«АКАДЕМИК»
22.10.2022
3695
0

Әдебиет даңғылындағы қадамдар

Ұмытпасам, екеуіміз 1985 жылы күзде таныстық. Оған дейін газет-журналдың бетінен бір-бірімізді сырттай білетінбіз, ақ өлеңді бұрқыратып жазып жүрген кезі. Бөгенайы бөлек, қабырғалы ақын Омарғазы Айтанұлынан кейін Тұрсынхан Зәкенұлы деген бозөкпе ақынның құлағы қылтиып көрінген тұсы. «Сен – Тұрсынхансың ба?» – дедім мен, ол: «Сен – Ғалымсың ба?» – деді, сонымен құшақтасып кете бардық. Сонда жасымыз небары 23-24-терде екен, ой, Алла-ай!
Келесі жылы Тұрсынхан Үрімжіге біржолата қоныс аударды. Арада Пекинге екі жылдық курсқа кеткенін есептемегенде, жұбымыз жазылмады. Пекиндегі екі жылда Түкең білімін молайтып, Абайша айтқанда «толық адамға» айналды. Онысымен қоймай, Пекиннен өмірлік жарын тауып, үлкен олжамен оралды. Поэзияны қойып, тарихқа бет бұрды, тарихи шығармалар жаза бастады, әсіресе қытай жазбаларындағы түркі тарихына қатысты зерттеулерге дендеп кірісті, аудармамен де айналыса бастады. «Тәңірқұттың тағы» деген әңгімесі мен «Балқан тауға барғандар» атты хикаяты Тұрсынханды арғы беттегі қазаққа танымал етті. Оның табандылығы мен еңбекқорлық қасиеті, шынын айтқанда, қатар жүрген біздердің біреуіміздің бойымызда жоқ, әдебиет пен ғылымдағы жетістігі мен бүгінгі шыққан биігіне өз таланты мен қайсарлығының арқасында қол жеткізді. Оның сүйенген кісісі, сенген иесі болған емес.
1993 жылдың сәуірінде Жақсылық Сәмитұлы ағамыз бар, Тұрсынхан, Армиябек және мен бастаған төрт отбасы Үрімжіден Қазақстанға көшіп келдік. Бұл көш – Қытайдағы қазақтардың тәуелсіздік жылдарындағы көшінің басы болатын. Тұрсынхан бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетіне жұмысқа орналасты. Ешкімнің де жағдайы оңып тұрмаған кез. Гүл теріп, көбелек қуып, гөлайттап біз жүрсек, Тұрсынхан орыс кемпірге ақша төлеп, орыс тілін үйреніп жүріпті. Тағы бір жылдары екеуіміз де жұмыссыз қалдық. Жерлестеріміздің бәрі базар жағалап, байып жатыр. Біздің мақсатымыз – қағазбен көгеріп, қағазбен ағару болған соң сауда дегенге жоламадық. Тұрсынханға хабарлассам, телефонды әйелі алып: «Кешке дейін бірдемелерін шимайлап отырады», – дейтін. Сөйтсем, тарихи романдарын жазып жатады екен ғой. Ертеңгі күнім не болады, аш қалмаймын ба дегеннен гөрі ол үшін уақыт қымбат болғанын кейін білдім. Қинала жүріп ұл-қыздарын жеткізді. Алған білімі мен оқыған-тоқығанының арқасында бүгінге дейін үш тарихи роман жазды. «Көк бөрілердің көз жасы», «Мәңгітас», «Аттила»… Бірі моңғол дәуіріне, бірі түркі дәуіріне, енді бірі ғұн дәуіріне арналған шығармалар. Кейіпкерлері де есімдері тасқа қашалған ұлы тұлғалар – Шыңғыс хан, Күлтегін және Аттила. «Көк бөрілердің көз жасы» романы 2001 жылы Ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған Республикалық жабық конкурстың бас бәйгесін жеңіп алып, Түкең айды аспанға бір шығарған болатын. Ғалымдығы бір төбе. 6 монография жазып, 200-ге тарта ғылыми мақала жариялап, көптеген оқулық құрастырып, докторлық диссертация қорғады. Аудармасының өзі бір атанға жүк болатын дүние. Қытай ғалымы Су Бэйхайдың «Қазақтың жалпы тарихы» атты төрт томы мен «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты бір томдық еңбегінің толық, академиялық аудармасын жасады. Реті келгенде айта кетейік: Су Бэйхай деген ғұлама – «Қазақ мәдениетінің тарихы», «Қазақтың жалпы тарихы» деген еңбегінен бөлек, «Шынжаңдағы жартас жазулары», «Қазақтың тарихи қайраткерлері» деген көлемді еңбектерін қағазға түсіріп, көптеген зертеу мақалаларын жариялаған, қазаққа бір бүйрегі бұрып тұратын түрколог-ғалым.
Тұрсынхан не істеп, не жазса да алаулатып-жалаулатып жарнамалап, жария етпейтін. «Бала күнінен ауылдағы қарттармен шүйіркелесіп, солардан естіген қисса-дастандарды, шежірелерді құлағына құйып алып, жатқа соғатын», – дейтін ауылдастары. «Екі баланың арасындағы шал бала болады, екі шалдың арасындағы бала дана болады» деген сөз дәл Тұрсынханға қаратып айтылғандай. Жалындап тұрған жиырма бесінде де, орда бұзатын отызында да Тұрсынханның байсал тартқан жүріс-тұрысы, ыңыранып сөйлеген сөзі шалдардан аумайтын. Ақыл-ойы өз тұстастарынан оқ бойы озық тұратын.

