Халың қалай, қарт «Жұлдыз»?!
24.10.2015
2090
0
538403_523577977_________Тұғырлы баспасөз де адам тағдырлас. Тәй-тәй басқан сәби шағы, қалыптасу, жетілу, толысу, гүлдену, ең ақырында бақ-мерейі тасып, жұлдызы жарқырап шығатын кезеңдері болады. Тоқсан жылдық тарихы бар ақсақал «Жұлдыздың» жұлдызы жарқырай жанып, айы толықсып туған шағы да болған. Ол сонау өткен ғасырдың 60-70 жылдары шығар. Көлемі мен салмағы жағынан бір кітапқа бергісіз, ішкі нәрі мен сыры қандай еді? Қазақ әдебиеті әлемінің небір марқасқалары мен жарқ етіп шыққан жасындарының роман, хикаят, әңгіме, өлеңдері сонда жарияланар еді. Сол кездегі сын қандай еді?

Көкірегінде иненің жасуындай сәулесі бар қазақтың «Жұлдызды» алмайтыны жоқ еді. «Сенде пәлен нөмірі бар ма?» деп сұ­рау­шылар қайшалысатын. Бір ғажабы, әде­биет төңірегіндегі адамдар ғана емес, трак­торшының кабинасында сырты май-май «Жұлдыз», шопанның сулығының қал­­та­сында сырты жұлым-жұлым «Жұл­дыз» жү­ретін. Егер «Жұлдыз» адам болса сол «ал­тын дәуренін» көз жасын төгіп, күр­сіне жоқ­тар еді-ау! Соңғы беттегі «таралымы» де­ген жердегі санға көзім түс­кен­де, кімді ая­рымды білмедім. «Есер, есі­рік болмасаң, тір­шіліктен пайда жоқ» деп жосылып жүр­ген «ала жылан, аш ба­қа» тобырды ма, «Жұл­дызды» ма? Есіме әл­дебір ақылды адам­ның: «Даму үстіндегі ел радио тың­дай­ды, дамыған ел газет-жур­нал оқиды, да­мы­маған ел теледидар көреді», – деген сөзі түсті. Еріксіз «Халың қа­лай, қарт Жұл­дыз» демеске болмады. Ары кетпей осы жыл­ғы нөмірлерді алайық. Әрқайсысы өзі­не тиісті материалдарды қамтитын, ма­ғыналы да айшықты бөлім атаулары бар. Поэ­зия мен прозадан бас­қа «Таным», «Сыр­сандық», «Ақсауыт», «Мерей», «Қалам­дас­тар», «Сүйір тіл», т.б. Өзінің не айтатыны­нан хабар беріп, «кел, мұн­да­лап» тұрған са­рабдал атаулардың өзі көзі ашық адам­ға көп дүниеден хабар бе­реді.

Ресмиі бар, бейресмиі бар – баспасөз көп. Бірақ «Жұлдыздың» жөні басқа, көте­ре­тін жүгі басқа, абырой-беделі басқа. Осын­дай журналды ашып жібергендегі оқырманның іздейтін сүбелі, кесек дүниесі, әрине, роман. Жыл басынан бер­гі 7-8 нөмірде 4 роман берілген екен. Олар: Бексұлтан Нұржекенің «Әй, дүние-ай», Ұзақбай Доспанбетовтың «Іле мен Қаратал», Рамазан Тоқтаровтың «Қанжы­ға­лы Бөгембай», Сәуле Досжанованың «Жалғыздың жарасы» романдары. Бірінде отарлау саясаты, бірінде отырықшылыққа бейімделу, бірінде Бөгембай батыр бейнесі, бірінде Ұлы Отан соғысы қасіреті. Егер осы төрт романды уақыт пен оқиға желісіне қарай тізіп шықсақ: 1. Қанжығалы Бөгембай, 2. Іле мен Қаратал, 3. Әй, дүние-ай, 4. Жалғыздың жарасы болып, үш ғасыр­ды қамтып, қазақтың үш ғасыр­лық өмірі тізіле қалады. Сонау 1700 жылдардан бастап 1986 жылдарға кеп тіре­леді. Сонда мынандай сұрақ туындайды:
– Ау, арқасы ошақтай, азуы пышақтай көкелер қайда? Оларды эфирден ғана көріп, әне, шетелге кетті, әне, мерейтойы дүрілдеп өтті, кітабы мүнша шет тіліне ау­да­рылды, мынандай шетел сыйлығын ал­ды, – дегенді ғана естиміз бе? Әлде «Жетіс­кен қыз төркінін танымай ма». «Жұл­дыз» аға жазушылардың төркіні емес пе еді.
– Екінші, неге қазақ романы тари­хи­лық­­тан аспайды? Фантастикалық, детек­тив­тік, саяси, философиялық, этногра­фия­лық, психологиялық, өндірістік ро­ман­дар неге жазылмайды?
– Үшіншіден, неге 86-дан ары аса алмай тоқтап қала береміз? Одан бері де 30 жыл өтті емес пе. Жаңа заман, жаңа ұрпақ, жаңа адам бейнесі қайда? Осы заманның күлтілдеген жарасын кім жазады, көмескі жағын кім ашады?
Төрт романның да тақырыбы таңсық емес. Таптаурын тақырып. Сонау Сәбит, Ғабит, Мұхтар, Бейімбеттен бастап жазылып келе жатқан дүниелер. Сонда бұл жазушылар солардан асып кімді таңыр­қа­там дейді екен дейсіз бір сәт. Дегенмен, оқыған соң, мүлде басқа ой келді. Төрт романның да дара мақсаты, көтерген жүгі басқаша екен. Бексұлтан болса 90 жыл­дық торы бар «отарлау» деген саясаттың қа­ра жүзін айдай ғып әшкерелепті. Ұзақ­бай өзіне дейінгі романдарда атүсті жазылып, не дұрыс деп, не бұрыс деп баға­лан­бай, қазаққа не бақ, не сор боп кел­гені белгісіз отырықшылық дегенді бір жағына шығарыпты. Рамазан Тоқтаров басқа батырлар мен билердің тасасында қалып бара жатқан Қанжығалы Бөгембай бейнесін жасамақ. Ал Сәуле қазақтың әпкесінің асыл бейнесін жасағанда Дулаттан бір кем соқпаған секілді. Дулаттың әпкесі бауырлары үшін күйеуге тимей қалса, Сәуленің әпкесі бауыры үшін өзін құрбан етті.
Тақырыпсыз роман болмайтыны се­кіл­ді, идеясыз да роман болмайды. Көп жазушы алдымен тақырып таңдайды да, идея сонан кейін туындап жатады. Идеясы тақырыпқа бағынып кетеді де, артынан зерттеген адам «идеяны» іздеп таба алмай, әуреге түседі. Тақырып таңдау мықтылықты керек етпейді, ал идея табу – көрегендікті, сұңғылалықты керек ете­ді. Тақырып – жазушының білімін, көрген-білгенін, қабілетін көрсетсе, идея – жазу­шы­­ның биік азаматтық позициясын, ұс­­та­нымын, қоғамдық көзқарасын біл­ді­реді. Тақырып – тек оқырманды елең ет­кіз­се, идея – қоғамды елең еткізеді. Сон­дықтан да жазушының жазушысы ғана тақырыпты идеяға жүгіндіре алады. Міне, Бексұлтан мықты екен. Егер ол та­қы­рыпты таңдаса, сан жазушы шиырлаған 16 жылды, аштықты, репрессияны, Ұлы Отан соғысын таңдамас еді. Онда алдымен Отарлаудың не екенін, қандай сұм саясаттармен жүзеге асқанын бүгінгі ұрпаққа тұтас алып, түбіне жетіп бір танытсам деген идея туған. Ал әлгі 16, 32,­ 37, 41, 86 жылдар оқиғалары осы идея­ны ашу үшін пайдаланған «құрылыс материалдары» еді. Автор мақсатына жетті де.
Оқырман романды бір жұтқан судай сіміріп, бір деммен қол үзе алмай, көз ала алмай оқып шығады да, көз алдында ай­дың арғы беті төңкеріліп, санаңа сәуле түсіп, өзегіңді өкініш өртейді. «Құдай-ау, кімбіз осы, кімге сеніп, кімнің сойылын со­ғып келгенбіз, неткен аңғал едік, енді қазақты не күтіп тұр», – деп сарсаңға түсесің. Анау әлгі «Абай жолындағы» қара шекпендердің алдынан айран-сүт алып шыққанымыз, Жұмбақтасқа тығылған Ботагөзбен бірге қызыл армияның алдынан қызыл ту көтеріп шыққанымыз, Саралапқа түрен түскендегі, Қосымнан Қос шалқарды тартып алғанда Күсен, Болжыққа қосыла желіккеніміз, орамалын көзіне түсіре тартып алып, қайын­ағасын Итжеккенге айдатқан Раушанға «Әп, бә­ре­келді!» деп сүйсінгеніміз, ауыл­дың бай-бәйбішесі аштан өлгенде, «Өзіне де сол керек» деп айызымыз қан­ғаны қайда қалды? «Дүние-ай, десеңші, бір кезде бір ауылды етке тойдырып, қымызға қан­ды­рып шығаратын бай-бәйбіше еді. Енді, міне, аштан өлді», – деп аһ ұрған кейіпкер емес, Бейімбеттің өзі екені неге ойымызға келмеген? Енді, міне, бір-ақ сәттің ішінде дүние астаң-кестең төң­ке­ріл­гендей күй кештік. Қастерлегеніміз – қадірсіз, та­бын­ғанымыз – тексіздік екенін ұққандаймыз. Соның бәрін «Әй, дүние-ай» неге астаң-кестең етті? Себеп – автордың бар­лық кезеңді бір-бірімен құйрық тістестіре тұтас алып суреттеуінде, шын сипатын, шын себеп-салдарын аша білуінде. Және соншалықты шеберлікпен, көркем суретпен, шынайы сезіммен, шешен тілмен жеріне жеткізе суреттеп, нандыра білуін­де. Бексұлтанның романынан бұрын есті­ме­ген бір мақал кездес­тірдім. Ол – «Жақсы­ның бір аты – залым, жа­манның бір аты – момын» деген. Жалпы, Бексұлтан «залым» сөзін «жақсы, ақыл­ды, қу» ма­ғына­сында қолданады екен. Ендеше, өз қаруын өзіне жұмсайық. Бексұлтан – зәлім жазушы (мен сұңғыла демек ем). Егер олай болмаса, ол романды не жайлауды, не жәрмеңкені, не 16 жыл алдындағы ел жайын суреттеуден бастар еді. Оқырман бір-екі беттен соң, е, біз білетін жай ғой деп жаба салар еді. Жоқ, сұңғыла, сырқынды, сақа жазушы айнаға қарап, өз көркіне өзі сұқтанып отырған періштедей пәк, аңғал қыздан бастайды. Ал елікпей көріңіз. Бұл қыз кім, одан бір сәт ажырай алмай жәрмеңкеге бірге аттанасыз. Жәрмеңкеде қалың жұртты сіл­ті­дей тындырып, аспанға өр­леген ән – «Бес қарагер» әні. Қыз дауысы. Сопыйа, Сопыйа! – деп өзеурейді қа­зақтар. Сопыйасы кім – София шығар. Орыс па? Сонау ХХ ғасырдың басында қазақ әнін шырқап тұрған қандай орыс ол? Осы жең­сік ой жетелеген оқырман романның иірі­міне қалай сүңгіп кеткенін өзі де аңға­р­майды. Бір ғажайып фильмді бастан-аяқ көріп шығып, уһ! – демейсіз бе. Дәл сол. Бас ала алмай, өзге дүниені ұмытып, сол кітаптың бір кейіпкеріне айналасың. Біреуінің тілеуін тілеп, біреуі­мен өштесіп, бір жерінде «әттең-ай» деп өкініп, бір же­рінде «сақтай гөр» деп шошып дегендей. Қайғы, қуаныш, өкініш, үміт, арман, қаза-қасірет, аяу, аялау, серілік, сезім, құштар­лық, мейірім, шапағат – бәрін бастан кешкендей санаң сергелдеңге түседі-ау, шір­кін. Жазушы құдіреті, жалпы өнер құді­реті деген осы шығар. Автор сөйтіп оқыр­ман­ды ә дегеннен тартып, «психологиялық жаулау» әдісін шебер пайдаланған ғой. «Зәлім» демей не дейміз? Енді оқырманнан кітапты тартсаң да ала алмайсың. Өйткені, ары қарайғы Шәйі – Жүзік, Шәйі – Тазабек, Тазабек – Дәнекер диалогтары оқиғаны қоюлата, қызықтыра түседі. Сұлу қыз, сері жігіт, сылаң жеңге, көк жайлау, әсем жарастық, ынтық көңіл, таза сезім, мөлдір махаббат, ес кеткен құмарлық – иірімдей тарта береді. Автор не табиғатты суреттеп, не кейіпкерге мінездеме беріп, не оқиғаға түсінік беріп оқырманды мезі етпейді. Бәрі кейіпкер арасындағы диалог, монолог, полилог барысында өзі-ақ ашы­лады. Ал ары қарай ше? Отарлау сая­са­тының әр формадағы, әр кезеңдегі қазақты қанды қасап жасауы дәл осы романдағыдай жеріне жете суреттелмеген шығар. Қанды қасап, қызыл қырғын, бейне ғарасат майданы. Бір халықты бір халық есепсіз, сұраусыз, себепсіз қыра береді екен-ау. Америкалықтардың үндістерді қырғанын көрсеткен киноға таңданып не сандалып жүргеміз. Сөйтсек, қазақ қырғыны одан да өткен екен. Сонау ішкері жақтың өзінен отарлаудың зұлым айласы үйретіліп, тіпті қару да беріліп «дайын» келген орысқа аңғал қазақты ату – аң атқандай қызық әрі оңай болыпты. Ешбір кітаптан осындай трагедияны оқымаппын. Рас, Кнут Гамсунның «Ашты­ғы», Дантенің «Тамұғы», «Спартак­тағы» құлдар қырғыны ойға оралды. Ату, асу, өртеу, зорлау, қорлау, құлдану, ұрып-соғу, боршалау, бөлшектеу, істікке түйреу…
Мұның жанында қан майданда бетпе-бет шайқасып, жеңсе өлтіріп, жеңілсе өлген немістікі әділетті соғыс екен ғой. Орыс туралы ойлайсың. Бұл қандай халық өзі? Қалай осындай халықпен күні бүгінге бірге тұрып келеміз? Әлгі зымиян саясат әлі жалғасып жатқан жоқ па екен, қазақты тағы не күтіп тұр екен, – деп шошынасың. Сөйтіп сенің шошуың, жек көруің кульминациясына жеткен кезде, жазушы сахнаға Софияны, Кобзевті, Секеринді, қырғыз Табай мен қалмақ Қарғаны шығара қоя­ды. «Жоқ, тұтас халық жауыз емес екен» деп жұбанасың. Орыс та әртүрлі екен дей­сің. Қазіргі саясатымызға осы дұрыс та шығар. Бірақ… Нағыз қазақтың бар қа­сиеті бойынан табылатын типтік бейне Тазабек айдың-күннің аманында, қатер күтпеген күннің өзінде орыстың оғынан ажал құшты. Бір кезде өзі құтқарған орысы екен. Ажал құшқан Тазабектің жүзін­дегі ең соңғы құбылыс – таңдану мен аң­ғал­дық. Осы таңғалу мен аңғалдық қазір де бар қазақтың жүзінде күнде кө­рініп тұрады емес пе. Абайдың әкесі Құнанбай мырза: «Адамның қай қасиеті жақ­сы болса, түбінде сол қасиеті соры да болады», – деген екен. Қазақты мақта­ғанда ақ көңіл, аузындағысын жырып қо­на­ғына береді деп мақтайды. Осы қасиеті қазақтың да соры болмасына кім кепіл?
Тегінде ана жазушы мына жазушыдан мықты дейміз. Несіне қарап олай дейміз? «Аттан аттың несі артық, сынық сүйем жүрісі артық. Қатыннан қатынның несі артық, артық еткен бір ісі» демекші, жазушыны жазушыдан артық көрсететін – тіл байлығы, көркемдік тәсілі. Аталмыш автор­дың тілінің байлығы, сөздік қорының молдығы, жарқын бояуы, реңкті, бедерлі, нақышты сөздерді теріп, таңдап ала білуі ғажап. Теткусіз, тасырқаусыз төгіліп тұрады. Бір суреттің, құбылыстың әсерін кү­шейту үшін үйірлі айқындауыш, анық­тауыштарды топ-тобымен пайдаланады.
Мысалы:
– Сыбыры да, сырқыры да, шуылы да бір басқа.
– Қарағай майыспайды, қисаймайды, еңкеймейді, иілмейді – тек теңселеді.
– Бүкіл беткей жайраған өлік. Көбін шапқылап, турап, түйрелеп, сүйрелеп, езгілеп тастаған.
– Қырылдаған естілер-естілмес дауыс қазақтың қаңсыған, ескірген, азап шеккен, жұлым-жұлым тарихының үніндей.
– Жаныммен, жүрегіммен, бойымдағы бардың бәрімен сүйемін.
Автор орыс деген халықтың өзіміз мал­данып келген сипатынан басқа алуан қырын ашып көрсетті. Сонан соң жақсы ашылған бейнелер – әйелдер бейнесі. Осы жерде «Әйел жанын Бексұлтан Нұр­жекедей түсінетін жазушы сирек» деген Фариза әпке сөзі еріксіз еске түседі. Иә, Бексұлтан әйелдері өзіне дейінгі әйел кейіпкерлерден ілкім жоғары тұр. Аттары да сирек. Шәйі, Жүзік, Дәнекер, Көкше­гір… Шәйі, Жүзіктер – топас байының тая­­ғы­нан құтылудың жалғыз жолы ақ боранда үсіп өлу деп санаған бақытсыз Жамал да емес, «Жазылып керегі не, бәрібір ба­қыт­­ты бола алмаймын», – деп өле кеткен Шұ­ға да емес, әйел теңдігі екен деп «ақ жаға, иіс майлының» қол­ты­ғында кеткен Ғазиза да емес, еркекке көзін көтеріп қарай алмайтын Жәмеш те емес. Шәйі, Жүзік, Қалиша, Көкшегірлер намысты, қайратты, әке, ағаларына сөзін де өткізе­тін, ерін де сыйлап сүйе білетін, өздерін де сүйдіре білетін, керек десеңіз, сезімін білдіре алатын әйелдер. Бас кейіпкер – Шәйі оқиға басталғанда небары 16 жас­тағы бұла бойжеткен. Автор оған 90 жыл ғұмыр сыйлап, барлық оқи­ғаны Шәйінің көзімен көргізіп, көкірегінен сүздіріп өткізеді. Бір қарасаң ол бар қасірет-қай­ғы­ның мызғымас тірі куәсі – алып Байшынар секілді, Алатау немесе Қара жер се­кіл­ді. Сөз жоқ, ол Шыңғыстың Ана-Жер-Анасы секілді. Шәйі – қазақ әйе­­лі­нің ғасырлық жиынтық тұлғасы. Не көр­меді ол? Орысқа да, қалмаққа да зорланды, қорланды, бүкіл әке-шеше, аға-бауыр­ларын тірідей өртегеннің куәсі болды. Одан есін енді жинағанда аштық килікті. Бауырындағы баласын қалай сақтаймын деп жанталасты. Тышқан, торғай жеді, тулақ, тері тон, қамшы қай­натып жеді. Одан да өтті. Жыландай жылжып репрессия жетті. Ең ақыры қалған үрім-бұтақ, бала-немересін Ұлы Отан соғысы жалмады. 90 жасқа келгенде жал­ғыз тұяқтан жалғыз шөбере қыз бар еді. 1986 жылдың желтоқсанында Алма­ты­дан оның да өлі денесі келді. Апыр-ау, зұл­мат әлі бітпеген бе… Енді не көрсетесің, Құдай!..
Бұл роман қазақ әйелінің ғана қолы­нан келер бір сипатты ашады. Ол – ұрпақ сақтау. Қазақ қынадай қырылды, қадау-қадау қалды. Сонда Қалиша әже жас немересіне: «Тез үйленіп немере әкелме­сең, алдымен әулетіңе, сонан соң еліңе жау болғаның», – дейді. Тіпті, күйеулеріне тоқалды өздері айттырып алып береді. Ері қайтыс болған әйелдерді тез арада басқа біреуге қаратады, қосады. Соғыс кезінде тұл жесірлердің некесіз сәби әкелгеніне де кешіріммен қарап, күндесінің баласын да балам деп өз бауырына салады. Мейлі, – дейді кәрі ене, – қандай жолмен болса да қазақ көбейсе екен. Осыларды ақтап тұрған бір сөзді автор Албан руының кө­се­мі Тазабектің аузына салады. Ол «Қа­зақ­ты сақтап қалудың жалғыз жолы – көбею» дейді. Осы дана сөз қазір де құнын жойған жоқ. Иә, қазақ көбею керек. Қазір де жалғыз жол – осы. Осы кітапты оқыған әрбір қазақ қазіргі кездегі тоқал алуға, оты­рып қалған жасы келген қыздардың отбасылы азаматтан болса да сәби сүюіне, «Келін» киносына, күні кеше эфирде қып-қызыл дауға айналған «Аналар үйіне» де кешіріммен қарауы хақ. Өйткені, қазақты сақ­тау­дың жалғыз жолы – қазақты кө­бейту.
Тамұқтың түбінен, қасірет-қайғының неше атасынан тірі қалып, 90 жыл соққан қазақ әйелінің жүрегі осы заманда-ақ, «Бодандық алдық» дегенді естігенде, қуа­ныш­тан жарылды. Шәйі кетті өмірден. Иіл­мейтін, майыспайтын, теңселмейтін алып қарағай құлады. Қуаныштан…
Бір жылап, бір күліп, «бір өкініш, бір үміт­пен» кітаптың соңғы бетін жаптық. Ав­тор­лық түйін – әлгі сөз. «Қазақты сақ­тау­дың жалғыз жолы – қазақтың көбеюі». Ойлан, қазақ, – дейсің.
Кітапта афоризмге айналса да артық болмайтын философиялық ой-түйіндерге негізделген тіркестер бар. Бұл кейіпкер ар­қылы беріліп тұрған автор даналығы, автор жаңалығы:
– Бір орыс – бауыр, бес орыс – ауыл, жүз орыспен – санасасың, мың орысқа бағынасың.
– Еріңнің айтқан сөзін емес, айтпаған сөзін түсін.
– Жоқтан бар жақсы, жалғыздан жұп жақсы.
– Анамды сыйлағаның – ата-бабамды сыйлағаның.
– Қара жер көтергенді қатын ғана кө­те­реді.
– Еріңді жақсы көруден ұялма, жақсы көре алмаудан ұял.
– Төрдегінің көргенін төмендегі көрмейді.
– Білімді көбейсе, бірлік нығаяды.
– Аз боп әркімге алаңдағанша, көп боп әркімді алаңдатайық.
«Жұлдыздағы» осы жылғы ең сүбелі дүние болғандықтан тереңірек тоқталдық. Бірақ… Сәбеңнен – әңгімешілдікті, Ғабең­нен – көрегендікті, Мұхаңнан – сезімтал­дық­ты еншілеген Бексұлтанда «Әттеген-ай» жоқ па? Қаралық:
Біріншіден, роман аты затына сай ем­ес. Соншалық трагедиядан кейін «Әй, дү­ние-ай» деп жеңіл күрсіне салу мүмкін бе? Тым құрыса өзегіңді өкініш өртеп «Әт­тең, дүние-ай» демегесін. Роман – ауыр, аты – жеңіл. Романның көтерген жүгіне қарап «Қасірет», «Зауал», «Қаралы жылдар» аттары лайық па дейсің.
Екіншіден, көркем шығармада логика мен гипотезаның ролі зор. Авторда логи­ка­лық ауытқулар баршылық:
–Небары 16 жасар қыздың әйел болуға асығуы. Не, ол бұрын әйел болып көріп пе?
– Жігітті бір-ақ рет көрген қыздың оны қыз­ғанып, долдана шаптығуы орынсыз. Сол кездегі қазақ қызының тәрбиесі мен табиғатына жат.
– Небары 16 жастағы қыз жеңгесіне алғашқы түнін «Сүйсініп, құмартып, жаның шығып, жанталасып, бақайың­ның қара тырнағыңа дейін балқисың», – деп әңгімелейді. Кешір, Бексұлтан. Әйел жа­нын түсінгеніңмен, әйел емессің. Ер­кек­тің аты – еркек. Ол өзінің кешкен рахатын әйел де кешеді деп біледі. Кешеді, бірақ алғашқы түні емес… 16-ақ жастағы қыз алғашқы түннен зәресі ұшып қорқады. Жүрегі сүйіп тұрғанмен, денесі қабылдай алмайды. Дәл осы сәтте көп әйел күйеуін, тіпті еркек атаулыны өмірбақи жеккөріп, безініп кету де болады екен. Сондықтан да қазіргі жастарға үйленер алдында психолог кеңесі керек дейтіні. Жазушыда жауаптылық болу керек. Әйтеу «интимді жазсам қазіргі оқырманға ұнайды» деп ұра беруге болмас. Бір әйел жазушы (атын ұмыттым) «Апиыншы» деген әңгімесін жа­зар алдында Шудың қарасора өсетін ай­ма­ғын жалғыз аралапты. Ал бір жазушы жынды туралы жазу үшін псих­больни­цаға жатып шығыпты. Ал сен тым құрыса әйел дәрігерімен не психологпен кеңестің бе? Жоқ, әрине.
– «Дастархан қамымен кіріп-шығып жүрген Шәйі». Өзіне құда түсуге келіп отыр­ған құдалардың үстіне баса кіріп, сумаң­дап дастархан жасап жүрген қандай қыз ол? Қазақта қыз бала қайын ата, қа­йын ене түгіл үлкен адам отырған үйге кір­­мейді. Және шешесі, жеңгесі тұрып, қыз дастархан жасамайды. Тақа көргісі кеп бара жатса, жабықтан сығалайды. Шұ­ғаны Бейімбет неге жабықтан сы­ға­латты дейсіз. Демек, бір білгені бар да.
– «Түн баласы аңсап оянған омырауын». Түсінбедік. Сонда әйелдің еркекті қажет ететін мүшесі омырау ма?
– Тазабек тоған қазбақ болып жолын­дағы жартасты екі түйемен жылжытады.
Тазабек Толағай емес шығар. Жартас дегеніміз биік таудың тік, құлама биік беті. Жер сілкінбесе, оны жылжытар күш жоқ. Тазабектің екі түйемен сүйреп жылжыт­қа­ны түйетас не қойтас деп аталса керек.
– Жәрмеңке бар. Бірақ қай жәрмеңке? Біздің түсінгеніміз осыдан пәлен ғасыр бұрынғы жәрмеңкелер пәлен жылда не жылына бір рет өтіп, оған мал айдап ер-аза­маттар баратын. Мысалы, Қоянды, Ат­басар, Орынбор жәрмеңкелері. Ал мына жерде 16 жасар қыз көңілі шапса болды, атқа міне сап жәрмеңкеге шауып жөнеледі. Өткен ғасырдың басында «қыз­ға қырық үйден тыйым» кезінде жәрмең­ке­летіп жүрген қазақ қызына жол болсын!
– Қабырғадан – екі, сүбеден – бір, үш оқ тиген жігіт алты адамды қорғаннан көтеріп шығарды. Мүмкін бе?
– Тапа-талтүсте екі орыс «жәр­мең­ке­летіп шауып жүрген» қыз бен жеңгесін ұстап алып, зорлап, қорлап кетеді. Естерін шала біліп үйге сүйретіліп жеткен екеуін көріп, у-шу, айқай-жылау. Сең соққан балықтай есеңгіреу. Орыстардың есіргені сонша – далада исі қазақ көрсе, себепсіз-ақ өлтіре берген екен. Сонда оқырманның өзі «ойпыр-ай, әлгілер топтанып қайта ке­лер ме екен» деп қорқып отырса, қа­зақ­тар қаша көшудің орнына неке қиып, той жа­сап, ән салып отырғаны қисынға кел­мейді.
Бұлар – логикалық ауытқулар. Енді стильдік ауытқуларға келейік:
– Эпиграфта Абайдың өлеңін «Жеп жүрген көп біреуінің біреуі етін» деп кел­тіреді. Дұрысы «Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін». Абай сөзін өзгерту мүмкін де қажет те емес.
– Шәйінің көзінен жас бырш етті. Қыздың жасы бырш етпейді, мөлт етеді.
– Нәмеңгерлік – әмеңгерлік.
– Әлдебір ыңырсыған сезім. Сезім ыңырсымайды, дауыс ыңырсиды.
– «Ал көздері бір-бірінің өне бойын ақтарып». Сағынысып көріскен жұбайлар­дың сезімін осынша сұғанақ, нәпсіқұмар етіп суреттеу дұрыс па? Қазақ еркегі ел­дің көзінше әйелінің «өне бойын тінтіп» қа­рамақ түгілі, көз салып артық ілтифат білдіруді ұят санайды.
– «Күйеуінің көкірегіне шекесін қойып». Дұрысы – маңдайын сүйеп шығар.
– Тазабек алкүрең тартты. Осы жерде «алкүрең» сын есіміне көбірек тоқталамыз. Себебі, ежелгі қазақ ұғымында екі түс бі­рі­гіп бір түсті білдіреді. Әуезов «алкүрең бете­ге» дейді. Бетеге күнде көріп жүрген қою жасыл шөп. Ал жеке-жеке алсақ, ал – розовый, күрең – бордовый. Осы екі түс­ті қосып айтсақ, ол неге қара қошқыл жасылды (темно-зеленый) білдіреді екен?
Бірақ солай. Сондай-ақ қараға да, сұр­ға да келмейтін (мүмкін асфальтный шы­ғар) түсті жылқыны қазақ «қызыл ат» дейді. Әуезовте солай. Ал Қабдеште «темір қара көк» делінеді. Қалайда осы күнгі қазақтың түсіне де кірмейтін осындай «антиквариат» сөздер қазақта Әуезов пен Қабдеш Жұ­ма­ді­ловте, қырғызда Шыңғыс Айтматовта ға­на бар. Әттең, солармен бірге кетер ме екен, – дейсің күрсініп. Ен­ді сол сөздерді қолданар жазушы туар ма, сол сөздерді тани білетін сыншы туар ма…
– «Шәйіні аузынан сүйіп». Ернінен десе жарасады.
Сонан соң заманауи стиль деген бар. ХХІ ғасыр басында пайда болған тіркесті жүз жыл бұрынғы қазақтың аузына сал­ға­ны­мыз жараса ма? Мысалы, өзіңді сақта, солай болуға тырыс, тәртіпсіз, тосынсый – сөздері.
Құнанбай қажы Базаралының кісілігі мен келбетіне сүйсініп: «Шіркін, Базаралы-ай!, сыртқы нұрың мен ішкі сырың қандай. 40 кісі ақсақ-тоқсақ кемтарларды тізіп қойып, қасына бір Базаралыны қойса, аналардың кем-кетігі білінер ме!» – деген екен. Сол сияқты Бексұлтанның «Әй, дү­ние-айы» «Жұлдыздың» абыройын көтеріп, кем-кетігін толтырып тұрған дүние екен.

538403_513570117_______________________1Әмина Құрманғалиқызы

(жалғасы келесі санда).

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір