Абай алғаш рет ұйғыр театрында сахналанды

Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрында ұлы ақын, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы хакім Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай 20 қараша күні режиссер Дильмұрад Жамбақиевтің «Ғасырларды жалғаған Абай» тарихи-биографиялық драмасының премьерасы өтті.
Бұл – аталмыш театр сахнасында Абай тақырыбының алғаш көтеріліп, алғаш рет жеке спектакль болып ұсынылуы. Қойылым қазақ және орыс тілдерінде ілеспе аудармамен қатар жүрді.
Драмада Абайдың терең жан дүниесі, күрделі тағдыры мен әкесі Құнанбаймен арадағы тартысқа толы қарым-қатынасы көркем бейнеленді. Оның достарымен бірге әділет жолындағы ізденістері, Тоғжанмен танысуы, медреседе білім алуы және өмірлік сынақтардан өтуі сахна тілінде әсерлі өрнектелді.
Осылайша, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп жырлаған ұлы Абайдың шығармашылық әлемі өткен мен болашақты жалғаған алтын арқаудай жарқырап, көрерменге жаңа қырынан ашылды.
Премьераға зиялы қауым мен өнерсүйер көпшілік жиналып, ерекше әсермен тарады. Абай бейнесін сомдаған актердің шеберлігі, әр образдың сахналық шешімдері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кешке арнайы қатысқан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі, КСРО Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов спектакльден алған әсерін сахна төрінде бөлісіп, ұжымның еңбегін жоғары бағалады.
«Абайдың 180 жылдығы – әлемдік деңгейдегі мерейтой. Оның ойы, өлшемі, рухы – бүкіл адамзаттың ортақ байлығы. Ұйғыр театрының Абайға деген құрметі мен көзқарасы бүгінгі қойылымнан анық көрінді. Әсіресе режиссерлік шешімдер, финалдағы поэтикалық көркемдік өте сәтті шыққан. Өнер халыққа қызмет етуі керек, осы жолда еңбек етіп жатқан баршаңызға алғыс айтамын. Абайдың рухы қолдасын!» – деп ақ батасын берді.
Премьера театр тарихындағы жаңа кезеңнің бастауындай әсер қалдырды. Қойылым алдағы уақытта театрдың тұрақты репертуарына енгізілуі мүмкін.