Сағынышқа айналған өр Алтай

Ертіс өзенінің бойында, Өр Алтайдың бауырында өсіп-өндік. Бұл өлке – Ғұндардың, Түркілердің ежелгі қоныстары, орыс пен қытай отаршылары екіге бөліп алған біртұтас қазақ даласы. Адамның жасы ұлғайған сайын жұмыр жерді жеті айналып шықса да туған жерін ұмытпайтыны, жиі сағынатыны ақиқат екен. Кешегі ен жайлаған өлкемізді келімсек жұрт еншілеп алды да, анда-санда бір барғанда көптің ішінде көздері жылтырап жүрген дос-жарандарымызды көріп, көңіліміз құлазып қайтушы едік. Кейінгі жылдары қасиет­ті ауылымыздың төбесін көрудің өзі арманға айналды. Жиырма жылдың алдында елді, жерді сағынып отырып екеуіміз еңіреп жылап, іштегі шерімізді ақтарып: «Алтайды тәуелсіз мемлекет ете гөр!» – деп Алла тағаладан жалынып сұрап, бір таң атырып едік. Әрине қызыл шараптың да желігі болған. Әуелі мемлекеттің атын «Алтай Ислам Республикасы» деп атағанбыз. Астанасы – Сарысүмбе қаласы. Әнұран, Елтаңба, Туымызды да өзімізше жобаладық. «Кейін мемлекеттік комиссия өздері бекітіп алар», – дестік. Әліпбиіміз – Ахмет Байтұрсынұлының араб-төте жазуы болатын болды. Достарымыздың арасынан мықты жігіттерді қорғаныс, қаржы, денсаулық, сыртқы-ішкі істер, мәдениет-ақпарат, ғылым-білім министрлері етіп тағайындадық. Енді Президент пен Премьер-Министрді өз орындарына отырғызу қалды. Осы жерде екеуіміздің де пендешілігіміз аяқ астынан оянды. Таққа таласып, қызыл кеңірдектесіп қалдық. Әрине, кімнің бірінші кісі болғысы келмесін, сәл таластан кейін мен Тұрсынханға жол бердім: «Біз құрған мемлекет – Алтай Ислам Республикасы, маған қарағанда сенің қою, қара мұртың бар, мен көсемін, сондықтан сен Президент бол», – деген уәж айттым. Бұйыртса, Премьер-Министр де жай адам емес! Содан кейін «Президент» өзінің жоспарын айта бастады. Жері мидай жазық болған соң алыс болса да Сауыр дейтін күзеулікке халықаралық әуежай салу керек болды. Астана таудың ішінде, тар қысаңда орналасқандықтан, Шеміршек, Алақақ, Сарғусынға дейін қаланы кеңейтіп салып, орталықты көшіріп, елорда атын кейінірек өзгертетін болдық. «Президент» білдірмей отырып Астананы өзінің ауылына дейін тіреп қойды. Менің ауылым қиянда, Үліңгір өзенінің орта тұсында болғасын амалсыз бас шұлғып отырмын. Өстіп отырып үлкен мәселені ұмытыппыз. Ислами Республика деген бізге аздық етті. «Қырық қылаудан құралған ел емеспіз, халқымыздың дені – қазақ, ұлттық мемлекет құру керек», – деп пәтуаластық. Оның үстіне, іргелес көршіміз Қазақияға да арқа сүйемесек болмайды, әу баста: «Арамызда шекара болмайды, территория ортақ», – дегенбіз… Ал енді біздің үстіміздегі киім қалай болуы керек?.. «Мойыншақ байлаған батысшасы құрысын, арабтарша салақұлаш сәлде орамаймыз, тек қана қазақша киінеміз», – дестік. Президенттен бастап хандардың қалпағын, шапанын киеді. Армиямызға батырлардың киімін кигіземіз, бастарында – дулыға, үстерінде – сауыт. Әрине баяғыдай темір-терсектен емес, заманға сай теріден, матадан тігеміз…
Арадағы әңгіменің бәрі есімде қалмапты, мемлекетті құрып, ең өзекті деген мәселелерді шешіп, екеуіміз далаға шыққанымызда жерге жарық түсіп кетіпті.
Бір жылы Түркияның Стамбул қаласына барғанбыз. Жеті жұппыз. Ішімізде ақын да, күйші де, сыншы да бар. Деруіш Қылыш дейтін Қазақ ұйымының басшысы күтіп алған. Домбырасын көтерген күйші Еркінге (Ергенұлы) қарап қояды. «Бір кеш өткізуге дайынбыз», – дедім мен. Екі-үш күнгі саяхаттан кейін Деруішім хабарласып: «Ертең кеш өтеді, елге хабарлап қойдым, өзің жүргізесің», – деп тұр. Сасқанымнан таңертеңнен бесінге дейін қозғалмай отырып «Көшкен елдің көз жасы» деген поэма жазып шықтым. Алтайдан Анадолыға жеткен елдің көрген азабы, қайғы-мұңы туралы. Жүз шақты адамды жинапты, дені – кемпір мен шал. Алдымен төңірегімдегілерді жұртқа таныстырып, содан поэмамды оқыдым. Залға қарасам, көлдей қол орамалдарын алып, беттерін басып, еңіреп отырған ел. Өзім әзер шыдадым. Одан өзгелерге күй шерткізіп, ән салдыртып, ол жақтағы өнерпаз бауырларымызды да қосып, олар үшін естен кетпестей бір кеш өткіздік. Кеш соңында Еркін інім: «Мен таяуда жазған «Оспан батырдың өсиеті» деген әнімді орындап берейін», – деді. Мұнда отырғандардың көбі Оспанның елінен келгендіктен: «Бәрекелді!» – десіп қалды. Ән керемет екен, сөзін де өзі жазыпты, «көк ту желбірей берсін, қазақ аман болсын» деген сыңайда айтылады. Әсерлі шықты. Сол әннің әуені миымнан шықпай, кейін Еркінге: «Әніңе айтарым жоқ, сөзі ұнамады, атылғалы тұрған Оспан батыр қандай өсиет айтпақшы болғанын ойландың ба?» – десем, «Өзіңіз жазып көріңізші», – дейді Еркін. Бір ай бойы ойланып-толғанып мәтінін жазып шықтым. Сегіз шумақ болды. Екеуіміз әнге қосып неше күн айттық, ақыры, бір шумағын да қысқартпай, «ән-толғау» болсын деп шештік. Осыны Мақпал Жүнісова Республика сарайын­дағы кешінде орындады. Талай адам көзіне жас алғанын көрдік. Сол ән-толғауды Тұрсынхан Астанадан бір келгенде, көліктің ішінде отырып тыңдаттым. Түкең тыңдап отыр, еңіреп жылап отыр. Ән біткенде: «Қайран, Алтай-ай! Жат қолында кеттің-ау! Ой, бақи болған ерлерім-ай, аманаттарыңа ие бола алмады ғой сорлы ұлдарың… елден де, жерден де қарадай айырылдық қой…» – деп егілсін кеп. Иә, бұл ән туған жерден, туған елден айырылған біздей бейбақтардың жоқтауы еді, үміт үзілмейді, арман алдамайды, баяғыдағы Тұрсынхан екеуміз ойша құрған «Алтай Ислам Республикасын», Құдай қаласа, әлдеқалай заман туса, кім білсін, оны да көріп қаламыз ба…

Ел мен ердің тағдыры сынға түскен талайлы шақтар

Оспан батыр Исламұлы – 1940-1951 жылға дейін Шығыс Түркістанның азаттығы үшін күрескен ұлы тұлға. Оның соғысқан жерлерін Тұрсынхан екеуміз талай шиырлағанбыз. Өр Алтайдың шығысындағы Бәйтік-Қаптық тауларында, Құбының құмында Ер Оспан жер жастандырған ата жаудың қураған сүйектері ақ жоңқа болып бертінге дейін жататын. Ауылдың қарттары көзбен көргендерін жырдай қылатын. Бұл тарихты Жақсылық Сәмитұлы ағамыз жазды. Жақаң «Қаһарлы Алтай» трилогиясын жазу үшін үлкен қызметтен баз кешіп, алты баласын арқалап Алматыға жетіп еді. Өмірінің соңына дейін ҚазМУ-де жәй оқытушы болып аз жалақымен күн кешті. Классик жазушының шығармасы кезінде бағасын ала алмады. Сом алтынға барабар трилогияның тезірек жазылып қалуына түрткі болған да – осы Тұрсынхан. Жақаң шығармасын көп өңдейтін, сондайда Тұрсынхан: «Жақа, жасыңыз келіп қалды, алдымен шығармаңызды қағазға түсіріп алыңызшы. Содан кейін асықпай түзей жатарсыз», – деп еді. Жақаң суретін салған Алтайдың тау-тасы мен өзен-көлін, орман-тоғайын, тіпті Алтайдың аңыз-ертегілерін, сол аңызға арқау болған кейіпкерлерді де Тұрсынхан жазған шығармалардан көре аласыз. Біздің елдің, біздің жердің көрмеген құқайы жоқ. Оспан батырды Үрімжіде он мың адамның алдында атты, ғұлама қажы Ақыт Үлімжіұлын түрмеде өлтірді, Зуқа батыр Сәбит­ұлының басын Алтайдағы қара көпірге қырық күн бойы іліп қойды, Сұлубай батыр Сапыұлы мен Бүркітбай батыр Тұяқбайұлын да атып өлтірді. Олардың соңында өлеңдері мен әндері қалды. Қара Ертісті өрлей берсең, тұнған тарих, тауы да, тасы да – алтын, қасиетті мекенде «Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай!» деген сай-сүйекті сырқырататын зарлы ән құлағыңның түбінен әлі де естіліп тұрады, ол топырақта туғандардың ақын, жазушы, тарихшы болмауға қақысы жоқ.
Түкеңнің қолына домбыра алып, көңілді отырыстарда:
«Баянауыл басынан бұлт кетпес,
Қиядағы түлкіге құсым жетпес.
Ақбоз үйдің сыртынан шығарып сап,
«Қош, қалқатай», – дегенің естен кетпес…» – деп сызылтып ән салатыны бар.

«Тұрсан тұмасы»

Біріміз іліп, біріміз қағып Тұрсынханды әзілмен ортаға аламыз. Ол әзілдің бәрін өзіне аудартып алып ары қарай дамытып әкетеді. Ал сонан таң атқанша күлкіге қарық боламыз. «Құдағи айтсын» дегенді айтшы», – дейміз. Мырс-мырс күледі де: «Ой, ол бір қызық әңгіме», – деп жалғастырып кетеді.
Аңғалдығы ғой, өзінің үйлену тойын­да ауылдың алты ауызын айтып, құдалар жақтан қонақкәдеге өлең сұрапты. Құдағи – Тұрсынханның болашақ енесі ән айтқанды қойып, көп сөйлемейтін кісі екен. Соны байқаған асаба ретін келтіріп: «Енді құдағи өлең айтсын!» – депті. Жұрт ду қол шапалақтапты. Сонда Тұрсынхан да қосылып: «Тапты, тапты, Құдағи айтсын!» – депті дауыстап. Сырттай қарап тұрған Тұрсынханның шешесі Түкеңді бүйірден түртіп қап: «Есің дұрыс па, тантып тұрған құдағиың не?!» – деп ұлын ұялтқан екен. Тағы да сол тойда күндіз жастар жағы бөлек отырып, Манатбек деген досымыз құдашалармен айтысыпты. Оған Тұрсынхан серік болып қосылыпты. Жарты сағат өтпей жатып Тұрсынхан құйрығымен ақырын жылжып құдашалар жаққа өтіп кетіпті. Енді біраздан кейін Түкең құдашалармен тізерлесіп отырып, Манатбекпен айтысып отыр дейді…
«Бала күнімде зырылдап қалған біреу едім», – дейтін Тұрсынхан. – Әкем қат­ты ауырып, төсек тартып жатқан. Денсаулығы күн санап нашарлап, алыс-жақыннан келіп көңіл сұрағандардың алдынан шығып, Түркістан деген үлкен ағам: «Шал бүгін бе, ертең бе деп жатыр», – дейтін. Бір күні сау етіп бір топ адам атпен жетіп келді. Ағам баяғыдай алдарынан шықты. Аман-сәлем біте бере: «Шалдың жағдайы қалай?» – деп біреуі ауыз аша бергенде, Түркістаннан бұрын: «Шал бүгін бе, ертең бе деп жатыр», – деп тақ ете түстім. Көзімнен от жарқ етті де, анадай жерге қалпақша ұшып түстім. Сөйтсем, Түркістан жағымнан шапалақпен тартып жіберген екен»…
Ал күлеміз. Күлген сайын қызық-қызық әңгімелерін жалғайды.

Сол Түркістан ағамыз үйдегі жеңгеміздің омыртқасына ота жасату үшін Үрімжіге келіп, үш ай жатты. Күнде бір үй қонақ қыламыз. Ауылдан келгендіктен, басында тосаңсып жүрді де, біздің айтқан әңгімелеріміз бен әзіл-қалжыңдарымызға құлағы үйренген соң, өзі де ортамызға сіңісіп кетті. Үш айдан соң жеңгей сауығып, Түркістан ауылына барып, біздің ішімізде айтылатын әңгіменің ауанына салып, көрген-білгендерін баяндаса, қасындағылар: «Түркістан, сенде бір шалық бар, тым өзгеріп кетіпсің», – дейтін көрінеді. Сарғусын деген ауылға бір жол түскенде Түркістанды үйіне іздеп барғам. Үйі ауылдан алыс екен, қыстың күні қырауда атпен зорға жеткем. Түркістан мал қарап кетіпті де, үйде Түкеңдердің шешесі мен жеңгей бар екен. Шешейді бірінші рет сонда көрдім, жұдырықтай сары кемпір асты-үстіме түсіп, бәйек боп қалды. Бір шай ішіп, борандатып қайтып бара жатқанымда, Түркістан орта жолдан қуып жетіп, үйіне қайтарды. Баяғы әңгімелердің желісімен кеу­кілдесіп, мәре-сәре боп бір жырғадық. Кетерімде қимастықпен мені бауырына басып: «Тұрсанға сәлем айт», – деп көзі боталап қалып еді.
Алтайды аралап келген сапарынан Тұрсынхан мынадай әңгіме айтып еді: «Сарысүмбедегі жақын інілерім өздерің білетін Таралаң жақтағы бір жартастың түбінен тұманың көзін тауыпты. Соған «Тұрсан тұмасы» деп ат қойыпты. Ол жерде үлкен үңгір бар екен, сол үңгірге түнеп, от жағып, түнімен өлеңдетіп, менің қылықтарымды айтып қайтатын көрінеді. Жігіттер мені сол жерге апарды. Бала күніміздегі көшіп-қонып, тай мініп қозы-лақ қайырған жер ғой. Қондық. Кейін естісем, сол азаматтар жыл сайын көліктерін сайлап «Тұрсан тұмасына» барып тұрады дейді».
Біз ары қарай іліп әкетіп, сан-саққа жүгіртеміз. «Кейін әлгі үңгірді «Тұрсан әулиенің үңгірі» деп атапты, сол үңгірде бір ақ сақалды, ақ шашты, ақ көйлек, ақ дамбал киген әулие тұрады. Түнімен қара қобызын тартып, жынын шақырып, дүниені азан-қазан қып жатады. Күндіз қоңыр аюды ерттеп мініп, тау-тасты кезіп кетеді. Бала көтермеген әйел әулие­нің үңгіріне бір түнесе, егізден табады» деп естідік», – десек, ішек-сілесі қатып күледі. Ең қызығы – Тұрсынханның алдымен мұрты, онан кейін көзі, соңынан өзі күлетін.
«Адамның басы – Алланың добы» демекші, әлгінде айтқан Таралаң деген жерде Армиябек соқамен жер жыртыпты, мен жол салысыппын, Тұрсынхан мал жайыпты. Үшеуіміз кездескен бір кеште «Таралаңның» сөзі шығып кетіп, ұңғыл-шұңғыл, жыра-жықпылын жырдай қылғамыз. Біріміз ерте, біріміз кеш ит арқасы қиянға бардық, сонда жүрдік деген кімнің ойына келсін. Таралаңға тентіреп барған үшеудің басы Үрімжіде қосылып еді, Атамекенге ат басын бірге тірегенімізге мың шүкір.
Тұрсынхан елу жасқа келгенде мынадай бір өлең жазыппын:
Сен де келдің, мен де келдім елуге,
Елу деген – жерортаға келу ме?!
Алатынын тез алады сұм тағдыр,
Тым сараңдау болады екен беруге.

Арман болған, асық болған меңді қыз –
Сіздерге де, біздерге де келді күз.
Баяғыдай шарап ішу қалды ғой,
Баяғыдай желікпейміз енді біз.

Сері де емес, пері де емес, пақырмыз,
Санасы сау саңыраумыз, соқырмыз.
Баяғыда байласа да тұрмаушы ек,
Қуаласа үйден шықпай отырмыз.

«Түке» болып, «Ғалеке» боп өтерміз,
Дәм біткенде жетер жерге жетерміз.
Екі иығын жұлып жеген жас едік,
Жынын алған бақсыдан да бетерміз…
Не етерміз?!.
Уақыт құрғыр зымырап барады. Он жылдың алдындағы көңіл күй де өзгеше екен ғой деп қайран қалып отырмын. Алпысқа аяқ артқан Тұрсынхан Алматыдан Шығыс Қазақстанның Өскеменіне, одан айналып Елордамыз – Астанаға жетті. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Шығыстану кафедрасында профессор. Президенттің қолынан үй, «Құрмет» орденін алды, ғылымға қосқан үлесі үшін «Күлтегін» сыйлығын, Қазақстан Жазушылар одағынан Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алды.
Армиябек Сағындықұлы дейтін сыншы досымыз Тұрсынхан Зәкенұлын сыртынан «Академик» дейтін. Мойындағанынан. Академик те болар, Құдай қаласа. Сол «Академик» мерейлі 60 жасқа толды. Аталарымыз Шығыстың Күршімі мен Марқакөлінің топырағын басып, суын ішіп, ауасын жұтып жүріп отызыншы жылғы нәубетте шарасыздан арғы бетке ауып барыпты. Біз туған жерден оларға топырақ бұйырды. Олардың туған жерінде екеуміз 30 жылдан бері бірге келеміз, ыстықты да, суықты да, аштықты да, тоқтықты да бастан өткердік. Құдай берген ғұмырды сүрерміз, басқа салғанды көрерміз, бауырың бүтін болып, қаламың мұқалмасын, Тұрсынхан дос!

Ғалым ҚАЛИБЕКҰЛЫ,
жазушы,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір