ШЫҒАРМАҒА ДА ИІС КЕРЕК
15.03.2019
1089
0

Мо ЯН,
Нобель сыйлығының иегері

(Париж ұлттық кітапханасында жасалған баяндама)

«Көзімді таңып тастаса да, иіскеп отырып, Корсика аралын тауып аламын» деген екен Наполеон. Өйткені, Корсика аралында біртүрлі өсімдіктің иісі ауаға айрықша таралатын болса керек.

Бұрынғы Кеңес Одағының жазушысы М.Шолохов «Тынық Дон» трилогиясында ар­қырай аққан Донның иісі, сайын сахарадағы жас шөптің, қураған шөптің, шіріген шөптің иісі, жылқының тер иісі, казактардың денесінен шығатын бұрқыра­ған иіс сияқты түрлі-түрлі иістерді суреттеу арқылы өзінің иісшілдігін байқатқан еді. Трилогияның алғысөзінде: «Аһ! Дон-анам! Донның, казак даласының иісінен айнал­дым»,– деп жазған. Шындығына келсек, оның айызы қана суреттеп отырға­нының барлығы атамекенінің иісі еді.
Қытай мен Ресейдің шекарасындағы Уссури өзенінде тіршілік ететін кета ба­лығы теңіз­дің шыңырау түбінде өсіп-же­тілген соң, уылдырық шашар кезде, ағын­ға қарсы жүзіп, сансыз кедергілерді бұзып өтіп, өзінің алғаш өсіп-өрбіген жеріне қай­та оралады екен. Балықтардың бойын­дағы мұндай қабілеттің қайдан пайда болатынына адам баласының ақыл-парасаты жетер емес. Бірнеше жылдан бері балық топтарын зерттеуші биологтар осы бір жұмбақтың сырын ақыры тапқан сынды. Асылында, балықтарда адам бала­сыныкі сияқты көзге көрініп тұратын мұрын болмағанымен, олар айрық­ша дамыған иісшілдігі мен есте сақтау қуатына сүйеніп, уылдырық кезде есінде қалған иісті қуалап, теңіздің жағаны ұрған сұрапыл толқындарынан аман-есен өтіп, ештеңеден қорықпай, өсіп-өнген ана-өзенін тауып, ұрпақ қалдыру міндетін өтеп болысымен армансыз өліп кетеді екен.
Салыстырып қарағанда, кета балығы­ның өмірі жазушының өміріне ұқсап кетеді. Жазушының жасампаздығының өзі атамекенінің иісін сағыну, атамекенін іздеу емес пе?..
Дыбысжазғыш, бейнетүсіргіш, ғалам­тор техникасы пайда болған бүгінгі күнде прозалық шығармаларда кездесетін табиғат, портрет, жай-күйді бейнелеудегі суреткерлік өнер ауыр сынға ұшырауда. Шебер тілмен қанша майын тамыза суреттегеніңізбен, адам бейнесін түсіретін аппаратқа жете алуыңыз мүмкін емес. Әйтсе де, қаншалықты дамыған бейне түсіру аппараты болса да, иісті жет­кізуге келгенде, аппарат қаламгердің алдында әлсіздік танытып отыр. Дәл осы қасиетті өзім сияқты қазіргі заманымыз­дағы прозашылардың ең басты артықшы­лығы деп білемін. Алайда бұл да ұзаққа бар­майтынға ұқсайды. Өйткені, көп ұзамай ойына келгенін істейтін ғалымдар иіс алғышты да тауып шығатын тәрізді. Иіс шығара алатын кино мен телефильмдер көп өтпей-ақ дүниеге келетін сыңайлы. Осындай аппарат табылмай тұрғанда, иісі бұрқыраған шығармаларымызды тезірек жазып тастағанымыз жөн-ау.
Мен өзіндік иісі бар прозалық шығар­маларды оқуды ұнатамын. Прозалық иісі бар шығарма – жақсы шығарма. Ал, өзіне тән иісі бар шығарма – ең таңдаулы проза­лық туынды болмақ. Жазған кітабына иіс сіңіре алған жазушы – жақсы жазушы. Ал, кітабына өзіне ғана тән иісін сіңіре алған жазушы – ең таңдаулы жазушы…

Қытай тілінен аударған
Мұрат Қасенұлы

Бетті дайындаған
Дүйсенәлі Әлімақын

(Толық нұсқасын газеттің №11 (3645) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір