ҰЙҒЫР ЛИРИКАСЫНЫҢ ПАТИГҮЛІ
22.03.2019
784
0

Поэзия дегеніміз – қаншама данышпандар құпиясына, тылсымына жете алмаған, тіршіліктегі небір нақты өлшемдерге сыя бермейтін өзінше бір әлем. Оны игеру, оның тереңіне бойлап, поэзия тұңғиығына құлаш ұру – кез келген адамның маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Өлеңінің осындай сырына құлшынып, жақсы жырлар туғызған адамды біз әспеттеп, алқап, ақын деп атаймыз. Өйткені өзінің тұңғиығына, өзінің бір тылсым әлеміне оқырманын жетелей білген талант иесі қашан да бақытты.

Мен өзім көптен білетін ұйғыр ақыны Патигүл Махсатова, міне, нақ осындай талант иесі. Шығар­машылығымен жақсы таныс болғандықтан да, Патигүлді шын мәнінде лирик ақын деп қысыл­май айтуға болады. Өйткені поэзия табиғатына тән қуаттылықты, көркемдікті сәтті игеруімен қа­тар, қандай тақырыпқа барса да, жүрек жылуымен жаза біледі. Өлеңнің техникасының меңгеруі ешбір замандас ақындардан кем емес. Ұйқас, ырғақ, кестелі сөздер құйылып түседі. Сонымен бірге ол қай тақырыпқа барса да, өзінің қаламына тән нәзіктігінен бір елі айырылмайды. Ылғи да осы жү­ре­гінің лүпілін өмірге деген ің­кәр­лікпен, көркемдік өлшеммен қиыстырып жеткізе алатын өнер иесі.
Мен өз басым Патигүлдің өлең­дерін оңаша отырып, ойланып оқығанды ұнатамын. Оның Туған жер, Отан, адам баласы өмірде кездесетін түрлі құбылыс­тар туралы жазғандары поэзия тілімен өріліп, оқырманын терең ойға бойлатады. Ақын өлеңді қалай жазса да, қысқа шумақ­тардан айтар ойының тұжырымды екендігі де көрініп тұрады.
Атап айтсам, «Сағыныш мұ­ңы», «Қош, балалық», «Менімен қаласың», «Өмір – мектеп», «Әр ақынның өзінің бар әлемі», «Менің жырым», «Қалар менен ……», «Күттің бе сен мені…..», «Өлеңімді қорлама», «Мені күтер анам жоқ», «Сарғайды сабыр», және басқа жырлары оңаша отыр­ғанда жүрегіңнің аңсарын дәл басады.
Ақын өлең жазатын уақытта ай­наласына қарамай, тек өзі өз жанымен сырласып, көркемдік мақсатына жету үшін барлық күш-жігерін төгетін сияқты көрі­неді маған. Оның жырларынан мен өзінің ұстанған жолына, поэ­зияға деген құштарлығына адал­дықты танимын.
Патигүл Махсатова өз қолтаң­басын жас кезінен-ақ анық кестелеп жеткізіп келе жатқан, сезімін нәзік ұштап дағдыланған ақын. Ол кейбір замандастары сияқты жалған пафосқа, орынсыз тебіре­ніске жоқ. Қысқа қайырып, оқыр­ман­ның жүрегіне дәл жеткізуге тыры­сып бағады.
Мысалы:
Үйрендім мен игеруге әлемді,
Қолда қалам, жырды тыңдап,
ән емді.
Ішім боздап жыласам
да көрсетпей,
Жібермедім зәр түбіне зәремді, – дейді. Жалпы, мен өзім ұйғырша оқып, ұйғырша түсінгеніммен, соңғы жылдары ана тілімде жа­зыл­ған көркем шығармалардың қазақша аудармасын да оқитын болғам.

Зүбайда САХИҚЫЗЫ

(Толық нұсқасын газеттің №12 (3646) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір