ҚАЗАҚТЫҢ ҰЙҒЫР ҰЛЫ

Бұл өзі – сұсты сұрқына сырттай қарағанда, қабағынан қар жауған құқық қорғау қызметінің «күлмесханына» ұқсағанымен, көрген жанның көңілін көркейтіп, күлкіге көміп тастайтын жайдарманның нағыз да нағыз өзі. Тек, камера көрсе болды, қаққан қазықтай қақиып қалатын қадеті бар, өкінішке қарай. «Смех – дело серьезное!» деп қояды өзі Чехов ағасына ұқсап. Бұл жігіт – біздің үлкен досымыз, республикалық «Ұйғыр авази» газетінің бас редакторы Ершат Асматов.
88-дің жайнаған жазында КазГУ-дің журфагына бақ сынай барғанымызда ұйғыр, кәріс және неміс жастарынан құрылған арнайы бөлім ашылып жатты. Сол бөлімге оқуға түсіп, студент атанғандар ішінде Ершат Асматов, Әлимжан Аблесенов, Бақытжан Разиев сынды ұйғыр жігіттері біздің қазақ бөліміне қосылды. Кейіннен әскерден керзі етікпен келген Минәмжан Асимов пен Фархад Бакиев деген достар да қатарымызды толықтырды.
Абитуриент шақта ерекше әдеп сақтап тұратын олармен аса көп араластығымыз болмаса да, Қостанайдың картоп алқабындағы бір айлық «сельхозка» барлығымызды бір үйдің баласындай ұйыта біріктіріп жіберіп еді. Өте жақын танысып, араласып кеттік. Солардың ішінде қазақы қалжың мен юморды қатыратын Ершат есімді мықтының орны бөлек-ті.
Өзі ашық мінезін ғана емес, аузын ашса жүрегі көрінетін ақ пейілін сол кезде-ақ анық танытып үлгерді. Ойнаса да ойлап айтатын осынау ақжарқын да ақкөңіл азамат курстағы қалжыңбас достардың ортасындағы өз орнына бірден-ақ барып қонжиды.
Ол ол ма, бүгінде курсымыздың ғана емес-ау, күллі қазақтың бетке ұстар сатиригіне айналған Ермахан Шайхы екеуінің қалжыңдары ғана сол кездің өзінде бір кітапқа симастай болатын! Оның барлығын жіпке тізгендей жазып жатпасам да, Ермахан екеуі сақалын жіберіп қойып, бір-бірінің жақ жүндері үрпиіскен түрлерін «горилла» және «шимпанзе» дейтін маймекеңдерге теңеп алып, «Гареке», «Шипеке» десіп, сыйласа сөз қағыстырған қалжыңдарының өзі қандай керемет еді!
Кейде басымызға кептеп алған «таз кепешімізді» түріп жіберіп, күмпиген күпәйкіміздің кеудесін ашып жіберіп, картоптың сабағын «домбыра» қылып жіберіп, «қызу қайым айтыс» ұйымдастырып жіберетініміз де бар еді. Бір күні кезекті «халықаралық айтыстың» қызуына күйіп кеткен курстас досымыз Мақсұт Дүйсеков мынадай қайырманы «зың» еткізді:
– Қостанайдың картобы ұсақ екен!
Қарымтадан еш қысылған Ершат болмады:
– Қойларының жартысы тұсақ екен! – деп, табан астында «дың» еткізді.
Алқаптың шетінде біраз қой жайылып жүрген. Біз болсақ күлкіден қырылдық та қалдық. Өйткені досымыздың аузынан «қоздамаған қой» мағынасын беретін қазақтың өзіне ғана тән төл сөзі шығады деп ешкім күткен жоқ болатын.
Қостанайдың қоңыр күзінің қара суығында осындай әзіл-қалжыңмен қыртылдасып жүріп, кешке шейін неше мәшиненің кузыбын картопқа лық толтырып, аттандырғанымызды да аңғармай қалатынбыз.
«Жастар» және жайдары жүз
Әдемі әзілі әрдайым әзір тұратын, қарып түсер қалжыңы қашанда қас-қабағында тұратын Ершат достың «бітімгершілік миссиясы» жайында білесіз бе?
Осы жерде оның сол бір әдемі әзілі арқылы дау-дамайсыз шешілген «дағдарысты жағдай» жайында «әбизәтна» баян етуім қажет.
КазГУ. Жаз айы. Журфак. 2-курс. Қазақ тілінен семинар.
Атшаптырым 212-аудиторияда белгілі филолог-ғалым, профессор Алма Қыраубаева апайымыздың сабағы өте-мөте шиеленісті жағдайда өтіп жатты. Өйіткені, қас қылғандай, бәріміз бүгін дайындықсыз келіппіз.
Әшейінде «әзір-мәзір» жүретін «актиптер» де, «атлишниктер» де аутқа кеткен. Аудиторияда – өлі тыныштық. Жағдай өте «тревожный». Бәріміз бас көтере алмай, бұғып-бұғып жатырмыз. Онсыз да қабағы салыңқы келген апай бізге қатты ашуланып отыр.
Ол кезде кондиционер деген дүние атымен жоқ, күн болса күйіп тұр. Әйнектердің барлығы аңқиып ашық тұрса да, ауа тымырсық.
Бір кезде тап терезенің түбінен қайдағы бір қаңғыбас иттер шуласа кетті де, артынша біреуі қаңқылдап-қыңсылап, қанқақсады да қалды. Қабағы қарс түйіле қалған апайымыз:
– Бұл несі тағы?! – деп, терезеге жаққа жалт қарады.
Осы сәтте бұғып жатқан бәріміздің ішімізден Құдай тілеуіңді бергір Ершат қана басын әнтек көтере қалып:
– Жастар ғой, апай! – деп, саңқ ете қалғаны.
Осы сәтте одан әрі жалғасқан өлі тыныштықты өзі бұзып:
– Ай, айтпайтындарың жоқ-ау осы, – деп, еріксіз күліп жіберген апайымыздың қабағы лезде жадырап сала берді. Жанымыз кіріп, жыбырласып қалған біз де қал-қадірімізше жырқылдасып-жымыңдасып жатырмыз.
Әрі қарай сабақ та, «жастар» да жайына қалып, Алма апаймен әдебиет, мәдениет, өнер туралы еркін тақырыптағы әңгімеміз жалғасты да кетті.
«Темір деканмен» тірескенде
Үшінші курста Ершат әйелі босанып, қысқы демалыстан кейін екі аптаға кешігіп келді. «Журфактың темір деканы» болған Темірбек Қожакеев тап осы семестрден бастап біздің курсқа сабақ бере бастаған болатын. Тағы бір досымыз Ғани Заппаров «Таң» телеарнасынан іссапармен Карабахқа барып қайтыпты. Және бір қызымыз Қарагөз Садықова жолды қар басып қалып, кешіккен. Ол кезде қалтафон деген түсіңе кірмейтін заман, олар бұл өзгерістен «сәпсім» хабарсыз.
Ал Темкеңнің қаһарына ұшырау – итжеккенге жалаңбұт айдалып кетуге пара-пар «қылмыс». Сондықтан оның сабағына «ажалдың тырнағынан аман» кез келген бүкір-кәсәл, ауру-сырқауға шейінгі төрт көзіміз түгел келіп отыратынбыз.
Содан Темкең қатты кетті. Біріне «Екі аптада жаяу жүрсең де жетер едің!» – деп, екіншісіне «Таңыңның» шаңын шығарамын!» – дегенді айтып аудиториядан айдап шықты. Кезек Ершатқа келгенде, «Әйелің тұрмақ, өзің босанып қалсаң да келетін уақыт болды! Әйда, шық!» деді.
Ершат табандай кешірім сұрап тұрып алды. Сонда Темкең: «Әй, Асматов, сен қандай адамсың өзің, «шық» деген соң шықпайсың ба! Сабақтан кетпесең де, бәрібір сені жорналға «жоқ» деп белгілеймін» — деді.
Сонда ол: «Ағай, мәселе жорналдағы «жоқта» емес. Мені сабақта болмады деп есептей беріңіз. Өкініштісі сол, мен қазір кетіп қалсам, сіздің алтыннан да қымбат сөздеріңізден құр қаламын ғой», – деді. Мына сөзге тоқтап, ашуын ауыздықтай қойған Темкең күліп жіберіп: «Мәләдес! Орныңа барып отыр» – деп еді сонда.
Бір қарағанда «Сөз тапқанға қолқа жоқ» болып көрінуі мүмкін. Алайда осы бір көріністен Ершаттың өз тағдыры алдындағы саналы қадамына, қала берді, ата-анасы алдындағы борышына, енді ғана дүниеге келген ұрпағы алдындағы қамқорлығына, қоғам алдындағы жауапкершілігіне тәнті болғанбыз. Оның тап сол сәттегі шалт шешімін анық аңғарған жан оның адам ретіндегі адалдығын, азамат ретіндегі берік ұстанымын, маман ретіндегі кемелді келешегі мен зор әлеуетін аңғарар еді.
Ұтқыр ұйғарым
Ұйғарымы ұтқыр досымыздың алғырлығы да алғашқы курстан-ақ аңғарылды.
Ал, шыны керек, біз ешкімнен қалмай, ел қатарлы оқыдық десек те, бауырластарымыздың білімге деген құштарлығы күшті еді. Тіпті, білім бұлағына бас қойған алғашқы кезден-ақ сабақты нағыз ашкөздікпен оқыды десем, артық айтқандығым емес. Олай болмай ше: орыс тіліндегі оқулықтарды қазақ тобындағы біздің өзіміз аударып, оқып үлгермей жатамыз. Ал бұлар болса өз тілінде ойлайды, оқулықтар – орысша, сабақтар қазақша өтеді. Сондықтан бұлардың басына қонған бақтың «бағасы» батпандай болатын.
Олар күндіз-түні кітапханадан шықпай, көп дайындалатын, көп оқитын, көп білетін. Және сол білімдерімен біз сияқты далбаңбайлау достарымен шын ықыластарымен бөлісетін. Егер мәселенің ақиқатын айтар болсам, біз кезекті емтиханға дайындалған кезде алдымен Асматов, Алжикеев, Аблесенов сынды «үш алыптың лекциясын» тыңдап алмасақ, аудиторияға аттап басуға жүрегіміз дауламайтын.
Бұл тұрғыдан алғанда, Моллахун әкейдің баласының сөзі – салмақты, мән мағынасы – тереңде болатын. Ешқанай оқиғаға жеңіл-желпі қарамай, әр нәрсеге сыни көзбен шұқшияды да отырады Осылайша өз пайымын байыптап отыратындығы да оны біз сияқты мектеп партасынан енді ғана шыққан сарыауыз курстастарынан айшықтап тұрды.
Осыншама жанды жейтін жүктемеден жығылып қалмай, жұмыстың жөнін таба жүріп, алғашқы курстардан-ақ республикалық қоғамдық-саяси «Ұйғыр авази» газетіне қызметке тұрды.
Одан кейінгі жылдары біз берекесі жарасқан қос ұлттың арасындағы алтын көпір бола білген Ершат досымыздың тек қана өсу, өрлеу жолдарын, кәсіби ғана емес, қоғамдық өмірге үн қосатын тұлға ретінде өскенін көрдік. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы төрағасының орынбасары, Бас редакторлар клубының және ҚХА Журналистер клубының мүшесі…
Алған атақтары мен марапаттары бір басына жетіліп артылатын Ершат досымыз биыл Мемлекет басшысының қолынан «Құрмет» орденін алды.
Карапайым корректордан бастаған журналистік жолында курсымыздан шыққан оншақты бас редакторлардың бірі. Өзі тікелей басшылық жасаған он жылдан астам уақыт ішінде мазмұн жағынан байи түскен басылымның оқырмандары күрт өсіп, таралым жағынан еліміздегі газеттер арасында алғашқы «бестікке» кірді. Ерекең басқарған жылдары басылым таралымы күрт өсті.
Шабыт оянған шақ
Ершат досымыз Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы Кішідиқан ауылының тумасы. Сол ауылдың мектебін үздік бітіріпті. Сөйтіп, біздің боқмұрындау кезімізде «Атаманның ақыры» киносынан ғана көріп, көзіміз шығып жүрген Жаркент дейтін әйгілі қаладағы педучилищені тәмамдап та қойған екен. Тіпті, оқуының етегін екі жылға түре тұрып, Волгоградта әскерде болып, жып-жылтыр түйме де тағып қайтыпты.
Алғаш сауда саласында еңбек етіп, кейіннен ауыл мектебі мен интернатында шаруашылық жұмыстарын басқарған Моллахун ақсақал мен Гүлинур анамыздың үш ұл, бір қыздан кейін көрген кенжесі көрінеді. Әкесі құсап сауда саласымен кете берсе, бүгінде бай бір бизнесмен болып отыратын еді ғой деймін да. Дегенмен, балабақшада тәрбиеші қызметін атқарған анасының Абай Құнанбаевтың, Ыбырай Алтынсариннің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың үзбей оқып берген поэзиясы бұл баланың шығармашылық шабытын мықтап оятса керек.
Ал енді мұзбалақ ақын Мұқағалидың жақын досы болған туысы, ұйғырдың біртуар ақыны Илия Бахтияның әсері оның шығармашылық атты шаһардың ауылына біржолата бет бұрғызғаны анық. Әйтпесе алтыншы кластан өлең жазып, тіпті, өзінше поэма-шіркінді де бұрқыратып жібере жаздағаны қай сасқаны? Ал тырнақалды тақпақтарын жайлап аудандық, сосын республикалық басылымдар жариялай бастаса – «ақындық дерт қысқан» бұл балада қандай ес қалсын?
Дегенмен, шабыттың шалқарына құлаш ұрған бұл бала педучилищеде де тыныш жүрген жоқ. Кәсіби өнерпаз-педагог Хевизәм Хапизованың жетекшілігімен құрылған «Сәбдә» сынды ансамбльде равап, дап атты аспаптарды даңғырлата сабалап, жер-көкті шарлап шықты. Тіпті, сол кездегі «Алатау» телеарнасынан жарқ етіп шыға келіп, талай қызды естен тандырды емес пе! Негізі, сол кезде болашақ жары – курстасы, ансамбль бишісі Зульфира Тұрдәліқызына көзі түскен ғой, шамасы.
Сөйтіп, сонау Жаркентте тұтанған ып-ыстық сезімдерін Алатаудың төсіне аялап әкеледі. Осылайша, бірі КазГУ-де журналистің жүйрік жолын, екіншісі КазПИ-де ұстаздың ұлағатты жолын таңдайды. Содан соң сол сезім «индийский чай» құсап суып қалмай тұрғанда жас отауды құрып келіп жібереді.
Енді, міне, бүгін махаббаты жағынан үндістандық киножұлдыздары Амитабх Баччан пен Джая Бхадуриден аумайтын Ершат Асматов пен Зульфира Авутова деген Зулияр атты ұлдарын ұяға, Зайтунадай аппақ қыздарын қияға қондырып, Құдай берген жеті немеренің қызығына бөленіп отырған ата мен әже. «Бұрын ол менің старостам болған еді, қазір мен оның старостасымын!» деп қояды Ерекең. Әй, қайдам-қайдам))…
Бүгінде айшықты алпыстың асқарына абыроймен көтерілген Ершат Асматов досым, міне, осындай! Қазақтың ұйғыр баласы! Төрт құбылаң тең болып, өсіп-өркендей бер, бауырым!
Серікқали МҰҚАШЕВ