ҰЙҒЫР ӘДЕБИЕТІ ЖАҢА ЖУРНАЛМЕН ТОЛЫҚТЫ
31.08.2023
130
0

Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен ұйғыр тілінде республикалық «Чинар» әдеби журналы жарыққа шықты
Біршама уақыт бұрын ұйғыр әдебиеті кеңесінің жиналысында Қазақстан Жазушылар одағының басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов Қазақстан Жазушылар одағы ұйғыр тілінде әдеби журнал шығаруды қолға алатынын айт­қан болатын. 31 тамыз күні Одақтың қолдауымен жарық көрген республикалық «Чинар» әдеби журналының тұсаукесер рәсімі өтті. Салтанатты таныстырылымға қазақ ақын-жазушылары мен ұйғыр әдебиетінің белді өкілдері қатысты.

Әуелі Мереке Құлкенов сөз сөйлеп, журналдың бағыт-бағдары туралы айтып өтті.

«Бүгін, міне, осы журналдың сүйінші данасын шығарып отырмыз. «Чинар» әдеби журналы екі елдің әдебиетіне алтын көпір болатынына сенемін. Алдағы уақытта таралымы көп журналдардың қатарынан табылуы үшін, барлығыңыз бірдей атсалысқандарыңыз дұрыс.
Өздеріңізге есігіміз әрқашан ашық. Осында келіп, ұйғыр әдебиетіндегі жаңалықтарды талқылап, әдебиетті дамыту, жастарды қолдау мақсатында түрлі басқосулар өткізіп тұрғандарыңыз дұрыс», – деді Мереке Құлкенов баршаны құттықтай келе.

Бұдан кейін жазушы Ахметжан Ашири мен ақын Абдуғопур Құтлуқов журналдың тұсаукесер рәсімін жасап, жаңа басылымға ақ жол тіледі. Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағына қарасты басылымдарға жауапты, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып жаңа басылым жайлы жылы лебізін білдірсе, ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрайымы, «Чинар» журналының Бас редакторы болып тағайындалған Пәтигүл Махсатова мен қалалық ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Османжан Обулов Жазушылар одағына алғысын айтып, дәстүр бойынша Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов пен журналдың шығуына атсалысқан Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлына шапан жапты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір