдым.
– Бұл кім? – деген Тоқтар ағамыздың дауысы қатқылдау шықты. Ол кісі жақында ғана Телерадио комитетінің Бас редакторы, әрі коллегия мүшесі болып қызметке келген. Сасып қалып, тұтқаны тастай бердім. Іле-шала тағы телефон соғылды. Бұл жолы: – Алло, отдел телевидения Госкомитета, – деп ресми жауап бердім.
– Менімен қазақша тілдесе бер, – деген үн шықты. Кезекті, керекті тапсырмаларын берді де, тұтқаны қоя салды. Бұл кезде теле­фонға жауап беру көбіне орыс тілінде орын­далатын. Тоқаң осы тірліктің өзіне ұна­май­тынын білдіріп, батыл сөйледі, әрі ескертті.
Күндердің күнінде тағы бір тұтылдым. Біз­дің үстімізден қарайтын екі мекеме бар. Біріншісі – Орталық комитет, екіншісі – Министрлер кеңесі. Бірақ, сол кезде әкеміз де, көкеміз де Орталық комитеттің үгіт және насихат бөлімі еді. Облыстық телерадио комитеттерінің жұмыстары туралы шекесіне «ЦК компартии Казахстана» деп айдар қойып, анықтама жазамыз. Бұл жазылымның өзіндік тілі бар, ауытқуға болмайды. Мәтінде стильдік, орфографиялық қате болмау керек. Бас жа­ғында ұжымның жетістігін айтып, артынша кемшіліктерін тере бастайсың. Қазақ мектебін, университеттің қазақ бөлімін тәмамдағандарға – азапты шаруа.
Тоқаңа бардым. – Төселіп қалыпсың. Дегенмен, қысқа әрі мәнді жаз. Үлкен жақта­ғы­лар фактіге негізделген өзекті мәселелерге ден қояды, – деп қайырды. Алған сабағым – орыс, шетел қазақ тілінің орфографиялық сөздігін сатып алдым.
Бірде бастығымның алдына қағазсыз, қаламсыз барыппын. Ертеңінде тартпасынан маған блокнот пен қалам алып беріп: «Саған қидым», – деп, бетімді қызартқаны тағы бар.
Кейін ойласам, Тоқаң бізді мұғалім сияқты тәрбиелеп жүріпті ғой…

Шәкен КҮМІСБАЙҰЛЫ,
жазушы, Халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының иегері

(Толық нұсқасын газеттің №14 (3648) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір