Наурыз
22.03.2019
1315
0

Есенғали Раушанов

Мәскеудегі Третьяков сурет га­лереясында И.Репиннің 1887 жылы салған екі суреті ерекше көз тартады. Екеуінің де арқауы – Л.И.Толстой. Бірі – жазушының шар­уа киіміндегі портреті, екін­шісі – «Сүдігерде» («На пашне») деп аталатын суреті. Мұнда екі боз аттың бірін соқаға жегіп, біріне тырма сүйреткен Толстойды көре­сіз. Артық әлеміш-күлеміш жоқ. Бояулары да әбеқоңыр. Осындай көктемгі қарбаласта атыз басында боп жататын шаруа өмірінің өзге детальдары да қамтылмаған. Ай­та­лық, егіншілердің қосы көрін­бей­ді, қос басында бірі күйбеңдеп, бірі шешесінің етегіне оралып ой­нап жүретін ана мен бала да жоқ, соқа соңынан шұбап еретін ұзақ қарғалар да, тал басында тынымсыз сайрайтын наурызек торғай да, өзінен-өзі құтырынып, соқадағы аттардың құйрығын тістеп қашатын ала күшік те сурет­ші назарынан тыс қалған секілді. Мезгіл, шамада наурыз айы. Назар салсаңыз, расында осының бәрі де бар, көз алдыңыздан бірінен соң бірі шұбап өтіп жататын көктемгі көріністерді «көрсетпей-ақ» көктемді жырлауға болатынын сезіп, таң қаласыз. Тап қазір мына соқа сүйреткен дилы боз оқыра­нып қоя берердей, оған ілесіп қасындағы ат та қамыттың темір тоғаларын сылдырлатып басын жерден көтеріп алады, Толстой болса, атыздың арғы басынан қиқу салып өтіп жатқан жыл құс­тарына күн салып қарап қалатын сы­қылды, кенет бұлт арасынан жар­қырап күн шығып, сәлден соң қайта батып, батқан күннің қара көлеңкесінде ақ орамалы желбіреп Софья Андреевна келе жатады. Ояну. Ұлы қаламгердің күзде емес, қыста емес, тіпті жазда да емес, нақ осы айда, ояну, тірілу, жасару, жаңғыру айындағы бейнесі таби­ғат­пен әдемі үйлесіп тұр. Руха­ният­та неше түрлі құдіретті дүние­лер туғызған дарабоз жазушының дүниеге неше түрлі құдіретті дүн­ие­лер әкелетін жасампаз айдағы дән сеуіп жүрген бейнесі бұдан кей­ін сіздің ойыңыздан шық­пайды.
Көктем неден басталады?
Ескі ақындар «адамзат о баста бір тамшы судан пайда болды» дегенді көп айтады. Рас шығар. Сопылар: «Бір тамшы су – тір­ші­лік­тің басы», – дейді. Егер көктем­ді жылдың басы, өмірдің бастау алар тұсы десек, ол да бір тамшы­дан басталмай ма? Алты ай қыс сы­қасып қатып тұрған тоң әлі жіби қойған жоқ. Жібімек түгілі түнемелік сақылдаған сар аяз кү­шіне мінеді. Ал күн ұлы сәскеге ұры­на қар басып жатқан шатырдан тырс етіп бір тамшы тамып кет­ке­нін аңғармай да қалуыңыз мүмкін. Ал аңғарсаңыз, көктем келді дей беріңіз. Сонда барып күннің көзі бұрынғыдан гөрі жадыраңқы екеніне, аспан кешегіден гөрі ашығырақ екеніне, көлеңке басын ұзатқан кезде бұрынғыдай қара­қош­қыл емес, сұйқылтым тарта бас­тағанына, кей күндері күні ке­шегі қою көлеңке көгілжімденіп тұрғанына назар аудара бастайсыз. Басын ақырдан алмайтын арық жабағы өз-өзінен оқыранатынды шығарады. Бірақ әлі қыс. Сөйтіп сіз де ылғи төмен қарай бермей, бір сәт басыңызды көтеріп, кеңі­рек тыныс алғыңыз келетінін бай­қайсыз. Сөйтіп жүргенде бағанағы айтқан қар басып жатқан шатыр­дан бір тамшы емес, екі, үш тамшы тамғанын көресіз. Қасат қарды темір таяқпен шұқып тескендей шұқыр із қалдырады. Күннің қыз­уы қарды ерітуге шамасы келмесе де бір тамшы ерітіндісі мұз сауыт құрсанған қыстың көбесін сөгуге айналғанын сезесіз.
Осылай арқаны кеңге бере бас­таған бір күні аяқ астынан бұр­қы­рап қар жауып кетеді. Бір қызығы, сіз бұған еш ренжімейсіз. Ерте­сіне-ақ еріп кететінін іштей сезіп, жәйлі көңілмен жадырай қарай­сыз. Шынында ақ көрпеге оранып жатқан далаға не болған? Жон-жонасқа айқұш-ұйқыш қара сы­зық­тар түсіпті. Бейне әлдебір олақ тігінші аппақ көйлекті қара жіп­пен қайыған секілді оғаш көрінеді. Ол олақ тігінші – наурыздың желі.

(Толық нұсқасын газеттің №12 (3646) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір