АУЫЛЫНА ЖАНАШЫР АКАДЕМИК
18.04.2024
64
0

Өзінің туған жеріне, кіндік қаны тамған ауыл-аймағына, өсіп-өнген өңіріне жанашырлық танытып, жан шуағын түсіріп жүрген тұлғаларды – біздің дәуіріміздің Атымтай жомарты десек әбден орынды. Күні кешегі өтпелі кезең, өліара шақта да, қоғамдық формацияға қоса, меншіктік қатынастар күрт өзгеріп, ел ерге қарап, ер жерге қарап қалған қысылтаяң кезеңде де айналасындағы ел-жұртпен бүтін құртты бөліп, жарты құртты жарып жеген жаны жомарт, мінезі мәрт, көңілі кең, пейілі дархан жандар болды. Сірә, бұрынғылар «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегенді осындайда айтса керек.

Былай қарасаңыз, былтыр 75 жастың жотасына шыққан, біраз жыл білдей бір мекемені абыройлы басқарған, талай жылғы ғылыми ізденіс-бейнетінің зейнетін көріп, әуелі кандидаттық, сосын докторлық қорғап, профессор, академик атанған Шәлменов Мәлік Шәлменұлының «ауылын ұмытатындай» уақыт болды. Ал Мәлік ағамыздың туған ауыл-аймағының білімқұмар жеткіншектеріне өз қалтасынан ақша шығарып, шәкіртақы (стипендия) төлеп, жылдар бойы жасап келе жатқан қаржылай жанашырлығы ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының «балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қалай қалыптассын» дегеніндей, Отанның болашағын әріден ойлаудың айшықты мысалы, айқын көрінісі әрі академик-жазушы Сәбит Мұқановтың:
Туған жер еш нәрсе жоқ сенен ыстық,
Себебі, сенде туып, сенен ұштық, – деп жырлағанындай туған жер алдындағы перзенттік парызды өтеудің өшпес өнегесі, үздік бір үлгісі деуге де әбден лайық. Бізбен әңгіме-дүкен барысында академик Шәлменовтің өзі ауыл-аймағына жақсылық жасау жолында жазушы Құрманғазы Қараманұлы мен өлкетанушы Қайыржан Хасанов сынды ауылдас ағаларынан үлгі-өнеге алғанын тілге тиек етті.
– Бастапқыда шәкіртақыны зейнет жасына жеткенше, зейнеткерлікке шыққанша төлеймін деп ойлағанмын. Енді өзім бастаған жақсылықты жарты жолда доғармай, соңғы демім шыққанша ауылымның сабаққа алғыр ұл-қыздарын қаржылай қолдай бермекпін, – дейді ветеринария ғылымының докторы, профессор, академик М.Шәлменов.
Осы оқу жылының қарсаңында мен Мәлік ағайдың туған ауыл-аймағы Егіндікөлге барып, жергілікті жұртпен жүздесіп қайттым. Сол сапарымда аталмыш ауылдағы білім ұясында болып, мұғалімдерге қоса, оқушылармен де дидарласып, пікірлестім.
– Ветеринария ғылымының докторы, профессор, академик Мәлік Шәлменұлы – тек біздің ауылдың ғана емес, бүкіл Қаратөбе ауданының ортақ мақтанышы. Мәлік ағаның ғылым саласындағы және қызмет бабындағы жетістіктері – өз алдына бір төбе. Ол 1976 жылы Алматыдағы зооветеринариялық институтты тәмамдағаннан кейін жас маман ретінде туған өлкесіне оралып, Батыс Қазақстан ғылыми-зерттеу ветеринариялық стансасына аға ғылыми қызметкер болып орналасып, осы міндетті 11 жыл бойы мінсіз атқарды. Ал 1987-2006 жылдар аралығында Мәлік Шәлменұлы аталмыш мекеменің директоры ретінде абыройлы қызмет істеп, жемісті еңбек етті. Сондай-ақ ол қажырлы ізденісі мен жүйелі ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 1987 жылы кандидаттық диссертация қорғаса, 2009 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, ветеринария ғылымының докторы дәрежесіне қол жеткізді. Ал 2014 жылы Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшелігіне сайланып, академик атанды. Академик Шәлменов біраз жылдан бері Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінде ұстаздық қызмет атқарып, еліміздің экономикасының негізгі салаларының бірі ауыл шаруашылығы үшін білімді де білікті мамандар даярлау ісіне зор үлес қосып келеді. Міне, осындай тұлғаның 2012 жылдан бері өзі оқыған Егіндікөл мектебінің оқушыларына жыл сайын 120 000 теңге шәкіртақы (стипендия) тағайындауы – меніңше, бұл үлкен азаматтық! Шәкіртақылық қаржыны педагогикалық кеңес пен ата-аналар қауымдастығының өкілдері жылма-жыл қанша балаға қаншадан беретінін өзара ақылдасып шешеді. Ең бастысы, шәкіртақы алатын оқушының сабақ үлгерімі үздік, тәртібі үлгілі болуы шарт. Мұндай материалдық ынталандыру ауыл балаларын жақсылыққа жүйелі ұмтылуға, саналы тәрбие, сапалы білім алу бойынша тең құрбысының алды болуға құлшындыратыны айдан анық. Мәлік аға арнайы стипендия тағайындағалы бері 132 шәкіртіміз әлгіндей сый-құрметке лайық деп танылды. Академик Шәлменов атындағы шәкіртақыны иеленгендер әр түрлі мамандықтарды таңдауда. Мысалы, мектебіміздің 2012 жылғы түлектерінің бірі – Арайлым Кәкімова Ақтөбе қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы университетті логопед мамандығы бойынша тәмамдаған соң туған ауылына оралып, он шақты жылдан бері өзі түлеп ұшқан алтын ұясында мамандығы бойынша қызмет істеуде. 2018 жылғы түлегіміз Дәурен Зейнуллин былтыр Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің химия факультетін тәмамдап, бүгіндері Жәңгір хан атындағы агротехникалық университеттің магистратурасында білім-білігін жетілдіруде. 2020 жылғы түлектеріміздің бірі – Әділ Батырханов Астанадағы Л.Гумилев атындағы университетте химия-биология бағыты бойынша жоғары білім алуда. Ал Гүлжазира Құрмашева деген шәкіртіміз – мақтаулы дефектологтардың бірі. Өткен 2022-23 оқу жылында профессор Шәлменовтің стипендиясын иеленген қос құрбының бірі – Айзере Өтеген журналист болуды армандаса, ал Жангүлім Берікқызы дерт атаулыға дауа табар дәрігер болғысы келеді. Бұл қыздар – жетінші сынып оқушылары.
Ауыл балаларының қиялына қанат бітіріп, оларды жақсылыққа жетелеп, жасөспірім-көкөрім жеткіншектердің жарқын болашаққа деген сенімдерін нығайтқаны үшін Мәлік ағамызға ауыл-аймағымыздың үлкен-кішісі дән риза, – деп ағынан жарылды Қаратөбе ауданындағы Егіндікөл жалпы орта білім беретін мектептің оқу ісінің меңгерушісі, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Маржан Жайдәлиева.
Туған жерінен қолынан келер көмегін аямайтын академик Шәлменов жақында қарғын судан зардап шеккен Қаратөбе аудандарының тұрғындары үшін арнайы қорға ақшалай көмегін аударды.
Жасай берсін, жақсы адам!

Бауыржан ӘЛЖАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір